2. Өңірлік кеңес делегаттары төрт жыл мерзімге тікелей дауыс беру арқылы сайланады.
3. Кәсіпкерлік субъектісінің тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында мемлекеттік тіркелуі, сондай-ақ оның филиалының есептік тіркелуі фактісі оны нақты сайлау учаскесінде дауыс беретін мүшелер тізіміне енгізу үшін негіз болып табылады.
4. Өңірлік кеңес делегаттарына кандидаттар ұсынуды:
өңірлік палатада аккредиттелген қауымдастықтар (одақтар) қауымдастықтың (одақтың) және (немесе) оның филиалының тіркелген орны бойынша;
кәсіпкерлік субъектілері өздерін сайлаушылар тізімдеріне енгізген орны бойынша жүргізеді.
5. Өңірлік кеңесті өз өкілеттіктері мерзіміне жасырын дауыс беру арқылы қарапайым көпшілік дауыспен өзінің құрамынан мүшелері сайлайтын төраға басқарады. Өңірлік кеңестің төрағасы лауазымы бойынша төралқа мүшесі болып табылады.
6. Өңірлік кеңес:
1) өңірлік палата дирекциясына мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдеседі;
2) басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдеседі;
3) съезге делегаттар сайлайды;
4) өңірлік палата және өңірлік палаталардың филиалдары қызметінің шеңберінде Ұлттық палатаның міндеттерді орындау барысын және мақсаттарға қол жеткізуін бақылайды;
5) өңірлік палаталардың ағымдағы қызметінде экономиканың нақты салалары мен секторлары мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз етеді;
6) съезге Ұлттық палата қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
7) өңірлік палаталар мен өңірлік палаталардың филиалдары басшыларының кандидатураларын тағайындау үшін келіседі;
8) кәсіпкерлік мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізеді;
9) өңірлік палатаның жарғысына сәйкес өңірлік кеңеске жүктелген өзге де мәселелерді шешеді.
7. Өңірлік кеңестің мүшелері өңірлік палаталардың басқару органдарынан және олардың филиалдарынан, Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалардан олардың қызметін жүзеге асыруға байланысты ақпарат сұратуға құқылы.
8. Өңірлік кеңестің шешімдері өңірлік кеңес отырысына қатысатын мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
26-бап. Өңірлік палаталардың, аудандық және қалалық филиалдардың атқарушы органдары
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Өңірлік палатаның дирекциясын өңірлік кеңеспен келісу бойынша басқарма тағайындайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Өңірлік палата филиалының директорын өңірлік кеңеспен келісу бойынша өңірлік палата дирекциясы тағайындайды және лауазымынан босатады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Өңірлік палатаның дирекциясын тағайындауға қатысты өңірлік кеңес пен басқарма арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, мұндай шешімді төралқа қабылдайды.
3. Өңірлік палата және өңірлік палаталардың тиісті филиалдары дирекциясының лауазымына кандидаттардың съезд белгілеген талаптарға сәйкес біліктілік деңгейі мен жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 26-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
26-1-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
1. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалады.
2. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді оның аппараты жүзеге асырады.
Аппараттың құрылымы, сандық және дербес құрамын Ұлттық палата Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен келісу бойынша бекітеді.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің аппараты туралы ережені Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бекітеді.
27-бап. Мүдделер қақтығысы
Осы Заңда және Ұлттық палатаның жарғысында көрсетілген мақсаттарға қайшы келетін мақсаттарда лауазымдық жағдайды пайдалануға жол берілмейді.
Мүдделер қақтығысын болғызбау және (немесе) реттеу жөніндегі шаралар Ұлттық палатаның жарғысында белгіленеді.
5-1-тарау. 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫҢ МҮШЕЛЕРІ. МІНДЕТТІ МҮШЕЛІК ЖАРНАЛАР
28-бап. Ұлттық палатаның мүшелері
1. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палатаның мүшелері болып табылады.
2. Ұлттық палатаның мүшелері:
1) Ұлттық палата тарапынан кәсіптік қолдау мен қорғауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;
2) оның басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
3) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салулармен жүгінуге және Ұлттық палатаға берілген өкілеттіктер шегінде дәлелді жауаптар алуға, оның қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) осы Заңда және оның жарғысында көзделген тәртіппен Ұлттық палатаны басқаруға қатысуға;
5) Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытудан, қайта даярлаудан және біліктілікті арттырудан өтуге;
6) білікті ақпараттық-талдамалық қолдау, оның ішінде әртүрлі бейіндегі тәуелсіз сарапшылар көрсететін қызметтер алуға;
7) Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртіппен оның қызметі туралы есептерді тыңдауға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
3. Ұлттық палатаның мүшелері міндетті мүшелік жарналар төлеуге міндетті.
4. Ұлттық палата мүшелерінің құқықтары тең.
5. Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға құқылы емес.
6. Дауларды реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
29-бап. Міндетті мүшелік жарналар
1. Съезд бекітетін міндетті мүшелік жарналардың мөлшерін Ұлттық палата жыл сайын 1 шілдеге дейінгі мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда жариялайды.
2. Міндетті мүшелік жарнаның мөлшерін айқындау мақсатында осы Заңның 4-бабының 2-тармағында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілері:
1) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдыңғы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, айлық есептiк көрсеткiштің есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда алпыс мың еселенген мөлшерінен аспайтын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi;
2) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдыңғы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, айлық есептiк көрсеткiштің есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда алпыс мың еселенген мөлшерінен асатын және айлық есептiк көрсеткiштің бір жарым миллион еселенген мөлшерінен аспайтын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi;
3) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдағы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда айлық есептiк көрсеткiштің бір жарым миллион еселенген мөлшерінен асатын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi болып бөлінеді.
3. Міндетті мүшелік жарналардың мөлшерін бекіту мақсатында съезд осы баптың 2-тармағында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілерінің топтары ішінде сатылауды белгілейді.
4. Ұлттық палата міндетті мүшелік жарна бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген тәртіппен мемлекеттік кіріс органы ұсынған мәліметтер негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне есеп шотын шығарады.
5. Кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палата шығарған есеп шоты негізінде ағымдағы жылғы 25 мамырдан, 25 тамыздан, 25 қарашадан кешіктірмей міндетті мүшелік жарналарды тең үлестермен төлейді.
6. Съездің шешімі бойынша есепті кезеңде мүгедектер саны қызметкерлерінің жалпы санының кемінде елу бір пайызын құрайтын ұйымдар міндетті мүшелік жарналарды төлеуден босатылуы мүмкін.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзу Ұлттық палата мен оның лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылығына әкеп соғады.
31-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн өз атауларында «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы», «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» деген толық сөз тіркестерін пайдалана отырып тiркелген заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш ай iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қайта тiркелуге жатады.
2. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға жатады. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарын тарату кезінде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жіберіледі.
32-бап. Құрылтай кезеңі және өтпелі кезең
1. Ұлттық палатаның құрылуын және жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл құрылтай кезеңі және бес жылға дейін өтпелі кезең белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада филиалдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдарда кемінде бес жыл аккредиттеу тәжірибесі бар қауымдастық (одақ) Ұлттық палатаның құрылтайшылары болып табылады.
3. Ұлттық палатаның құрылтайшылары:
1) Ұлттық палатаның жарғысын бекітеді;
2) лауазымы бойынша төралқаның құрамына кіретін өңірлік кеңестер төрағаларын қоспағанда, бірлескен шешіммен төралқа мүшелерін тағайындайды.
4. Осы Заңмен және Ұлттық палатаның жарғысымен съездің құзыретіне жатқызылған өкілеттіктер құрылтай кезеңі ішінде төралқаға жүктеледі.
5. Басқарманы және тексеру комиссиясын осы Заңда белгіленген мерзімге төралқа тағайындайды. Басқарманың ұсынуы бойынша төралқа тиісті өңірлік палаталардың дирекциясын және өңірлік кеңестердің мүшелерін тағайындайды.
6. Өңірлік кеңестердің тағайындалған мүшелері өз төрағаларын сайлайды. Өңірлік кеңестердің төрағалары өздерін сайлағаннан кейін төралқаның құрамына кіреді.
7. Төралқа тиісті филиалдардың басшыларын басқарманың ұсынуы бойынша тағайындайды.
8. Съезд осы Заңның талаптары ескеріле отырып, құрылтай кезеңі аяқталғаннан кейін шақырылады. Съездің бірінші шақырылымы ішінде басқару органдары сайланбайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Осы Заңның 29-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілері осы Заңның 29-бабының 4-тармағы қолданысқа енгізілген кезден бастап бес жыл ішінде міндетті мүшелік жарналар төлеуден босатылады.
10. Осы Заңның 25-бабына сәйкес облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада өңірлік кеңестерді қалыптастыру аяқталған, сондай-ақ кезекті съезд шақырылған кезден бастап өтпелі кезең аяқталған болып есептеледі.
11. Өтпелі кезең аяқталған соң Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық палатаға қатысушылардың құрамынан шығады.
33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң қолданысқа енгізілетін 14-бапты;
2) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 2-тармағын және 29-баптың 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң «Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы» 2005 жылғы 3 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 9, 25-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 80-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы шілденің 4-і.
№ 129-V