2) геологиялық зерттеу аумағын құрайтын блокқа (блоктарға) нұсқаулар.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат;
3) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес өтініш иесі әзірлеген және бекіткен жер қойнауын геологиялық зерттеу жоспары және (немесе) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
4. Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Өтінішке қоса берілетін, шет тілінде жасалған құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
87-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтінішті келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және лицензия береді не оны беруден бас тартады.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган, егер өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар осы Кодекстің 86-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, лицензия беруден бас тартады.
3. Лицензия беруден бас тарту уәжді болуға тиіс.
4. Лицензияны беруден бас тартуға өтініш иесі бұл туралы хабарлама алған күннен бастап оған он жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
5. Лицензия беруден бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру және оны қарау тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
88-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттары
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаттары мыналар болып табылады:
1) геологиялық зерттеу жоспары;
2) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
2. Геологиялық зерттеу жоспары геологиялық түсірілім жұмыстарын және (немесе) геофизикалық жұмыстарды жүргізу үшін әзірленеді.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы кен орындарын және жерасты суларының учаскелерін іздестіруді және бағалауды жүргізу үшін әзірленеді.
3. Геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
Геологиялық зерттеу жоспарында геологиялық түсірілім жұмыстарының және (немесе) геофизикалық жұмыстардың түрлері мен тәсілдері, шамамен алғандағы көлемдері, аумақтары және үш жылдық кезеңдегі осындай жұмыстарды жүргізу мерзімдері сипатталады.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасында жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының түрлері, әдістері мен тәсілдері, бұрғыланатын ұңғымалар саны және олардың сипаттамалары, үш жылдық кезеңдегі жұмыстарды жүргізу мерзімдері, іздестіру-бағалау жұмыстарының салдарын жою жөніндегі шаралар және олардың құнын бағалау сипатталады.
Геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстардың құрамын, түрлерін, әдістері мен тәсілдерін, олардың көлемдері мен жүргізу мерзімдерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарында дербес айқындайды.
Жобалау құжаттарында жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулықта көзделген жағдайларда қоршаған ортаға әсерді бағалау қамтылуға тиіс.
4. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ олардың көлемдері өзгерген кезде жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге және оларды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға беруге міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес бұл өзгерістер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді талап етсе, геологиялық зерттеу жөніндегі өзгертілген жобалау құжаттары жер қойнауын зерттеу жөніндегі органға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін табыс етіледі.
5. Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасына жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия берілгеннен кейін енгізілетін өзгерістер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісуге жатады. Мұндай келісу өзгертілген жоба ұсынылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган, егер жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасына өзгерістерді, геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес келмесе, мұндай өзгерістерді келісуден бас тартады.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын келісуден бас тарту жер қойнауын пайдаланушыны келісу үшін қайтадан жүгіну құқығынан айырмайды.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын келісуден бас тартуға жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
89-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесі шегінде экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыстарды жүргізуге құқылы.
2. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша жүргізілетін жұмыстар құжаттастыруға жатады. Құжаттамада жер қойнауын дұрыс зерттеуге қажетті барлық мәліметтер көрсетіледі.
3. Жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) зертханалық зерттеулер мен талдаулардың деректерін қоса алғанда, жүргізілген операциялар барысында алынған геологиялық ақпараттың дұрыстығы мен сақталуын;
2) геологиялық құжаттаманы жүргізудің уақтылығы мен сапасын;
3) лицензия берген жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімде геологиялық зерттеу учаскесі бойынша жүргізілген жұмыстар туралы есептерді және осындай жұмыстардың нәтижелері бойынша геологиялық есепті ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу учаскесінде күрделі құрылысжайларды салуға, жарылғыш заттарды тұрақты түрде жинап қоюға және сақтауға, жыралар, шурфтар, траншеялар және тау-кен қазбаларының басқа да түрлерін жасауға, сондай-ақ аршу жұмыстарын жүргізуге құқығы жоқ.
Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде геофизикалық зерттеулермен және жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарымен байланысты мақсаттарда ғана ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыруға құқылы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде параметрлік ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыруға құқылы.
5. Жерасты сулары учаскесінің қорларында жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сараптама жасалуға тиіс. Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібін, жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережені және оның құрамын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жерасты сулары учаскесінің қорларын жерасты суларының мемлекеттік есебіне алу үшін осы қорлар туралы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы негіз болып табылады.
Жерасты суларын өндіру Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
90-бап. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу бойынша есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша мерзімді геологиялық есептер ұсынып отыруға міндетті.
2. Мерзімді геологиялық есептер жыл сайын өткен күнтізбелік жыл үшін әр жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың іс жүзіндегі кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жылы үшін есеп көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін оның иеленушісі болып табылатын тұлға лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға геологиялық зерттеу нәтижелері туралы түпкілікті есепті ұсынуға міндетті.
4. Геологиялық есептер бастапқы геологиялық ақпарат материалдарына негізделеді және геология, жерасты суларына гидрогеологиялық бұрғылау жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулердің, сынақтар мен іздестірулердің, топырақты, жерүсті жыныстарын және минералдық үлгілерді жинау және байқаудан өткізу жөніндегі қызметтің жай-күйі мен нәтижелері туралы деректерді қамтиды.
5. Осы бапта көзделген есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі органға ол бекітетін нысан бойынша ұсынылады.
91-бап. Геологиялық ақпаратқа арналған құқық
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның иеленушісі өзі геологиялық зерттеу нәтижесінде алған геологиялық ақпаратқа еркін билік етуге құқылы.
2. Жер қойнауын пайдаланушы осы бапқа сәйкес геологиялық зерттеу нәтижесінде алған геологиялық ақпаратты лицензия мерзімі аяқталған күннен бастап бір ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның пайдалануына өтеусіз беруге тиіс.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган алынған геологиялық ақпаратты оны алған күннен бастап бес жыл өткен соң (құпиялылық мерзімі) ашады.
92-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны қайтарып алу және оның тәртібі
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия:
осы Кодекстің 89-бабы 4-тармағының ережелері бұзылған;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және мерзімдерде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру үшін қол қою бонусын төлемеген жағдайларда жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қайтарып алуына жатады.
2. Бұзушылық анықталған кезде жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушы анықталған бұзушылықты жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органнан хабарлама алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бұзушылықтардың жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, оларды жойғаны туралы жазбаша хабардар етеді.
Бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 4-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
4. Лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Лицензияның қолданысы жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кейін тоқтатылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап қайтарып алынатын лицензия бойынша жұмыстарды дереу тоқтатуға және геологиялық зерттеу учаскесінің аумағынан ондағы барлық құрылысжайларды, материалдарды және жабдықтарды алып кетуге міндетті.
6. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап лицензияның қайтарып алынуын сот тәртібімен даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім сот шығарған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
VII БӨЛІМ. КӨМІРСУТЕКТЕРДІ БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ
15-тарау. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру және оны тоқтату ерекшеліктері
1-параграф. Аукцион негізінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру
93-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміттенетін тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы берілген кезде жер қойнауын пайдалану құқығын иеленген тұлға:
1) таратылу (заңды тұлғалар үшін), қайта ұйымдастырылу (заңды тұлғалар үшін) немесе банкроттық сатысында болмауға тиіс;
2) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша өтелмеген берешегі болмауға тиіс;
3) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алған жағдайда, - барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті қаржылық қаражаты болуға тиіс.
2. Барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті қаржылық қаражаты бар екенін растауға арналған осы Кодексте көзделген жағдайларда мынадай құжаттардың бірі:
1) барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындауды қаржыландыруға тұлғаның қабілеттілігін растайтын, өтініш иесінің өтінім берілген жылдың алдындағы жыл үшін бухгалтерлік балансының көшірмесі;
2) барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті мөлшерде өз қаражатының (екінші деңгейдегі банктен өтініш иесінің шотының жай-күйі туралы анықтама) немесе тартылған қаражатының (қарыз (кредит) шарты, өзге де шарт) болуы туралы құжаттамалық деректер ұсынылады.
3. Теңіздегі жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін тұлғаның, осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптармен қатар, Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңының аумағында немесе Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында не Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде теңізде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің оң тәжірибесі болуға тиіс.
Заңды тұлға үшін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талап, осындай заңды тұлға акцияларының (қатысу үлестерінің) кемінде жиырма бес пайызы тікелей тиесілі болатын тұлғаның тиісті тәжірибесі болған кезде орындалған деп танылады.
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 94-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
94-бап. Аукцион өткізуге арналған өтініш
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлға құзыретті органға көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізуге арналған өтінішті береді, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжат;
2) заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, оның тұрған жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылары туралы мәліметтер, өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
3) мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында көрсетілген аукцион негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін берілетін жер қойнауы учаскесінің сұралатын аумағының атауы (егер ол мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында көрсетілсе) және географиялық координаттары.
2. Аукцион өткізуге арналған өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган осы Кодекстің 95-бабына сәйкес аукцион өткізу туралы хабарламаны жылына екі реттен асырмай жариялайды не мынадай негіздер бойынша:
1) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы аукцион негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін берілуі мүмкін жер қойнауы учаскесінің шегіндегі аумақ ретінде мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында көрсетілмесе не мұндай аумаққа сәйкес келмесе;
2) егер өтініш иесі өтініш бергенге дейін үш жыл ішінде аукцион өткізуге басқа өтініш берсе, бірақ аукционға қатысушы ретінде тіркелмесе;
3) осы Кодекстің 97-бабы 3-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өтінішті қараудан бас тартады.
Аукцион өткізу туралы хабарлама жарияланған жағдайда өтініш иесі осы Кодекстің 96-бабында белгіленген талаптарға сәйкес құзыретті органға аукционға қатысуға өтініш береді.
94-баптың 3-тармағы 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі
3. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды құзыретті орган ұйымдастырады және көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторы өткізеді.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторы - құзыретті орган айқындайтын, осы Кодексте көзделген тәртіппен көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукциондар өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторын айқындау жөніндегі өлшемшарттарды құзыретті орган бекітеді.
95-бап. Аукцион өткізу шарттары
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Аукцион өткізу туралы және оны өткізу шарттары туралы хабарлама қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Аукционға қатысуға мүдделі тұлғалардың қатысуға өтініш берудің түпкілікті мерзімінен кешіктірмей, аукционды өткізу тәртібімен байланысты ақпаратты алуға құқығы бар.
2. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион өткізу туралы хабарламада:
1) оны өткізу күні мен уақыты;
2) қатысуға өтініштер беру мерзімі;
3) жер қойнауын пайдалану құқығы аукционға шығарылатын жер қойнауы учаскесіне (кен орнына) нұсқау және оның қысқаша сипаттамасы;
4) жер қойнауы жөніндегі операциялар түрі;
5) аукционға қатысу үшін жарна мөлшері және оны төлеу үшін банк деректемелері;
6) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда - барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптар, сондай-ақ олардың бағалану құны;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген әрбір блок үшін ең төменгі қол қою бонусының мөлшері негізге алына отырып айқындалған қол қою бонусының бастапқы мөлшері;
8) өндіру кезеңіндегі қазақстандық кадрларды оқытуға арналған шығыстар мөлшері;
9) өндіру кезеңіндегі Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшерi;
10) өндіру кезеңіндегі өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері;
11) жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі, кадрлардағы жергілікті қамту жөніндегі ең төмен міндеттемелер;
12) жер қойнауын пайдалану мақсаты үшін берілетін жер учаскілеріне тіркелген құқықтар туралы ақпарат;
13) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын берген жағдайда - осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген талаптарды көрсету;
14) жер қойнауын пайдалануға келісімшарт бойынша барлау кезеңінің немесе дайындық кезеңінің ұзақтығы қамтылуға тиіс.
Аукционды өткізу күні аукционға қатысуға өтініш беру үшін берілген мерзім аяқталған күннен бастап екі айдан кешіктірілмеуге тиіс.
3. Бұрын жер қойнауын пайдалануға келісімшарт тоқтатылған жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізілген жағдайда, аукцион өткізу туралы хабарламада:
1) егер жер қойнауы учаскесі көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға берілген болса:
сенімгерлік басқарушыға сенімгерлік басқару шартына сәйкес келтірілген шығындарды өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарттары, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, оған сыйақы төлеу;
осы Кодекстің 107-бабы 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілген мүліктің құнын бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарттары;
2) осы Кодекстің 119-бабының 19-тармағында көзделген жағдайларда - бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының өндіруге және бағалауға кеткен шығындарын өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарты;
3) осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда - бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының қамтамасыз ету мөлшері туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
4. Аукционға қатысуға өтініштерді беру үшін берілетін мерзім аукцион өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап екі айды құрайды.
95-баптың 5-тармағы 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Аукционға қатысу жарнасының мөлшерін құзыретті орган аукционды дайындауға, өткізуге және қорытындыларын шығаруға арналған шығындар құнын негізге ала отырып, табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
95-баптың 6-тармағы 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Аукционға қатысу жарнасы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторына төленеді және қайтарылуға жатпайды.
96-бап. Аукционға қатысуға арналған өтініш
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға мүдделі тұлға құзыретті органға осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес өтініш жібереді.
2. Аукционға қатысуға арналған өтініште:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
2) заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат), басшылар туралы мәлімет, өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
3) өтініш иесінің соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, өтініш иесінің бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
4) аукцион өткізу туралы хабарламада белгіленген жер қойнауы учаскесінің аумағына нұсқау қамтылуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша:
1) өтініш иесінің хабарламада көрсетілген жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттарының орындалуын қамтамасыз ету міндеттемесі;
2) өтініш иесінің аукционға қатысу үшін жарна төлегендігі туралы құжат;
3) өтініш иесінің осы Кодекстің 93-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар;
4) өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісінше куәландырылған құжаттар;
5) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде, әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп жасалуына болады, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
97-бап. Аукционға қатысуға арналған өтінішті қарау тәртібі
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
2. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтінішті қабылдайды және өтініш иесін аукционға қатысуға жібереді не оны қабылдаудан бас тартады.
3. Құзыретті орган мынадай жағдайларда, егер:
1) өтініш аукционға қатысуға өтініш беру үшін берілген мерзімнен кеш берілген болса;