2. Мемлекеттік заңды тұлғалар арасында бекітіліп берілмеген мүлікке мемлекеттік меншік құқығы мемлекеттік тіркеуді қажет етпейді.
Мемлекеттік заңды тұлғалар арасында бөлінбеген бастапқы және кейінгі жылжымайтын мүлік объектілерін жалға, өтеусіз пайдалануға, сенімгерлік басқаруға беру туралы мәмілелер жасау кезінде және мәміле жасау осындай мүліктің жеке меншікке өтуіне әкеп соқпайтын басқа да жағдайларда құқықтық кадастрдың тіркеу парағында ауыртпалықты тіркеу туралы жазба енгізілгенге дейін бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығы туралы жазба енгізіледі. Бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығына құқық белгілейтін құжаттар болған кезде осындай құқықтың туындауы туралы мәліметтер көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі. Мұндай құжаттар болмаған кезде бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығы туралы жазбаны тіркеуші орган мемлекеттік меншікте осындай мүліктің барын растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжаты негізінде енгізеді.
3. Тіркеуші орган Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтердің сақталуына жауапты болады.
43-бап. Мемлекеттік емес мекемелердің құқықтарын тіркеу ерекшеліктері
1. Мемлекеттік емес мекемелердің өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде бір мезгілде құрылтайшылардың осы мүлікке тиісті құқықтары тіркелген болып есептеледі.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік емес мекемеге оралымды басқару құқығында тіркелген жылжымайтын мүлік құрылтайшылардың салымдарының мөлшеріне қарай ортақ үлестік меншігі болып танылады.
3. Мемлекеттік емес мекеменің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде бірнеше құрылтайшылар болған кезде, тіркеу үшін қажетті басқа құжаттармен бірге құрылтай шарты және әрбір құрылтайшының ортақ меншіктегі немесе өзге де ортақ құқықтағы үлесінің мөлшерін растайтын мәліметтер ұсынылуға тиіс. Осындай құжаттардың негізінде тіркеу парағына құрылтайшылардың құрамы, олардың үлестерінің мөлшерлері туралы мәліметтер және өзге де қажетті деректер енгізіледі.
4. Мұраға қалдыру, шығу, үлесті иеліктен айыру нәтижесінде құрылтайшылар құрамының өзгеруі кезінде, сондай-ақ мемлекеттік емес мекеменің мүлкіндегі үлесті кепілге салу кезінде сатып алушылырдың және кепіл ұстаушылардың тиісті құқықтары немесе үлестердің өзгеруі мемлекеттік тіркеуге жатады.
44-бап. Құқықтық кадастрда сот актілерінің негізінде мемлекеттік тіркеу
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот актiсiмен белгiленген жылжымайтын мүлiкке құқық (құқық ауыртпалығы) осы бапта белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, жалпы негiздерде тiркелуге жатады.
Тіркеуші орган, сот актісі негізінде туындаған ауыртпалықтардың болуын қоспағанда, сот шешімімен белгіленген құқықтарды тіркеуден бас тартуға құқылы емес.
2. Заңды күшіне енбеген сот актілерінің негізінде заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылады.
3. Жылжымайтын мүлікке қатысты сот актілеріне шағымдану немесе наразылық білдіру фактілері де құқықтық кадастрда тіркелуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен сот актісінің күші жойылған кезде құқықтық кадастрдағы тіркеу туралы жазбаның уәкілетті орган белгілеген ережелер бойынша күші жойылуға тиіс. Көрсетілген жағдайларда жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы) туындады деп есептелмейді.
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 44-1-баппен толықтырылды (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
44-1-бап. Сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен сатып алынған мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
Сот орындаушысы мен сатып алушы қол қойған сатып алу-сату шарты немесе сот орындаушысының қаулысы және мүлікті қабылдап алу-тапсыру актісі сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен сатып алынған мүлікке меншік құқығын тіркеу үшін негіз болып табылады.
45-бап. Мұраға қалдыру және азаматты хабар-ошарсыз кеткен, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп тану кезінде мемлекеттік тіркеу
1. Мұра қалдырушының мүлкіне мұрагерлердің құқықтарын тіркеу кезінде өтініш беруші мұрагерлікке құқығы туралы куәлікті не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құжаттарды, сондай-ақ осы Заңның 21-бабында көзделген құжаттарды ұсынады.
2. Мұра қалдырушының жылжымайтын мүлікке құқықтары құқықтық кадастрда тіркелмеген және құқықтар тіркеусіз туындаған болып есептелмейтін жағдайларда, тіркеу құқығы мұрагерлерге өтеді. Аталған жағдайда осы Заңның 21-бабында көзделген құқық белгілейтін және мұра қалдырушының атына берілген басқа да құжаттар және мұрагерлердің мұра қалдырушының мүлкін мұраға алу туралы құқықтарын растайтын құжаттар ұсынылады. Мұра қалдырушы құқығының туындаған күні аталған жағдайларда құқық белгілейтін құжаттардың негізінде, ал қажетті жағдайда заңдық факт (заңдық құрам) пайда болған мұрагерлік ашылу алдындағы күнмен айқындалады.
3. Хабар-ошарсыз кеткен, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның жылжымайтын мүлкіне қорғаншылықты тіркеу қорғаншылық және қамқоршылық органның қорғаншыны (қамқоршыны) тағайындау туралы тиісті шешімі болған кезде хабар-ошарсыз кеткен адам мүлкінің қорғаншысының (қорғаншының уәкілетті өкілінің) өтініші бойынша жүзеге асырылады.
46-бап. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтарды мемлекеттік тіркеу
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтық мирасқорға құқықтарды тіркеуді жүзеге асыру үшін тиісінше табыстау актісі немесе бөлу балансы ұсынылады.
Кредитордың әмбебап құқықтық мирасқорлық нәтижесінде басқа тұлғаға өткен міндеттеме бойынша құқықтары кепіл берушінің, оның ішінде борышкер болып табылатын кепіл берушінің келісімінсіз тіркелуге жатады.
2. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның жылжымайтын мүлікке құқықтары тіркелмеген және тіркеусіз туындамаған болып есептелмейтін жағдайларда тіркеу құқығы құқықтық мирасқорға өтеді. Құқықтық мирасқорға құқықтарды тіркеу үшін көрсетілген жағдайларда қайта ұйымдастырылған заңды тұлғада құқықтың туындауына негіз болып табылатын жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар талап етіледі.
3. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтық мирасқорда жылжымайтын мүлікке құқықтың туындау күні болып қайта ұйымдастыру фактісін куәландыру мақсатында заңды тұлғаларды тіркеген күн танылады.
47-бап. Банкроттық рәсімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Құқықтық кадастрда осы Заңның 21-бабында көзделген тәртiппен борышкердiң мүлкiн басқару құқығының оңалтуды не банкроттықты басқарушыға өтуi мемлекеттiк тiркелуге жатады.
2. Борышкердің жылжымайтын мүлікке құқықтары тіркелмеген жағдайларда борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы өткен тұлғаларға жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу және борышкер банкроттық рәсімдер енгізілгенге дейін жасаған (қол қойған) мәмілелердің және өзге де құқық белгілейтін құжаттардың негізінде тіркеуге өтініш беру құқығы да өтеді.
Аталған тұлғалардың банкроттық рәсімдер енгізілгенге дейін борышкер қол қойған мәмілелердің негізінде тіркеуге өтініш беруден бас тартуын мүдделі тұлғалар сот тәртібімен даулай алады.
48-бап. Жылжымайтын мүлік кепілін мемлекеттік тіркеу
1. Кепілді мемлекеттік тіркеу осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда және Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңда белгіленген жалпы ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Жылжымайтын мүлік кепілі, сондай-ақ ипотека куәлігімен жасалатын мынадай операциялар:
1) ипотека куәлігін беру;
2) ипотека куәлігінің кепілі және оны табыстау құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеу объектісі болып табылады.
3. Тіркеуші орган негізгі міндеттеменің орындалуына, кепіл затының жоғалуына (жойылуына, бүлінуіне) байланысты кепілді тоқтатуды тіркеу кезінде бір мезгілде ипотека куәлігінің күшін тоқтату туралы жазба енгізеді.
Ипотека куәлігінен туындайтын талаптар негізгі міндеттеме бойынша борышкерге негізгі міндеттемені орындау мерзімі туындағаннан кейін бір ай өткенге дейін қойылмаған жағдайларда тіркеуші орган ипотека куәлігінің күшін тоқтату туралы жазба енгізеді. Осы негіз бойынша ипотека куәлігінің күші тоқтатылғаннан кейін тіркеуші орган ипотека куәлігімен жасалатын кейінгі операцияларды тіркеуден бас тартуға міндетті.
4. Кепіл заты болып табылатын жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқық ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін, тоқтатылуын тіркеу Қазақстан Республикасының көрсетілген қатынастарды реттейтін заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
5. Кепілдің мынадай өзгерістері:
1) затты ауыстыру;
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) қатысушылар құрамының және негiзгi мiндеттеменiң қолданылу (орындалу) мерзімінің өзгеруі;
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) негізгі міндеттеме мөлшерінің өзгеруі құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге тиіс.
Кепілдің басқа өзгерістерін қатысушылардың қалауы бойынша құқықтық кадастрда тіркеуге болады.
6. Кепілді мемлекеттік тіркеу туралы жазба:
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) негізгі міндеттеменің орындалуына байланысты кепіл ұстаушының өтініші негізінде кепілді тоқтату кезінде;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен кепіл затты өндіріп алу кезінде;
3) кепіл шартын бұзуға байланысты кепіл тоқтатылған кезде;
4) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 322-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша кепілді тоқтату кезінде өтеледі.
49-бап. Жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіруді және бөлуді тіркеу
1. Жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіру және бөлу құқықтық кадастрда тіркелуге тиіс.
2. Егер:
1) біріктірілетін объектілер сабақтас болмаса және (немесе) оларға құқықтар біртектес болмаса;
2) егер жер учаскелерін біріктіру немесе бөлу жаңадан құрылған объектілерге сәйкестендіру құжаттарын жасау арқылы жүргізілмесе;
3) егер бастапқы және кейінгі объектілерді біріктіру немесе бөлу кезінде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптары сақталмаған болса;
4) егер бастапқы және кейінгі объектілерді біріктіру немесе бөлу кезінде біріктіру немесе бөлу нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлік объектісіне шектеулі мүліктік және (немесе) өзге де құқықтардың иегерлері болып табылатын тұлғалардың, оның ішінде кепіл ұстаушылардың, жалға алушылардың, сервитуттық құқықтар иегерлерінің немесе басқа да пайдаланушылардың мүдделерін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақталмаған болса, жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіруді немесе бөлуді тіркеуге жол берілмейді.
3. Кепілмен, жалға берумен, сервитутпен ауыртпалық салынған немесе өзге де ауыртпалықтары бар жылжымайтын мүлік объектісін біріктіруді немесе бөлуді тіркеу кезінде жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектілеріне толтырылатын тіркеу парақтарына көрсетілген объектілерге қатысты қолданылуы сақталатын ауыртпалықтар туралы жазбалар көшіріліп жазылады. Басқа жазбаларды көшіру, егер олар жарамды болса және өз мағынасын сақтаса жүзеге асырылады.
4. Жылжымайтын мүлік объектісі құқықтық кадастрда біріктіру немесе бөлу тіркелген кезден бастап біріктірілген немесе бөлінген болып есептеледі.
50-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүшелеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу ерекшеліктері
1. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжатта осындай шаруашылықтың бүкіл мүшелері көрсетілуге тиіс.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің құрамы өзгерген кезде, оның ішінде мұраға қалдыруға, шығуға, жаңа мүшелердің қосылуына байланысты шаруа немесе фермер қожалығының жаңа мүшелерінде жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындауы және (немесе) үлестер мөлшерінің өзгеруі құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге тиіс.
51-бап. Жерасты құрылыстарына құқықтарды тіркеу ерекшеліктері
Жылжымайтын мүлік болып табылатын жерасты құрылыстарына құқықтарды тіркеу кезінде:
1) жерасты құрылысына құқық белгілейтін құжат;
2) егер жер учаскесіне құқықтарды тіркеу бұрын жүргізілмеген болса, жерасты құрылысын пайдалануға қажетті жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат;
3) осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген басқа да құжаттар ұсынылады.
52-бап. Мүліктік кешен құрамына кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Мүліктік кешен құрамына кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мүліктік кешенге немесе оның құрамына кіретін жылжымайтын мүліктің әрбір объектісіне құқық белгілейтін құжат қоса берілетін бір өтініштің негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мүліктік кешеннің құрамына кіретін жылжымайтын мүліктің бір немесе бірнеше объектісін иеліктен айыру кезінде мүліктік кешенге құқық белгілейтін құжатта тіркеу туралы тиісті белгі жасалады.
53-бап. Заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүдделі тұлғалардың өтініші бойынша заңдық талаптар, оның ішінде талап арыз беру, сот актілеріне шағымдану немесе наразалық білдіру фактісі, жер учаскесін алып қою туралы шешім, кепілақы туралы келісім (қолхат), алдын ала шарт және өзге де фактілер тіркелуі мүмкін.
2. Мемлекеттік тіркеу үшін мүдделі тұлға тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді және оның көшірмесін, сондай-ақ заңдық талапты растайтын құжатты ұсынады.
3. Заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу есептік болып табылады және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұруға немесе құқық ауыртпалықтарын белгілеуге әкеп соқпайды.
54-бап. Жылжымайтын мүліктің жойылуына (бүлінуіне) немесе оған құқықтан бас тартуға байланысты құқықтың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу
1. Мүліктің жойылуына немесе мүліктің жылжымайтын мүлік объектісі ретінде қолданылуын тоқтатуға әкеп соғатын бүлінуіне байланысты құқықтың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) тиісті мемлекеттік органның техникалық (қалыпты) жай-күйін тексерудің нәтижелері бойынша анықталған осы объектіні бұдан әрі пайдаланудың (оның жұмыс істеуінің) мүмкін еместігін растайтын құжатын қоса бере отырып, құқықтың тоқтатылуын тіркеу туралы өтініш беруге тиіс.
Көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш айдан кешіктірілмей өтініш берілген кезде жылжымайтын мүлікке құқықтар актіде көрсетілген мән-жайлар басталған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі. Өзге жағдайларда құқықтар тіркелген кезден бастап тоқтатылады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Меншік құқығынан бас тартуға байланысты жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тоқтатуды мемлекеттік тіркеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) тiркеушi орган құқық иеленушінiң немесе аумағында жылжымайтын мүлiк анықталған жергiлiктi атқарушы органның өтiнiшi бойынша, егер өтініште осындай мүлікті өзінің меншігі ретінде иеленетін жеке тұлғаларда немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларда осындай мүліктің жоқ екені туралы мәліметтер болса, жылжымайтын мүлiкті иесi жоқ мүлік ретiнде есепке қояды;
2) есепке алынған иесіз мүлікке қатысты қабылданған сот шешімінің негізінде тіркеу парағына құқық иесі құқығының тоқтатылғаны және көрсетілген объектіге құқықтары ауысатын тұлғада құқықтың туындағаны туралы жазба енгізеді.
Үшінші тұлғалардың құқықтары туындағанға дейін кез келген уақытта құқық иесі өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікті иесіз ретінде есептен шығару туралы өтінішпен тіркеуші органға жүгінуге құқылы.
Жылжымайтын мүлік иесіз ретінде есептен шығарылған жағдайда, тіркеуші орган бұл туралы жергілікті атқарушы органды хабардар етуге тиіс.
2009.12.02 № 133-ІV ҚР Заңымен 55-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
55-бап. Пайлық инвестициялық қорларға және инвестициялық депозит туралы шарт бойынша ислам банкінің клиенттеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
2009.12.02 № 133-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Пайлық инвестициялық қордың пай ұстаушыларына немесе инвестициялық депозит туралы шарт бойынша ислам банкінің клиенттеріне тіркелген жылжымайтын мүлік олардың ортақ үлестік меншігі болып танылады.
Пайлық инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін немесе ислам банкі инвестициялық депозит қаражаты есебінен сатып алған жылжымайтын мүлік объектісіне ортақ үлестік меншік құқығын мемлекеттік тіркеу кезінде құқықтық кадастрда мұндай объектінің меншік иелері пайлық инвестициялық қордың пай ұстаушылары немесе инвестициялық депозит туралы шарт бойынша ислам банкінің клиенттері (инвестициялық пай ұстаушылардың немесе ислам банкі клиенттерінің деректері және ортақ үлестік меншік құқығында оларға тиесілі үлестердің мөлшерлері көрсетілмей) екені көрсетіледі.
2009.12.02 № 133-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Пайлық инвестициялық қорда пай ұстаушыларға немесе инвестициялық депозит туралы шарт бойынша ислам банкінің клиенттеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауырпалықтарын) мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті пайлық инвестициялық қордың сенімгерлік басқарушысы (басқарушы компания) немесе ислам банкі береді.
2009.12.02 № 133-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, пайлық инвестициялық қордың сенімгерлік басқарушысы тіркеуге басқарушы компанияның құрылтай құжаттарының нотариат растаған көшірмелерін, сенімгерлік басқару шарттарының, пайлық инвестициялық қор құру туралы шешімнің, пай шығаруды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген, оларға енгізілген өзгерістері мен толықтырулары бар пайлық инвестициялық қор ережелерінің көшірмелерін ұсынады. Ислам банкі тіркеуге ислам банкі жарғысының, ислам банкінің операцияларын жүргізудің жалпы талаптары туралы ережелердің және ислам банкінің банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуіне берілген лицензиясының нотариат куәландырған көшірмелерін табыс етеді.
6-тарау. Құқықтық кадастрда жүйелі тіркеу
56-бап. Объектілер және құқықтық кадастрда жүйелі тіркеудің құқықтық маңызы
1. Жүйелі тіркеу құқықтық кадастрды жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы мәліметтермен толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және есептік сипатта болады.
2. Жүйелі тіркеу кезінде жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтың (құқық ауыртпалығы) туындаған күні бұрын туындаған құқық (құқық ауыртпалығы) туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық белгілейтін құжаттардың негізінде айқындалады.
57-бап. Құқықтық кадастрда жүйелі тіркеуді жүзеге асыру тәртібі
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасында жүйелі тіркеуді жүргізу мерзімдері мен тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жүйелі тіркеу құқық иесінің өтініш беруі және (немесе) бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы нақты деректерді басқа ақпараттық жүйелерден аудару арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен халықты хабарландыру қажет.
4. Жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар және құқық ауыртпалықтары туралы тіркеуші органда немесе басқа да мемлекеттік органдарда болатын деректерді аудару жүзеге асырылуы мүмкін. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға (құқық ауыртпалықтарына) қатысы бар құжаттарды басқа мемлекеттік органдардан (ұйымдардан) беру бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы нақты деректері бар мемлекеттік органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген рәсім бойынша жүзеге асырылады.
5. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар және құқық ауыртпалықтары туралы деректерді құқықтық кадастрға аудару тіркеуші органдағы немесе басқа да мемлекеттік органдардағы деректер жарамды болған кезде жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жүйелі тіркеу өтеусіз жүзеге асырылады.
58-бап. Жекелеген жағдайларда жүйелі тіркеуді жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Егер бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтарды тіркеу туралы өтініш берген құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаса не ескі үлгідегі актілерде немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттарда құқықтық кадастрды жүргізу мақсаты үшін қажетті мәліметтер болмаса, тіркеуші орган бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектілеріне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеуді жүргізуге міндетті.
Жер учаскесіне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеу уәкілетті орган ескі үлгідегі актінің немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттардың негізінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын бергеннен кейін жүзеге асырылады. Тіркеу үшін құқық иесі ескі үлгідегі актіні немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжатты және жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын ұсынады.
Құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаған кезде оған құқықтарды ресімдеу белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Бастапқы және кейінгі объектілерге бұрын туындаған құқықтарды есептік тіркеуді жүзеге асыру кезінде тіркеуші орган құқық иеленушіден жылжымайтын мүлік объектісіне жаңа техникалық паспорт ұсынуды талап етуге құқылы емес. Қажет болған жағдайда, жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде мемлекеттік техникалық зерттеп-қарауды тіркеуші орган өтеусіз жүзеге асырады.
7-тарау. Дауларды шешу тәртібі.қорытынды ережелер
59-бап. Дауларды шешу тәртібі
Мемлекеттік тіркеуге байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі.
60-бап. Өтпелі ережелер
1. Бұрын туындаған құқықтар олар тиісті құқық туындауы кезінде қолданылған заңнамаға сәйкес болғанда жарамды болып танылады.
2. Мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгеннен кейін және 1997 жылы тіркеу органдары құрылғанға дейін жылжымайтын мүлікті бағалау мен тіркеу жөніндегі органдар жүргізген мемлекеттік тіркеудің заңдық күші болады.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркемеген жеке және заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде өз құқықтарын тіркеуге міндетті.