2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
11-1) стандарттау саласындағы мониторингті үйлестіруді;
12) стандарттау саласындағы даярлауды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыруға қатысуды жүзеге асырады.
12-бап. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер
1. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің ерікті қатысуы қағидаты негізінде экономика салаларында құрылады.
2. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер:
1) стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуге қатысады және оларды әзірлейді;
2) бекітіп берілген қызмет саласына сәйкес ұлттық стандарттар жобаларының мазмұнын стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің мүшелерімен техникалық талқылауды ұйымдастырады;
3) ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) мемлекеттік органдарға, заңды немесе жеке тұлғаларға өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша базалық ұйым атынан сұрау салулар жолдайды;
5) стандарттау саласындағы ғылыми зерттеулерге қатысады;
6) стандарттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдардың стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерінің жұмысына қатысады;
7) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің құрамына тиісті саланың (аяның) ұлттық стандарттау жүйесі мүдделі субъектілерінің өкілдері кіреді.
4. Тиісті саланың (аяның) ұлттық стандарттау жүйесінің мүдделі субъектілері стандарттау жөніндегі техникалық комитетті құруға өтініш берушілер болуы мүмкін.
5. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді оның базалық ұйымы жүзеге асырады.
13-бап. Стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылар
1. Стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылар стандарттау саласындағы қызметке қатысады және ұйымның мүддесін білдіре алады.
2. Стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылардың құзыретіне:
1) стандарттау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
2) техникалық реттеу саласындағы және стандарттау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысу;
3) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің жұмысына қатысу;
4) стандарттау саласындағы ғылыми зерттеулерге қатысу;
5) ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыруға қатысу;
6) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды орындау жатады.
3. Ұйымдар стандарттау жөніндегі техникалық сарапшыларды мынадай сипаттамалардың бірі негізінде айқындайды:
1) кәсіптік техникалық білімінің және стандарттау объектісіне қатысты білімінің болуы;
2) стандарттау саласында жұмыс тәжірибесінің болуы.
14-бап. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры
1. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес жұмыс істейді.
2. Мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары өздері бекіткен нормативтік техникалық құжаттың бір данасын, сондай-ақ әрбір нормативтік техникалық құжатты қабылдау, өзгерістер енгізу туралы, күшін жою туралы мәліметтерді бірыңғай ақпараттық жүйені қалыптастыру үшін стандарттау жөніндегі ұлттық органға ұсынады.
3. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру:
1) нормативтік техникалық құжаттарды жиынтықтауды және сақтауды;
2) стандарттау жөніндегі құжаттарды (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) жиынтықтауды, сақтауды және жаңартып отыруды;
3) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорындағы нормативтік техникалық құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ олар туралы мәліметтерді ұсынуды;
4) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының ақпараттық жүйелерін, стандарттау жөніндегі құжаттарды каталогтау жүйесін қолдап отыруды және кеңейтуді қамтиды.
4. Стандарттау жөніндегі құжаттардың (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) ресми басылымдарын тарату нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры арқылы жүзеге асырылады.
Әскери ұлттық стандарттарды, Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық стандарттар ретінде қабылданған мемлекетаралық стандарттарды және халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары негізінде қабылданған ұлттық стандарттарды қоспағанда, ұлттық стандарттардың ресми басылымдары өтеусіз негізде таратылады.
5. Стандарттау жөніндегі құжаттарды және олардың көшірмелерін тарату авторлық құқықтар сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
15-бап. Жеке және заңды тұлғалардың стандарттау саласындағы құқықтары
Жеке және заңды тұлғалардың өздерінің шаруашылық және кәсіби қажеттіліктерін ескере отырып, тиісті салаларда (аяларда) стандарттау саласындағы қызметті ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, атап айтқанда:
1) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге қатысуға;
2) стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуге, мониторингілеуге, қайта қарауға, күшін жоюға және жаңартып отыруға қатысуға;
3) уәкілетті органға, стандарттау жөніндегі ұлттық органға, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерге стандарттау саласына қатысты мәселелер бойынша сұрау салулар жолдауға;
4) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің қызметіне қатысуға;
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуге және енгізуге;
6) стандарттау жөніндегі тиісті бөлімшелер мен қызметтер құруға;
7) стандарттау саласындағы ғылыми зерттеулерге қатысуға;
8) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.
3-тарау. СТАНДАРТТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЖАТТАР
16-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттардың түрлері
1. Стандарттау жөніндегі құжаттарға:
1) халықаралық стандарттар, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары;
2) өңірлік стандарттар, стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі қағидалары мен ұсынымдары;
3) ұлттық стандарттар мен ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары;
4) стандарттау жөніндегі ұсынымдар;
5) шет мемлекеттердің стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі қағидалары, нормалары мен ұсынымдары;
6) ұйымдардың стандарттары жатады.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Стандарттау объектілері Қазақстан Республикасының аумағында айналымға шығарылатын стандарттау жөніндегі құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.
17-бап. Ұлттық стандарттар
1. Ұлттық стандарттар осы Заңда көзделген стандарттау мақсаттары үшін әзірленеді.
2. Ұлттық стандарттар:
1) негізге алынатын ұлттық стандарттарға;
2) өнімдерге, процестерге және көрсетілетін қызметтерге, өнімдерді, процестерді және көрсетілетін қызметтерді бақылау әдістеріне арналған ұлттық стандарттарға;
3) әскери ұлттық стандарттарға бөлінеді.
3. Ұлттық стандарттарда:
1) өнімдерді, көрсетілетін қызметтерді сыныптау;
2) өнімнің бірдейлік, сәйкестік және өзара айырбасталу көрсеткіштері;
3) терминдер мен анықтамалар;
4) функционалдық мақсатының көрсеткіштерін қоса алғанда, өнімдер мен көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейін айқындайтын олардың тұтынушылық қасиеттері мен сипаттамалары;
5) өнімді өндіру, қайта өңдеу, қабылдау, буып-түю, таңбалау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою қағидалары;
6) өнімдердің және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін сынау әдістері;
7) барлық ресурс түрлерін сақтауға және ұтымды пайдалануға қойылатын талаптар;
8) менеджмент жүйелерін енгізуді қамтамасыз ететін өндірісті ұйымдастыруға қойылатын талаптар;
9) белгілі бір қызмет саласына арналған ұйымдастырушылық-әдістемелік сипаттағы ережелер, сондай-ақ жалпы техникалық нормалар мен қағидалар белгіленуі мүмкін.
18-бап. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары
1. Экономика салаларында пайдаланылатын және есепке алуды қажет ететін техникалық-экономикалық ақпарат техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын бекіту арқылы сыныптауға және кодтауға жатады.
2. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеу бастамашылық тәртіппен не ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес жүргізіледі.
19-бап. Ұйымдардың стандарттары
1. Ұйымдардың стандарттары өнімдерге, процестерге немесе көрсетілетін қызметтерге арналып әзірленеді және ұлттық стандарттау жүйесі тізілімінде есепке алуға және тіркеуге жатпайды.
Ұйымдардың стандарттары техникалық шарттар, оның ішінде өнімге қойылатын техникалық талаптарды қамтитын түрінде қабылдануы мүмкін.
2. Ұйымдардың стандарттарын:
1) бір ұйым;
2) салалық қауымдастық (үкіметтік емес);
3) консорциум;
4) өзін-өзі реттейтін ұйым қабылдайды.
3. Ұйымдардың стандарттары тиісті стандарттың төлнұсқасын ұстаушы ұйымның рұқсатымен ғана пайдалануға беріледі.
4. Ұйымдардың стандарттарын әзірлеу, қабылдау, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою, басып шығару, тарату, қолдану тәртібін ұйым айқындайды.
5. Ұйымдардың стандарттарын әзірлеуді республикалық немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.
20-бап. Стандарттау жөніндегі ұсынымдар
Стандарттау жөніндегі ұсынымдар қолданылуы ерікті, стандарттау, сондай-ақ өлшем бірлігін қамтамасыз ету және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысты, тиісті ұлттық стандартты қолдануға ықпал ететін ұйымдастырушылық-әдістемелік ережелерді немесе ұлттық стандартта белгілегенге дейін практикада алдын ала тексеру орынды болатын ережелерді қамтиды.
4-тарау. СТАНДАРТТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЖАТТАРДЫ ӘЗІРЛЕУ ТӘРТІБІ
21-бап. Стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау ұлттық стандарттау жүйесінің стратегиялық мақсаттары мен даму бағыттары есепке алына отырып, жыл сайын жүзеге асырылады.
Стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына сай келуге, ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарды ескеруге тиіс.
Стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау ұлттық стандарттау жоспары нысанында жүзеге асырылады.
Ұлттық стандарттау жоспарының қолданылуы кезеңінде ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің ұсыныстары бойынша оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол беріледі.
2. Ұлттық стандарттау жоспары:
1) мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің және басқа да мүдделі тараптардың ұсыныстары;
2) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің жұмыс жоспарлары;
3) қолданыстағы стандарттау жөніндегі құжаттарды алдын ала талдау және ұлттық стандарттарды әзірлеу қажеттілігі ескеріле отырып, техникалық регламенттерге өзара байланысты стандарттардың тізбелерін кеңейту;
4) стандарттау саласындағы мониторинг нәтижелері;
5) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына сай келетін өзге де көздер негізінде қалыптастырылады.
3. Осы баптың күші халықаралық, өңірлік стандарттарды (мемлекетаралық стандарттарды қоспағанда), әскери ұлттық стандарттарды, ұйымдардың стандарттарын, сондай-ақ шет мемлекеттердің стандарттарын жоспарлауға қолданылмайды.
4. 2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
22-бап. Ұлттық стандарттарды әзірлеу және бекіту
1. Ұлттық стандарттарды әзірлеу ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес және (немесе) бастамашылық тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Ұлттық стандарттар:
1) ғылыми зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер нәтижелері;
2) халықаралық, өңірлік стандарттар, ұйымдардың стандарттары, шет мемлекеттердің стандарттары және стандарттау объектісіне қойылатын талаптарды белгілейтін өзге де құжаттар;
3) өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін қолдануда жиналған практикалық тәжірибе ескеріле отырып әзірленеді.
Ғылыми зерттеулер мен өлшемдер негізінде әзірленетін ұлттық стандарттарды әзірлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.
3. Ұлттық стандарттарды әзірлеуді ұлттық стандарттау жүйесінің мүдделі субъектілері жүзеге асырады.
Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын негізге алынатын ұлттық стандарттарды, техникалық регламенттерге стандарттардың тізбелеріне өзара байланысты стандарттар ретінде енгізілетін ұлттық және мемлекетаралық стандарттарды әзірлеуді стандарттау жөніндегі ұлттық орган жүзеге асырады.
4. Ұлттық стандарттарды әзірлеудің басталғаны және аяқталғаны туралы хабарламалар, сондай-ақ ұлттық стандарттардың жобалары стандарттау жөніндегі ұлттық органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Ұлттық стандарттардың жобаларын стандарттау жөніндегі ұлттық органның интернет-ресурсында жария талқылау күнтізбелік алпыс күн ішінде жүзеге асырылады.
5. Ұлттық стандартты бекіту алдында әзірлеуші оның жобасын стандарттау жөніндегі ұлттық органға сараптамаға жібереді.
Стандарттау объектілерінің қауіпсіздігі мәселелерін қозғайтын ұлттық стандарттарды қоспағанда, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұлттық стандарттарды бекітудің міндетті шарты консенсусқа қол жеткізу болып табылады.
Стандарттау объектілерінің қауіпсіздігі мәселелерін қозғайтын ұлттық стандарттарды бекіту туралы шешімді мүдделі мемлекеттік органмен келісу бойынша уәкілетті орган қабылдайды.
6. Жария талқылау кезеңінде ұлттық стандарттардың жобалары стандарттау жөніндегі бейіндік техникалық комитетте, ал ол болмаған жағдайда стандарттау жөніндегі ұлттық органда міндетті техникалық талқылаудан өтеді.
7. Осы баптың 1, 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу кезінде қолданылмайды.
23-бап. Ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу және олардың күшін жою
1. Ұлттық стандарттарға өзгерістер жекелеген талаптарды ауыстыру, толықтыру немесе алып тастау, олардың қолданылуын ұзарту, шектеу немесе қалпына келтіру, жаңа талаптарды енгізу және халықаралық стандарттармен үйлестіру кезінде енгізіледі, бұлар қолданыстағы ұлттық стандарт бойынша дайындалатын өніммен жаңа өнімнің өзара айырбасталу және сәйкестік талаптарының бұзылуына алып келмейді.
2. Ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу рәсімдерін уәкілетті орган белгілейді.
3. Ұлттық стандарттардың күшін жою үшін мыналар негіздер болып табылады:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келу;
2) қолданыстағы ұлттық стандарттың орнына жаңасын қолданысқа енгізу;
3) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетаралық стандарттарды қабылдау;
4) ұлттық стандартты қолданудың өзекті болмай қалуы.
4. Ұлттық стандарттың күші жойылған кезде ұлттық стандарттың күшін жоюға бастама жасаған тұлғалар уәкілетті органға ұсыныс жібереді.
5. Осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері әскери ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізген және олардың күшін жойған кезде қолданылмайды.
24-бап. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеу және бекіту
1. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеудің басталғаны және аяқталғаны туралы хабарламалар, сондай-ақ ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының жобалары стандарттау жөніндегі ұлттық органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының жобаларын стандарттау жөніндегі ұлттық органның интернет-ресурсында жария талқылау күнтізбелік алпыс күн ішінде жүзеге асырылады.
2. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауышын бекіту алдында әзірлеуші оның жобасын стандарттау жөніндегі ұлттық органға сараптамаға жібереді.
3. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары бекітіліп, ұлттық стандарттау жүйесінің тізілімінде тіркелгеннен кейін уәкілетті орган сақтау үшін депозитарийге береді.
25-бап. Ұлттық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды тіркеу
Ұлттық стандарттар, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі ұсынымдар міндетті тіркеуге жатады.
5-тарау. СТАНДАРТТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЖАТТАРДЫ ҚОЛДАНУ
26-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттарды қолдану
1. Ұлттық, мемлекетаралық стандарттар және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында бұл жөніндегі нұсқаулар болса, қолданылуы міндетті болып табылады.
Техникалық регламенттердің талаптарын орындау және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін бағалау үшін таңдау бойынша ерікті негізде өзара байланысты стандарттар қолданылады.
Өзара байланысты стандарттарды қолданбау техникалық регламенттердің талаптарын сақтамау ретінде қаралмайды.
Техникалық регламенттерге стандарттардың тізбелеріне енгізілген өзара байланысты стандарттар қолданылмаған жағдайда, сәйкестікті бағалау тәуекелдерді талдау негізінде жүзеге асырылады.
Ұйымдардың стандарттарына сілтемелер нормативтік құқықтық актілерде қолданылмайды.
2. Егер Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында өзгеше белгіленбесе, стандарттау жөніндегі құжаттар стандарттау объектілерінің шығарылған еліне және жеріне қарамастан, ерікті негізде қолданылады.
3. Егер ұлттық стандарттау жүйесінің субъектісі ерікті түрде стандарттау объектісінің стандарттау жөніндегі құжатқа сәйкестігі туралы мәлімдесе, оның ішінде стандарттау жөніндегі құжаттың белгілемесі таңбалауда, пайдалану немесе өзге де құжаттамада қолданылған жағдайда, сондай-ақ егер стандарттау объектісі ерікті түрде стандарттау жөніндегі құжаттың талаптарына сәйкестікке сертификатталса, стандарттау жөніндегі құжаттың талаптары ол үшін міндетті болады.
4. Жеке және заңды тұлғалардың стандарттау жөніндегі құжаттарды қолдануы авторлық құқықтар сақтала отырып жүзеге асырылады.
27-бап. Халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын қолдану
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Халықаралық, өңірлік стандарттар және шет мемлекеттердің стандарттары Қазақстан Республикасының аумағында оларды ұлттық және мемлекетаралық стандарттар ретінде қабылдау арқылы қолданылады.
Ұлттық стандарттау жүйесінің субъектілері ұйымның мақсаттарын іске асыру үшін осы Заңның 16-бабы 2-тармағының және осы баптың 2-тармағының талаптарын ескеріп, стандарттау жөніндегі ұлттық органға тиісті хабарлама жібере отырып, халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын тікелей қолдана алады.
2. Халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын қолдану үшін қажетті шарттардың бірі мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және аккредиттеу жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдарға мүше болуы;
2) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарының болуы;
3) стандарттау жөніндегі ұлттық орган мен халықаралық, өңірлік, шетелдік ұйым арасында стандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы шарттың болуы;
4) төлнұсқаларды ұстаушылардың халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын қолдану жөніндегі талаптарын сақтау.
28-бап. Стандарттау саласындағы мониторинг
1. Стандарттау саласындағы мониторингті:
1) бекітіп берілген стандарттау объектілері бойынша стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер;
2) стандарттау жөніндегі ұлттық орган;
3) құзыреті шегінде мемлекеттік органдар жыл сайын жүзеге асырады.
2. Стандарттау саласындағы мониторингке:
1) ұлттық стандарттардың (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда) ғылыми-техникалық деңгейін талдау;
2) ұлттық стандарттардың (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда) қолданыстағы техникалық регламенттерге сәйкестігін талдау;
3) экономиканың әртүрлі салаларында ұлттық стандарттармен (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда) қамтамасыз етілуді талдау кіреді.
3. Ұсыныстар түрінде ресімделген мониторинг нәтижелері жартыжылдық қорытындылары бойынша стандарттау жөніндегі ұлттық органға жіберіледі.
Стандарттау жөніндегі ұлттық орган келіп түскен ұсыныстарды талдау нәтижелері бойынша ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда) әзірлеуге, қолданыстағы ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда) қайта қарауға, ұлттық стандарттардың (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда) күшін жоюға не оларға өзгерістер енгізуге бастамашылық жасайды.
6-тарау. СТАНДАРТТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЖАТТАРДЫ КАТАЛОГТАУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ
АҚПАРАТТЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
29-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттарды каталогтау жүйесі
1. Стандарттау жөніндегі құжаттарды каталогтау жүйесі ұлттық стандарттау жүйесінің мүдделі субъектілерін экономиканың салалары бойынша ұлттық, мемлекетаралық стандарттар, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары туралы мәліметтермен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейді.
2. Стандарттау жөніндегі құжаттарды каталогтау жүйесі мыналарды қамтиды:
1) ұлттық стандарттардың және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының ақпараттық каталогтарын қалыптастыру және жүргізу;
2) мемлекетаралық стандарттардың ақпараттық каталогтарын қалыптастыру және жүргізу;
3) күші жойылған, ауыстырылған және қолданысқа енгізілмеген мемлекетаралық стандарттардың каталогын қалыптастыру;
4) мерзімді ақпараттық көрсеткіштерді қалыптастыру және жүргізу.
30-бап. Стандарттау саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету
Стандарттау саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету:
1) стандарттау жөніндегі құжаттар туралы ақпаратты орналастыру;
2) нормативтік техникалық құжаттарды, ресми басылымдарды және олардың көшірмелерін тарату;
3) ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды жариялау арқылы жүзеге асырылады.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 30-1-баппен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
30-1-бап. Ұлттық стандарттарды түсіндіру
Ұлттық стандарттарды түсіндіруді оларды әзірлейтін ұлттық стандарттау жүйесінің субъектілері жүзеге асырады.
31-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттар туралы ақпаратты орналастыру
1. Стандарттау жөніндегі құжаттар (әскери ұлттық стандарттарды, ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) туралы ақпаратты орналастыру оларды стандарттау жөніндегі ұлттық органның интернет-ресурсында және стандарттардың ай сайынғы және жыл сайынғы ақпараттық көрсеткіштерінде міндетті түрде жариялау арқылы жүзеге асырылады.
2. Стандарттау жөніндегі құжат туралы ақпаратқа:
1) атауы;
2) қолданылу саласы;
3) бекіту, өзгерістер енгізу және күшін жою туралы шешімнің күні мен нөмірі;
4) әзірлеуші туралы мәліметтер жатады.
32-бап. Жариялау
Ұлттық стандарттар, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары және стандарттау жөніндегі ұсынымдар жариялануға жатады.
Жариялау стандарттау жөніндегі құжаттардың мәтіндерін стандарттау жөніндегі ұлттық органың интернет-ресурсында орналастыру жолымен жүзеге асырылады.
33-бап. Ұлттық стандарттау белгісі
1. Ұлттық стандарттау белгісімен ұлттық (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), мемлекетаралық стандарттардың және стандарттау жөніндегі ұсынымдардың баспа және электрондық басылымдары, сондай-ақ стандарттардың ақпараттық көрсеткіштері мен стандарттау жөніндегі құжаттардың каталогтары таңбаланады.
2. Ұлттық стандарттау белгісінің бейнесі, оған қойылатын техникалық талаптар және таңбалау тәртібі ұлттық стандартта белгіленеді.
7-тарау. СТАНДАРТТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
34-бап. Стандарттау саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық