Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сыбайлас қатысушылардың бiрiнің іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасағаны немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейін психикасының бұзылуымен ауырғаны анықталатын болса, оған қатысты iс жеке iс жүргiзуге бөліп шығарылуы мүмкiн.
515-бап. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның құқықтары
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адам, егер сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша бұған оның ауруының сипаты мен ауырлық дәрежесi кедергi келтiрмейтiн болса:
1) өзiнің қандай іс-әрекет жасауда айыпталып жатқанын бiлуге;
2) түсiнiктемелер беруге;
3) дәлелдемелер ұсынуға;
4) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге;
5) өзiнiң ана тiлiнде немесе бiлетiн тiлiнде түсiнiсуге;
6) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға;
7) қорғаушысының болуына және онымен оңаша және құпия кездесуге;
8) өзінің өтiнiшхаты немесе қорғаушысының өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттеріне тергеушiнiң рұқсатымен қатысуға;
9) осы әрекеттердің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге;
10) сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға;
11) алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін істің барлық материалдарымен танысуға және мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген мәліметті кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға;
12) сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның, прокурор мен соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар келтіруге;
13) қылмыстық істі тоқтату туралы немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға құқылы.
Істi сот талқылауында көрсетілген адамның дәлелдемелердi зерттеуге және сот жарыссөздерiне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге; соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалып отырған шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iс бойынша берілген шағымдар, прокурордың келтірілген өтінішхаттары мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге; мәлiмделген шағымдардың, прокурордың өтінішхаттарының, наразылықтардың сотта қаралуына қатысуға құқығы бар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамға тергеушi оның құқықтарын түсiндiруге және олардың тiзбесiн жазбаша түрде табыс етуге мiндеттi. Соттың талқылауында құқықтардың түсiндiрiлгенi туралы сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
516-бап. Заңды өкiлдiң қатысуы
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiліп жатқан адамның жақын туысы немесе өзге де адам осы адамның заңды өкiлi болып танылады және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның немесе прокурордың қаулысы бойынша не соттың қаулысы бойынша iске қатысуға тартылады.
2. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiліп жатқан адамның заңды өкілінің сотқа қатысуы міндетті болып табылады.
3. Заңды өкiлдің:
1) өзi өкiлi болып отырған адамның қылмыстық заңда тыйым салынған қандай іс-әрекеттi жасауда айыпталып жатқанын бiлуге;
2) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге;
3) дәлелдемелер ұсынуға;
4) өзінің немесе қорғаушының өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлетiн тергеп-тексеру әрекеттеріне сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен қатысуға;
5) өзi қатысқан тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және онда жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескертулер жасауға;
6) алдын ала тергеу аяқталған соң iстiң барлық материалдарымен танысуға, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға;
7) қылмыстық iстi тоқтату немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға;
8) сот талқылауына қатысуға;
9) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың және соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар келтіруге;
10) соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) iс бойынша берілген шағымдар, прокурордың келтiрілген өтінішхаттары мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12) мәлiмделген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын және наразылықтарды сотта қарауға қатысуға құқығы бар.
4. Заңды өкiлге құқықтарының түсiндiрiлгенi туралы хаттама жасалады.
517-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс бойынша iс жүргiзуге қорғаушының қатысуы, егер қорғаушы бұдан бұрын iске өзге негiздер бойынша араласпаған болса, өзiне қатысты iс жүргiзiлiп отырған адамның есiнiң дұрыс еместігі немесе психикасының бұзылуы фактiсi анықталған кезден бастап мiндеттi болып табылады.
2. Iске араласқан кезден бастап қорғаушының, егер бұған қорғалушының денсаулық жағдайы кедергi келтiрмейтiн болса, қорғауындағы адаммен оңаша кездесуге құқығы бар, сондай-ақ осы Кодекстiң 66-бабында көзделген басқа да барлық құқықтарды пайдаланады.
518-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн:
1) осы Кодекстің 35-бабында және 288-бабының бесiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, сондай-ақ психикасының дертті бұзылуы өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндірумен не өзге елеулі зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты болмағанда - iс жүргiзудегі істі тоқтату туралы;
2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулы шығарады.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам істi тоқтату туралы немесе iстi сотқа жiберу туралы, егер өзiне қатысты алдын ала тергеу жүргiзiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша тергеу әрекеттеріне қатысуға қабiлеттi болса, осы адамға, оның заңды өкiлiне және қорғаушысына, сондай-ақ жәбiрленушiге хабарлайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам процестiң аталған қатысушыларына олардың iс материалдарымен танысу құқығын түсiндiредi және бұл құқығын олардың қайда және қашан пайдалана алатынын хабарлайды. Iспен танысудың, тергеп-тексерудi толықтыру туралы арыздар мен оларды шешудің тәртiбi осы Кодекстiң 295 - 297-баптарында айқындалады.
3. Iстi тоқтату туралы қаулы осы Кодекстiң 288-бабының қағидалары бойынша шығарылады. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн істі сотқа жiберу туралы қаулыда осы Кодекстiң 510-бабында көрсетiлген және iс бойынша белгіленген мән-жайлар; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн негiздер; егер медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін негiздерге дау айтылған болса, оларды айтатын қорғаушы мен басқа адамдардың дәлелдері жазылуға тиiс.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
4. Істі сотқа жіберу туралы қаулыға қосымша осы Кодекстің 299-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша жасалады.
5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам істi сотқа жiберу туралы қаулымен бірге прокурорға береді, ол істі зерделеп, мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін iстi сотқа жiбередi;
2) iстi қосымша тергеп-тексеру жүргiзу үшiн қайтарады;
3) осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген жағдайларда істі тоқтатады.
6. Істі тоқтату туралы не істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесi процеске қатысушыларға жіберіледі және өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізу жүзеге асырылып жатқан адамға және оның заңды өкіліне табыс етіледі.
519-бап. Сотта іс жүргізу
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді аудандық немесе оған теңестірілген соттың судьясы қарайды. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, есі дұрыс емес адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкіміне, қаулысына берілген немесе келтірілген апелляциялық шағымдар немесе прокурордың өтінішхаты бойынша қылмыстық істі қараған кезде қарауы мүмкін.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы іс сотқа келіп түскеннен кейін судья оны осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша сот отырысында қарауға тағайындайды.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау кезінде соттың құрамы осы Кодекстің 52-бабына сәйкес айқындалады.
520-бап. Iс бойынша шешiм қабылдау кезiнде сот шешетiн мәселелер
1. Iстi сотта талқылау процесiнде мынадай мәселелер:
1) қылмыстық заңда көзделген іс-әрекеттің орын алғаны-алмағаны;
2) iсi қаралып отырған адамның іс-әрекетті жасағаны-жасамағаны;
3) iсi қаралып отырған адамның іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасағаны-жасамағаны;
4) осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтындай психикасының бұзылуымен ауырғаны-ауырмағаны;
5) адамның психикасының дерттi бұзылуы оның өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiп не оның өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiн туғызатыны-туғызбайтыны;
6) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы және оның нақты қайсысы қолданылатыны зерттелуге және шешiлуге тиiс.
2. Сот осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 10), 11) және 12) тармақтарында көрсетiлген мәселелердi де шешедi.
521-бап. Соттың қаулысы
1. Сот қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi осы адамның есi дұрыс емес күйде жасағаны немесе осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн жазаны тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын психикасының бұзылуымен ауырғаны дәлелдендi деп танып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 16 және 75-баптарына сәйкес осы адамды тиiсiнше қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату туралы және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын және оның нақты қайсысын қолдану туралы қаулы шығарады.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша қауiп төндірмейтін болса, сот iстi тоқтату туралы және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданбау туралы қаулы шығарады.
3. Сот осы адамның іс-әрекеттi жасауға қатысқаны дәлелденген жоқ деп таныған, сол сияқты осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11) және 12) тармақтарында, 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар белгіленген кезде, сот өзi белгілеген негiз бойынша адамда аурудың болуына және оның сипатына қарамастан iстi тоқтату туралы қаулы шығарады.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iс тоқтатылған кезде, сот қаулысының көшiрмесi психиатриялық көмекке мұқтаж адамдарды емдеу немесе психоневрологиялық мекемеге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн бес тәулік ішінде денсаулық сақтау органдарына жiберіледi.
5. Сот өзі туралы іс қаралып жатқан адамның психикасының бұзылуы белгіленбеген немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған адамның ауруы оған жазалау шараларын қолдануды жоққа шығармайды деп тани отырып, өзiнiң қаулысымен iстi жалпы тәртіппен тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін прокурорға жібереді.
6. Соттың қаулысында осы Кодекстiң 401-бабында көрсетiлген мәселелер шешiледi.
522-бап. Соттың қаулысына шағым жасау және наразылық білдіру
1. Қорғаушы, жәбірленуші және оның өкілі, өзі туралы іс қаралып жатқан адамның заңды өкілі немесе жақын туысы аудандық және оған теңестірілген соттың қаулысына - осы Кодекстің 48-тарауында көзделген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен, ал осы Кодекстің 439-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысына - кассациялық сатыға шағым жасауы, сондай-ақ прокурор наразылық білдіруі мүмкін. Осы Кодекстің 515-бабына сәйкес өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адам істі сотта талқылауға қатысқан жағдайда, егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ауруының сипаты мен ауырлық дәрежесі бұған кедергі келтірмесе, соттың қаулысына шағым жасауға құқылы.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы осы Кодекстің 51-тарауында көзделген тәртіппен орындауға енгізіледі.
523-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту және ұзарту
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту туралы мәселелердi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарған сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96-бабында көзделген тәртiппен қарайды, ал егер мәжбүрлеу шараларын қолдану осы соттың қызмет аумағынан тыс жерде жүзеге асырылса, оларды осы шараны қолдану орны бойынша тиісті сот қарайды.
2. Iстi тыңдауды тағайындау туралы сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамның заңды өкiлiне, мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгiне, қорғаушы мен прокурорға хабарлайды. Сот отырысына қорғаушы мен прокурордың қатысуы мiндеттi, басқа адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды.
3. Сот отырысында мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң ұсынуы (қорытындысы), психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы зерттеледi, отырысқа қатысып отырған адамдардың пiкiрi тыңдалады. Егер психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы күмән туғызатын болса, сот отырысқа қатысып отырған адамдардың өтiнiшхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот-психиатриялық сараптама тағайындауы, қосымша құжаттарды талап етіп алдыруы, сондай-ақ егер бұл өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту туралы мәселе шешiлiп отырған адамның психикасының жай-күйi бойынша мүмкiн болса, одан жауап алуы мүмкін.
4. Сот адамның психикалық жай-күйi бұдан бұрын тағайындалған шараны қолдану қажеттiгi жойылатын не медициналық сипаттағы өзге шараны тағайындау қажеттiгi туындайтын жағдайда болғанда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтатады немесе өзгертедi. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi ұзартады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Сот кеңесу бөлмесiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту, сол сияқты оны тоқтатудан, өзгертуден немесе ұзартудан бас тарту туралы қаулы шығарады және оны сот отырысында жария етеді. Соттың қаулысы процеске қатысушылардың шағымдары бойынша не прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
524-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамға қатысты қылмыстық iстi қайта бастау
1. Егер қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн психикасы бұзылып ауруының салдарынан медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамды психиатр дәрiгерлер комиссиясы сауыққан деп таныса, онда сот мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын медициналық ұйым қорытындысының негiзiнде осы Кодекстiң 476-бабының 14) тармағына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шарасын қолдануды тоқтату туралы қаулы шығарады және адамды жалпы тәртіппен қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін iстi прокурорға жібереді. Егер медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының күші жазаны толық өтемеген сотталған адамның сауығуына байланысты жойылған болса, сот бұл кезде айыптау үкімін орындаудың ескіру мерзімі өтіп кетпесе, осы адамның жазаның қалған бөлігін өтеуін қайта бастау үшін қаулының көшірмесін жазаны орындайтын мекемеге немесе органға жібереді.
2. Медициналық ұйымда өткiзiлген уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
55-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ТЕРІС ҚЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
525-бап. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
526-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің хаттамалық нысаны
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Анықтау органы жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі шегінде осы Кодекстің 64-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағында көзделген тәртіппен адамнан күдікті ретінде жауап алынған кезден бастап он тәулік ішінде қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасайды.
2. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Арасында қылмыстардан басқа, қылмыстық теріс қылық не қылмыстық теріс қылықтар бар бірнеше қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу анықтау не алдын ала тергеу нысанында жүзеге асырылады.
527-бап. Хаттама жасау тәртібі
1. Жасалған қылмыстық теріс қылықтың күдіктіге қатысты мән-жайлары туралы хаттама жасалады, онда: хаттаманың жасалған уақыты мен орны, хаттаманы кімнің жасағаны, күдіктінің жеке басы туралы деректер, қылмыстық теріс қылық жасалған орын мен уақыт, оқиға, оның тәсілдері, себептері, салдары және басқа да елеулі мән-жайлар, қылмыстық теріс қылықтың болғанын және құқық бұзушының кінәсін растайтын нақты деректер, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық құрамының белгілері, жәбірленуші туралы деректер, оған келтірілген залалдың сипаты мен мөлшері көрсетіледі.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Хаттамада сондай-ақ:
1) егер бар болса, куәлар мен жәбірленушілердің тегі, аты, әкесінің аты (олар болған кезде), мекенжайлары;
2) қылмыстық құқық бұзушылық іздерін тіркеу кезінде пайдаланылған болса не оларда іздер тіркелсе, ғылыми-техникалық құралдар мен электрондық жеткізгіштер көрсетіледі.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-2-бөлікпен толықтырылды
1-2. Қылмыстық теріс қылық туралы хаттамада сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырған адамның сот ісін жүргізу тілін айқындау, қылмыстық сот ісін жүргізу форматын таңдау, қорғаушыны, аудармашыны тарту туралы, оның ішінде олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, нәрселерді, құжаттарды және өзге де мүлікті заттай дәлелдемелер ретінде тану және оларды іске қоса тіркеу, процестік шығындарды анықтау, азаматтық талапкер деп тану туралы шешімдері, сондай-ақ қорғаушы қызметінен бас тарту туралы арыз көрсетілуі мүмкін.
Қылмыстық теріс қылық туралы хаттамаға қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар да қоса тіркеледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өздерінің нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін тіркейтін тергеу әрекеттері мен өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы.
Егер күдікті мен оның қорғаушысы, жәбірленуші істің анықталған мән-жайларына дау айтпаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жиналған дәлелдемелермен шектелуге құқылы.
Қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша осы Кодекстің 189-бабында көзделген тәртіппен анықтау не алдын ала тергеу тағайындалған кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасаумен аяқталады.
Саралаудың қылмыстан қылмыстық теріс қылыққа өзгертілуі кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасаумен аяқталады.
3. Күдіктіден, айыпталушыдан, сотталушыдан анықтау органдары мен соттың шақыруы бойынша келу және өзінің тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы хабарлау міндеттемесі алынуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 528-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
528-бап. Хаттаманы сотқа жіберу тәртібі
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам хаттама мен оған қоса берілген материалдарды танысу үшін күдіктіге ұсынады, бұл туралы хаттамада күдіктінің және қорғаушының (ол қатысқан кезде) қойған қолымен куәландырылатын тиісті белгі жасалады. Күдікті хаттамамен және іс материалдарымен танысқаннан кейін қылмыстық іс анықтау органының бастығына жіберіледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Анықтау органының бастығы хаттама мен оған қоса берілген материалдарды зерделеп шығып, мынадай әрекеттердің бірін жасайды:
1) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді;
2) хаттаманы келісуден бас тартады және қылмыстық істі анықтау жүргізу үшін қайтарады.
Күдікті осы Кодекстің 128-бабына сәйкес ұстап алынған жағдайда қылмыстық теріс қылық туралы іс ұстау мерзімі аяқталардан кемінде жиырма төрт сағат бұрын прокурорға жіберіледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Прокурор қылмыстық істі зерделеп шығып, бір тәуліктен кешіктірмей, ал күдікті осы Кодекстің 128-бабына сәйкес ұстап алынған істер бойынша дереу мынадай әрекеттердің бірін жасайды:
1) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітеді және қылмыстық істі сотқа жібереді;
2) хаттаманы бекітуден бас тартады және осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды толық көлемде немесе бір бөлігінде тоқтатады және оны анықтау не алдын ала тергеу жүргізу үшін қайтарады.
Күдікті осы Кодекстің 128-бабына сәйкес ұстап алынған жағдайда қылмыстық теріс қылық туралы іс ұстау мерзімі аяқталардан кемінде он екі сағат бұрын сотқа жіберіледі.
529-бап. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істі сотта қараудың тәртібі мен мерзімдері
1. Іс сотқа келіп түскеннен кейін судья істі іс жүргізуге қабылдап және қылмыстық теріс қылық туралы істі қарауға кірісе отырып:
1) істі кімнің қарайтынын, қай істің қаралуға жататынын, кімнің және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қай бабының негізінде жауаптылыққа тартылатынын жариялайды;
2) сотталушының, сондай-ақ істі қарауға қатысатын өзге де адамдардың келгеніне көз жеткізеді;
3) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың жеке басын анықтайды және заңды өкілдері болған кезде - олардың, қорғаушының өкілеттігін тексереді;
4) іс бойынша іс жүргізуге қатысатындардың келмеу себептерін анықтайды және істі көрсетілген адамдардың қатысуынсыз қарау туралы не істі қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;
5) қажет болған жағдайларда істі қарау кезінде қатысуы міндетті болып табылатын адамды күштеп әкелу туралы қаулы шығарады, аудармашы тағайындайды;
6) істі қарауға қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
7) мәлімделген қарсылық білдірулер мен өтінішхаттарды шешеді;
8) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, ал қажет кезде істің өзге де материалдарын жария етеді;
9) мыналарға: егер судьяға қарсылық білдіру істің мәні бойынша қаралуына кедергі келтіретін болса, оның өздігінен бас тартуы немесе оған қарсылық білдіру туралы мәлімдеуге; егер қорғаушыға, уәкілетті өкілге, сарапшыға немесе аудармашыға қарсылық білдіру істің мәні бойынша қаралуына кедергі келтіретін болса, көрсетілген қарсылық білдіруге; істі қарауға қатысатын адамдардың келуі немесе іс бойынша қосымша материалдар талап етіп алдыру қажеттігіне байланысты істі қарауды кейінге қалдыру туралы қаулы шығарады. Қажет болған жағдайда, судья сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.
2. Судья қылмыстық теріс қылық туралы істі қарауға кірісе отырып, сотталушыны, іс бойынша іс жүргізуге қатысатын басқа да адамдарды, маманның түсінігін және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге дәлелдемелерді зерттейді. Қажет болған жағдайларда, осы Кодексте көзделген басқа да процестік әрекеттерді жүзеге асырады.