8) өзін-өзі реттейтін ұйымның бюджетін бекіту, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, өзін-өзі реттейтін ұйымның жылдық қаржылық есептілігін бекіту;
9) өзін-өзі реттейтін ұйымды қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдау, таратушыны немесе тарату комиссиясын тағайындау;
10) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінен (қатысушыларынан) шығарып тастаудың негізсіздігіне адамдардың өтініштерін қарау;
11) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын бекіту;
12) өзін-өзі реттейтін ұйымның бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігін жүргізуін тексеру үшін аудиторлық ұйымды тағайындау;
13) Қазақстан Республикасының заңдарына және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысына сәйкес өзге де шешімдер қабылдау мәселелері жатады.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы өзінің алқалы басқару органының функцияларын жүзеге асырған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстары үш айда бір реттен сиретпей өткізіледі.
14-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын шақыру тәртібі
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстары жылдық және кезектен тыс болып бөлінеді.
Өзін-өзі реттейтін ұйым жыл сайын өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын өткізуге міндетті. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзге жалпы жиналыстары кезектен тыс болып табылады.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның, оның ішінде өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтайшылары болып табылатын мүшелері (қатысушылары) өзара тең, олардың әрқайсысы бір дауысқа ие.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының) дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде өзін-өзі реттейтін ұйымның басқа мүшесіне (қатысушысына) беруіне жол берілмейді.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен міндетті немесе ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым қызметінің жүзеге асырылуының басталғаны туралы қабылданған хабарлама жөнінде үзінді көшірме алынғаннан кейін екі ай ішінде шақырылуға және өткізілуге тиіс.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысында өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы сайланады, өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы тағайындалады, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысы бекітіледі. Шешім өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) айқын басым көпшілігімен қабылданады, бұл өзін-өзі реттейтін ұйымның дауыс беретін мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы санының үштен екісін құрайды.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірінші жалпы жиналысы олар бойынша шешімдер қабылдау өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелерді қарауға құқылы.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жыл сайынғы жалпы жиналысында:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның жылдық қаржылық есептілігі;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) алдындағы есебі бекітіледі.
Мұндай мәселелер бойынша шешім өзін-өзі реттейтін ұйымның дауыс беретін мүшелерінің (қатысушыларының) қарапайым көпшілігімен қабылданады.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы олар бойынша шешімдер қабылдау өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелерді қарауға құқылы.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде өткізілуге тиіс. Өзін-өзі реттейтін ұйымның есепті кезеңдегі аудитін аяқтау мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген мерзім екі айға дейін ұзартылды деп есептеледі.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын - өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы, ал ол болмаған жағдайда өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы шақырады.
5. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кезектен тыс жалпы жиналысы:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының;
3) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) үштен бір бөлігінің бастамасы бойынша шақырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кезектен тыс жалпы жиналысын шақырудың өзге де жағдайлары көзделуі мүмкін.
6. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын дайындау мен өткізуді:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымның тарату комиссиясы жүзеге асырады.
Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) үштен бір бөлігінің бастамасы бойынша өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын дайындау мен өткізуді өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы жүзеге асырады.
7. Егер өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзгеше көзделмесе, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысын шақыру, дайындау мен өткізу бойынша шығыстарды өзін-өзі реттейтін ұйым көтереді.
8. Өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысын шақырудың осы Заңда белгіленген тәртібін бұзған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жылдық жалпы жиналысы кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімінің негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін.
15-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы
1. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) - жеке тұлғалардың және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) - заңды тұлғалар өкілдерінің арасынан қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген жағдайларда, өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына тәуелсіз мүшелер кіруі мүмкін.
Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болумен (қатысумен) байланысы жоқ және өзін-өзі реттейтін ұйыммен, оның мүшелерімен (қатысушыларымен) еңбек қатынастары жоқ адам тәуелсіз мүше деп есептеледі.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының мүшесі өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы туралы жазбаша нысанда мәлімдеуге міндетті.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының мүшесі өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы және осыған байланысты өзін-өзі реттеу субъектілерінің заңды мүдделеріне зиян келтіру ықтималдығы туралы мәлімдеу міндетін бұзған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы осы мүшенің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының әрбір мүшесі дауыс беру кезінде бір дауысқа ие болады.
5. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының сандық құрамы, қалыптастыру, қызмет ету, шешімдер қабылдау, өкілеттіктерін тоқтату тәртібі мен шарттары өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленеді.
6. Өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының құзыретіне мынадай мәселелер:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бекіту, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;
2) өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдарын құру, олар туралы ережелерді және олардың қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының қызметіне тексерулер жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
4) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысына өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының лауазымына тағайындау және оларды лауазымынан босату үшін кандидатты не кандидаттарды ұсыну;
5) өзін-өзі реттейтін ұйым құрған төрелікте өтініштері бойынша қаралатын дауларға қатысушылардың таңдауы үшін, кандидатуралары төрешілер ретінде ұсынылуы мүмкін адамдардың тізбесін бекіту;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген негіздер бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болып кіру немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) қатарынан шығару туралы шешім қабылдау;
7) өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген өзге де мәселелер жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген мәселелер өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысымен өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
16-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы
Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының құзыретіне өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының және оның алқалы басқару органының құзыретіне жатпайтын, өзін-өзі реттейтін ұйымның шаруашылық және өзге де қызметінің кез келген мәселелері жатады.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы өкілеттіктерінің мерзімі оның жарғысында белгіленеді.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органы үш жылда бір реттен сиретпей тағайындауға жатады.
17-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдары
1. Мыналар:
1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын орган;
2) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын бұзғаны туралы істерді қарау жөніндегі орган;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйымның өзге де мамандандырылған органдары өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органдары болып табылады.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мамандандырылған органы өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы бекіткен ереженің негізінде жұмыс істейді және өз функцияларын дербес жүзеге асырады.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, мүше болу (қатысу) шарттарын бұзғаны туралы істерді қарау жөніндегі орган өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қағидалар мен стандарттардың талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын орган жүргізген тексерулердің, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) әрекеттеріне шағымдарды қарау нәтижелері бойынша өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына оның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсынымдар жібереді.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі орган өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органына ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсынымдарды жібереді.
18-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның құқықтары
Өзін-өзі реттейтін ұйымның:
1) өз мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен мүдделерін, олар өтініш білдірген жағдайда білдіруге және қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда олардың өкілдері болуға;
2) өзін-өзі реттеу субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін қабылданған нормативтік-құқықтық актілер бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге;
3) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым жасауға;
4) дауларды сотта және сотқа дейінгі шешуге, оның ішінде төрелiкке қатысуға;
5) мүшелік жарналарды жинауға және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздерден өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыруға;
6) өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметкерлерін, мүшелерін (қатысушыларын) кәсіптік оқытуды, аттестаттау жүргізуді ұйымдастыруға;
7) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) үшін міндетті қағидалар мен стандарттарды бекітуге;
8) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) олардың өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын сақтауы бөлігінде бақылауға;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көзделген ықпал ету шараларын өз мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қолдануға;
10) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзған адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде ұсыныстар енгізуге;
11) өз жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;
12) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орталық және жергілікті мемлекеттік билік органдарынан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан өзіне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген функцияларды орындауы үшін қажетті ақпаратты алуға құқығы бар.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген өзге де құқықтары бар.
19-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның міндеттері
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысын және өзі қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауға;
2) өкілеттіктері шегінде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға;
3) мүшелерінің (қатысушыларының) арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге;
4) мүшелеріне (қатысушыларына) ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге;
5) өз қызметінің және өз мүшелері (қатысушылары) қызметінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етуге;
6) уәкілетті органмен және реттеуші мемлекеттік органмен міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша әзірленетін қағидалар мен стандарттарды келісуге;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен, кейіннен реттеуші мемлекеттік органдарға бере отырып, өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне олар өзін-өзі реттейтін ұйымға есептер нысанында ұсынатын ақпараттың негізінде талдауды жүзеге асыруға;
8) мүшесінің (қатысушының) Қазақстан Республикасының заңнамасын, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бұзушылықтары, сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты қолданылған ықпал ету шаралары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында, өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен реттеуші мемлекеттік органның назарына жеткізуге міндетті.
Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзін-өзі реттейтін ұйымның өзге де міндеттері белгіленуі мүмкін.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйым өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысының туындауына әкеп соғатын қызметті жүзеге асыруға және әрекеттерді жасауға құқылы емес.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда осы Заңның 28-бабының 1-тармағында көзделген мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдерінің бірін пайдалану арқылы өзінің міндеттемелері және өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауапты болады.
20-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым барлық мүшелерінің (қатысушыларының) орындауы үшін міндетті, мынадай мақсаттарды қамтамасыз етуге бағытталған қағидалар мен стандарттарды әзірлеуге құқылы:
1) мүшелеріне (қатысушыларына) қойылатын нақты талаптарды айқындау;
2) мүшелері (қатысушылары) өндіретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы мен қауіпсіздігін арттыру;
3) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкелетін әрекеттердің алдын алу;
4) шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
5) мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану;
6) мүшелерінің (қатысушыларының) мүдделерін қорғау.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.
Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарының қабылдануы, мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде өзін-өзі реттеу субъектілерінің қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға, іскерлік этика қағидаларына сәйкес келуге, өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысын жоюға немесе азайтуға тиіс.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарында жосықсыз бәсекелестікке, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушыларға және өзге де тұлғаларға моральдық зиян немесе залал келтіретін әрекеттерді, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының) іскерлік беделіне не өзін-өзі реттейтін ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді жасауға кедергі келтіретін талаптар белгіленуге тиіс.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жауаптылығы және оған тарту тәртібі көзделуге тиіс.
5. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттары бекітілгенге дейін қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберіледі.
Қағидалар мен стандарттарға қорытынды беру мерзімі олар Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түскен кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспайды.
Белгіленген мерзімдерде қорытынды берілмеген жағдайда қорытынды алынды деп есептеледі.
Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттарын келісуді не келісуден бас тартуды реттеуші мемлекеттік органдар және уәкілетті орган олар келіп түскен кезден бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Реттеуші мемлекеттік органдар және уәкілетті орган белгіленген мерзімдерде жауап бермеген жағдайда, міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қағидалары мен стандарттары келісілді деп есептеледі.
6. Қағидалар мен стандарттар міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымның интернет-ресурсында орналастыруға және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялауға жатады.
Заңмен қорғалатын құпияны қамтитындарын қоспағанда, толық жазылмаған қағидалар мен стандарттарды жариялауға жол берілмейді.
21-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу)
1. Өзін өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) ерікті негізде не Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда міндетті негізде болуы мүмкін, ол кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруға не өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығына рұқсат берудің міндетті шарты болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіптік қызметпен айналысуға құқығы бар жеке тұлғалар кәсіптік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) болып табылады.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болуға қабылдау және мүшелікті (қатысуды) тоқтату шарттары мен тәртібі өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
Өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше (қатысушы) болуға қабылдаудан бас тарту, мүшеліктен (қатысудан) шығару туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасауға болады.
5. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары) өз дербестігі мен жеке және заңды тұлғаның құқықтарын сақтап қалады.
22-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымға жарналар
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым міндетті жарналардың мынадай түрлерін белгілеуге құқылы:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымға мүшелікке (қатысуға) кіру кезінде төленетін кіру жарналары;
2) тұрақты мерзімді негізде төленетін мүшелік жарналар.
Жарналар өзін-өзі реттейтін ұйымның меншігі болып табылады, олардың мөлшері және оларды жинау тәртібі өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Кіру жарнасының мөлшері мүшелік жарнаның мөлшерінен аспауға тиіс.
Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым үшін кіру және мүшелік жарналардың болмауы немесе болуы, сондай-ақ олар болған жағдайда шекті мөлшерлері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
23-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуі және өзін-өзі реттейтін ұйымның ақпаратты оның құқыққа сыйымсыз пайдаланылуынан қорғауы
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым өзінің интернет-ресурсында орналастыру және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы мынадай:
1) өз мүшелерінің (қатысушыларының) құрамы туралы;
2) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы жауаптылығын қамтамасыз ету шарттары, тәсілдері мен тәртібі туралы;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымға өзінің мүше болуын (қатысуын) тоқтатқан мүшелер (қатысушылар) және олардың мүше болуын (қатысуын) тоқтату негіздері туралы;
4) өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттары туралы;
5) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының мазмұны туралы;
6) өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары мен мамандандырылған органдарының құрылымы мен құзыреті, өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының, атқарушы басқару органының сандық және дербес құрамы туралы, өзін-өзі реттейтін ұйымның жеке-дара атқарушы басқару органының функцияларын жүзеге асыратын тұлға туралы;