6. Волонтерлік ұйым өзі белгілеген тәртіппен волонтерлерді көтермелеуді жүзеге асырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелеу және (немесе) наградтау үшін анағұрлым ерекшеленген волонтерлердің кандидатураларын волонтерлік қызметті ұйымдастырушыға, сондай-ақ волонтерлік қызметті ұйымдастырушылар болып табылмайтын мемлекеттік органдарға ұсынады.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Волонтермен жазбаша нысанда жасалған азаматтық-құқықтық шартта көзделген жағдайларда, волонтерлік ұйым волонтерге арнаулы киім береді және оның нақты тұратын жерінен жол жүруіне, тұруына, тамақтануына, қажетті жеке қорғаныш құралдарын, құрал-саймандарды сатып алуға арналған шығыстарын және ауыр жұмыстармен, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы жұмыстармен байланысты жұмыстарды орындау кезіндегі өзге де шығындарын өтейді.
8. Волонтерлік ұйым Волонтердің әдеп кодексін әзірлейді және бекітеді.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды
9. Волонтерлік ұйым өз ұйымында волонтерлердің есебін жүргізуге құқылы.
15-бап. Волонтерлік қызметті ұйымдастырушы
1. Волонтерлік қызметті ұйымдастырушы:
1) волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруды және волонтерлік акцияларды өткізуді ұйымдастырады;
2) волонтерлік қызметті қолдау мен ынталандырудың мемлекеттік бағдарламаларын, егер бұл осы бағдарламаларда көзделсе, іске асыруға қатысады;
3) волонтерлік ұйымға және (немесе) волонтерге жоспарланатын және жүзеге асырылатын волонтерлік бағдарламалар (жобалар) және волонтерлік акциялар, оларға қатысушылардың саны, олардың өткізілу орны мен уақыты, оларды өткізуге қойылатын талаптар туралы ақпаратты, соның ішінде өздерінің интернет-ресурстарына орналастыру арқылы береді;
4) волонтерлік қызметті жүзеге асыру үшін волонтерге жағдай жасайды;
5) волонтерлік ұйымға және (немесе) волонтерге ұсыным хат береді.
16-бап. Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімі
1. Волонтерлік қызметті ұйымдастыруды ретке келтіру мақсатында Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімі жүргізіледі.
2. 2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Волонтерлік қызмет туралы мәліметтер жалпыға қолжетімді болып табылады.
17-бап. Волонтерлік қызметті қолдау және қаржылық қамтамасыз ету
1. Волонтерлік қызметті қолдау шаралары қайырымдылық көмек түрінде мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:
1) материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
2) мүліктік қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қолдау нысандары.
2. Волонтерлік қызметті қаржылық қамтамасыз ету жеке және (немесе) заңды тұлғалардың меншікті немесе тартылған қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздер есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Мемлекет волонтерлерді «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік наградалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және шарттарда мемлекеттік наградалармен наградтау арқылы волонтерлік қызметті ынталандырады.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Мемлекет волонтерлік ұйымдарға «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммуналдық мүлікті кейіннен сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен сенімгерлік басқаруға беру түрінде қолдау көрсетеді.
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
18-бап. Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2016 жылғы желтоқсанның 30-ы.
№ 42-VI