2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 40-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
40-бап. Жүктерді аралас тасымалдау
Бiрыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бiрыңғай коносамент) бойынша әртүрлi көлiк түрлерiмен жүктердi тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да тұлғалардың қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
41-бап. Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерi
Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерi:
1) жүктi жеткізу мерзiмiн;
2) жүктi автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін;
3) тауар-көлiк жүкқұжатының нысанын және оны қолдану тәртібін;
4) жүк тиеу және түсiру пункттерiне қойылатын талаптарды;
5) автомобильмен тасымалдауға жүктердi қабылдау, сондай-ақ жүктi межелi пунктiнде өңдеу, сақтау және беру тәртібін;
6) тез бүлiнетiн жүктi өткізу тәртібін;
7) құндылығы жарияланған жүк тасымалдау тәртібін;
8) жүктi маркалау тәртібін;
9) жүктi пломбалау тәртібін;
10) актiлер жасау тәртібін;
11) жүктi тасымалдау шарттарын өзгерту және бұзу тәртібін;
12) жүктi ұстап қалу тәртібін;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) жүктiң жекелеген түрлерiн тасымалдау тәртібін;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) халықаралық қатынаста тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарын куәландыру тәртібін;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды
15) тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарына қойылатын талаптарды айқындайды.
5-тарау. Халықаралық автомобиль тасымалдары
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 42-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
42-бап. Халықаралық автомобиль тасымалдарын мемлекеттік реттеу
1. Халықаралық автомобиль тасымалдары Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кiру және одан сыртқа шығу, сондай-ақ оның аумағы арқылы транзитпен жүріп өту тәртiбiн уәкілетті орган айқындайды.
3. Халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат етiлген жүйесi қолданылатын елдерде халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
Шет мемлекеттiң тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағымен жүріп өтуге рұқсаттар және Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттiң аумағымен жүріп өтуге рұқсаттар беруді - осы Заңның 19-7-бабына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, оның ішінде Қазақстан Республикасында халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдауларға рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларында белгіленген тәртіппен, шетелдік рұқсаттар бланкілерін автоматты түрде үлестіру жүйесін пайдалана отырып мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары жүргізеді.
Егер халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат ету жүйесi қолданылатын елдерге қатысты рұқсаттарға сұраныс Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына берiлетiн рұқсаттар санынан acca, онда рұқсаттар бірiншi кезекте:
1) гуманитарлық жүктердi автомобильмен тасымалдауға;
2) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн жүктердi автомобильмен экспорттық тасымалдауға;
3) көлiктiң басқа түрлерiнiң тасымалдаушыларымен бірлесiп орындалатын автомобиль тасымалдарына;
4) тез бүлiнетiн өнiмдердi автомобильмен тасымалдауға;
5) жолшыбай бағытта орындалатын автомобильмен тасымалдауларға беріледі.
4. Қазақстан Республикасы тасымалдаушыларының және шет мемлекет тасымалдаушыларының халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаған кезде Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарын сақтауын бақылауды осы Заңның 19-7-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары жүзеге асырады.
5. Шет мемлекет тасымалдаушылары Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаған кезде пайдаланатын автокөлiк құралдарын уәкiлеттi органның лауазымды адамдары тексерiп қарауы мүмкiн.
43-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру
1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты халықаралық тасымалдау уәкiлеттi орган мен шет мемлекеттiң тиiстi құзыреттi органы арасында автобустардың, шағын автобустардың келісілген маршруттары (бастапқы, соңғы және аялдау пункттерiн көрсете отырып) және қозғалыс кестесi бойынша ұйымдастырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық тұрақты емес тасымалдауды орындаған кезде автобус жүргiзушiлерiнде уәкiлеттi органның лауазымды адамдары куәландырған жолаушылар тiзiмi болуға тиiс.
3. Қазақстан Республикасымен шет мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткізу пункттерi арқылы ғана жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жолаушылар мен багажды халықаралық қатынаста тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағындағы пункттердің арасында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде құжаттарды ресімдеу және тұрақты маршруттар бойынша жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын автобустарды өткізу кезектен тыс жүргізіледі.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 44-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
44-бап. Шет мемлекеттің аумағында тiркелген автокөлiк құралдарымен жолаушыларды, багажды, жүктердi автомобильмен тасымалдаулар
Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген автокөлік құралдарымен тасымалдауды қоспағанда, шет мемлекеттің аумағында тiркелген автокөлiк құралдарымен Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан пункттер арасында жолаушыларды, багажды, жүктердi тасымалдау жөніндегі кәсiпкерлiк қызметке тыйым салынады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 45-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
45-бап. Халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыру кезiнде тасымалдаушыларға, жүргiзушiлерге және автокөлiк құралдарына қойылатын талаптар
1. Халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыратын тасымалдаушылар халықаралық талаптарға сай келетiн, өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiлерi бар автокөлiк құралдарын пайдалануға тиiс.
Белгiленген талап тiркемелер мен жартылай тiркемелерге қолданылмайды.
2. Халықаралық автомобиль тасымалдауларын жүзеге асыру кезiнде автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерi Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңнамасында белгiленген жүргiзушiлердiң еңбегі мен тынығуы режимiн сақтауға мiндеттi.
3. Жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдаулар уәкілетті орган беретін автомобильмен халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыруға рұқсат ету туралы куәліктің және автокөлік құралдарына рұқсат ету карточкасының негізінде жүзеге асырылады. Тасымалдаушыға қойылатын талаптар Жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыруға автомобильмен тасымалдаушыларға рұқсат беру қағидасында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасында тіркелген, тез бұзылатын жүктерді тасымалдауға арналған автокөлік құралдарында автомобильмен халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган беретін Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасында белгіленген талаптарға олардың сәйкестігі туралы куәлік болуға тиіс.
6-тарау. Автомобиль көлігіндегі жауапкершілік
46-бап. Автокөлiк құралдарын жөнелтудi кiдiрткенi үшiн жүк жөнелтушiлер мен жүк алушылардың жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша жауапкершiлiгi
1. Тиеуге немесе түсiруге берiлген автокөлiк құралдарының келісілген мерзiмнен тыс бос тұрғаны үшiн жүк жөнелтушi немесе жүк алушы, егер кiдiру өздерiнiң кiнәсiнен болса, тасымалдаушыға тараптардың келісімiмен (шартымен) көзделген айыппұл төлейдi, ал аталған келісім болмаған жағдайда - бос тұрған әрбір сағаты үшін:
1) жүк көтергiштiгi төрт тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он екi процентi мөлшерiнде;
2) жүк көтергiштiгi төрт тоннадан жетi тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он үш процентi мөлшерiнде;
3) жүк көтергiштiгi жетi тоннадан он тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он төрт процентi мөлшерiнде;
4) жүк көтергiштiгi он тоннадан астам автокөлiк құралы бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он бес процентi мөлшерiнде төлейдi.
2. Арнайы бейiмделген автокөлiк құралдарының бос тұруы кезiнде осы баптың 1-тармағында аталған айыппұл мөлшерi екi есе ұлғаяды.
Аталған айыппұлды жүк жөнелтушi немесе жүк қабылдаушы, өздерiнiң кінәсінен автокөлiк құралдары тасымалдаушының көлік жайында немесе жол үстiнде тұрып қалғаны үшiн де төлейдi.
3. Автокөлiк құралдарының тұрып қалғанына айыппұл есептеу үшiн тауар-көлiк жүкқұжатындағы және жолпарақтағы келу және кету уақыты туралы белгiлер, ал көлiкжайда тұрып қалғаны үшiн жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының жүктi жөнелтуден немесе қабылдаудан бас тартуы негiз болып табылады.
4. Автомобиль тасымалдарына тыйым салынған жүктi немесе автомобиль тасымалдары кезiнде ерекше сақтық шараларын талап ететiн, атауы немесе өзiндiк ерекшелiгi толық көрсетiлмеген жүктi ұсынғаны үшiн, жүк жөнелтушi келтiрiлген шығындардан басқа, тасымалдаушыға шартта көрсетiлген тасымалдау ақысының бес есе мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
5. Жүк жөнелтушiлер мен жүк алушылар жүктi тиеу және түсiру, дұрыс тиемеу, дұрыс буып-түймеу немесе дұрыс бекiтпеу кезiнде бұл операцияларды тасымалдаушы жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, автокөлiк құралдарына артық тиеу, олардың зақымдануы салдарынан тасымалдаушыға өздерiнiң кiнәсiнен келтiрген шығындарының орнын толтыруға мiндеттi.
Тауар-көлiк жүкқұжатында кедендiк, санитарлық және басқа да ережелердi орындау үшiн қажет тиiстi құжаттар қоса берiлмеуi салдарынан автокөлiк құралдары мен контейнерлердiң кiдiртiлгенi үшiн жүк жөнелтушi (жүк алушы) тасымалдаушыға осы баптың 1 және 2-тармақтарында және осы Заңның 49-бабында белгiленген мөлшерде айыппұл төлейдi.
47-бап. Жолаушыны және багажды жөнелтудiң кiдiртiлгенi немесе межелi пунктке кешiгiп жеткенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушы тасымалдайтын автокөлiк құралының кiдiргенi немесе мұндай автокөлiк құралының межелi пунктке (қалалық, қала маңындағы, ауданішілік және ауылдық қатынастар тасымалын қоспағанда) кешiккенi үшiн тасымалдаушы кешiккен әрбір сағат үшiн жолаушыға жол жүру құжаты (билетi) құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi, егер кiдiру немесе кешiгу еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, келтiрiлген зиянды да өтейдi. Бұл орайда айыппұл сомасы жолаушы сатып алған жол жүру құжатының (билетiнiң) құнынан аспауға тиiс.
2. Жөнелтудiң кiдiртiлуiне байланысты жолаушы автомобиль тасымалынан бас тартқан жағдайда, тасымалдаушы жолаушыға жол жүру ақысын толық мөлшерде қайтаруға, сондай-ақ мұндай кiдiрiске байланысты оның шеккен шығындарын өтеуге мiндеттi.
3. Тасымалдаушы багажды жеткізу мерзiмiн кешiктiргенi үшiн багажды алушыға толық емес тәулiктi толық тәулiк деп есептей отырып, кешiктiрген әрбір тәулiкке багажды автомобильмен тасымалдау төлемақысының он процентi мөлшерiнде, бірақ тасымалдау ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
Багажды жеткізу мерзiмiнiң өтуi багаж келуге тиiс күнтiзбелiк күнгi сағат жиырма төрттен бастап есептеледi. Багажды жеткізу мерзiмiнiң өтiп кеткенi үшiн айыппұлды тасымалдаушы жолаушының талабы бойынша жасалған акт негiзiнде багажды беру кезiнде төлейдi.
4. Тасымалдаушы багажды жөнелтушiден немесе алушыдан кiдiртуге байланысты туындайтын шығындарды, егер олар орын алған болса, өтеуге мiндеттi.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қалааралық ауданаралық (облысішілік қалааралық) облысаралық және халықаралық маршруттарда автобусты, шағын автобусты жөнелту тасымалдаушының кiнәсiнен он сағатқа және одан да көп уақытқа кешiктiрiлген жағдайда тасымалдаушы жолаушыларға өз есебiнен қонақ үйден орын алып беруге және тамақпен қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Жолаушының сұрауы бойынша автомобиль тасымалы мерзiмiнiң кешiгуi немесе рейстiң тоқтатылуы туралы оған ресми құжат берiледi немесе жүру құжатында (билетте) белгi соғылады.
7. Рейс тоқтатылған кезде, еңсерiлмейтiн күштiң әсер ету жағдайларын қоспағанда, тасымалдаушы жолаушының таңдауы бойынша жолаушыны жүру құжатында (билетiнде) көрсетiлген межелi пунктке дейiн жуық арада жүретiн рейспен жөнелтудi қамтамасыз етуге немесе жолаушыға жол жүру құжатының (билеттiң) екi еселенген құнын қайтарып беруге мiндеттi.
48-бап. Жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша автокөлiк құралдарының берiлмеуi және пайдаланылмауы үшiн жауапкершiлiк
1. Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы автокөлiк құралдарын жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша, автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде бермегенi үшiн, жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) автокөлiк құралын бермеген әрбір жағдай үшiн, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
2. Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы пайдаланылуы уақытша тариф бойынша төленетiн, автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде автокөлiк құралдарын бермеген кезде, тасымалдаушы жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) автомобильмен тасымалдау шартында көрсетiлген пайдалану уақытын ескере отырып, автокөлiк құралдарын пайдалану құнының қырық процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
3. Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, жүк жөнелтушi (жүк алушы) жүктердi автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде автокөлiк құралдарын толық немесе iшiнара пайдаланудан бас тартқан кезде, ол тасымалдаушыға автокөлiк құралын пайдаланудан бас тартқан әр жағдай үшiн он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде немесе жұмысы уақытша тариф бойынша төленетiн автокөлiк құралдарын пайдаланудан бас тартқан кезде, автомобильмен тасымалдау шартында көрсетiлген пайдалану уақытын негiзге алып, автокөлiк құралдарын пайдалану құнының қырық процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
49-бап. Контейнерлердiң берiлмегенi және пайдаланылмағаны үшiн жауапкершiлiк
Тасымалдаушының контейнерлердi жүк жөнелтушiге бермегенi үшiн, ал жүк жөнелтушi контейнерлердi пайдаланбағаны үшiн тасымалдаушыға тараптардың келісімiнде көзделген мөлшерде, кiдiртiлген әрбір сағат үшiн, ал аталған келісімдер болмаған жағдайда:
1) жалпы салмағы бес тоннадан кем контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң он бес процентi;
2) жалпы салмағы бес тоннадан он тоннаға дейiнгi контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң отыз процентi;
3) жалпы салмағы он тоннадан асатын контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң алпыс процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
50-бап. Жүк жөнелтушiнiң құжаттарды уақтылы бермегенi үшiн жауапкершiлiгi
Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдау үшiн қажеттi құжаттардың уақтылы берiлмеуi салдарынан келтiрiлген шығындар үшiн, сондай-ақ ол тауар-көлiк жүкқұжатында көрсеткен мәлiметтердiң дұрыс еместiгi, дәл еместiгi немесе толық еместiгi үшiн тасымалдаушының алдында жауапты болады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 51-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
51-бап. Тасымалдаушының жүктiң немесе багаждың жоғалғаны, жетiспегенi және зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы жүктi немесе багажды тасымалдауға қабылдап алған кезден бастап - алушыға, оған уәкiлеттi адамға немесе багажды алуға уәкiлеттi адамға бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Тасымалдаушы, егер жүктiң немесе багаждың жоғалғаны, жетiспегенi немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, жүктiң немесе багаждың жоғалғаны, жетіспегені немесе зақымданғаны (бүлінгені) үшін жауап бередi.
3. Жүктi немесе багажды тасымалдау кезiнде келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде өтеледi.
4. Тасымалдаушы анықталған зиянды өтеумен қоса жөнелтушiге (алушыға) жоғалған, жетiспеген, бүлiнген немесе бұзылған жүк пен багажды тасымалдағаны үшiн өндiрiп алынған тасымалдау төлемақысын, егер бұл ақы жүктiң құнына кiрмесе, қайтарады.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 52-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
52-бап. Жүктердi жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн жауаптылық
Тасымалдаушы жүктердi жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн, егер кешiктiру өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) кешiктiрiлген әрбiр тәулiк үшін тасымалдау төлемақысының бес пайызы мөлшерiнде, бiрақ тасымалдау төлемақысының елу пайызынан аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
53-бап. Жауаптылықтан босату
1. Тасымалдаушының кiнәсi дәлелденген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушы қол жүгi ретiнде жолаушы өзiмен бірге алып жүрген багаждың сақталуына жауапты болмайды.
2. Егер жүктi автомобильмен тасымалдау туралы шартта өзгеше көзделмесе, жүк жөнелтушi, жүк алушы апат немесе еңсерiлмейтiн күш салдарынан тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайда жауаптылықтан босатылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 54-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
54-бап. Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 54-1-баппен толықтырылды; 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 54-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
54-1-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заңның 1-бабының 2) және 9) тармақшаларында белгiленген, автовокзалдар мен автостанциялар аумағының алаңына қойылатын талаптар 2011 жылғы 1 қаңтарға дейiн пайдалануға қабылданған автовокзалдар мен автостанцияларға қолданылмайды.
2. 37-баптың 1-1-тармағының қолданысы 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.
55-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 9-баптың 3) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының