Құзыретті органның бас тартуы конкурс жеңімпазын осы тармақта көзделген мерзімдер ішінде және өзге де талаптарды сақтай отырып, қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
37. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес өткізілген, көмірсутектерді барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпазымен құзыретті орган бекітетін, үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасу тәртібі мен шарттарына қатысты осы баптың 36-тармағында көзделген ережелер (осы баптың 36-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасын және алтыншы бөлігінің 3) тармақшасын қоспағанда) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған жағдайда, көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттарды жасасуға да қолданылады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шарттары тікелей келіссөздер хаттамасының негізінде айқындалады.
38. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған халықаралық шарттарға сәйкес құзыретті орган осындай халықаралық шарттарда аталған тұлғаларға тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруі мүмкін деп белгіленсін.
Осы тармаққа сәйкес тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлау үшін жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуды ниет еткен тұлға мыналарды көрсете отырып, құзыретті органға өтініш жібереді:
1) өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшы туралы мәліметтер, өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын жеке, заңды тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) өтініш иесінің соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, өтініш иесінің бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
3) өтініш иесі үміткер болып отырған жер қойнауы учаскесінің аумағы.
Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп жасалуына болады, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер өтініш иесінің уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі.
Тікелей келіссөздер құзыретті органға өтініш келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жасасу немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, өтініш иесі оны қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша оның мөлшері айқындалған қол қою бонусын төлейді және құзыретті органға:
1) қол қою бонусының төленгенін растауды;
2) көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарттың жобасын;
3) көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарттың ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін, тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған барлау кезеңіндегі жұмыстар көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасын жібереді.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасына мынадай шарттар енгізілуге тиіс:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түрлері;
2) келісімшарттың қолданылу мерзімі;
3) жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шекаралары;
4) жер қойнауын пайдаланушының жұмыс бағдарламасында көзделген жер қойнауы учаскелеріндегі жұмыстар көлемі мен түрлері бойынша міндеттемелері;
5) жер қойнауын пайдаланушының кадрлардағы елішілік құндылықтың ең төмен үлесі бойынша міндеттемелері;
6) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі, оның ішінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін басым жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша елішілік құндылық үлесі бойынша міндеттемелері;
7) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелері;
8) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекспен келісімшарттық міндеттемелерге жатқызылатын көмірсутектерді барлау бойынша базалық жобалау құжаттары көрсеткіштерінің бұзылуын қоса алғанда, келісімшарттық міндеттемелердің бұзылғаны үшін жауаптылығы;
9) олардың негізінде жер қойнауы барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін пайдалануға берілген өзге де шарттар.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасы құзыретті органның сараптама жасауына және құқықтық сараптама жасауға жатады. Келісімшарт жобасының сараптамасын құзыретті орган оны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасын құзыретті орган оны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде келісімшарт ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізілетін міндетті құқықтық сараптамадан өткізу үшін жібереді. Құқықтық сараптама жиырма жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Сараптама нәтижелері сараптамалық қорытынды түрінде ресімделеді, олар теріс немесе оң болуы мүмкін.
Өтініш иесі келісімшарт жобасын сараптамалық қорытындыда жазылған ескертулерді жою мақсатында пысықтайды. Көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда, мемлекеттік орган оған он жұмыс күні ішінде қайта сараптама жүргізеді.
Өтініш иесі осы тармақта көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өз тарапынан қол қойылған көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартты құзыретті органға жібереді.
Құзыретті орган келісімшартты алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартты жасасады және оның қол қойылған бір данасын өтініш иесіне жібереді.
Жұмыстар бағдарламасында бастапқыда мәлімделген міндеттемелерді қысқартуды немесе алып тастауды көздейтін көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартқа қосымша келісімдер жасасуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы желтоқсанның 27-і.
№ 125-VI