Жазбаша нысанның және (немесе) тіркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
Тіркеудің күшін жою «Қазақстан Республикасының Патент Заңы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Лицензиялық шарттың мазмұны осы Кодекстiң 966-бабында жазылған талаптарға сәйкес келуге тиiс.
1002-бап. Ашық лицензия
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Патент иесi кез келген тұлғаға өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы сараптама ұйымына өтiнiш бере алады.
2. Ашық лицензияны пайдалануға ниет бiлдiрген тұлға патент иесiмен төлем туралы шарт жасасуға мiндеттi. Мұндай шарттың талаптары туралы дауларды сот шешедi.
Ашық лицензияға құқық беру туралы патент иесiнiң өтiнiшi қайтарып алуға жатпайды.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1003-бап өзгертілді
1003-бап. Патентті бұзғаны үшін жауаптылық
Патент иеленушінің талабы бойынша патентті бұзу тоқтатылуы тиiс, ал оны бұзушы патент иеленушіге өзi келтiрген залалдарды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабы). Патент иеленуші келтiрiлген залалдың орнына тәртiп бұзушыдан өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi заңсыз пайдалану салдарынан алынған кiрiстi өндiрiп алуға құқылы.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1004-бап өзгертілді
1004-бап. Оған дейiн пайдалану құқығы
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдық алған күнiне дейiн Қазақстан Республикасының аумағында автордан тәуелсіз жасалған соған ұқсас шешімді адал ниетпен пайдаланған немесе осыған қажеттi дайындықтар жасаған кез келген тұлға пайдалану көлемiн кеңейтпестен оны әрi қарай тегiн пайдалану құқығын сақтайды.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi басымдық алған күнiнен кейiн, бiрақ өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптік үлгiге патент беру туралы мәлiметтер ресми жарияланған күнге дейiн адал ниетпен пайдалана бастаған тұлға патент иеленушінің талап етуi бойынша одан әрi пайдалануды тоқтатуға мiндеттi. Алайда мұндай тұлға патент иесiне өзiнiң осындай пайдалануы нәтижесiнде келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi емес.
1005-бап. Патент иесiнiң құқықтарын шектеу
Патент иесiнiң құқықтарын шектеу негiзi, патенттi тоқтату (жою) талаптары, оны жарамсыз деп тану, оның қолданылуын тоқтату, лицензияларды мәжбүрлеп беру және патенттердi мәжбүрлеп иелiктен алу заң актілерімен белгiленедi.
53-тарау. Селекциялық жетістіктерге құқық
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 1006-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1006-бап. Өсiмдiктердiң жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқықты қорғаудың талаптары
1. Өсiмдiктердiң жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқық (селекциялық жетiстiктер) патент берiлген жағдайда қорғалады. Патент арқылы патент иесiнiң селекциялық жетiстiктердi, оның басымдығын пайдалануына және селекционердiң авторлығына айрықша құқықты куәландырады.
Өсімдік шаруашылығында жасанды жолмен немесе сұрыптау жолымен алынған және оны қолда бар өсiмдiктер сорттарынан ерекшелендiретiн бiр немесе бiрнеше шаруашылық белгiлерi бар өсiмдiк сорты селекциялық жетiстiк деп танылады.
Мал шаруашылығында адам жасап шығарған және оны осы түрдегi жануарлардың өзге тұқымдарынан айыруға мүмкiндiк беретiн генеологиялық құрылымы мен қасиетi бар және бiр тұқым ретiнде көбейту үшiн сан жағынан жеткiлiктi тұқым, яғни шығу тегi ортақ жануарлардың саны көп тұтас тобы селекциялық жетiстiк деп танылады.
2. Селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғау талаптары, өсімдік сорттарында және жануарлар тұқымдарына патентті ресімдеу мен беру тәртібі заң актілерімен белгiленедi.
3. Осы тараудың ережелерінде және селекциялық жетістіктерді қорғау туралы заңдарда өзгеше көзделмесе, селекциялық жетiстiктерге құқықтар мен осы құқықтарды қорғауға байланысты қатынастарға тиiсiнше осы Кодекстiң 992-998, 1000-1004-баптарының ережелерi қолданылады.
1007-бап. Автордың селекциялық жетiстiк атауын айқындау құқығы
1. Селекциялық жетiстiктiң авторы оның заңдарда белгiленген талаптарға сай келуге тиісті атауын айқындауға құқылы.
2. Қорғалатын селекциялық жетiстiктердi өндiру, ұдайы өндіру, сатуға ұсыну, сату және өткізудің өзге де түрлері кезінде олар үшін тіркелген атауларды қолдану мiндеттi. Өндiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдарға, асыл тұқымды материалға тiркелгеннен өзгеше атау беруге жол берiлмейдi.
3. Тiркелген селекциялық жетiстiктiң атауын оған қатысы жоқ өсiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдар мен асыл тұқымды материалға беру патент иесi мен селекционердiң құқықтарын бұзу болып табылады.
1008-бап. Селекциялық жетiстiк авторының сыйақы алуға құқығы
1. Патент иесi болып табылмайтын селекциялық жетiстiктiң авторы патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде патент иесiнен селекциялық жетiстiктi пайдаланғаны үшiн сыйақы алуға құқылы.
2. Селекциялық жетiстiк авторына сыйақы төлеудiң мөлшерi мен талаптары оның өзi мен патент иесi арасында жасалған шартта белгiленедi. Бұл орайда сыйақының мөлшерi лицензияларды сатудан түскен түсiмдi қоса алғанда, патент иесi селекция жетiстiктерiн пайдаланғаны үшiн алатын жыл сайынғы түсiмдер сомасының кемiнде бес процентi болуға тиiс.
Сыйақы авторға, егер автордың патент иесiмен шартында өзгеше көзделмесе, селекциялық жетiстiк пайдаланылған әрбiр жыл аяқталғаннан кейін алты ай ішінде төленеді.
1009-бап. Патент иесiнiң селекциялық жетiстiкке құқығы
Селекциялық жетiстiк патентi иесiнiң осы жетiстiктi селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы заң актілерінде белгiленген шекте пайдалануға айрықша құқығы болады.
1010-бап. Патент иесiнiң мiндеттерi
Селекциялық жетiстiк патентiнiң иесi:
1) өндiрiсте пайдалануға жiберiлген сортты, тұқымды айналымға енгізуге;
2) өсiмдiктiң тиiстi сортын немесе жануарлардың тиiстi тұқымын патенттi қолдану мерзiмi iшiнде сорттың немесе тұқымның сараптама органы белгiлеген ресми сипаттамасында көрсетiлген белгiлерi сақталатындай етiп ұстауға мiндеттi.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1011-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
1011-бап. Селекциялық жетiстiкке патенттiң қолданылу мерзiмi
Селекциялық жетiстiкке патенттiң қолданылуы сараптама ұйымына өтiнiм берiлген күннен басталады және жиырма бес жыл бойына жалғасады.
«Селекциялық жетiстiктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен селекциялық жетiстiктердiң жекелеген түрлерi үшiн патенттi қолданудың неғұрлым ұзағырақ мерзiмдерi, сондай-ақ оларды ұзарту мүмкiндiгi белгiленуi мүмкiн.
2015.27.11. № 424-V ҚР Заңымен 1012-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1012-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
1012-бап. Селекциялық жетiстiктердi пайдалануға жіберу
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық қорғау берiлген (патентi бар) селекциялық жетiстiктер пайдалануға жіберiледi.
54-тарау. Интегралды микротәсімдер топологиясына құқықтар
1013-бап. Интегралды микротәсiмдер топологиясына құқықтарды қорғау талаптары
1. Осы тарауда және өзге де заң актілерінде көзделген құқықтық қорғау интегралды микротәсiмдердiң түпнұсқа топологиясына ғана қолданылады.
Автордың шығармашылық қызметi нәтижесiнде жасалып, материалдық көздерде көрсетiлген интегралды микротәсiмдер мен олардың арасындағы байланыстардың элементтерi жиынтығының кеңiстiктiк-геометриялық орналасуы интегралды микротәсiмнiң түпнұсқалық топологиясы деп танылады.
2. Осы бөлiмнiң баптарымен берiлген құқықтық қорғау топологияда iске асуы мүмкiн идеяларға әдiстерге, жүйелерге, технологияға немесе кодтандырылған ақпаратқа қолданылмайды.
3. Интегралды микротәсiмдер топологиясы құқығына және осы құқықтарды қорғауға байланысты қатынастарға тиiсiнше осы Кодекстiң 994-997-баптарының ережелерi қолданылады.
1014-бап. Интегралды микротәсiмдер топологиясына айрықша құқық
1. Интегралды микротәсiмдер топологиясы авторының немесе өзге де құқық иесiнiң бұл топологияны өз қалауы бойынша, атап айтқанда, мұндай топологияны басқа тұлғалардың тиісті рұқсатсыз пайдалануына тыйым салу құқығын қоса алғанда, мұндай топологиясы бар интегралды микротәсiм дайындау жолымен пайдаланудың айрықша құқығы болады.
2. Топологияның бiрнеше авторына немесе өзге де құқық иелерiне тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртібі олардың арасындағы шартпен белгiленедi.
3. Автордың рұқсатынсыз мынадай әрекеттердi жасау:
1) интегралды микротәсiмге енгізу арқылы немесе өзге де түрде, оның түпнұсқа болып табылмайтын бөлiгiн қоспағанда, топологияны тұтас немесе оның бөлiктерiн көшiрiп алу;
2) топологияны немесе осы топология бар интегралды микротәсiмдi қолдану, әкелу, сатуға ұсыну, сату және өзге де айналымға енгізу айрықша құқықты бұзу болып табылады.
4. Топологияға құқық иесiнiң айрықша құқығын бұзу болып табылмайтын әрекеттердiң тiзбесi заң актілерінде белгiленедi.
1015-бап. Топологияларды тiркеу
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Интегралды микротәсiм топологиясының авторы немесе өзге де құқық иесi сараптама ұйымына өтiнiм беру жолымен топологияны тiркетуге құқылы.
2. Тiркеуге өтiнiм беру, егер топология қолданылған болса, оны алғаш рет қолданған күннен бастап екi жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Топологияны, сондай-ақ оларға құқықты толық немесе iшiнара беру туралы шарттарды тiркеу тәртібі заң актілерімен белгiленедi.
1016-бап. Топологияны қолдануға айрықша құқықтың қолданылу мерзiмi
1. Топологияны пайдалануға айрықша құқық топология тiркелген күннен бастап он жыл бойы күшiнде болады.
Егер топологияны тiркеу жүргiзiлмесе, аталған он жыл мерзiм осы топологияның немесе осы топология бар интегралды тәсiмнің дүние жүзiнiң кез келген елiнде алғаш рет пайдаланылғаны құжат арқылы расталған күннен бастап есептеледi.
2. Түпнұсқамен бiрдей басқа автор өз бетiмен жасаған топологияның пайда болуы осы баптың 1-тармағында аталған айрықша құқық мерзiмiн үзбейдi және тоқтатпайды.
55-тарау Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы
1017-бап. Ашылмаған ақпаратты құқықтық қорғау талаптары
1. Техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпаратты, оның iшiнде үшiншi тұлғаларға белгiсiз (ашылмаған ақпарат) өндiрiстiк құпияларды (ноу-хау) заңды түрде иеленетiн тұлғаның, егер осы Кодекстiң 126-бабының 1-тармағында белгiленген талаптар сақталса, осы ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғауға құқығы бар.
2. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы осы ақпаратқа қатысты қандай да болсын шарттылықты орындауға (оны тiркеу куәлiк алу және т. б.) қарамастан туындайды.
2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ашылмаған ақпаратты қорғау туралы ережелер, заң актілеріне сәйкес қызметтiк немесе коммерциялық құпия бола алмайтын мәлiметтерге (заңды тұлғалар туралы мәлiметтер, мүлiкке құқықтар және олармен мәмiлелер туралы мәлiметтер; статистикалық нысанда ұсынылуға жататын мәлiметтер және басқалары) қатысты қолданылмайды.
4. Ашылмаған ақпаратты қорғау құқығы осы Кодекстiң 126-бабының 1-тармағында көзделген талаптар сақталған жағдайда қолданыла бередi.
1018-бап. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Ашылмаған ақпаратты заңсыз негiзде алған немесе таратқан не оны пайдаланушы тұлға осы ақпаратқа заңды түрде иелік етушiге оны заңсыз пайдаланудан келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.
2. Егер ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланушы тұлға оны таратуға құқығы жоқ тұлғадан алса, ол туралы ақпаратты алушы бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал ниеттi алушы), ашылмаған ақпараттың заңды иесi адал ниеттi алушы оны пайдалану заңсыз екенiн бiлгеннен кейiн одан ашылмаған ақпаратты пайдаланудан келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
3. Ашылмаған ақпаратқа заңды иелiк етушi тұлға оны кiм заңсыз пайдаланса, содан оның пайдаланылуын дереу тоқтатуды талап етуге құқылы. Алайда сот ашылмаған ақпараттан адал ниеттi алушының оны пайдалануға жұмсаған қаражатын ескере отырып, оны айрықша тегiн лицензия талаптарымен одан әрi пайдалануға рұқсат беруi мүмкiн.
4. Ашылмаған ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердi өз бетiнше және заңды түрде алған тұлға бұл мәлiметтердi тиiстi ашылмаған ақпарат иесінің құқықтарына қарамастан пайдалануға құқылы және мұндай пайдалану үшiн оның алдында жауап бермейдi.
1019-бап. Ашылмаған ақпараттан заңсыз пайдаланудан қорғауға құқықтың ауысуы
1. Ашылмаған ақпаратқа иелiк етушi тұлға осы ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердiң бәрiн немесе оның бiр бөлiгiн лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға бере алады (осы Кодекстiң 966-бабы).
2. Лицензиат шарт бойынша алынған ақпарат құпиясын қорғауға тиiстi шараларды қолдануға мiндеттi және лицензиар сияқты оны үшiншi тұлғалардың заңсыз пайдалануынан қорғауға да сондай құқығы болады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиялық шарт тоқталғаннан кейiн де, егер тиiстi мәлiметтер ашылмаған ақпарат болып қала беретiн болса, ақпараттың құпиялылығын сақтау мiндетi лицензиатқа жүктеледi.
56-тарау. Азаматтық айналымға, тауарларға және қызмет көрсетулерге қатысушыларды
дараландыру құралдары
1. Фирмалық атау
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 1020-бап өзгертілді
1020-бап. Фирмалық атауға құқық
1. Заңды тұлғаның ресми бланкiлерде, баспа басылымдарында, жарнамада, маңдайшажазуларда, анықтамалықтарда, шоттарда, интернет-ресурстарда, тауарлар мен олардың қорабында және заңды тұлғаны даралауға қажеттi өзге де жағдайларда фирмалық атауды (осы Кодекстiң 38-бабы) пайдалануға айрықша құқығы бар.
2. Заңды тұлғаның фирмалық атауы оның жарғысы бекiтілген кезде айқындалады. Заңды тұлға белгiлi бiр фирмалық атаумен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiледi.
3. Тiркелiп қойған заңды тұлғаның фирмалық атауына ұқсас фирмалық атауды пайдалануға болмайды, өйткенi мұның өзi тиiстi заңды тұлғалардың ұқсап кетуiне, сондай-ақ олар шығаратын тауарлар немесе көрсететiн қызметтер жөнiнде жаңылыстыруға әкеп соғуы мүмкiн.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер бiр заңды тұлғаның фирмалық атауы басқа жеке немесе заңды тұлғаның тауар белгісімен (қызмет көрсету белгісімен) бiрдей немесе айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас болса және осындай бiрдейлiктің немесе ұқсастықтың нәтижесiнде тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкiн болса, онда айрықша құқығы ерте пайда болған дараландыру құралы (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі) басымдыққа ие болады. Осындай дараландыру құралының иеленушісi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған тауар белгісіне (қызмет көрсету белгісіне) берілген құқықтық қорғауды жарамсыз деп тануды немесе фирмалық атауды пайдалануға тыйым салуды талап етуге құқылы.
1021-бап. Заңды тұлғаның фирмалық атауын тауар белгiсінде пайдалану
Заңды тұлғаның фирмалық атауы оған тиесілі тауар белгісінде пайдаланылуы мүмкiн.
1022-бап. Фирмалық атауға құқықтың қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлғаны белгiлеу ретiнде Қазақстан Республикасында тiркелген фирмалық атауға айрықша құқық қолданылады.
Шет мемлекетте тiркелген немесе кеңiнен танымал фирмалық атауға Қазақстан Республикасының аумағындағы айрықша құқық заң актілерінде көзделген жағдайларда қолданылады.
2. Заңды тұлғаның таратылуына және оның фирмалық атауының өзгертiлуiне байланысты фирмалық атауға құқықтың қолданылуы тоқтатылады.
1023-бап. Фирмалық атауды иелiктен алу құқығы
1. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған және кәсiпорын тұтасымен иелiктен алынған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаның фирмалық атауын құқық иелiгiнен алуға және ауыстыруға жол берiлмейдi.
2. Фирмалық атауға құқықтың иесi басқа тұлғаға шартта келісілген әдістермен өз атауын пайдалануға рұқсат етуі (лицензия беруі) мүмкiн. Бұл орайда лицензиялық шартта тұтынушыны жаңылыстыруға жол бермейтiн шаралар көзделуге тиiс.
2. Тауар белгiсi
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 1024-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1024-бап. Тауар белгiсiн құқықтық қорғау талаптары
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тауар белгiсiн құқықтық қорғау оны тiркеудiң негiзiнде не Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың негiзiнде тiркеусiз берiледi.
Тiркелген не халықаралық шартқа орай тiркеусiз қорғалатын сөзбен жазылған, бейнеленген, көлемдiк белгiлер немесе бiр тұлғаның тауарларын немесе көрсететiн қызметтерiн екiншi тұлғаның бiртектес тауарлары мен қызметтерiнен ерекшелеу үшiн қолданылатын басқа да белгiлер тауар белгiсi (қызмет көрсету белгiсi) деп танылады.
Егер бiр жеке немесе заңды тұлғаның тауар белгісі (қызмет көрсету белгісі) басқа заңды тұлғаның фирмалық атауымен бiрдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас болса және осындай бiрдейлiктің немесе ұқсастықтың нәтижесiнде тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкiн болса, онда осы Кодекстiң 1020-бабының 4-тармағында көзделген ережелер қолданылады.
2. Тауар белгiсi ретiнде тiркеуге жол берiлмейтiн белгiлер, тауар белгiлерiн тiркеу, олардың қолданылуын тоқтату және тiркелген жарамсыз деп тану тәртібі, сондай-ақ тiркелмеген тауар белгiлерiн құқықтық қорғауға жол берiлуi мүмкiн болатын жағдайлар тауар белгiлерi туралы заң актілерімен белгiленедi.
3. Тауар белгiсiне құқық куәлiкпен куәландырылады.
1025-бап. Тауар белгiсiн пайдалану құқығы
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тауар белгiсiне құқық иесiнiң өзiне тиесiлi белгiлердi қолдануға және билiк етуге айрықша құқығы бар.
Тауар белгісі иелерінің оны пайдалануға құқықтарын тауар белгісінің ерекшелену қабілетіне нұқсан келтіруі мүмкін талаптармен шектеуге жол берілмейді.
2. Тауар белгiсiн кез келген айналымға енгізу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауардан сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану тауар белгiсiн пайдалану болып саналады.
2007.19.06 № 264-III ҚР Заңымен 2-тармақпен толықтырылды
3. Тауар белгілері және тауар белгілерімен белгіленген тауарлар жарнамасының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1026-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1026-бап. Қазақстан Республикасының аумағында тауар белгiсiн құқықтық қорғау
Қазақстан Республикасының аумағында құқықтық қорғау сараптама ұйымы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа орай халықаралық ұйым тіркеген тауар белгісіне берiледi.
1027-бап. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылу мерзiмi
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тауар белгiсiнiң басымдығы «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа орай белгiленедi.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тауар белгiсiне құқық өтiнiм тiркелген кезден бастап он жыл бойы күшiнде болады.
Тауар белгiсiне құқық иесiнiң тауар белгiсi қолданылуының соңғы жылы ішінде сараптама ұйымына берген арызы бойынша тауар белгiсiнiң қолданылу мерзiмiн он жылға ұзартудың тiркелуi мүмкiн. Ұзарту шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 1028-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1028-бап. Тауар белгісін пайдаланбаудың салдары
Тауар белгiсiн дәлелсiз себептермен үш жыл бойы үздiксiз пайдаланбаған жағдайда кез келген мүдделi тұлғаның талап етуi бойынша оның тiркелу күшiнiң жойылуы мүмкiн.
Тауар белгiсiн пайдалануға лицензиялық шарт жасасу оны пайдалану болып есептеледi.
1029-бап. Тауар белгісiне құқықтың ауысуы
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Құқық иесi барлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге не олардың бiр бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiне құқығын шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн.
2. Егер тауар белгiсiне құқық тауарға немесе оны дайындаушыға қатысты жаңылыстыруға себепкер болса, ол белгiге құқықты беруге жол берiлмейдi.
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тауар белгiсiне құқықтың ауысуы, соның iшiнде оның шарт бойынша немесе құқықтық мирасқорлық тәртібімен берiлуi сараптама ұйымында тiркелуге тиiс.
1030-бап. Тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат беру
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Құқық иесi тіркелген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге не олардың бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiн пайдалану құқығын лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн (осы Кодекстiң 966-бабы).
2. Лицензиатқа тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат ететiн лицензиялық шартта, лицензиат тауарларының немесе көрсететiн қызметiнiң сапасы лицензиар тауарларының немесе көрсететiн қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтындығы және лицензиардың осы шарттың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар екендiгi туралы талапты қамтуға тиіс.
3. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылуы тоқтатылған жағдайда лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
4. Тауар белгiсiне құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шарттың тоқтатылуына әкеп соқпайды.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1031-бап жаңа редакцияда
1031-бап. Тауар белгiсiне құқық беру және тауар белгісін пайдалануға құқықты табыстау
Тауар белгiсiне құқық беру туралы шарт, лицензиялық, қосалқы лицензиялық шар ттар жазбаша нысанда жасалады. Тауар белгiсiне құқық беру немесе тауар белгісін пайдалануға құқықты табыстау уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен тіркелуге жатады.
Шарттың жазбаша нысанының және (немесе) тіркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
Тіркеудің күшін жою «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2015.27.10. № 365-V ҚР Заңымен 1032-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1032-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1032-бап. Тауар белгiсiне құқықты бұзғаны үшін жауаптылық
1. Тауар белгiсi иесінің құқығын бұзған тұлға бұзушылықты дереу тоқтатуға және тауар белгісі иесінің шеккен залалдарын өтеуге міндетті.
2. Тауар белгісін немесе оған айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемені немесе жалпыға бірдей белгілі тауар белгісін пайдаланудың құқыққа сыйымдылығын айқындауға байланысты дауларды сот Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
3. Тауар белгісі немесе оған айырғысыз дәрежеге дейiн ұқсас белгілеме құқық иеленушінің келісімінсіз орналастырылған тауар және оның қаптамасы контрафактілік деп танылады. Контрафактілік тауарлар және олардың қаптамалары, сондай-ақ оларды жасау үшін пайдаланылған саймандар, жабдық немесе өзге де құралдар мен материалдар осындай тауарларды айналымға енгізу қоғамдық мүдделер үшін қажет болатын және Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзбайтын жағдайларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде айналымнан шығарылуға және тәртіп бұзушының есебінен жойылуға жатады.
4. Құқық иеленуші осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда контрафактілік тауарлардан және олардың қаптамаларынан заңсыз орналастырылған тауар белгісін немесе оған айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемені алып тастауды талап етуге құқылы.