34-бап. Байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерін субсидиялау
1. Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін байланыстың әмбебап қызметтері субсидияланатын көрсетілетін қызметтерге жатады. Ауылдық елді мекендерде байланыстың әмбебап қызметтерін көрсететін байланыс операторларының залалдары, егер бұл конкурс шарттарында немесе байланыс операторына байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі міндеттерді жүктеу шарттарында айқындалған болса, субсидиялануға жатады.
Қалаларда байланыстың әмбебап қызметтерін көрсететін байланыс операторларының залалдары субсидиялануға жатпайды.
2. Субсидиялар мөлшері конкурс шарттары немесе байланыс операторына байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі міндеттерді жүктеу шарттары бойынша айқындалады, тиісті қаржы жылына республикалық бюджетте көзделген субсидиялар мөлшерінен аспауға тиіс және шығыстар мен байланыстың залалды әмбебап қызметтерін көрсетуден түскен нақты кірістердің айырмасы ретінде айқындалады.
3. Субсидияларлар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларын және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібін, байланыс операторларына қойылатын байланыстың әмбебап қызметтерін көрсету жөніндегі талаптарды, байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
8-тарау. Байланыс қызметтерін пайдаланушылардың құқықтары
35-бап. Байланыс қызметтерiнiң сапасы
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Байланыс операторлары пайдаланушыларға сапасы жағынан стандарттау жөніндегі құжаттарға, техникалық нормаларға, байланыс қызметтерін көрсету шартының талаптарына сәйкес келетін байланыс қызметтерін көрсетуге міндетті.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Телекоммуникация желілері мен құралдарының техникалық үйлесімділігін қамтамасыз ететін нормаларды, байланыс қызметтерінің сапа көрсеткіштерін, тарифтеу бірліктері мөлшерлерін уәкілетті орган бекітеді.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Байланыс қызметтерi пайдаланушылардың барлық санаттарына (тұрғын халыққа, бюджеттік ұйымдарға, шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеңiлдiктер мен артықшылықтар ескерiле отырып, байланыс қызметтерiн көрсету ережелерiне сәйкес тең жағдайларда көрсетiледi.
36-бап. Байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың құқықтарын қорғау
1. Пайдаланушылардың өздерiне тиiстi сападағы байланыс қызметтерiнiң көрсетiлуiне құқығын, осындай қызметтер туралы және оларды орындаушылар туралы ақпарат алу құқығын қорғау, сондай-ақ осындай құқықтарды iске асыру тетiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Телефон байланысы арқылы (ұялы байланысты қоса алғанда) зияткерлік қызметтер көрсетуге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізуді ұсыну кезінде тарифтелетін жалғаным басталғанға дейін байланыс операторы осы жалғанымның құны туралы абонентті хабардар етуге міндетті.
Абонент телефон жалғанымына келісім берген жағдайда (яғни, абонент мұндай жалғанымды үзбесе), осы жалғанымның төлемі тарифтеудің толық бірліктерінің тарифке көбейтілген саны бойынша телефон жалғанымының ұзақтығы негізге алынып айқындалады.
Егер абонент мұндай жалғанымға келіспесе (яғни тиісті хабардар етуді алғаннан кейін мұндай жалғанымды үзсе), онда жалғанымды орнатуды ұйымдастырғаны үшін төлем алынбайды.
Егер байланыс операторы тарифтелген жалғаным басталғанға дейін осы жалғанымның құны туралы абонентті хабардар етпеген жағдайда, онда зияткерлік қызметтер көрсетуге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізу ұсынылғаны үшін төлем алынбайды.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. Қысқа мәтінді хабарлама жіберу арқылы зияткерлік қызметтер көрсетуге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізу ұсынылған кезде ұялы байланыс операторы қысқа мәтінді хабарлама арқылы осы қызметті көрсетудің құны туралы абонентті хабардар етуге міндетті. Абонент осы хабарламаның жіберілгенін растаған жағдайда, аталған қызметті көрсеткені үшін төлем алынады, бұл ретте растағаны үшін абоненттен төлем алынбайды.
Егер байланыс операторы зияткерлік қызметтер көрсетуге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізуді ұсыну бойынша қысқа мәтінді хабарламаның құны туралы абонентті хабардар етпесе, онда бұл қызметті көрсеткені үшін төлем алынбайды.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-3-тармақпен толықтырылды
1-3. Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде байланыс операторы соттың заңды күшіне енген шешімімен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге міндетті.
2. Байланыс операторлары хат-хабар алысу, телефонмен сөйлесу, пошта жөнелтiмдерi, телекоммуникация желiлерi бойынша берiлетiн телеграфтық және өзге де хабарламалар құпиясын қамтамасыз етедi, бұған Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен осы құқықты шектеу жағдайлары қосылмайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жергілікті телефон байланысы қызметтерін көрсететін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерінің байланыс операторлары анықтама қызметтерін құру немесе телефон нөмірлерінің анықтамалығын жариялау мақсатында сұрау салу бойынша бір-біріне өз желісінің пайдаланушылары туралы деректерге рұқсат беруге құқылы. Ақпарат осы Заңның және Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасының талаптары ескеріле отырып беріледі.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді; 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Байланыс операторынан қызметтік ақпарат алуға тек қана абоненттің келісімімен және осы Заңда және «Жедел-іздестіру қызметі туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жол беріледі.
2009.07.12. № 221-ІV ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Байланыс желісіне заңсыз қол жеткізгені үшін Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауаптылық белгіленеді.
5. Байланыс операторлары байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың хат-хабар алысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф арқылы жiберiлетiн және өзге де хабарламаларының құпиясын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 6- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Байланыс операторының жергiлiктi телефондық қосылыстарды уақытына қарай есепке алуды жүзеге асыруға техникалық мүмкiндiктерi болған жағдайда, байланыс қызметiн пайдаланушы - жеке тұлға қызметтерге абоненттік, уақытына қарай немесе аралас ақы төлеу жүйесiн таңдап алуға құқылы.
Уақытына қарай ақы төлеу жүйесi кезiнде пайдаланушының талабы бойынша байланыс операторы ақы төленуге тиiстi, жүзеге асырылған жергiлiктi телефондық қосылыстар туралы жазбаша ақпаратты тегiн беруге мiндеттi.
Мұндай ақпарат берiлмеген жағдайда байланыс қызметтерiн пайдаланушы байланыс қызметтерiне абоненттiк жүйе бойынша төлем жүргiзуге құқылы.
Байланыс қызметтерiн пайдаланушы - заңды тұлға жергiлiктi телефондық қосылыстарға уақытына қарай ақы төлеу жүйесi бойынша есеп айырысуды жүзеге асырады. Байланыс қызметтерiн пайдаланушы телефондық қосылыстарды есепке алудың сертификатталған есептегiшiн орнатуға құқылы.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 7- тармақпен толықтырылды (2009 ж. 1 қаңтарда қолданысқа енді)
7. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің мөлшері мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 36-1-баппен толықтырылды
36-1-бап. Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру
1. Абонент үшін абоненттік нөмірді көшіру өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
Абонент басқа ұялы байланыс операторымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарт жасасу кезінде абоненттік нөмірді сақтауға және пайдалануға құқылы.
2. Ұялы байланыс операторлары Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасына сәйкес абоненттік нөмірлерді ұялы байланыс желілерінде көшіруді қамтамасыз етуге міндетті.
3. Ұялы байланыс операторлары абоненттік нөмірлерді көшіру кезінде тек қана абонеттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқоры арқылы өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
4. Абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқорының жұмыс істеу және оның ресурстарына қолжетімділік беру, сондай-ақ абоненттік нөмірлерді көшіруге қатысушылардың арасындағы ұйымдастырушылық-техникалық өзара іс-қимыл жасасу және өзара есеп айырысу тәртібі ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидаларында айқындалады.
5. Ұялы байланыс операторлары абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқоры операторына ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидаларында айқындалатын мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері туралы ақпаратты беруді қамтамасыз етуге міндетті.
6. Байланыс операторлары өз желілерінде абоненттік нөмірді көшіруді және абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқорының ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету бойынша барлық шығындарды (желіні, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтылымды жаңғыртуға, абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқорымен өзара іс-қимылға) өздері көтереді.
7. Ұялы байланыс операторлары абоненттік нөмірді ұялы байланыс желілерінде көшіру қағидаларында айқындалатын тәртіппен өз ресурстарына қолжетімділік бергені үшін абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқоры операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді жүзеге асырады.
8. Абонент кейіннен шарт жасаса отырып, өзі желісіне ауысатын ұялы байланыс операторына абоненттік нөмірді көшіру туралы өтінім береді.
9. Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірлерді көшіруді ұялы байланыс операторлары ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидаларында айқындалатын мерзімде және шарттарда жүзеге асырады.
10. Ұялы байланыс операторлары ұялы байланыс абоненттерінің басқа ұялы байланыс операторына ауысуына кедергі келтіруге құқылы емес.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 36-2-баппен толықтырылды (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді); 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 36-2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
36-2-бап. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу
1. Абонент үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
2. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының иеленушісі оны ұялы байланыс операторында ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес тіркеуге міндетті. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес айқындалған ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары тіркелуге жатады.
3. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу үшін оның иеленушісі өзіне қызмет көрсететін операторға:
жеке сәйкестендіру нөмірі (жеке тұлға үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі (заңды тұлға үшін);
ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды;
ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы пайдаланатын абоненттік нөмір туралы мәліметтерді ұсынады.
Ұялы байланыс операторлары барлық мәліметтерді ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқоры операторына өтеусіз жібереді.
Күзетілетін адамдар пайдаланатын ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды туралы ақпарат қана беріледі.
4. Ұялы байланыс операторы ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқорында ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының басқа иеленушісі тіркеген осындай ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды болған жағдайда немесе егер абоненттік нөмір басқа иеленушіге тіркелген жағдайда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеуден бас тартады.
5-тармақ 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Ұялы байланыс операторына мәліметтері ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқорына енгізілмеген не ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқорына енгізілген мәліметтерге сәйкес келмейтін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы бойынша ұялы байланыс қызметтерін көрсетуіне тыйым салынады.
6. Абоненттерге ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу мүмкіндігі туралы хабар беру мақсатында ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқорында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы мәліметтерге қол жеткізуді интернет-ресурс арқылы өтеусіз қамтамасыз етуге міндетті.
7. Ұялы байланыс операторлары ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторына абоненттік нөмірлер иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, осы баптың 3-тармағында көзделген, өздері қызмет көрсететін абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты беруге міндетті. Бұл ретте ұялы байланыс операторлары желіні, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтылымды жаңғырту бойынша барлық шығынды өздері көтереді, сондай-ақ ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларына сәйкес ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтары дерекқорының ресурстарына қолжетімділік бергені үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқоры операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді жүзеге асырады.
8. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқорындағы мәліметтерді заңсыз таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
9-тарау. Байланыс қызметтерін көрсету ерекшеліктері
37-бап. Байланыс операторларының қызметiнде тiлдер мен әлiпбилердi пайдалану
1. Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желiлерiнде байланыс операторларының қызметтiк iс жүргiзуi мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының шегiнде жiберiлетiн жеделхаттар мен пошта жөнелтiмдерiн жөнелтушi мен алушының мекен-жайлары жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде ресiмделуге тиiс.
3. Жеделхаттың мәтiнi жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жазылуға тиiс.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Ұялы байланыс операторы ақпараттық, шағын мәтіндік хабарламалардың мемлекеттік тілде және орыс тілінде берілуін қамтамасыз етеді.
4. Байланыс желiлерi арқылы берiлетiн халықаралық хабарламалар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімдерiнде айқындалатын тiлдерде өңделедi.
5. Байланыс операторларының қызметiне қатысты ақпараттық, анықтамалық және басқа да мәлiметтер, сондай-ақ бланкiлiк өнiмнiң үлгiлерi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде, байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн қолайлы жерге орналастырылады.
38-бап. Байланыс саласындағы есепке алу-есеп беру уақыты
1. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жерiне қарамастан, хабарламалар мен ақпаратты берудiң немесе қабылдаудың технологиялық процестерiнде байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде уәкiлеттi орган белгiлейтiн бiрыңғай есепке алу-есеп беру уақытын қолданады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Көрсетілетін байланыс қызметтерін пайдаланушыларға байланыс қызметтерін көрсету уақыты туралы хабар беру көрсетілетін байланыс қызметтерін пайдаланушының тұрған жерінде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша жүргізіледі.
3. Халықаралық байланыстағы есепке алу-есеп беру уақыты Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
39-бап. Халықаралық ынтымақтастық
1. Байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Халықаралық қызметте уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының байланыс әкiмшiлiгi ретiнде өз құзыретi шегiнде халықаралық одақтар мен байланыс ұйымдарында Қазақстан Республикасының мүдделерiне өкiлдiк етедi және қорғайды.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 39-1-баппен толықтырылды; 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 39-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-1-бап. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алу кезінде абоненттік нөмірді пайдалану тәртібі
1. Абонент Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алуға құқылы.
2. Абонент ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алу үшін ұялы байланыс операторы берген абоненттік нөмірді «электрондық үкіметтің» веб-порталының есептік жазбасына қосуы қажет.
3. Абонентті сәйкестендіру оның абоненттік нөмірі бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алу үшін абонент электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 39-2-баппен толықтырылды
39-2-бап. Байланыс қызметтерін көрсету
1. Қазақстан Республикасының аумағында байланыс қызметтерін көрсетуді Қазақстан Республикасының резиденттері жүзеге асырады.
2. Ғарыш аппараттарын пайдалануды, жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) иелікке беруді (тағайындауды) көздейтін байланыс қызметтерін ұйымдастыру Қазақстан Республикасының резиденттеріне және (немесе) шетелдік заңды тұлғаларға тиесілі ғарыш аппараттарын пайдаланған және олар Қазақстан Республикасында тіркелген шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары және (немесе) өкілдіктері арқылы қызметтер көрсеткен жағдайда ғана жүзеге асырылады.
3. Ғарыш аппараттарының транспондерлік сыйымдылығын беру жөніндегі байланыс қызметтерін көрсету байланыс операторының сұрау салуы бойынша резервке қоюды қамтамасыз етумен жүзеге асырылады.
10-тарау. Қорытынды ережелер
40-бап. Байланыс операторлары мен байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың жауапкершiлiгi
1. Байланыс операторлары:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелетiн пошта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, жетiспеушiлiгi, бүлiнгенi (бұзылғаны) үшiн;
2) жеделхат мәтiнi оның мағынасы өзгеретiндей бұрмаланғаны үшiн;
3) жеделхаттың жеткiзiлмегенi немесе жеделхаттың белгiленген мерзiм өтiп кеткен соң жолданым иесiне табыс етiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Mүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарын бұза отырып байланыс қызметтерiн көрсеткен байланыс операторлары байланыс қызметтерiн пайдаланушыға осындай бұзушылықтан болған шығындарды өтеуге мiндеттi.
2009.10.07. № 178-ІV ҚР Заңымен мазмұн 1-1-тармақпен толықтырылды; 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-1. Байланыс операторлары қызметтік ақпаратты жинау және сақтау жөніндегі міндетін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. Байланыс операторларына абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау және сақтау жүйесіне абонент туралы мәліметтерді енгізбей, байланыс қызметтерін көрсетуге тыйым салынады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 1-3-тармақпен толықтырылды
1-3. Байланыс операторы байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұруға алып келуі мүмкін меншікті байланыс желісіндегі ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын анықтайды.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 1-4-тармақпен толықтырылды
1-4. Байланыс операторы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен байланыстың абоненттік құрылғысының Интернетке қолжетімділігін:
байланыс операторы анықтаған, көрсетілетін байланыс қызметтерін тоқтата тұруға алып келуі мүмкін ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын абонент жоймаған кезде;
Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығынан, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметінен, ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығынан ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің жұмыс істеуін тоқтата тұруға алып келуі мүмкін ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы хабарлар келіп түскен кезде шектеуге міндетті.
2. Байланыс қызметiн пайдаланушы шарт талаптарын, жабдықтарды пайдалану ережелерiн бұзған, телекоммуникация желісінде сертификатталмаған жабдықтарды пайдаланған жағдайда, сондай-ақ байланыс қызметтерiне уақтылы ақы төлемеген жағдайда, жазбаша хабардар етiлгеннен кейiн он күн өткен соң, байланыс операторы, осы Заңның 15-бабы 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, байланыс қызметiн пайдаланушы байланыс операторының кiрiс шығындарын және жабдықтардың бүлiнуi немесе тоқтап тұруы салдарынан байланыс операторына келтiрiлген зиянды өтей отырып, кемшiлiктердi жойғанға дейiн пайдаланушының байланыс желісіне қол жеткізуiн Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес тоқтата тұруға құқылы.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Абоненттер және байланыс қызметтерін пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу фактілерін жасыру мақсатында жасалған, желілік мекенжайларды ауыстырғаны үшін жауапты болады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 2-2-тармақпен толықтырылды
2-2. Абонент байланыс операторы, ақпараттық қауіпсіздік оқыс оқиғаларына ден қою қызметі анықтаған оқыс оқиғаларды және оның абоненттік құрылғысындағы ақпараттық қауіпсіздіктің қауіп-қатерлерін жояды.
3. Байланыс операторы хабарламаларды беру немесе қабылдап алу не пошта жөнелтiмдерiн жөнелту немесе жеткізу жөніндегі мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн, егер мiндеттемелердiң осылайша орындалмауы немесе тиiсiнше орындалмауы байланыс қызметiн пайдаланушының кiнәсiнен не еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғаны дәлелденсе, жауап бермейдi.
41-бап. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 41-1-баппен толықтырылды
41-1-бап. Байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібі
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда; 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Байланыс желілері және (немесе) құралдары жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын бұзатын, экстремистік және террористік әрекетті жүзеге асыруға, жаппай тәртіпсіздіктерге, сол сияқты белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін, кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанауды және балалар порнографиясын насихаттайтын бұқаралық (жария) іс-шараларға қатысуға шақыруды қамтитын ақпаратты тарату үшін пайдаланылған жағдайларда, осы баптың 1-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасарлары Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыну енгізеді не ақпарат саласындағы уәкілетті органға интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қол жеткізуді уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау туралы талаппен заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізеді.