599-бап. Қылмыстық қудалауды жалғастырудан бас тарту
1. Егер:
1) осы Кодекстің 598-бабының екінші бөлігінің немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартының талаптары сақталмаса;
2) Қазақстан Республикасында сот нақ осы адамға қатысты нақ сол қылмысқа байланысты ақтау үкімін шығарса;
3) Қазақстан Республикасында сот нақ осы адамға қатысты нақ сол қылмысқа байланысты айыптау үкімін шығарса, ол бойынша жаза өтелсе немесе орындалып жатса;
4) Қазақстан Республикасында нақ осы адамға қатысты нақ сол қылмысқа байланысты қылмыстық іс жүргізу тоқтатылса немесе ол кешірім немесе рақымшылық жасауға байланысты жазаны өтеуден босатылса;
5) қаралып отырған қылмысқа қатысты іс жүргізу ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жүзеге асырылуы мүмкін болмаса, қылмыстық іс жүргізуді қабылдауға болмайды.
2. Қылмыстық қудалауды жалғастырудан бас тартылған кезде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шет мемлекеттің орталық органына бас тартудың негіздемесімен бірге материалдарды қайтарады.
600-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) алынғанға дейін адамды күзетпен ұстау
1. Шет мемлекеттің құзыретті органының өтінішхаты бойынша өзіне қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салу жіберілген адам Қазақстан Республикасының аумағында күзетпен ұсталуы мүмкін. Өтінішхатта адам қылмыстық жауаптылыққа тартылатын заңнама туралы мәліметтер: көзделген жазалау шарасын, күзетпен ұстау туралы қаулыға сілтемені және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салу қосымша ұсынылатынын көрсете отырып, қамтылуға тиіс.
Көрсетілген өтінішхат және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салу алынғанға дейін күзетпен ұстау туралы қаулы олардың түпнұсқаларын пошта арқылы немесе курьермен бір мезгілде жіберіп, коммуникацияның ғылыми-техникалық құралдары пайдаланыла отырып берілуі мүмкін.
2. Адамды күзетпен ұстау осы Кодекстің 588-бабында көзделген тәртіппен және қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес күзетпен ұсталатын адамды, егер осы адам ұстап алынған күннен бастап қырық тәулік ішінде Қазақстан Республикасының құзыретті органы қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салуды алмаса, прокурор босатуға тиіс, бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына дереу хабарланады.
62-тарау. ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕР СОТТАРЫНЫҢ ҮКІМДЕРІ МЕН ҚАУЛЫЛАРЫН ТАНУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУ
601-бап. Шет мемлекеттер соттарының Қазақстан Республикасында танылатын үкімдері мен қаулылары
1. Қазақстан Республикасында мынадай жағдайларда:
1) шет мемлекетте бас бостандығынан айыруға сотталған Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу үшін қабылдау кезінде;
2) шет мемлекеттің аумағында есi дұрыс емес күйде қоғамдық қауіпті іс-әрекет жасаған, шет мемлекет сотының оған қатысты мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешімі бар Қазақстан Республикасының азаматын қабылдау кезінде;
3) Қазақстан Республикасына ұстап берілген, шет мемлекеттің соты соттаған және жазасын өтемеген адамға қатысты;
4) Қазақстан Республикасы шет мемлекетке ұстап беруден (экстрадициялаудан) бас тартқан, шет мемлекеттің соты соттаған адамға қатысты;
5) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мүлікті немесе оның ақшалай баламасын тәркілеу туралы мәселені шешу кезінде;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге жағдайларда, шет мемлекеттер соттарының үкімдері мен қаулылары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен танылуы және орындалуы мүмкін.
2. Шет мемлекет сотының үкімін азаматтық талап қою бөлігінде тану және орындау туралы мәселенің шешімі Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен шешіледі.
602-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды - жазасын өтеу үшін не психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін өздері азаматы болып табылатын мемлекетке беру негіздері
Қазақстан Республикасының тиісті шет мемлекетпен халықаралық шарты не Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының шет мемлекеттің құзыретті органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара келісім қағидаты негізінде қол жеткізген келісімі негізінде:
1) Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған шетелдік, сол сияқты шет мемлекеттің соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматы - жазасын одан әрі өтеу үшін;
2) Қазақстан Республикасының аумағында қоғамдық қауіпті іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн жазаны тағайындау немесе орындау мүмкiн болмайтындай түрде психикасының бұзылуымен ауырған, өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы Қазақстан Республикасы сотының шешімі бар шетелдік, сол сияқты шет мемлекеттің аумағында қоғамдық қауіпті іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн жазаны тағайындау немесе орындау мүмкiн болмайтындай түрде психикасының бұзылуымен ауырған, өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шет мемлекет сотының шешімі бар Қазақстан Республикасының азаматы - мәжбүрлеп емдеуден одан әрі өтуі үшін өздерінің азаматтығы тиесілі мемлекетке берілуі мүмкін.
603-бап. Сотталған адамды немесе өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды беру шарттары
1. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген шетелдіктерді беруге сотталған адамның немесе өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамның, олардың заңды өкілдерінің немесе жақын туыстарының өтінішхаты бойынша, сондай-ақ сотталған адамның не өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамның келісімімен, ал ол өз еркін білдіруге қабілетсіз болған жағдайда оның заңды өкілінің келісімімен тиісті мемлекеттің құзыретті органының өтінуі бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтегенге не мәжбүрлеп емдеу аяқталғанға дейін жол беріледі.
2. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген шетелдіктерді беру үкім немесе қаулы шығарған сотқа болып өткен беру туралы хабарлайтын Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының шешімі бойынша, сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
604-бап. Сотталған адамды немесе өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды беру туралы мәселені шешу тәртібі
1. Егер сотталған адам шет мемлекеттің азаматы болып табылса, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі сотталған адамға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына немесе өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің уәкілетті органына өзін осы Кодексте көзделген негізде және тәртіппен сол мемлекетте жазасын өтеу үшін беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіреді.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры материалдарды зерделегеннен және тексергеннен кейін олар тиісінше ресімделген жағдайда және осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген негіздер болған кезде осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген шетелдік азаматтарды беруге қатысты шешім қабылдайды, ол туралы шет мемлекеттің тиісті органына және өзінің бастамасы бойынша осы адамды беру туралы мәселе қаралған адамға хабарлайды.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Шет мемлекеттің уәкілетті органынан сотталған адамды жазасын өтеу үшін немесе өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды қабылдауға келісетіні туралы ақпарат алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тиісінше ішкі істер органына осы адамды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын медициналық ұйымнан шет мемлекетке беру орнын, уақыты мен тәртібін келісу және беруді ұйымдастыру туралы тапсырма береді.
Мемлекеттік органдар сотталған адамды шет мемлекетке беруді жүзеге асыруда ішкі істер органына өз құзыреті шегінде жәрдем көрсетеді.
4. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген шетелдіктерді беру оларды шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру, кешірім жасау, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату немесе өзгерту туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өтінішхат беру құқығынан айырмайды. Осы мәселені Қазақстан Республикасында қарау үшін қажетті кез келген құжат немесе ақпарат үкімді орындайтын немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын мемлекеттің құзыретті органдарынан Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы арқылы сұратылуы мүмкін.
5. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы үкім шығарған сотқа сотталған адамды беру туралы қабылданған шешім туралы хабарлайды, сондай-ақ сотты шет мемлекетте үкімді орындау нәтижелері туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
6. Қазақстан Республикасында рақымшылық жарияланған жағдайда, сотталған адамды беру туралы ақпаратты алған сот мұндай сотталған адамға рақымшылық жасау туралы мәселені осы бапқа сәйкес қарайды. Қажет болған жағдайда, сот үкімді орындайтын мемлекеттің құзыретті органдарынан рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселені қарау үшін қажетті ақпарат алу мақсатында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына өтініш жасай алады.
7. Осы баптың төртінші және алтыншы бөліктеріне сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру, кешірім немесе рақымшылық жасауды қолдану, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату немесе өзгерту туралы шешім қабылданған жағдайда, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тиісті шешімнің көшірмесін үкімді орындайтын немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын мемлекетке жібереді.
605-бап. Шет мемлекеттің берілген азаматына қатысты соттың үкімін өзгерту немесе оның күшін жою, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату немесе өзгерту туралы хабарлау
1. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген, жазасын өтеу немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыру үшін шет мемлекетке берілген шетелдіктерге қатысты Қазақстан Республикасы сотының үкімі өзгерген немесе оның күші жойылған, Қазақстан Республикасының соты тағайындаған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану тоқтатылған немесе өзгертілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасында сотталғандарға рақымшылық немесе кешірім жасау актісі қолданылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шет мемлекеттің уәкілетті органына тиісті шешімнің көшірмесін жібереді.
2. Егер үкімнің күші жойылса және жаңа сот талқылауы тағайындалса, ол үшін қажетті өзге де құжаттар бір мезгілде жіберіледі.
606-бап. Шет мемлекетке сотталған адамды немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды беруден бас тарту
1. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген шетелдіктерді беруден, егер:
1) адам сол үшін сотталған немесе оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған іс-әрекеттердiң бiрде-бiрi сотталған адам немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адам азаматы болып табылатын мемлекеттiң заңнамасы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық болып танылмаса;
2) сотталған адамды немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды халықаралық шартта көзделген жағдайларда беру туралы келiсiмге қол жеткiзiлмесе;
3) егер сотталған адамды немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды беру Қазақстан Республикасының мүддесіне нұқсан келтірсе;
4) сотталған адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болса;
5) егер берілетін адам үкімді орындайтын мемлекеттің азаматы болып табылмаса, бас тартылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған шетелдікті беруден, осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген негіздерден басқа, егер:
1) жаза шет мемлекетте ескіру мерзiмiнiң өтуi салдарынан немесе осы мемлекеттiң заңнамасында көзделген өзге де негiз бойынша орындалуы мүмкін болмаса;
2) сотталған адамды беру туралы өтінішті алған кезде бас бостандығынан айырудың өтелмеген мерзімі алты айдан аз болса;
3) сотталған адамнан немесе шет мемлекеттен үкімді азаматтық талап қою бөлігінде орындау кепілдігі алынбаса, бас тартылуы мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының аумағында есi дұрыс емес күйде қоғамдық қауіпті іс-әрекет жасаған, өзіне қатысты Қазақстан Республикасы сотының медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешімі бар шетелдікті беруден, осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген негіздерден басқа, егер:
1) шет мемлекеттің заңнамасында медициналық сипаттағы ұқсас шаралар көзделмесе;
2) шет мемлекеттің қажетті емдеуді және тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, бас тартылуы мүмкін.
4. Сотталған адамды шет мемлекетке жазасын өтеу үшін беру туралы шешім қабылданғанға дейін оның уәкілетті органдары сотталған адамның азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне ұшырамайтынына кепілдік беруге тиіс.
607-бап. Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу немесе мәжбүрлеп емдеуді жүргізу үшiн қабылдау, сондай-ақ шет мемлекет сотының үкімін немесе қаулысын тану және орындау туралы өтiнiшхатты қарау
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары, олардың заңды өкiлдерi, жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары, сондай-ақ шет мемлекеттiң құзыреттi органдары сотталған адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамның келiсiмiмен, ал ол өз еркін білдіруге қабілетсіз болған жағдайда - оның заңды өкілінің келісімімен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына сотталған адамның Қазақстан Республикасында жазаны өтеуi немесе оған мәжбүрлеп емдеу жүргізу туралы өтiнiшхатпен жүгіне алады.
2. Шет мемлекеттің құзыретті мекемелері шет мемлекет сотының осы Кодекстің 601-бабы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көрсетілген адамдарға қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мүлікті немесе оның ақшалай баламасын тәркілеуді көздейтін сот актілерін тану және орындау туралы өтінішхатпен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына жүгіне алады.
3. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын қабылдау туралы өтінішхатты Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының алдында қозғағаннан кейін осы адамның Қазақстан Республикасында жазасын кейіннен өтеуі немесе оған мәжбүрлеп емдеуді жүргізуі және Қазақстан Республикасының азаматтығын растауы үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шет мемлекеттің тиісті органынан мәселені мәні бойынша шешу үшін қажетті құжаттарды сұратады.
4. Осы баптың бірінші, екінші бөліктерінде көзделген өтінішхаттар қанағаттандырылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры шет мемлекет сотының үкімін немесе қаулысын тану және орындау туралы ұсынуды өздеріне қатысты шет мемлекет сотының үкімі немесе қаулысы шығарылған адамдардың тұрақты тұрғылықты жері бойынша аудандық немесе оған теңестірілген сотқа енгізеді. Осы адамдардың тұрақты тұрғылықты жері болмаған кезде, ұсыну Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының орналасқан жері бойынша аудандық сотқа енгізіледі.
608-бап. Шет мемлекет сотының үкiмiн немесе қаулысын орындауға байланысты мәселелердi соттың шешу тәртiбi
1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуын судья үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу үшін осы Кодексте белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде сот отырысында сотталған адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамның қатысуынсыз қарайды.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Тәркілеу нысанында құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қарау мүлкіне қатысты шет мемлекет сотының үкімімен, қаулысымен немесе өзге де шешімімен тәркілеу туралы шешім қабылданған тұлғаны, меншігінде, иелігінде, пайдалануында немесе билік етуінде тәркіленуге жататын мүлік бар басқа да мүдделі тұлғаларды және (немесе) олардың өкілдерін не қорғаушыларын, шет мемлекеттің құзыретті органын және прокурорды сұрау салудың қаралатын орны, күні мен уақыты туралы хабардар ете отырып, сот отырысында жүзеге асырылады.
Осы бөліктің бірінші абзацында аталған, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе жүрген тұлғалар сот отырысының орны, күні мен уақыты туралы сот отырысы өтетін күнге дейін отыз тәуліктен кешіктірілмей хабардар етілуге тиіс. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тұратын немесе жүрген тұлғаларға және шет мемлекеттің құзыретті органына хабархаттар Қазақстан Республикасының халықаралық шартында және заңнамасында көзделген тәртіппен сот отырысы өтетін күнге дейін алты айдан кешіктірілмей жіберіледі.
Сот отырысына қатысуын сот міндетті деп таныған тұлғаларды қоспағанда, сот отырысының орны, күні мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген адамдардың келмеуі шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуын қарауға кедергі келтірмейді.
2. Судьяның шет мемлекет сотының үкiмiн немесе қаулысын орындау туралы қаулысында:
1) шет мемлекет сотының атауы, үкiмнiң немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулының шығарылған уақыты мен орны;
2) сотталған адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамның Қазақстан Республикасындағы соңғы тұрғылықты жерi, оның сотталғанға немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылғанға дейiнгi жұмыс орны және айналысқан кәсiбiнің түрі туралы мәлiметтер;
3) адам жасалуына кiнәлi деп танылған қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы және оның қандай қылмыстық заңның негiзiнде сотталғандығы не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылғандығы;
4) сотталған адам немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адам жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жауаптылық көздейтiн Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы;
5) жазаның (негiзгi және қосымша) түрi мен мерзiмi, сотталған адам Қазақстан Республикасында өтеуге тиiс жазаның басталу және аяқталу мерзiмi; қылмыстық-атқару мекемесiнiң түрi, талап қою бойынша залалды өтеудiң тәртiбi; мәжбүрлеп емделіп жатқан адамға қатысты қолданылуға жататын медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрі көрсетiлуге тиiс.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Соттың мүлікті толық немесе ішінара тәркілеу бөлігінде шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге де шешімін мойындау және мәжбүрлеп орындату туралы қаулысында мыналар көрсетіледі:
1) шет мемлекет сотының атауы, тәркілеу туралы үкімнің, қаулының немесе өзге де шешімнің шығарылған уақыты мен орны;
2) шет мемлекеттің соты соттаған тұлғаның Қазақстан Республикасындағы соңғы тұрғылықты жері, жұмыс орны және айналысатын ісі туралы мәліметтер;
3) жасағаны үшін сотталған тұлға кінәлі деп танылған қылмыстың сипаттамасы және оны соттауға және мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылдауға негіз болған шет мемлекеттің қылмыстық заңы;
4) сотталған тұлға жасаған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бабы;
5) Қазақстан Республикасының аумағындағы және тәркіленуге жататын мүлік туралы мәліметтер;
6) қаулыға шағым жасау тәртібі.
Соттың мүлікті тәркілеу бөлігінде шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге де шешімін мойындаудан және мәжбүрлеп орындатудан бас тарту туралы қаулысында мұндай бас тартудың негіздері көрсетілуге тиіс.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңы бойынша осы қылмыс үшiн бас бостандығынан айырудың шектi мерзiмi шет мемлекет сотының үкiмі бойынша тағайындалғаннан аз болса, судья осы іс-әрекетті жасағаны үшiн бас бостандығынан айырудың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген ең жоғары мерзiмiн белгiлейдi. Егер бас бостандығынан айыру жаза ретiнде көзделмесе, судья осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде белгiленген шекте және шет мемлекет сотының үкiмi бойынша тағайындалғанға мейлiнше сәйкес келетiн басқа жазаны айқындайды.
4. Егер үкiм екi немесе бiрнеше іс-әрекетке қатысты болса, Қазақстан Республикасында олардың барлығы бiрдей қылмыс деп танылмаса, судья шет мемлекет сотының үкiмi бойынша тағайындалған жазаның қай бөлiгi қылмыс болып табылатын іс-әрекетке қолданылатынын айқындайды.
5. Жазаны орындау туралы мәселені қарау кезінде сот тиісті өтінішхат болған жағдайда, шет мемлекет сотының үкімін азаматтық талап қою және процестік шығындар бөлігінде орындау туралы мәселені бір мезгілде шеше алады.
6. Шет мемлекет сотының үкiмінiң немесе қаулысының күшi жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда, не шет мемлекетте не Қазақстан Республикасында шығарылған рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсiн Қазақстан Республикасында жазасын өтеп жүрген не мәжбүрлеп емделіп жатқан адамға қолданғанда, соттың қайта қаралған үкiмін немесе қаулысын орындау, сондай-ақ рақымшылық немесе кешiрiм жасауды қолдану мәселелерi осы баптың қағидалары бойынша шешiледi.
7. Егер сот Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуын қарау кезінде адам жасағаны үшін сотталған не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған іс-әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмайды деген қорытындыға келсе не шет мемлекет сотының үкімі немесе қаулысы ескіру мерзімінің өтуіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге де негіз бойынша орындала алмаса, ол шет мемлекет сотының үкімін немесе қаулысын танудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 7-1-бөлікпен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
7-1. Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті тәркілеу бөлігінде шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге шешімін мойындаудан және мәжбүрлеп орындатудан осы Кодекстің 569-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ мынадай:
1) шет мемлекет сотының мүлікті тәркілеуді көздейтін үкімі, қаулысы немесе өзге де шешімі заңды күшіне енбеген;
2) тәркіленуге жататын мүлік Қазақстан Республикасының юрисдикциясы қолданылмайтын аумақта орналасқан;
3) шет мемлекет сотының үкімімен, қаулысымен немесе өзге де шешімімен мүлікті тәркілеу көзделген іс-әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған және (немесе) бұл іс-әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмайтын;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында шет мемлекет сотының үкімімен, қаулысымен немесе өзге де шешімімен тәркілеу тағайындалған іс-әрекетке ұқсас іс-әрекет үшін мүлікті тәркілеу көзделмеген;
5) шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуында аталған тұлғаға қатысты дәл сол іс-әрекет үшін үкім заңды күшіне енген, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған, сол сияқты алдын ала тергеп-тексеру органының қылмыстық істі тоқтату туралы немесе қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы күші жойылмаған шешімі болған;
6) шет мемлекет сотының мүлікті тәркілеуді көздейтін үкімі, қаулысы немесе өзге де шешімі Қазақстан Республикасының халықаралық шартында немесе заңнамасында көзделген негіздер бойынша орындалмайтын;
7) Қазақстан Республикасында сол бір іс-әрекетке байланысты мүлкін тәркілеу туралы шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы жіберілген тұлғаны қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатқан;
8) шет мемлекеттің құзыретті органының тәркілеу туралы сұрау салуы келіп түскен мүлікке қылмыстық, азаматтық істер немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Қазақстан Республикасы сотының үкімімен, шешімімен немесе қаулысымен өндіріп алу қолданылған;
9) шет мемлекет сотының үкімінде, қаулысында немесе өзге де шешімінде көрсетілген мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәркіленуге жатпайтын жағдайларда бас тартылады.