қауіпті материалдарды көму жөніндегі;
бүлінген жерді рекультивациялауға;
өзендердің, жылғалардың және су ағындарының арналарын қалпына келтіру жөніндегі;
жерүсті және жерасты суларының, ауаның сапасын, топырақтың және өсімдіктердің жай-күйін мониторингтеуге арналған шығыстар кіруге тиіс.
11. Жойылуы осы Кодекстің талаптарына сәйкес қамтамасыз етілмеген, тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыруға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.
261-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану мақсатында берілген жер қойнауы учаскесінен бас тарту
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға бас тарту туралы жазбаша мәлімдей отырып, бүкіл учаскеден бас тартуға құқылы.
2. Жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінен бас тартылған жағдайда, пайдалануда қалған жер қойнауы кеңістігінің учаскесі осы Кодекстің 19-бабының ережелеріне сәйкес келуге тиіс.
3. Жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінен бас тарту туралы өтініште жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензиядан алып тастауға жататын жер қойнауы учаскесінің аумағына нұсқау қамтылуға тиіс.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған жер қойнауы учаскесінің бір бөлігінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою актісі;
2) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі аумағының алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар сипаттамасы;
3) жер қойнауы учаскесінің бір бөлігінен бас тартылғаннан кейін қалыптастырылатын жер қойнауы кеңістігі учаскесі аумағының алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар және көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, сондай-ақ жер бетінің топографиялық картасы қоса берілген сипаттамасы.
4. Жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінен бас тарту жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны қайта ресімдеуге алып келеді.
5. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану мақсатында берілген жер қойнауы учаскесінен бас тарту мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
262-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны қайтарып алу
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия осы Кодекстің 255-бабында көзделген лицензия шарттары бұзылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген қызметке тыйым салынған жағдайларда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қайтарып алуына жатады.
2. Лицензия шарттарын бұзу анықталған кезде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
Жер қойнауын пайдаланушы бұзушылық туралы хабарламаны алған күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықты жоюға және бұзушылықтың жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бұл туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 3-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
3. Лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап үш айдан кейін лицензияның қолданылуы тоқтатылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен лицензияны қайтарып алуды даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім даулау нәтижелері бойынша шығарылған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
5. Егер лицензияны қайтарып алу үшін негіз болған міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың әсері (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және тағы сол сияқты) себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Осындай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушының техникалық құралдарының және (немесе) қаржы қаражатының болмауы не нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауы жатпайды.
6. Осы бапқа сәйкес лицензиясы қайтарып алынған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және жер қойнауы учаскесін қауіпсіз жай-күйде ұстап тұру жұмыстарына кірісуге міндетті.
7. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны қайтарып алу мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
34-тарау. Кен іздеушілік
263-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензия
1. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша оны иеленушінің, аршу жұмыстарын, құм мен топырақты шаю жұмыстарын, сондай-ақ өзге де байланысты жұмыстарды қоса алғанда, қол тәсілімен немесе механикаландыру құралдарын және қуаттылығы аз өзге де жабдықты қолдана отырып жүзеге асырылатын, шашыранды кен орындарында және техногендік сипаттағы кен орындарында (тау-кен өндірісі мен металлургия үйінділері мен жинап қойылған қалдықтары) бағалы металдар мен асыл тастарды кен іздеушілікпен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы болады.
Көрсетілген бағалы металдар мен асыл тастар тізбесі «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары ғана кен іздеушілікке арналған лицензиялардың иеленушілері бола алады.
3. Бір тұлға кен іздеушілікке арналған бір ғана лицензияға ие бола алады.
4. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуына немесе оған ауыртпалық салуға тыйым салынады.
264-бап. Кен іздеушілікке арналған аумақ
1. Кен іздеушілікке арналған лицензия қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарымен, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша облыстардың жергілікті атқарушы органдары айқындайтын аумақтарға беріледі.
2. Кен іздеушілікке арналған лицензия:
1) заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға және олардың қорғалатын аймақтарына;
2) сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер аумақтарына;
3) ғарыш қызметі, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жер аумақтарына;
4) елді мекендердің аумақтарына және оларға іргелес бір мың метр қашықтықта жатқан аумақтарға;
5) қорымдарға, қабірлер мен зираттарға арналған жер аумақтарына және шегінде пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен байланысты емес жерасты құрылысжайлары орналастырылған аумақтарға;
6) геологиялық және минералогиялық мемлекеттік табиғи қаумалдар аумақтарына берілмейді.
3. Жеке меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға тиесілі жер учаскелерінде, сондай-ақ өзге де тұлғалардың пайдалануындағы жер қойнауы учаскелерінің аумағында кен іздеушілік олардың келісімімен ғана жүзеге асырылады.
265-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияны беру
1. Кен іздеушілікке арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға облыстың жергілікті атқарушы органына пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша жазбаша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
2) өтініш иесі пайдалануға беру үшін сұрап отырған кен іздеушілік учаскесін айқындайтын, бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар және жалпы алаңы көрсетілген масштабтағы кен іздеушілік аумағына нұсқау.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) осы бөлімге сәйкес кен іздеушілік салдарын жою бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің ұсынылғанын растайтын құжаттың көшірмесі;
3) өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат;
4) өтініш иесі бекіткен және кен іздеушілік кезінде пайдаланылуы жоспарланып отырған механикаландыру құралдары мен жабдықтың тізбесін, сондай-ақ кен іздеушілік учаскесінде жүргізілуі жоспарланып отырған кен іздеушілік жөніндегі жұмыстың түрлері мен тәсілдерінің сипаттамасын қамтитын құжат;
5) аумағына осы тармаққа сәйкес өтініш берілетін жер пайдаланушының немесе жер учаскесінің жеке меншік иесінің, сондай-ақ жер қойнауы учаскесін пайдаланушының келісімі;
6) кен іздеушілік жоспары.
4. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.
5. Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс.
6. Өтінішті беру кезі облыстың жергілікті атқарушы органына өтініш келіп түскен күнмен және уақытпен айқындалады және есепке алуға жатады.
7. Берілген өтініш туралы мәліметтер өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде облыстың жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында орналастыруға жатады және:
1) өтініш иесінің тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) өтініш иесі пайдалануға беру үшін сұрап отырған кен іздеушілік учаскесі аумағының координаттарын;
3) өтініш келіп түскен күн мен уақытты қамтиды.
8. Облыстың жергілікті атқарушы органы өтінішті келіп түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде қарайды және лицензияны береді не оны беруден бас тартады.
9. Кен іздеушілікке арналған лицензияны алған тұлға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде қол қою бонусын төлеуге міндетті.
10. Кен іздеушілікке арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және қарау тәртібін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
266-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияларды берудің басымдығы
1. Облыстың жергілікті атқарушы органына берілген, сол бір аумақты қамтитын кен іздеушілікке арналған лицензияларды беруге арналған өтініштер олардың келіп түсу кезектілігі тәртібімен қаралады.
2. Облыстың жергілікті атқарушы органы кезекті өтінішті қарауға алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана кіріседі.
Кезекті өтінішті қарау алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні өткен соң басталады.
Егер бас тарту туралы шешімге өтініш иесі сотқа шағым жасаса, кезекті өтінішті қарау туралы мәселені облыстың жергілікті атқарушы органы соттың шешімі күшіне енгеннен кейін шешеді.
3. Кен іздеушілікке арналған лицензия қаралған өтініштердің арасынан өтініші бірінші болып осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін өтініш иесіне беріледі.
4. Лицензия беру туралы шешім қабылданған өтініштен кейін келіп түскен өтініштер бойынша лицензияларды беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
267-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияны беруден бас тарту
1. Облыстың жергілікті атқарушы органы мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) өтініш берілгенге дейін екі жыл ішінде осы Кодексте көзделген негіздер бойынша өтініш иесінің кен іздеушілікке арналған лицензиясы қайтарылып алынған болса;
4) сұралып отырған аумақ немесе оның бір бөлігі басқа тұлғаға берілген кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесіне немесе осы Кодекске сәйкес кен іздеушілікке арналған лицензияны беру тыйым салынған аумаққа жататын болса;
5) өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде өтініш иесіне бұрын берілген кен іздеушілікке арналған лицензия сұралып отырған жер қойнауы учаскесіне (оның бір бөлігіне) қатысты тоқтатылған болса;
6) сұралып отырған кен іздеушілік учаскесінің аумағы осы Кодекстің 269-бабының талаптарына сәйкес келмесе, лицензияны беруден бас тартады.
2. Лицензияны беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, уәжді болуға және өтініш иесіне кен іздеушілікке арналған лицензияны қарау және беру үшін көзделген мерзімдер ішінде берілуге тиіс.
3. Лицензияны беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш иесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
4. Лицензияны беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.
268-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияның мерзімі
1. Кен іздеушілікке арналған лицензия үш жыл мерзімге беріледі. Лицензияны иеленушінің өтініші бойынша көрсетілген мерзім бір рет үш жылға ұзартуға жатады.
2. Егер өтінішті қарау күніне кен іздеушілік учаскесі аумағының шекаралары жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе құзыретті орган берген жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануына берілген жер қойнауы учаскесінің аумағы шегінде толық орналасса, кен іздеушілікке арналған лицензияны берген жергілікті атқарушы орган оның қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартады.
Кен іздеуші осындай тұлғаның кен іздеушілікті жалғастыруға келісімін алған жағдайда, осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
269-бап. Кен іздеушілік учаскесі
1. Кен іздеушілік учаскесінің шекаралары осы Кодекстің 19-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
2. Кен іздеушілік учаскесі аумағының алаңы кемінде бес жүз шаршы метрді құрауға және бес гектардан аспауға тиіс.
270-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияның мазмұны
Кен іздеушілікке арналған лицензия осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа, жер қойнауын пайдаланудың мынадай шарттарын қамтуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын төлеу туралы міндеттеме;
2) жер қойнауын пайдаланушының:
өзіне меншік құқығымен тиесілі жүк көтерімділігі он тоннадан аспайтын бір жүк машинасы, бұрғылау жабдығы, сондай-ақ шөмішінің көлемі жиынтығында бір текше метрдің жартысынан аспайтын экскаватор және (немесе) бульдозер түріндегі механикаландыру құралын пайдалануға;
кен іздеушілік учаскесі аумағының жер бетіндегі ең төменгі нүктесінен үш метрден аспайтын тереңдікте бұрғылауды және өзге де жер қазу жұмыстарын жүзеге асыруға құқығы;
3) шашыранды алтын бойынша кен іздеушілік жұмысын жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік бір жылда елу килограммнан аспайтын алтын өндіруге жол беріледі.
4) кен іздеушілік учаскесінде жер қойнауын пайдаланушы:
кен іздеушілік учаскесіндегі су объектілерінде және су қоры жерінде экскаваторлар мен бульдозерлерді пайдалануға;
химиялық реагенттерді және жарылғыш заттарды қолдануға;
күрделі құрылысжайларды тұрғызуға және салуға;
топырақ пен айырып алынған тау-кен массасын кен іздеушілік учаскесінің шегінен тыс жерге шығаруға құқылы емес.
271-бап. Кен іздеушілікті жүргізу тәртібі
1. Кен іздеушілікке арналған лицензияны иеленуші жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 263-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тізбе бойынша бағалы металдар мен асыл тастардың кез келген түрлеріне кен іздеушілік өндіруді жүргізуге құқылы.
2. Кен іздеушілікті жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) су ресурстары кен іздеушілік мақсатында пайдаланылатын су айдындары мен өзендер жағалауларының табиғи рельефі мен түбінің бүлінуін болғызбауға;
2) кен іздеушілік барысында бүлінген жерді рекультивациялауға;
3) лицензия шарттарында көзделген механикаландыру құралдарын пайдалану бойынша шектеулерді сақтауға міндетті.
3. Егер осы тарау, экологиялық немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарынан өзгеше туындамаса, берілген жер қойнауы учаскесі шегінде кен іздеушілік барысында ауыстырылатын топырақ пен жыныс көлемі шектелмейді.
4. Жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілікті жүргізу кезінде су ресурстарын арнайы рұқсаттар немесе лицензиялар алу қажеттігінсіз еркін пайдалануға құқылы.
Су ресурстарын пайдаланған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы су қорғау іс-шараларын орындауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының су және экология заңнамасында белгіленген су объектілерін қорғау жөніндегі өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
Су қоры жерінде және су объектілерінде кен іздеушілік қол тәсілімен ғана жүзеге асырылады.
272-бап. Кен іздеушілікті жүргізу кезіндегі жер қойнауын пайдаланушының есептілігі
1. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өндірілген бағалы металдар мен асыл тастар туралы кезеңдік есепті кен іздеушілікке арналған лицензияны берген облыстың жергілікті атқарушы органына ұсынуға міндетті.
2. Есептер алдыңғы күнтізбелік жыл үшін әр жылдың отызыншы қаңтарынан кешіктірілмей жыл сайын ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың нақты кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жылы үшін есептер көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
273-бап. Кен іздеушілік жоспары
1. Механикаландыру құралдарын пайдаланатын жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілік жоспары болған кезде ғана кен іздеушілік жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы.
2. Кен іздеушілік жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
Кен іздеушілік жоспарында кен іздеушілік жөніндегі жұмыс түрлері, әдістері мен тәсілдері, жұмыстардың шамамен алғандағы көлемдері және оларды жүргізу мерзімдері сипатталады.
Кен іздеушілік жоспарын жасау жөніндегі нұсқаулықты пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Кен іздеушілік жоспарының мазмұнын жер қойнауын пайдаланушы экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, дербес айқындайды.
3. Кен іздеушілік жоспары мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады. Жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілік жоспарына мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған жағдайда ғана механикаландыру құралдарын пайдалана отырып, кен іздеушілік жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы.
274-бап. Кен іздеушіліктің салдарын жоюды қамтамасыз ету
Кен іздеушіліктің салдарын жою бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету банктік салым кепілі немесе екінші деңгейдегі банк берген кепілдік түрінде беріледі.
Қамтамасыз етудің жалпы сомасы кен іздеушілік учаскесінің аумағын құрайтын гектар санының және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және кен іздеушілікке арналған лицензияны беруге өтініш берілген жылы қолданыста болған айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі. Бір гектар үшін қамтамасыз етудің мөлшерін облыстың жергілікті атқарушы органы айқындайды.
Қамтамасыз етудің сомасын жер қойнауын пайдаланушы мемлекетке қайтарылған кен іздеушілік учаскесі аумағының бір бөлігіне сәйкес келетін гектарлардың санына мөлшерлес азайтуы мүмкін.
275-бап. Кен іздеушілік учаскесінен бас тарту
Кен іздеушілікке арналған лицензияның қолданылу мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілік учаскесінің кез келген бөлігінен бас тартуға құқылы.
Кен іздеушілік учаскесінен толық немесе бір бөлігінен мерзімінен бұрын бас тарту тиісінше кен іздеушілікке арналған лицензияның қолданылуын тоқтатуға немесе оны қайта ресімдеуге алып келеді.
276-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылық және оны қайтарып алу
1. Кен іздеушілікке арналған лицензияның талаптарын бұзушылық жер қойнауын пайдаланушының тұрақсыздық айыбы немесе лицензиясын қайтарып алу түріндегі жауаптылығына алып келеді.
2. Тұрақсыздық айыбы кен іздеушілікке арналған лицензияның алтын өндіруді шектеу туралы талаптарын бұзғаны үшін өндіріп алынады.
Тұрақсыздық айыбы белгіленген шектеуден артық өндірілген алтынның нарықтық құнының жүз пайызы мөлшерінде өндіріп алынады.
3. Кен іздеушілікке арналған лицензия мынадай негіздердің бірі болған кезде жергілікті атқарушы органның қайтарып алуына жатады:
1) экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметке тыйым салу туралы сот шешімінің күшіне енуі;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде қол қою бонусы төленбеген жағдайда;
3) кен іздеушілік салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді бермей кен іздеушілік жөніндегі жұмыстарды жүргізу;
4) кен іздеушілікке арналған лицензияның кен іздеушілік бойынша жұмыстар жүргізуді, механикаландыру құралдарын пайдалануды шектеу, химиялық реагенттерді, жарылғыш заттарды пайдалануға, күрделі құрылысжайлар тұрғызуға, топырақ пен тау-кен массасын кен іздеушілік учаскесінің шегінен тыс жерге шығаруға тыйым салу туралы шарттарын бұзу;
5) кен іздеушілік жоспарының болуы осы тараудың ережелеріне сәйкес талап етілетін жағдайда онсыз кен іздеушілік жөніндегі жұмыстарды жүргізу.
4. Осы баптың 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, облыстың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдаланушыны жол берілген бұзушылық туралы жазбаша хабардар етеді.
Жер қойнауын пайдаланушы бұзушылық туралы хабарламаны алған күннен бастап бір ай ішінде бұзушылықты жоюға және бұзушылықтың жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, облыстың жергілікті атқарушы органына бұл туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
Көрсетілген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, облыстың жергілікті атқарушы органы осы баптың 3-тармағына сәйкес кен іздеушілікке арналған лицензияны қайтарып алады.
5. Облыстың жергілікті атқарушы органы кен іздеушілікке арналған лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын пайдаланушыға кен іздеушілікке арналған лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы хабарламаны алған күннен бастап бір айдан кейін лицензияның қолданылуы, егер көрсетілген күнге дейін оның қолданылу мерзімі өтпесе, тоқтатылады.
6. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні өткеннен кейін қайтарылып алынатын лицензия бойынша жұмыстарды тоқтатуға және осы тарауда көзделген тәртіппен жою жөніндегі жұмыстарға кірісуге міндетті.
7. Жер қойнауын пайдаланушы хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде лицензияны қайтарып алудың заңдылығын сотта даулауға құқылы. Жер қойнауын пайдаланушы сотқа жүгінген жағдайда осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзім соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
8. Егер лицензияны қайтарып алу үшін негіз болған міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың әсері (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және тағы сол сияқты) себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Мұндай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушының техникалық құралдарының және (немесе) қаржы қаражатының болмауы не нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауы жатпайды.
35-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
277-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс:
1) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 278-баптың 4-тармағының үшінші бөлігін;
2) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 144-баптың 5 және 6-тармақтарын;
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін мазмұнындағы 98-баптың тақырыбын, 94-баптың 3-тармағын, 95-баптың 5 және 6-тармақтарын, 98-баптың тақырыбын, 1, 2, 5 және 6-тармақтарын, 99-бапты;
3) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 153-баптың 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы тарауда көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекс ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған жер қойнауын пайдалану бойынша қатынастарға қолданылады деп белгіленсін.
3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген және жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттар, лицензиялар және келісімшарттар бойынша қатынастарға осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап:
1-тарауда;
осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша кен орындарын ірі кен орындары санатына жатқызған кезде, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін мемлекеттік пайдалы қазбалар балансына енгізілген қорлар саны ескерілетінін ескере отырып, 2-тарауда;
17-баптың 3-тармағын, 19-баптың 2 және 3-тармақтарын, 20-баптың 1-тармағын, 22-бапты, 24-бапты, 25-бапты, 28-баптың 2-тармағының бірінші бөлігін қоспағанда, 3-тарауда; 38-бапта;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын ауыстыруға рұқсат беруді, жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуына байланысты жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға өзгерістер енгізуді, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығының кепілін тіркеуді көрсетілген жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратынын ескере отырып, 5-тарауда;