ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы
(2024.01.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 22-ө өкімін қараңыз
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасы
3-бап. Бағалау қызметі саласындағы реттеудің мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
4-бап. Бағалау қызметiнiң субъектiлерi
5-бап. Бағалау объектiлерi
6-бап. Бағалаудың түрлерi
2-тарау. БАҒАЛАУ ЖҮРГІЗУДІҢ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЖАҒДАЙЛАРЫ
7-бап. Бағалау жүргiзудің негiздерi
8-бап. Бағалау жүргiзу шартына қойылатын мiндеттi талаптар
9-бап. Бағалау туралы есептi ресімдеуге қойылатын талаптар
10-бап. Бағалаушының тәуелсiздiгi
11-бап. Бағалау туралы есептің сараптамасы
12-бап. Сарапшылық кеңес
13-бап. Бағалау қызметінің стандарттары
3-тарау. БАҒАЛАУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
14-бап. Бағалаушының құқықтары
15-бап. Бағалаушының міндеттері
4-тарау. БАҒАЛАУШЫЛАР ПАЛАТАСЫ
16-бап. Бағалаушылар палатасы
17-бап. Бағалаушылар палатасының құқықтары мен міндеттері
18-бап. Бағалаушылар палатасына мүшелікке қойылатын талаптар
19-бап. Бағалаушылар палатасына мүшелікті тоқтата тұру және тоқтату
20-бап. Бағалаушылар палатасының басқару органдары
21-бап. Бағалау қызметін жүзеге асыру кезінде мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету
22-бап. Бағалаушылар палатасының өз мүшелерінің қызметін бақылауы
23-бап. «Бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алу тәртібі
24-бап. Біліктілік комиссиясы
25-бап. «Бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді тоқтата тұру, тоқтату, олардан айыру
5-тарау. ТАПСЫРЫС БЕРУШІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
26-бап Тапсырыс берушінің құқықтары
27-бап. Тапсырыс берушінiң мiндеттерi
28-бап. Дауларды қарау
6-тарау. БАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
29-бап. Бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау
30-бап. Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органның құзыреті
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
32-бап. Өтпелі ережелер
33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Қазақстан Республикасында бағалау қызметiн жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ бағалау қызметін реттеудің құқықтық негіздерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) бағалау - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құнын айқындау;
2) бағалау амалы - бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құнын бiр немесе бiрнеше бағалау әдiсiн пайдаланып айқындау тәсiлi;
3) бағалау әдiсi - бағалау кезінде жасалатын заңдық, қаржылық-экономикалық және ұйымдастырушылық-техникалық сипаттағы іс-қимылдар жиынтығы;
4) бағалау күні - бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құны айқындалатын күн немесе уақыт кезеңi;
5) бағалау қызметi - бағалау қызметі субъектілерінің белгiлi бiр күнге бағалау объектiсiне қатысты нарықтық немесе осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және бағалау стандарттарында көзделген өзге құнды белгілеуге бағытталған кәсіптік қызметі;
6) бағалау қызметi саласындағы уәкiлеттi орган - бағалау қызметi саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) бағалау стандарты - бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалау қызметінің субъектілері үшін бағалау объектісінің нарықтық немесе өзге құнын айқындауға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;
8) бағалау туралы анық емес есеп - осы Заңның 14-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, бағалау объектiсiнiң нарықтық немесе өзге құнын бұрмалауға алып келетін анық емес деректердi пайдаланып жасалған жазбаша құжат;
9) бағалау туралы есеп - жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жасалған жазбаша құжат;
10) бағалау туралы есептің сараптамасы - бағалау туралы есептің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасының және бағалаушылар палатасы стандарттарының талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі жүргізетін зерттеу;
11) бағалаушы - кәсіптік қызметін бағалаушылар палатасы берген «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің негізінде жүзеге асыратын және бағалаушылар палаталарының біреуінің мүшесі болып табылатын жеке тұлға;
12) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәлік - адамның арнайы теориялық білімді, практикалық икемдерді, дағдыларды және жұмыс тәжірибесін меңгеруге қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын құжат;
13) бағалаушылар палатасы - өз мүшелерінің бағалау қызметінің сапасын бақылауды жүзеге асыру, бағалаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылған, кәсіптік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым;
14) бағалаушылар палатасының қағидасы - бағалаушылар палатасы әзірлейтін және бекітетін, бағалаушылар палатасы мен оның мүшелерінің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын құжат;
15) бағалаушылар палатасының стандарты - бағалаушылар палатасы әзірлейтін және бекітетін, бағалаушылар палатасы мүшелерінің көрсетілетін қызметтеріне қойылатын бірыңғай және міндетті қағидаттарды, сипаттамаларды олардың көп мәрте пайдалануына арналған талаптар белгіленетін құжат;
16) біліктілік комиссиясы - бағалаушылар палатасының «бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алуға үміткер адамдарға біліктілік емтиханын өткізу үшін құрылған мамандандырылған органы;
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
16-1) жосықсыз бағалаушылар тізілімі - бағалаушылар палаталарының «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) куәліктен айыру және (немесе) куәліктің қолданылуын тоқтату туралы мәліметтерінің негізінде жасалған бағалаушылар тізілімі;
17) мүдделер қақтығысы - бағалаушының, бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның немесе сарапшының мүдделілігі бағалау туралы есептің немесе сарапшылық қорытындының анықтығына әсер етуі мүмкін жағдай;
18) нарықтық құн - тиісті маркетинг жүргізілгеннен кейін тараптардың әрқайсысы жете хабардар бола отырып, есеппен әрі мәжбүрлеусіз әрекет ететін коммерциялық мәміле нәтижесінде мүдделі тұлға мен сатушы арасында бағалау күніне актив алмасу жасалатын ақшалай есеп айырысу сомасы;
19) өзге құн - бағалау объектісінің нарықтық құнынан басқа өзге құны, оның түрлері бағалау стандарттарында белгіленеді;
20) сарапшы - бағалаушылар палатасы сарапшылық кеңесінің «сарапшы» біліктілігін беру туралы куәлігі бар мүшесі;
21) «сарапшы» біліктілігін беру туралы куәлік - бағалаушылар палатасы белгілеген, сарапшының кәсіптік білім деңгейіне қойылатын талаптарға бағалаушының сәйкестігін растайтын құжат;
22) тапсырыс берушi - бағалау жүргізу шартын жасасқан жеке және (немесе) заңды тұлға;
23) үлестес тұлғалар - бағалаушының қызметіне ықпал етуге қабілетті, бағалау объектісінің ықтимал нарықтық немесе өзге құнын айқындау жөніндегі шешімді тікелей және (немесе) жанама түрде қабылдау және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың біреуінің) қабылданатын осындай шешімдеріне, оның ішінде жасасқан мәмілеге орай тікелей және (немесе) жанама түрде ықпал ету мүмкіндігіне ие жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
24) үшiншi тұлғалар - бағалаушылар, сарапшылар мен тапсырыс берушiлер қатарына кiрмейтiн, бағалау объектісіне, бағалау қызметiне белгiлi бiр қатысы бар тұлғалар;
25) халықаралық бағалау стандарттары - Бағалау стандарттары жөніндегі халықаралық кеңес қабылдаған бағалау стандарттары.
2-бап. Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Мемлекеттiк мүлiктi бағалауды ұйымдастыру ерекшелiктерi, мүлік мемлекеттiк мүлiктiң құрамына түскен, мемлекеттiк мүлiктi жеке тұлғалардың және (немесе) мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың пайдалануына берген, сондай-ақ мемлекеттiк мүлiктi иелiктен шығарған кезде мүлiктi бағалау жағдайлары мен ерекшелiктерi «Мемлекеттiк мүлiк туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-тарауында белгiленедi.
Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау ерекшеліктері «Көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3-бап. Бағалау қызметі саласындағы реттеудің мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметін дамыту бағалау қызметі саласындағы реттеудің мақсаты болып табылады.
2. Бағалау қызметі саласындағы реттеудің міндеттері:
1) бағалау қызметінің құқықтық негіздерін белгілеу;
2) бағалау қызметін жүзеге асырудың негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындау;
3) бағалаушылар палатасы мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасау;
4) Қазақстан Республикасындағы бағалау институтына деген сенімді нығайту болып табылады.
3. Бағалау қызметі саласындағы реттеудің қағидаттары:
1) бағалау қызметін жүзеге асыру кезіндегі заңдылық;
2) бағалау қызметін жүзеге асыру кезіндегі объективтілік;
3) бағалауды жүргізу кезіндегі анықтық;
4) бағалау қызметін жүзеге асыру кезіндегі тәуелсіздік;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, бағалау қызметі субъектілерінің бағалауды жүргізу нәтижесінде өздері алатын немесе жасайтын ақпаратты үшінші тұлғаларға беру не ондағы мәліметтерді ауызша жария ету құқығынсыз олардың сақталуы жөніндегі міндеттемені жүзеге асыруы кезіндегі құпиялылық болып табылады.
4-бап. Бағалау қызметiнiң субъектiлерi
1. Бағалаушылар және бағалаушылармен еңбек шартын жасасқан заңды тұлғалар бағалау қызметiнiң субъектiлерi болып танылады.
2. Бағалаушы бағалау қызметін жекеше практикамен айналыса отырып өзі дербес түрде, сондай-ақ бағалаушы мен заңды тұлға арасындағы еңбек шарты негізінде жүзеге асыруға құқылы.
5-бап. Бағалау объектiлерi
Бағалау объектiлерiне:
1) жекелеген материалдық объектiлер (заттар), тұлғаның мүлкін, белгілі бір түрдегі мүлікті (жылжымалы немесе жылжымайтын) құрайтын заттар жиынтығы, оның iшiнде қараусыз қалған, иесiз қалған мүлiк;
2) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізетін, салықтық базаны айқындау кезінде жеке тұлғалардың салық салу объектілерін (тұрғынжай, саяжайлық құрылыс, шаруашылық (қызметтік) құрылыс, ірге қабат, тұрғынжайдың жертөлесі, гараж), кадастрлық (бағалау) құнын айқындау кезінде жер учаскелерін қоспағанда, мүлiкке немесе мүлiк құрамындағы жекелеген заттарға меншiк құқығы және өзге де заттық құқықтар, талап ету құқығы, міндеттемелер (борыштар), жұмыстар, көрсетілетін қызметтер, ақпарат, сондай-ақ зияткерлік меншік құқығы объектілері, азаматтық құқықтардың өзге де объектілері, оның ішінде қараусыз қалған және иесіз қалған объектілер жатады.
6-бап. Бағалаудың түрлерi
1. Мiндеттi және бастамашылық бағалау бағалаудың түрлерi болып табылады.
2. Мiндеттi бағалау Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мүлікке салық салу;
2) мемлекеттік мүлікті жекешелендіру, сенiмгерлiк басқаруға не жалға (кейiннен сатып алатын жалға) беру үшін жүргізіледі.
Осы тармақшаның нормалары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіп берілген мүлікті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдарына сенімгерлік басқаруға не жалға беру жағдайларына қолданылмайды;
3) ипотекалық қарыз беру кезінде, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікті өткізу қажет болған кезде ипотекалық кредиттеу;
4) мүлiктi мемлекеттiк мұқтаждарға сатып алу және алып қою;
5) сот орындаушысы жүргiзген бағалауға борышкер немесе өндiрiп алушы қарсылық бiлдiрген жағдайда борышкер мүлкiнiң құнын айқындау;
6) мемлекеттік меншiкке түскен мүлiктің құнын айқындау үшін;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда жүргiзiледi.
3. Бастамашылық бағалау бағалаушының осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес бағалау жүргiзуі жөнiнде тапсырыс берушiнiң ерiк бiлдiруi негiзiнде жүргiзiледi.
Бағалау жүргiзу құқығы сөзсіз құқық болып табылады.
2-тарау. БАҒАЛАУ ЖҮРГІЗУДІҢ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЖАҒДАЙЛАРЫ
7-бап. Бағалау жүргiзудің негiздерi
Осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бағалаушы немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға мен тапсырыс берушi арасында жасалған бағалау жүргiзу шарты бағалау жүргiзу үшін негiз болып табылады.
Бағалау жүргiзу шарты бойынша бағалаушы немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға бағалау объектiсiнiң нарықтық немесе өзге құнын айқындау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді орындауға мiндеттенедi, ал тапсырыс берушi осы көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге мiндеттенедi.
8-бап. Бағалау жүргiзу шартына қойылатын мiндеттi талаптар
1. Бағалау жүргiзу шартына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (Ерекше бөлім) өтелмелi қызмет көрсету шарты туралы нормалары қолданылады.
2. Бағалау жүргізу шартында:
1) тараптардың деректемелері:
жеке тұлға үшін - тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері (пошталық мекенжайы);
заңды тұлға, оның ішінде бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға үшін - атауы, орналасқан жері (заңды мекенжайы), бизнес-сәйкестендіру нөмірі, банктік деректемелері;
2) бағалау объектісінің атауы және (немесе) орналасқан жері, бағалау объектісінің түрі;
3) бағалау объектісінің сипаттамасы;
4) бағалау объектісінің құнын айқындау күні;
5) бағалау жүргізу мақсаты;
6) бағалаудың түрі;
7) айқындалатын құнның түрі;
8) бағалау жүргізудің мерзімдері;
9) бағалау жүргізу кезінде қолданылатын бағалау стандартына нұсқау;
10) көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеудің шарттары, тәртібі мен мөлшері;
11) тараптардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі;
12) тапсырыс берушінің бағалау объектісіне меншік құқығын растайтын құжаттың деректемелері не тапсырыс берушіге бағалау жүргізу шартын жасасу құқығын беретін өзге де негіздер;
13) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің деректемелері (куәлікті берген бағалаушылар палатасы көрсетіле отырып, оның нөмірі мен берілген күні);
14) тапсырыс берушінің бағалаушының немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның мүліктік жауапкершілігі мәселелерін сотқа дейін реттеу құқығы;
15) бағалаушының немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның мүліктік жауапкершілігін қамтамасыз ету туралы мәліметтер;
16) осы Заңда көзделмеген өзге де шарттар қамтылуға тиіс.
3. Бағалау объектісінің құны сондағы жағдай бойынша айқындалған күн бағалау жүргізілген күн болып табылады.
4. Бағалау жүргізгені үшін ақы төлеу мөлшері бағалау объектісінің айқындалатын құнына пайыздық қатынаста көрсетіле алмайды.
9-бап. Бағалау туралы есептi ресімдеуге қойылатын талаптар
2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жүргiзiлген бағалау нәтижелерi бойынша бағалау туралы есептің кемінде екi данасы жасалады, оның біреуi тапсырыс берушіге беріледі, екiншiсi бағалаушылар палатасы айқындаған тәртіппен бағалаушыда немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғада сақталады.
2. Бағалау туралы есеп нөмірленеді, байланады, оған бағалаушы қол қояды және оның мөрімен (ол болған кезде) бекемделеді, ал бағалаушы заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан жағдайда, бағалау туралы есепті заңды тұлғаның басшысы бекітеді және ол заңды тұлғаның мөрімен (ол болған кезде) бекемделеді.
3. Бағалау объектісінің осы Заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жасалған бағалау туралы есепте көрсетілген нарықтық немесе өзге құнының жиынтық шамасы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бағалау объектісімен мәміле жасасу мақсаттары үшін ұсынылатын шама болып танылады.
10-бап. Бағалаушының тәуелсiздiгi
Егер бағалау жүргiзу нәтижесiнiң анықтығына терiс әсерін тигiзуi мүмкiн болса, бағалаушының қызметiне тапсырыс берушiнiң не өзге мүдделi тұлғалардың араласуына, оның iшiнде бағалау жүргiзу кезiнде анықталуға жататын мәселелер шеңберiн шектеуге жол берiлмейдi.
11-бап. Бағалау туралы есептің сараптамасы
2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бағалау объектісінің бағалау туралы есепте белгіленген нарықтық немесе өзге құны шамасының анықтығы туралы, оның ішінде дәл осы объектіні бағалау туралы қолда бар өзге есепке байланысты да дау болған жағдайда, бағалау туралы есептің сараптамасы жүргізілуі мүмкін.
Бағалау туралы есептің сараптамасын Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалауды жүргізген бағалаушы мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасының сараптама кеңесі жүргізеді.
Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есепке дау айтатын тапсырыс берушінің және (немесе) үшінші тұлғаның бастамасы бойынша жүргізіледі.
Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есептің сараптамасына бастама жасаған тараптың есебінен жүргізіледі.
Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есепке дау айтатын тұлға мен бағалаушылар палатасы арасындағы шарттың негізінде жүргізіледі.
2. Бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі дайындаған оң немесе теріс сарапшылық қорытынды бағалау туралы есеп сараптамасының нәтижесі болып табылады.
Бағалау туралы есептің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сай келетіні туралы және (немесе) бағалау объектісінің бағалау туралы есепте айқындалған құнының расталғаны туралы тұжырым қамтылған сарапшылық қорытынды сарапшылық кеңестің оң қорытындысы болып танылады.
Бағалау туралы есептің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сай келмейтіні туралы және (немесе) бағалау объектісінің бағалау туралы есепте айқындалған құнының теріске шығарылғаны туралы тұжырым қамтылған сарапшылық қорытынды сарапшылық кеңестің теріс қорытындысы болып танылады.
3. Сарапшылық кеңес теріс қорытынды берген жағдайда, тапсырыс беруші бағалау туралы есептің сараптамасы үшін төлеген ақыны бағалау туралы есепті жасаған бағалаушы немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға өтейді.
4. Бағалау туралы есептің сараптамасын:
1) бағалау туралы есебіне дау айтылып жатқан;
2) осы Заңның 15-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, сарапшы жүзеге асыруға құқылы емес.
5. 2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6 Бағалау туралы есептің сараптамасын жүргізу үшін белгілі бір ғылым, техника, өнер немесе қолөнер саласында арнайы білім қажет болған жағдайларда, сарапшылық кеңес жүргізілген бағалау бейіні бойынша ғалымдар мен мамандар тартуға құқылы.
7. Бағалау туралы есепке дау айтатын тұлға мен сарапшылық қорытындыны берген бағалаушылар палатасы арасында туындайтын дауларды сот қарайды.
Сарапшылық кеңестің қорытындысы сот тәртібімен анық емес деп танылған жағдайда сарапшылық кеңестің мүшелері мен бағалаушылар палатасы осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жауапты болады.
12-бап. Сарапшылық кеңес
1. Сарапшылық кеңес бағалаушылар палатасының органы болып табылады, оның құрылу және қызмет мақсаты бағалау туралы есептің сараптамасын жүргізу болады.
Сарапшылық кеңестің қызметі туралы ережені бағалаушылар палатасы мүшелерінің жалпы жиналысы бекітеді.
2. Бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі «сарапшы» біліктілігін беру туралы куәлігі бар бағалаушылар қатарынан құрылады.
Бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі кемінде бес сарапшыдан құралады.
Сарапшылық кеңестің мүшесі сарапшылық кеңестің отырысында сарапшылардың қарапайым көпшілік даусымен екі жыл мерзімге сарапшылық кеңестің төрағасы болып сайланады. Бір адам қатарынан екі рет төраға болып сайлана алмайды.
3. Сарапшылық кеңестің мүшелері бағалаушылар палатасы мүшелерінің жалпы жиналысында екі жыл мерзімге сайланады.
Сарапшылық кеңестің мүшелері осы Заңда көзделген негіздер бойынша жаңа мерзімге қайта сайлануы, сондай-ақ сарапшылық кеңес құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.
13-бап. Бағалау қызметінің стандарттары
1. Бағалау қызметінің стандарттарына бағалау стандарттары және бағалаушылар палатасының стандарттары жатады.
2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Реттелуі өзге мемлекеттік органның құзыретіне кіретін саланы қозғайтын бағалау стандарты тиісті саладағы уәкілетті органмен келісілуге жатады.
3. Бағалау стандарттары халықаралық бағалау стандарттарының негізінде әзірленеді және Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес келуге тиіс.
4. Бағалаушылар палатасы өзінің барлық мүшелерінің орындауы үшін міндетті бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларын бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органмен және өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеуге және бекітуге құқылы.
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Бағалау стандарттары Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес қабылдануы жүзеге асырылатын стандарттау жөніндегі құжаттарға жатпайды.
3-тарау. БАҒАЛАУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
14-бап. Бағалаушының құқықтары
1. Бағалаушының:
1) дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға;
2) бағалау жүргiзу кезiнде тапсырыс берушiден бағалау объектiсіне, сондай-ақ бағалауды жүзеге асыру үшін қажеттi құжаттамаға толық көлемде қолжетiмдiлiкті қамтамасыз етудi талап етуге;
3) тапсырыс берушiнің бағалауды жүзеге асыру үшін қажеттi түсiндірмелерін, сондай-ақ қосымша мәлiметтер алуға;
4) қажеттілігіне қарай маманды (мамандарды) бағалау жүргізуге қатысуға шарттық негізде тартуға;
5) егер тапсырыс беруші бағалау жүргізу шартының талаптарын бұзған және бағалау объектісі туралы қажетті ақпараттың берілуін қамтамасыз етпеген жағдайларда, бағалау жүргізуден бас тартуға;
6) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бағалау жүргізуге қажетті ақпаратты үшінші тұлғалардан жазбаша немесе ауызша нысанда сұратуға құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген, бағалау нәтижелерiнiң анықтығына елеулi түрде әсер ететiн ақпаратты беруден бас тартылған жағдайда, бағалаушы ол жөнінде бағалау туралы есепте көрсетедi.