7. Əскери қызметші жыл сайынғы негізгі демалыстарда, əскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерде, ал олар әскери қызмет өткеру орны бойынша болмаған немесе оларда тиісті бөлімшелер болмаған жағдайда - медициналық ұйымдарда емделуде болған кезеңдер қарамағында болу мерзіміне есептелмейді.
22-бап. Ротация
1. Әскери қызметшілерді ротациялау қызметтік қажеттілік немесе олардың кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Әскери қызметшілердің ротациясы Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалатын тәртіппен және мерзімдерде уәкілетті орган басшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Басқа жергілікті жерге ауыстыруға байланысты ротациялауға мүгедектік белгіленген зайыбы (жұбайы) бар, мүгедектігі бар балалары (қамқоршысы болып табылатын), оның ішінде асырап алған мүгедектігі бар балалары бар немесе асырауында қартайған ата-анасы болатын адамдар жатпайды. Көрсетілген мəн-жайлар Əскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тəртіппен актімен расталуы тиіс.
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен 22-1-баппен толықтырылды (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
22-1-бап. Әскери қызметшілерді аттестаттау
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.15.04. № 114-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін аттестаттау Әскери қызмет өткеру қағидаларымен айқындалады.
Қарулы Күштер мен әскери прокуратура органдарының əскери қызметшілері Əскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалатын тəртіппен жəне мерзімдерде уəкілетті мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша аттестаттау кезінде полиграфологиялық зерттеуден өтеді.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін кезектен тыс аттестаттау оның тәртібін, мерзімдерін және аттестатталатын әскери қызметшілердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
Кезектен тыс аттестаттаудың қорытындылары бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сай келеді және жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сай келеді;
3) атқаратын лауазымына сай келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
4) атқаратын лауазымына сай келмейді және ротациялауға ұсынылады;
5) атқаратын лауазымына сай келмейді және қызметтен шығаруға ұсынылады.
Кәсіби жарамдылықты айқындау бойынша нормативтерді тапсырмаған және тестілеу кезінде шектi мәннен төмен баға алған жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы тармақтың 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмей қалған әскери қызметшілер осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылуға ұсынылады.
Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) өзге де лауазымдарда, оның ішінде төмен тұрған лауазымдарда әскери қызметін жалғастырудан бас тартқан әскери қызметшілер осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылуға жатады.
23-бап. Әскери қызметшілердiң әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерi
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.15.04. № 114-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
Әскери қызметшiлер салтанатты, күнделікті, далалық, арнайы киім нысанымен және арнайы киім-кешек заттарымен қамтамасыз етіледі.
Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың əскери киiм нысанын киіп жүру жəне айырым белгілерін, сондай-ақ басқа да белгілерді тағып жүру қағидаларын - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi, ал əскери киiм нысанының жекелеген заттарын киіп жүру жəне айырым белгiлерiн тағып жүру ерекшелiктерiн уəкілетті органдардың бiріншi басшылары белгілейдi.
Осы Заңның 26-бабы 1-тармағының 9) және 11) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әскери қызметтен шығарылған адамдарды қоспағанда, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда күнтізбелік есептеумен жиырма бес және одан көп жыл қызмет өткерген әскери қызметшілерге запасқа немесе отставкаға шығарылған кезде әскери киім нысанын киіп жүруге рұқсат етіледі.
2. Әскери киiм нысанын киіп жүруге құқығы жоқ адамдарға оларды киіп жүруге тыйым салынады және заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Әскери қызмет мерзiмдері. Еңбек сіңірген жылдары
1. Әскери қызмет мерзiмдерi күнтiзбелік есеппен:
1) мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлерi үшiн - он екi ай;
2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер үшін - жиырма төрт ай;
3) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер үшiн - әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшартта көрсетілген мерзiмге белгіленеді.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.15.04. № 114-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Еңбек сіңірген жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен, зейнетақыға құқық беретін әскери қызмет ұзақтығын есептеу мақсатында есептеледі. Әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
Әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеру уақыты еңбек сіңірген жылдарға есептеледі. Еңбек сіңірген жылдар жалпы еңбек өтіліне және мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі.
Əскери қызметші жұбайының (əскери қызметші зайыбының) одан əрі əскери қызмет өткеруіне (оқуға түсуіне) байланысты шетелге кеткен əскери қызметшілердің шетелде болу уақыты еңбек сіңірген жылдарына есептеледі.
Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери қызметке түскенге дейін құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары олардың құқық қорғау және мемлекеттік арнайы органдардағы әскери немесе арнайы атақтар, сыныптық шендер беру көзделген лауазымдардағы жұмыс істеген уақытын ескере отырып есептеледі.
Мемлекеттік қызмет, соның ішінде құқық қорғау қызметі өтіліне мемлекеттік қызметші, құқық қорғау органының қызметкері құрылымында əскери қызмет өткеру көзделген мемлекеттік органда əскери лауазымға уақытша тағайындалған кезеңдегі уақыт, сондай-ақ олардың бір мемлекеттік органнан басқа мемлекеттік органға ауысу уақыты есептеледі.
Мемлекеттік қызметке кірген адамдар үшін əскери қызмет өткеру уақыты мен əскери лауазымға тағайындалу кезеңі мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі.
Егер әскери қызметші әскери қызметтен, қызметкер Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызметінен шығарылған күннен бастап және оны әскери қызметке қабылдаған күнге дейін үш айдан аспаса, оның көрсетілген кезеңде өзге де жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынастары болмаған жағдайда әскери қызметі үзіліссіз деп есептеледі. Бұл ретте көрсетілген кезең лауазымдық айлықақыны айқындау үшін өтілін және (немесе) еңбек сіңірген жылдарына зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу кезінде есепке жатқызылмайды.
25-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының шектi жасы
1. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының шектi жасы:
2022.15.04. № 114-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) қатардағы және кіші сержанттық құрамдардың әскери қызметшілеріне - қырық бес жас;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) майорға (үшіншi дəрежелi капитанға) дейiнгіні қоса алғанда, аға сержанттық құрамның жəне офицерлік құрамның əскери қызметшілеріне - қырық жеті жас;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) подполковниктерге - қырық сегіз жас;
3) жоғары сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне және полковниктерге (бiрiншi дәрежелi капитандарға) - елу бес жас;
4) генерал-майорларға (контр-адмиралдарға), генерал-лейтенанттарға (вице-адмиралдарға) - алпыс жас;
5) генерал-полковниктерге, адмиралдарға және армия генералдарына - алпыс үш жас болып белгіленеді.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.15.04. № 114-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әскери қызметте болудың шекті жасына толған әскери қызметшілер Әскери қызмет өткеру қағидаларында белгіленген тәртіппен әскери қызметтен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.
Жоғары кәсіптік даярлығы, атқаратын лауазымында жұмыс тәжірибесі бар және әскери қызмет өткеру үшін денсаулық жағдайы бойынша жарамды, әскери қызметте болудың шекті жасына толған әскери қызметшіге өзінің баянаты бойынша уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы онымен әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісімшарт жасасу арқылы әскери қызмет мерзімін бес жылға дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін.
Әскери қызмет мерзімін ұзарту туралы шешім әскери қызметшіні осы Заңда көзделген негіздер бойынша Қарулы Күштерден, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан шығару мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындаған және әскери қызметте болудың шекті жасына толған әскери қызметшіге әскери қызмет өткеру үшін денсаулық жағдайы бойынша жарамды болған жағдайда, өзі берген баянат негізінде Қазақстан Республикасының Президенті әскери қызмет мерзімін бес жылға дейін ұзартуы мүмкін.
2022.15.04. № 114-VII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында әскери қызметшілердің әскери қызметтегі шекті жасы запаста болудың шекті жасына сәйкес ұлғайтылады. Бұл ретте олармен жасалған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттар жұмылдыру, соғыс жағдайы мерзімі және соғыс уақыты аяқталғанға дейін қолданылады.
2022.15.04. № 114-VII ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26-бап. Әскери қызметтен шығару
1. Әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару мынадай негіздер бойынша:
1) әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша;
2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімінің өтуі бойынша;
3) әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің өтуі бойынша;
4) әскери-дәрігерлік комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп тану туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша;
5) әскери бөлім (мекеме) штаттарының қысқартылуына байланысты әскери қызметшіні басқа тең әскери лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған және ол төмен әскери лауазымға тағайындалудан бас тартқан кезде;
6) Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарына ауыстыруды қоспағанда, мемлекеттік қызметке немесе мемлекеттік мекемелерге ауысуына байланысты;
7) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуына байланысты;
8) уәкілетті мемлекеттік органның арнайы тексеру нәтижелері бойынша одан әрі әскери қызмет өткеру мүмкін болмауына байланысты;
9) аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметіне сай келмеуі бойынша;
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары әскери оқу орындарының түлектерін, сондай-ақ әскери интерндерді, әскери резидент-дәрігерлерді, магистранттарды, докторанттарды және адъюнкттерді шығарып жіберу жағдайларын қоспағанда, әскери, арнаулы оқу орнынан шығарып жіберуге байланысты;
11) теріс себептер бойынша;
12) белгіленген мерзімді өткерген адамдар үшін төтенше жағдай күшінің жойылуына байланысты жүргізіледі.
2. Әскери қызметшіні теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару:
1) қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған;
3) медициналық ұйымда жүргізілген медициналық куәландыру нәтижелерімен расталған, әскери қызметтік міндеттерін атқару кезінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну немесе масаң күйде болу фактісі анықталған, сондай-ақ одан өтуден бас тартқан немесе жалтарған;
4) медициналық ұйымда жүргізілген медициналық куәландыру нәтижелерімен расталған қызметтен тыс уақытта есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсатта тұтыну фактісі анықталған;
5) әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптары жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған;
6) жасалған күніне қарамастан, осы Заңның 38-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтер ұсынылмаған немесе бұрмаланған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери атағынан айырылған;
8) Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органының немесе ішкі істер органының әскери қызметшісі қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмаған;
9) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария етуге немесе жоғалтуға, оларды жеткізгіштерді жоғалтуға алып келген, құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптар бұзылған;
10) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған;
11) әскери қызметке кір келтіретін теріс қылық жасалған жағдайларда жүргізіледі.
Әскери қызметшінің мынадай әрекеттері, оның ішінде әскери қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдында әскери қызметтің беделін анық түсіретін әрекеттері, атап айтқанда:
қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың лауазымдық және арнайы міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрімен, оның ішінде коммерциялық делдалдықпен айналысу;
қызмет бабын пайдалана отырып жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсету және сол үшін сыйақы алу;
бюджет қаражатына немесе мемлекеттік мүлікке тікелей қызмет көрсететін әскери қызметшінің кінәлі әрекеттер жасауы, егер бұл әрекеттер уәкілетті лауазымды адам тарапынан оған деген сенімді жоғалтуға негіз берсе;
әскери қызметшінің әскери киім нысанында қоғамдық орынға адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын, алкогольдік немесе есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсатта тұтынудан туындаған өзге де масаң күйде келуі;
ақшалай немесе өзге де мүліктік сипаттағы құмар ойындарға қатысуы әскери қызметке кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.
3. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің:
1) өзіне қатысты әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда;
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) отбасы жағдайлары бойынша:
өзі әскери қызмет өткеретін жергілікті жерде оның отбасы мүшесінің медициналық көрсетілімдер бойынша тұруы мүмкін болмаған және оны жаңа әскери қызмет орнына ауыстыру мүмкіндігі болмаған кезде;
отбасының басқа елді мекенге көшу қажеттілігіне байланысты әскери қызметші - жұбайының (әскери қызметші - зайыбының) әскери қызмет орнын өзгерткен;
тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтімге мұқтаж не бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа толған немесе он сегіз жасқа толмаған адамдарға, заң бойынша аталған азаматтарды күтіп-бағуға міндетті басқа адамдар болмаған кезде, тұрақты күтім жасау қажет болған;
әскери қызметші анасыз (әкесіз) тәрбиелеп отырған он сегіз жасқа толмаған балаға (балаларға) күтім жасау қажет болған кезде;
3) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған немесе тағайындалған жағдайда;
4) судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайда, әскери қызметтен мерзімінен бұрын шығарылуға құқығы бар.
4. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші осы баптың 1-тармағының 2), 4) және 7) тармақшаларында, 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында, 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әскери қызметтен шығарылады.
5. Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшінің:
1) осы Заңның 35-бабының 9-тармағына сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдырудан бас тарту туралы өтініш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруі салдарынан әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскерге шақырудан босату құқығы туындаған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шетелге шығуға құқық берілетінін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында шетелде тұрақты тұрғылықты тұруға немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын отбасымен қосылу үшін кеткен жағдайларда мерзімінен бұрын қызметтен шығарылуға құқығы бар.
6. Офицерлік құрамның әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшісінің осы Заңның 35-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген мән-жайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын шығарылуға құқығы бар.
7. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi - қайтыс болған (қаза тапқан) күні құжатпен расталған күннен кейiнгі келесі күннен бастап, ал сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап әскери бөлімнің (мекеменің) тiзiмдерінен шығарылады.
8. Белгіленген мерзiмдердi өткерген әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда, оның қолданылу кезеңіне тоқтатыла тұрады.
Бұл ретте онымен жасалған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезеңі бойы қолданыста болады.
9. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге əскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша не әскери бөлім (мекеме) штаттарының қысқартылуына байланысты əскери қызметтен шығарылған кезде жұмыстан шығу (біржолғы) жəрдемақысы еңбек сіңірген жылдары:
күнтізбелік 10 жылдан аз болғанға - үш айлық ақшалай қаражат;
күнтізбелік 10 жылдан 15 жылға дейін болғанға - төрт айлық ақшалай қаражат;
күнтізбелік 15 жылдан 20 жылға дейін болғанға - бес айлық ақшалай қаражат;
күнтізбелік 20 жылдан 25 жылға дейін болғанға - алты айлық ақшалай қаражат;
күнтізбелік 25 жылдан 30 жылға дейін болғанға - жеті айлық ақшалай қаражат;
күнтізбелік 30 жылдан астам болғанға - сегіз айлық ақшалай қаражат мөлшерінде төленеді.
Келісімшарт бойынша əскери қызметке қайта кірген кезде жұмыстан шығу (біржолғы) жəрдемақысының мөлшері, осы жұмыстан шығу (біржолғы) жəрдемақысы бұрын әскери қызметтен не Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан қызметтен шығарылған кезде төленбеген жағдайларды қоспағанда, бұрын төленген жұмыстан шығу (біржолғы) жəрдемақысы ескеріле отырып айқындалады.
Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі өткен соң немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшіге жұмыстан шығу жәрдемақысы - бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасынан болған аталған әскери қызметшіге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
Жауынгерлік іс-қимылдарға, терроризмге қарсы және (немесе) бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының немесе бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының орденімен (ордендерімен) марапатталған әскери қызметшіге жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері ақшалай қаражаттың екі айлықақысына ұлғайтылады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген және әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе әскери бөлім (мекеме) штаттарының қысқартылуына байланысты әскери қызметтен шығарылған офицерлік құрамның әскери қызметшісіне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқығы болмаған кезде жұмыстан шығу (біржолғы) жәрдемақысын төлеумен қатар әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл бойы әскери атағы бойынша айлықақы төлеу сақталады.
Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде әскери қызметшілерге әскери атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше әскери қызметтен шығарылған, офицерлік құрамның әскери қызметшілеріне төленетін осы айлықақылар мөлшері ұлғаяды.
10. Осы Заңның 37-бабының 6-тармағына сəйкес келісімшарт бойынша əскери қызметке кірген қатардағы және сержанттық құрамдардың əскери қызметшілері, мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткермеген, жиырма алты жасқа толмаған, бірақ он сегіз жастан кіші емес, бір жылдан аз қызмет өткерген немесе оқыған жəне келісімшарт бойынша əскери қызметтен шығарылған немесе əскери, арнаулы оқу орындарынан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттер мерзімді әскери қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тəртіппен əскери бөлімдерге (мекемелерге), бірақ кемінде үш ай мерзімге жіберіледі.
Бұрын мерзімді әскери қызмет өткермеген, он сегіз жасқа толмаған, бір жылдан аз оқыған жəне әскери, арнаулы оқу орындарынан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттер мерзімді әскери қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тəртіппен əскери қызметке шақыруға əскерге шақырылушыларды əскери есепке қою үшін тұрғылықты жері немесе уақытша болу (тұру) орны бойынша жергілікті əскери басқару органдарына, бірақ кемінде үш ай мерзімге жіберіледі.
Əскери, арнаулы оқу орнынан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттер үшін оқу уақыты мерзімді әскери қызмет мерзіміне есепке жатқызылады.
Үлгерімсіздігі, тəртіпсіздігі үшін, өз бастамасы бойынша, теріс себептермен, Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуға байланысты əскери қызметтен шығару салдарынан əскери, арнаулы оқу орнынан шығарып жіберілген, сондай-ақ əскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасудан бас тартқан курсант немесе кадет оқытудың бірінші жылының шығындарын қоспағанда, өзін әскери, арнаулы оқу орнында оқыту кезеңінде тамақтандыруды қамтамасыз етуге, стипендия төлеуге және жол жүруіне арналған шығындарға сәйкес келетін ақшаны мемлекетке өтеуге міндетті.
Көрсетілген міндеттемелер әскери, арнаулы оқу орнындағы оқытудың бірінші жылы ішінде оқудан шығарып жіберілген және келесі курсқа көшірілмеген, мерзімді әскери қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тәртіппен әскери бөлімдерге (мекемелерге) жіберілген курсанттар мен кадеттерге қолданылмайды.
Оқудан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттерден мемлекет кірісіне ақшаны өндіріп алу мәселелері бойынша 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін заңды күшіне енген сот актілері бойынша қозғалған атқарушылық іс жүргізулер «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тоқтатылады.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген ақшаны мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы талап қоюлар 2018 жылғы 1 қаңтардан кейін оқудан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттерге беріледі.
Əскери, арнаулы оқу орнына қайта қабылдау немесе келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру оқу және (немесе) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру кезеңінде оқытуға жұмсалған ақшаны өндіріп алуды тоқтата тұруға негіз болып табылады. Әскери, арнаулы оқу орнында оқыту кезеңі есепке алынбастан, күнтізбелік есептеумен келісімшарт бойынша он жыл әскери қызмет өткергеннен кейін (ұшқыштар құрамы үшін - он бес жыл) оқытуға жұмсалған ақшаны өндіріп алу тоқтатылады.