2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен 10-4-баппен толықтырылды
10-4-бап. Террористік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және (немесе) таратуға жол бермеу
1. Қазақстан Республикасының аумағына террористік материалдарды әкелуге, оларды басып шығаруға, әзірлеуге және (немесе) таратуға тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын және террористік іс-әрекет белгілері және (немесе) оны жүзеге асыруға, оның ішінде терроризм актісін жасауға шақыру қамтылған не осындай іс-әрекетті жүзеге асыру қажеттілігін негіздейтін немесе ақтайтын ақпараттық материалдарды прокурордың өтініші бойынша осындай талаптарды мәлімдеген прокурордың орналасқан жері бойынша немесе осындай материалдардың табылған жері бойынша сот оларды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және (немесе) таратуға тыйым сала отырып, террористік деп таниды.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
11-бап. Террористік iс-әрекеттi анықтау
1. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдары террористік iс-әрекеттi анықтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткiзедi.
2. Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар, террористік iс-әрекет белгiлерi бар барлық оқиғалар туралы терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын органдарға хабарлауға мiндеттi.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12-бап. Терроризм актісінің жолын кесу
1. Терроризм актісінің жолын кесу, террористерді, жарылғыш заттарды зиянсыздандыру, жеке адамдар мен ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою мақсатында терроризмге қарсы операция жүргізіледі.
2. Адамдардың өмірі мен денсаулығын, материалдық құндылықтарды және объектілерді сақтау, сондай-ақ күш қолданбастан терроризм актісінің жолын кесу мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында террористермен келіссөз жүргізуге жол беріледі. Келіссөз жүргізу оралымды штаб басшысы осыған арнайы уәкілдік берген адамға тапсырылады.
3. Егер террористің (террористердің) терроризм актісін тоқтатуға келіспеуі себепті онымен (олармен) келіссөздер мақсатына қол жеткізілмесе және адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп-қатер төніп тұрса, терроризмге қарсы операцияның басшысы террористі (террористерді) жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
4. Күзетілетін адамға немесе объектіге айқын қауіп-қатер төнгені анықталған немесе ондай қауіп-қатерді өзге заңды құралдармен жою мүмкін болмаған жағдайда террорист (террористер) терроризмге қарсы операция басшысының өкімімен келіссөз жүргізілмей және ескерту жасалмай жойылуы мүмкін.
5. Мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы операцияға қатысушы бөлімшелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қару мен арнаулы құралдарды қолданады.
2009.28.08. № 192-IV ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді); 2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен 12-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12-1-бап. Террористік ұйымдарды, террористік деп танылған ақпараттық материалдарды және террористік іс-әрекетті жүзеге асырғаны үшін жауаптылыққа тартылған адамдарды есепке алу
1. Терроризм профилактикасы, оны анықтау және оның жолын кесу мақсатында өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган соттардың шешімдері негізінде террористік ұйымдарды, террористік деп танылған ақпараттық материалдарды және террористік іс-әрекетті жүзеге асырғаны үшін жауаптылыққа тартылған адамдарды есепке алуды жүргізеді.
2. Сот ұйымды террористік деп таныған және террористік іс-әрекетті жүзеге асырғаны үшін оны тарату арқылы іс-әрекетіне тыйым салған, сондай-ақ ақпараттық материалдарды террористік деп таныған не террористік іс-әрекетті жүзеге асырғаны үшін адамдарды жауапқа тартқан кезде өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға сот ақпараттық есепке алу құжаттарын дереу жіберуге міндетті.
3. Өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган сот террористік деп таныған ұйымдардың және ақпараттық материалдардың бірыңғай тізімдерін жүргізеді.
Көрсетілген тізімдер өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Оралымды штабтар
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында тұрақты жұмыс істейтін республикалық және облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары құрылады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы республикалық жедел штабтың басшысы болып табылады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органының бастығы облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтың басшысы болып табылады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуді және Қазақстан Республикасының Каспий теңізіндегі шекара кеңістігінде белгіленген режимдердің сақталуына бақылауды жүзеге асыратын Шекара қызметі аумақтық бөлімшесінің бастығы теңіздік жедел штаб басшысы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінiң бастығы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күзетiлуге жататын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған терроризмге қарсы операцияны өткiзу кезiнде республикалық жедел штабтың басшысы болып табылады.
Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтың басшысын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың немесе олардың аумақтық органдарының өкілдері қатарынан тағайындайды.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Республикалық оралымды штабтың құрамына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы операциялар жүргізуге қажетті көмек көрсете алатын өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабының құрамына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және терроризмге қарсы операция жүргізуге өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсете алатын өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
5. 2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 13-1-баппен толықтырылды; 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 13-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
13-1-бап. Терроризмге қарсы операцияға басшылық жасау
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Терроризм актісінің қоғамдық қауіптілігінің ауқымы мен дәрежесіне, күтілетін теріс салдарларына қарай терроризмге қарсы операцияға басшылық жасауды республикалық немесе облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабының басшысы жүзеге асырады.
2. Оралымды штабтың басшысы терроризмге қарсы операция басталғаннан бастап ол аяқталғанға дейін операция басшысы және оны жүргізуге тартылатын барлық әскери қызметшілердің, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен мамандарының бастығы болады. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес оралымды штабтың басшысы терроризмге қарсы операцияға қатысуға тартылатын шет мемлекеттердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері мамандарының бастығы болады.
3. Оралымды штабтың басшысы:
1) терроризмге қарсы операцияның жүргізілу аймағының шекарасын, басталу және аяқталу уақытын айқындайды, берілген күштер мен құралдардың қолданылу бағыттары мен шегі туралы шешім қабылдайды;
2) бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамның өкілдерімен байланыста болуға жауапты болатын оралымды штабтың өкілін айқындайды;
3) терроризмге қарсы операцияны жүргізу туралы шешім қабылдайды және әскери өкім (әскери бұйрық) шығарады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Республикалық жедел штабтың басшысы терроризм актісінің жасалғаны туралы немесе оның дайындалып жатқаны, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияның басталғаны туралы расталған ақпаратты алған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына және Қазақстан Республикасының Үкіметіне дереу хабарлайды.
5. Атқаратын қызметіне қарамастан басқа лауазымды адамның терроризмге қарсы операцияның оралымды басшылығына заңсыз араласуына жол берілмейді.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14-бап. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге тартылатын күштер мен құралдар
1. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізу үшін оралымды штабтарға терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қажетті күштері мен құралдары беріледі.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, қажет болған жағдайларда терроризмге қарсы операцияға қатысу үшін шет мемлекеттердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері тартылуы мүмкін.
2015.10.01. № 275-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Терроризмге қарсы операция жүргізу барысында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері осы Заңға және «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша қолданылады.
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды; 2015.10.01. № 275-V ҚР Заңымен 14-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-1-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін терроризм актілерінің жолын кесу үшін қолдану
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері:
1) терроризм актісін жасау үшін пайдаланылатын не террористер басып алған әуе кемелері ұшуының жолын кесуге;
2) Қазақстан Республикасының ішкі суларында және аумақтық теңізінде, Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында орналасқан теңіздегі экономикалық қызмет объектілерінде терроризм актілерінің жолын кесуге, сондай-ақ теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен терроризмге қарсы операцияның өткізілуіне қатысу үшін қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы қолданады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне терроризмге қарсы операцияны өткізу аймағында дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды қолдану және жауынгерлік техниканы пайдалану шарттарына, тәртібі мен шегіне қатысты бөлігінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелері қолданылады.
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 14-2-баппен толықтырылды
14-2-бап. Әуе кеңістігіндегі терроризм актілерінің жолын кесу
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы әуе кеңістігіндегі терроризм актісінің қатерін жою немесе жолын кесу мақсатында қолданады.
2. Егер әуе кемесі жердегі басқару пункттерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтату туралы радиокомандаларына және (немесе) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің оны жолдан ұстап қалуға көтерілген ұшу аппараттарының радиокомандалары мен көрінетін белгілеріне ден қоймаса не себебін түсіндірмей, радиокомандаларға және көрінетін белгілерге бағынудан бас тартса, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы осы әуе кемесін қонуға мәжбүрлеу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады. Егер әуе кемесі қону туралы талаптарға бағынбаса және адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупі төнсе, қару мен жауынгерлік техника аталған әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданылады.
3. Егер әуе кемесін терроризм актісін жасау үшін пайдалану туралы немесе әуе кемесін басып алу туралы анық ақпарат бар болса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайлардан туындайтын, оны қондыру үшін қажетті барлық шаралар таусылса және адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупі төнсе, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы аталған әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады.
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 14-3-баппен толықтырылды
14-3-бап. Қазақстан Республикасының ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде терроризм актілерінің жолын кесу
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Қазақстан Республикасының ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актісінің қатерін жою мақсатында және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде қару мен жауынгерлік техниканы қолданады.
2. Егер теңіз немесе өзен кемелері және корабльдер (жүзу құралдары) Қазақстан Республикасының су кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтату туралы командаларға және (немесе) белгілерге ден қоймаса не тоқтау туралы талаптарға бағынудан бас тартса, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери корабльдерінің (ұшу аппараттарының) қаруы терроризм актісінің қатерін жою мақсатында жүзу құралын тоқтауға мәжбүрлеу үшін қолданылады. Егер жүзу құралы тоқтау туралы талапқа бағынбаса және (немесе) оны тоқтауға мәжбүрлеу мүмкін болмаса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайлардан туындайтын, оны тоқтату үшін қажетті барлық шаралар таусылса және адамдардың қаза табуының не экологиялық апат туындауының нақты қаупі төнсе, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери корабльдерінің (ұшу аппараттарының) қаруы жүзу құралын жойып жіберу арқылы оның қозғалысының жолын кесу үшін қолданылады.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 15-бап жаңа редакцияда; 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-бап. Терроризмге қарсы операция өткізілетін аймақтағы құқықтық режим
1. Терроризм актісінің жолын кесу және оны ашу, оның салдарларын барынша азайту, тізбесі «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделерін қорғау мақсатында терроризмге қарсы операция басшысының шешімі бойынша оның өткізілу шегінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі оны өткізу кезеңіне енгізілуі мүмкін.
2. Терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін енгізу туралы шешім (шегінде (соларда) осындай режим енгізілетін аймақты (объектілер тізбесін) және қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер тізбесін айқындауды қоса алғанда) және оның күшін жою туралы шешім тиісті аумақтың халқына, жергілікті атқарушы органдарына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, ұйымдарының әкімшіліктеріне, объектілерінің басшыларына бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілері арқылы дереу жеткізіледі.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды; 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 15-1-бап өзгертілді
15-1-бап. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезеңінде қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер
1. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында терроризмге қарсы операцияға қатысушы тұлғалардың:
1) жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеруді жүргізуге, ал олар болмаған жағдайда - жеке басын анықтау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке тұлғаларды ұстауды жүзеге асыруға және оларды ішкі істер органдарына немесе басқа да мемлекеттік органдарға жеткізуге;
2) жеке қарап тексеруге және жеке адамның заттарын қарап тексеруге, көлік құралдарын, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып куәгерлердің қатысуынсыз қарап тексеруге;
3) құқық бұзушылықтарды немесе терроризмге қарсы операцияға қатысатын адамдардың заңды талаптарына кедергі келтіруге бағытталған өзге де әрекеттерді жасаған немесе жасайтын, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағына рұқсатсыз кірумен немесе кіруге әрекет жасаумен байланысты әрекеттері үшін адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұстауға және ішкі істер органдарына жеткізуге;
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) жеке адамдарды жекелеген объектілерден, жергілікті жер мен су кеңістігі учаскелерінен кетіруге, көлік құралдарының, оның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің көлік құралдарының жол жүрісін, оларды сүйреп әкетуді қоса алғанда, шектеуге немесе тыйым салуға;
5) радиоэфир мониторингін жүргізу, телефонмен сөйлесуді және телкоммуникациялық жүйелер арналары арқылы берілетін өзге де ақпаратты бақылау үшін, сондай-ақ электрлі байланыс арналары мен почта жөнелтілімдерінде іздестіруді жүзеге асыру үшін арнайы байланыс құралдарын қоса алғанда, байланыс құралдарын қызметтік мақсатта пайдалануға;
6) егер кешеуілдеу адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін болса, жедел медициналық жәрдемді қажет ететін адамдарды емдеу мекемелеріне жеткізу, терроризм актісі жасалған жерге бару үшін, сондай-ақ терроризм актісін жасады деп күдік келтірілген адамдардың ізіне түсу және оларды ұстау үшін көлік құралдарын (дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің көлік құралдарынан басқа) меншік иелеріне материалдық зиян келтірілген жағдайда оны Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен өтей отырып, пайдалануға;
7) адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қаруды және арнаулы құралдарды террористерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ескертулерсіз және шектеулерсіз қолдануға;
8) егер кешеуілдеу адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп туғызатын болса, жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі немесе иелігіндегі және пайдалануындағы тұрғын үйлер мен өзге де үй-жайларға және оларға жеке меншік құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскелеріне кедергісіз кіруге құқығы бар.
Оралымды штаб басшысы не ол уәкілеттік берген адам азаматтардың тұрғын үйіне кірген жағдайлар туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарлайды.
2. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында оралымды штаб басшысының шешімі бойынша мынадай уақытша шектеулер қолданылуы мүмкін:
1) қауіпті өндірістік объектілердің қызметін тоқтата тұру;
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабының 1-2-тармағына сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметін көрсетуді тоқтата тұру және (немесе) байланыс желісі мен құралдарын қолдануды шектеу;
3) қоғамдық тәртіптің, мемлекеттік күзетке жататын объектілердің, халықтың тұрмыс-тіршілігін және көліктердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің, сондай-ақ ерекше материалдық, тарихи, ғылыми, көркем немесе мәдени құндылығы бар объектілердің күзетілуін күшейту;
4) терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта тұратын жеке адамдарды уақытша көшіру;
5) карантин енгізу, санитариялық-эпидемияға қарсы, ветеринариялық іс-шараларды және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
6) қарумен, оқ-дәрілермен, жарылғыш заттармен, күшті әсер ететін химиялық және улы заттармен сауданы шектеу немесе оған тыйым салу, дәрілік, есірткілік, психотроптық заттар мен прекурсорлар, этил спирті мен алкогольді өнімдер айналымының айрықша режимін орнату;
7) күзет қызметін тоқтата тұру.
3. Терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шаралардың бүкіл кешені мен уақытша шектеулер сияқты жекелеген шаралар мен уақытша шектеулер де белгіленуі (енгізілуі) мүмкін.
4. Терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің болуына және олардың дыбыс жазуды, фото және бейнетүсіруді жүзеге асыруына оралымды штаб басшысының рұқсатымен ғана жол беріледі.
5. Терроризмге қарсы операция жүргізуге қатысушы адамдардың операция басталған кезден бастап ол аяқталған кезге дейінгі іс-қимылы қажетті қорғаныс жағдайында немесе аса қажетті жағдайда жасалатын іс-қимыл деп есептеледі.
5-тарау. Терроризм актісі салдарынан зардап шеккен адамдардың залалдарын өтеу және оларды әлеуметтік жағынан оңалту
2004.20.12 № 13-III Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16-бап. Терроризм актісінің салдарынан немесе оның жолын кесу кезінде келтiрiлген зиянды өтеу
1. Жеке және заңды тұлғаларға терроризм актісінің салдарынан келтірілген мүліктік зиянды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Терроризм актісінің салдарынан келтірілген моральдық зиянның орнын толтыру оны жасаған адамдардың есебінен жүзеге асырылады.
3. Терроризм актісінің жолын кесу кезінде терроризм актісін жасаушы адамның (адамдардың) денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян, сондай-ақ осы адамның (адамдардың) өлуінен туындаған зиян өтелуге жатпайды.
4. Терроризм актісінің жолын кесу кезінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
17-бап. терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтiк оңалту
Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтiк оңалту Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен тегiн қажеттi құқықтық көмектi, психологиялық және медициналық оңалтуды қамтиды.
2020.13.05. № 326-VІ ҚР Заңымен 17-1-баппен толықтырылды
17-1-бап. Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту
Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларға білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде әлеуметтік оңалту қамтамасыз етіледі.
Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту құқықтық, білім беру, психологиялық, медициналық, мәдени және әлеуметтік-тұрмыстық көрсетілетін қызметтерді қамтиды.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
18-бап. Терроризмге қарсы іс-қимылға қатысушы адамдарды қорғау
Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарының қызметкерлерiне, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимылда көмек көрсететiн адамдарға және олардың отбасы мүшелерiне өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда, олардың өтiнiштерi бойынша келбетiн, тегiн, атын және әкесiнiң атын, сондай-ақ жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн осы органдарды ұстауға бөлiнген қаражат есебiнен өзгертудi жүзеге асыруға болады.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
19-бап. Террористі келтiрiлген зиян үшiн жауаптылықтан босату
Терроризмге қарсы операция жүргізу кезiнде осы Заңда белгiленген негiзде және шектерде террористің денсаулығы мен мүлкiне, сондай-ақ өзге де құқықпен қорғалатын мүдделерiне лажсыз зиян келтiруге жол берiледi. Бұл орайда терроризмге қарсы іс-қимылға қатысушы әскери қызметшiлер, мамандар және басқа адамдар терроризмге қарсы операция жүргiзу кезiнде келтiрiлген зиян үшiн немесе террористі жою туралы шешiм қабылдағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықтан босатылады.