12) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекспен келісімшарттық міндеттемелерге жатқызылатын көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша базалық жобалау құжаттары көрсеткіштерінің бұзылуын, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оның мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін сақтауы бойынша міндеттемелерді бұзушылығын қоса алғанда, келісімшарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылығы;
13) жер қойнауын пайдалану құқығы берілген өзге де шарттар.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бұрын тоқтатылған және көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен сенімгерлік басқару шарты жасалған жер қойнауы учаскесіне келісімшарт жасалған жағдайда, жасалатын келісімшартта жаңа жер қойнауын пайдаланушының:
1) бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға осы Кодекстің 119-бабының 19-тармағына сәйкес берілген мүліктің құнын өтеу мөлшері мен мерзімдері бойынша;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сенімгерлік басқару шартына сәйкес сенімгерлік басқарушыға жұмсалған шығындарды өтеу, сондай-ақ оған сыйақы төлеу мөлшері мен мерзімдері бойынша міндеттемелері қамтылуға тиіс.
4. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі онда ретімен бекітілген барлау кезеңімен, дайындық кезеңімен (қажет болғанда) және өндіру кезеңімен айқындалады.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі онда ретімен бекітілген дайындық кезеңімен және өндіру кезеңімен айқындалады.
Уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі онда ретімен бекітілген тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңімен және өндіру кезеңімен айқындалады.
5. Барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін құзыретті орган еңсерілмейтін күш мән-жайларының қолданылу мерзіміне, егер жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай мән-жайлар туралы дәлелдерді ұсынатын болса, ұзартады.
6. Келісімшарт қазақ және орыс тілдерінде жасалады. Келісімшарт тараптарының келісімі бойынша келісімшарттың мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.
7. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушының кәсіпкерлік қызметінің нәтижелерін нашарлататын Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістер және толықтырулар осы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттарға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген кепілдіктер ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, экологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, салық салу, кедендік реттеу және бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістерге қолданылмайды.
8. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қолданылатын құқық Қазақстан Республикасының құқығы болып табылады.
37-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу тараптардың келісімшартқа толықтыру жасауы арқылы жүргізіледі.
2. Келісімшартқа толықтыру мынадай жағдайларда:
1) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), азаматтығы;
заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері өзгерген;
2) құзыретті орган туралы мәліметтер өзгерген;
3) жер қойнауын пайдалану құқығы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес ауысқан;
4) өндіру учаскесі (учаскелері) және дайындық кезеңі (дайындық кезеңдері) бекітіліп берілген;
5) өндіру учаскесін (учаскелерін) және кезеңін (кезеңдерін) немесе өндіру кезеңін (кезеңдерін) бекіткен;
6) барлау немесе өндіру кезеңі (кезеңдері) ұзартылған;
7) жер қойнауы учаскесі (учаскелері) ұлғайтылған немесе азайтылған;
8) жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бөліп шығарылған;
9) стратегиялық жер қойнауы учаскелеріне қатысты - ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделері өзгертілген жағдайларда жасалады.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда келісімшартқа толықтыру жасасу жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі, ол:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауын;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күнін;
3) жер қойнауын пайдаланушы туралы өзгертілетін мәліметке нұсқауды қамтуға тиіс.
4. Өтінішке қосымша түрде мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметке өзгерістер енгізу қажеттілігін растайтын құжаттар;
2) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметке өзгерістер енгізуді көздейтін жер қойнауын пайдаланушы қол қойған келісімшартқа толықтыру.
5. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтініш иесімен келісімшартқа толықтыру жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді немесе толықтыру жасасудан бас тартады.
6. Құзыретті орган, егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, толықтыру жасасудан бас тартады.
Құзыретті органның толықтыру жасасудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
7. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда келісімшартқа толықтыру жасау құзыретті органның бастамасы бойынша жүргізіледі.
8. Осы баптың 2) тармағының 3) - 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда келісімшартқа толықтыру жасау осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
38-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуын тоқтату
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) келісімшарт жасалған мерзім өткен, оның ішінде егер:
барлау кезеңі аяқталғанға дейін келісімшартқа дайындық кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуді көздейтін толықтыру жасалмаған;
дайындық кезеңі аяқталғанға дейін келісімшартқа өндіру кезеңін бекітуді көздейтін толықтыру жасалмаған;
2) келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының жалғыз иегері болып табылатын тұлға қаза болған (оның ішінде оны қайтыс болды деп жариялаған), егер мұндай жер қойнауын пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз қалған мүлік деп танылған;
3) жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
4) келісімшарт қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе ол жарамсыз деп танылған;
5) тараптардың келісімі бойынша келісімшарт бұзылған;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Кодекске сәйкес жер қойнауы учаскесін пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылдаған;
7) жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт жасалған барлық жер қойнауы учаскесінен (барлық учаскелерден) бас тартқан (қайтарған) жағдайларда тоқтатылады.
2. Құзыретті орган осы Кодексте көзделген негіздер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
39-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жарамсыздығы және оның жарамсыздығының салдары
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жарамсыз деп тануға мыналар негіз болып табылады:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды жарамсыз деп тану;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта осы Кодексте белгіленген міндетті шарттардың болмауы;
3) құзыреттi органға оның осы тұлғамен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу туралы шешiмiне әсер еткен көрiнеу анық емес ақпарат беру фактісінің анықталуы;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер.
2. Жарамсыз деп танылған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, оның жарамсыздығымен байланысты және жасасқан кезден бастап жарамсыздығын қоспағанда, құқықтық салдарға алып келмейді.
Келісімшартты жарамсыз деп тану жер қойнауын пайдаланушыны жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
3. Сот тәртібімен шартты жарамсыз деп тану не бұзу негізінде жүзеге асырылған жер қойнауын пайдалану құқығын беру және қайта ресімдеу нақ сол келісімшарттың емес, жер қойнауын пайдалану құқығын осындай беруге байланысты жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың жарамсыздығына алып келеді.
4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жарамсыз деп тану осындай келісімшарттың негізінде берілген жер қойнауын пайдалану құқығы солардың нысанасы болып табылатын барлық кейінгі мәмілелердің жарамсыздығына алып келеді.
5-тарау. Жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы
40-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы
1. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) басқа тұлғаға азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда иеліктен шығарған жағдайда жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің):
1) қолданылуының алғашқы жылында пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша;
3) кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша ауысуына тыйым салынады.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны қайта ресімдеу немесе тиісінше, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгеріс енгізу арқылы жүргізіледі.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны қайта ресімдеу немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгеріс енгізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алушы жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасқан мемлекеттік органға өтінішпен жүгінеді.
Өтінішке:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы соның негізінде алынатын құжаттың түпнұсқасы;
2) жер қойнауын пайдалану құқығын алушы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар:
жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), акциялары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын заңды тұлғалар, иемденушіні тікелей немесе жанама түрде бақылайтын мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және жеке тұлғалар туралы мәліметтер;
3) көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге, уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша не пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміттенетін тұлғаларға қойылатын осы Кодекс талаптарына иемденушінің сәйкестігін растайтын құжаттар қоса беріледі.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда өтінішке өтініш иесі қол қойған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтырудың жобасы қоса беріледі.
Осы Кодекстің 44-бабына сәйкес берілетін рұқсатпен жер қойнауын пайдалану құқығы алынған жағдайда, алушы туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың орнына алушы өтінішке өзі туралы мәліметтердің көрсетілген рұқсатты алу үшін өзі ұсынған мәліметтермен салыстырғанда өзгермегені туралы жазбаша растауды қоса беруге құқылы.
Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға беретін болса, оған қоса берілетін құжаттар дұрыстығын нотариус куәландырған әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, өзге тілде жасалуы мүмкін.
Мемлекеттік орган лицензияны қайта ресімдеуді жүргізеді немесе жер қойнауын пайдалану құқығын алушымен келісімшартқа толықтыруды жасасады не өтініш келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа толықтыру жасасудан уәжді бас тартуды береді.
4. Мемлекеттік орган мынадай жағдайларда:
1) өтініш осы баптың 3-тармағының талаптарына сәйкес келмегенде;
2) жер қойнауын пайдалану құқығының ауысу шарттары берілген рұқсатқа сәйкес келмегенде, егер мұндай ауысу осындай рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылса;
3) жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуына рұқсат болмағанда, егер мұндай рұқсат осы Кодекске сәйкес талап етілсе;
4) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды немесе салынған әкімшілік жазаларға сәйкес жекелеген жұмыс түрлерін жүргізуге тыйым салынған жер қойнауы учаскесі бойынша жүзеге асырылса;
5) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуына осы Кодекспен тыйым салынса;
6) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттар ережелерінің бұзылуына алып келетін болса, лицензияны қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуден бас тартады.
Лицензияны қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуден бас тартуға жер қойнауын пайдалану құқығын алушы бас тарту туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасындағы негіздер бойынша лицензияны қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуден бас тарту жер қойнауын пайдалану құқығын алушыны лицензияны қайта ресімдеуге немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуге арналған өтінішпен қайта жүгіну құқығынан айырмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларындағы негіздер бойынша лицензияны қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуден бас тарту өтініш иесін жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуына рұқсат беруге арналған өтінішпен қайта жүгіну құқығынан айырмайды.
41-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер ұғымы
1. Қатысу үлестері, пайлар, акциялар және үлестік қатысудың басқа да нысандары, сондай-ақ көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша, уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы меншік құқығын растайтын не акцияларға, қатысу үлестеріне, пайларға және үлестік қатысудың басқа да нысандарына айырбасталатын бағалы қағаздар жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылады.
Қатысу үлестері, пайлар, акциялар және үлестік қатысудың басқа да нысандары, сондай-ақ меншік құқығын растайтын не осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлға қабылдайтын шешімді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау мүмкіндігі бар заңды тұлғадағы немесе өзге де ұйымдағы акцияларға, үлестерге, пайларға және қатысу үлесінің басқа да нысандарына айырбасталатын бағалы қағаздар да жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер деп танылады.
2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін:
1) Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында және (немесе) шет мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын биржа қорында айналымда жүрген, базалық активі акциялар болып табылатын туынды қаржы құралдарын қоса алғанда, акциялар және басқа да бағалы қағаздар;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген бағалы қағаздарды тікелей немесе жанама түрде иеленетін заңды тұлғалардағы және ұйымдардағы акциялар, қатысу үлестері, пайлар және үлестік қатысудың басқа да нысандары жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып танылмайды.
3. Егер заңды тұлға немесе ұйым осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды және үлестік қатысулардың басқа да нысандарын бір мезгілде иеленсе, осындай тұлғадағы немесе ұйымдағы акциялар, қатысу үлестері, пайлар және үлестік қатысулардың басқа да құралдары жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер деп танылады. Бұл ретте осы баптың мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге ие заңды тұлғаның немесе өзге де ұйымның шешімін тікелей немесе жанама түрде айқындау мүмкіндігін белгілеу үшін осы баптың 2-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылмайтын акциялар, қатысу үлестері, пайлар және үлестік қатысудың басқа да нысандары ескерілмейді.
42-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы
1. Мыналар:
1) өтемді не өтеусіз азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде, оның ішінде заңды тұлға таратылған жағдайда оларды иеліктен шығару, сондай-ақ оларды салым ретінде заңды тұлғаның немесе өзге де ұйымның жарғылық капиталына енгізу;
2) жер қойнауын пайдаланумен байланысты объектілерден, оның ішінде кепілге салу кезінде өндіріп алу;
3) жаңа қатысушыны, пайшыны қабылдау немесе акцияларды орналастыру нәтижесінде жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіге құқықтың туындауы;
4) заңды тұлға қайта құрылған кезде тапсыру актісі немесе бөлу теңгерімі негізінде жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы;
5) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің мұрагерлік тәртіппен ауысуы;
6) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығару жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы деп танылады.
Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығару деп Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында және (немесе) шет мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасында осындай объектілерді сатып алу туралы ұсыныс жасау және (немесе) Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында және (немесе) шет мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасында акцияларды орналастыру танылады.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алған немесе жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды айналымға шығаруды жүзеге асырған тұлға құзыретті органды жүзеге асырылған сатып алу туралы немесе тиісінше, жүзеге асырылған айналымға шығару туралы сатып алу немесе осындай айналымға шығару күнінен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде хабардар етуге міндетті.
3. Осы Кодекстің мақсаттары үшін қатысу үлестері, акциялар, пайлар және үлестік қатысулардың басқа да құралдары иесінің өзгеруі не соттың шешімі, заң бойынша мұрагерлік, қатысу үлесін өтеу, тәркілеу және өзге де оқиғалар немесе мемлекеттік органдардың, үшінші тұлғалардың құқық қатынастары субъектісінің еркіне байланысты емес әрекеттері негізінде олардың арақатынасының өзгеруі жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы деп танылмайды.
43-бап. Мемлекеттің басым құқығы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған жаңадан жасалатын және бұрын жасалған келісімшарттарда мемлекеттің Қазақстан Республикасы заңдарының немесе шарттың негізінде басым құқықтарға ие тұлғаларды және ұйымдарды қоса алғанда, кез келген тұлғалар мен ұйымдар алдында стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдаланудың иеліктен шығарылатын құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), сондай-ақ ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығарылатын, стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды сатып алуға арналған басым құқығы болады.
2. Мыналар:
1) елу миллион тоннадан астам көлемде мұнайдың немесе он бес миллиард текше метрден астам - табиғи газдың геологиялық қорлары бар;
2) Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан;
3) уран кен орны бар жер қойнауы учаскесі стратегиялық жер қойнауы учаскесі болып табылады.
Жер қойнауының стратегиялық учаскелерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелері осы Кодекстің 44-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда қолданылмайды.
44-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына рұқсат беру
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия немесе өндіруге арналған лицензия, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия негізінде туындаған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы құзыретті органның осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілетін рұқсатымен жүзеге асырылады.
2. Құзыретті органның осы баптың 1-тармағында көзделген рұқсаты мынадай жағдайда:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер қатысу үлестерінің, пайлардың, акциялардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының кемінде тоқсан тоғыз пайызы жер қойнауын пайдаланушыға немесе тиісінше, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің меншік иесіне тиесілі еншілес ұйымның пайдасына, осындай еншілес ұйым салық салу жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, ауысқан;
2) жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер ұйымдар арасында, оның ішінде әрқайсысындағы қатысу үлестерінің, пайлардың, акциялардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының кемінде тоқсан тоғыз пайызы бір ғана тұлғаға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру нәтижесінде құқықтық мирасқорлық тәртібімен, жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алушы салық салу жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, ауысқан;
3) жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлғадағы немесе тиісінше жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер иелеріндегі қатысу үлестерінің, пайлардың, акциялардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде тиесілі тұлғаның немесе ұйымның пайдасына, иемденуші салық салу жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, ауысқан;