7. Осы бапқа сәйкес барлауға арналған лицензиядан айырылған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және осы Кодексте көзделген мерзімде жою жөніндегі жұмыстарға кірісуге міндетті.
8. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны қайтарып алу жер қойнауының тиісті учаскесі туралы мәліметтерді мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына енгізуге негіз болып табылады.
201-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны алуға айрықша құқық
1. Жер қойнауы учаскелерінің шекаралары ортақ (аралас учаскелер) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған бір немесе бірнеше лицензиялардың иесі:
1) пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорлары пайдалы қатты қазбалар ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте расталған кен орны табылған жағдайда барлау учаскесінің (аралас барлау учаскелері) шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны (лицензияларды) алуға;
2) кең таралған пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорлары кең таралған пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте расталған кен орны табылған жағдайда барлау учаскесінің (аралас барлау учаскелері) шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны (лицензияларды) алуға;
3) геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есепте расталған пайдалы қазбалар кен орны жоқ болған немесе оның ресурстары аз мөлшерде болған жағдайларда жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия алуға айрықша құқыққа ие болады.
2. Айрықша құқық барлауға арналған лицензияның (лицензиялардың) қолданылу мерзімінің кез келген уақытында іске асырылуы мүмкін.
3. Жер қойнауын пайдаланушы айрықша құқықтан барлауға арналған лицензияның (лицензиялардың) қолданысы тоқтатылған кезде айырылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына тиісінше пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны немесе кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны басым тәртіппен беру туралы өтінішпен жүгіну арқылы айрықша құқықты іске асырады.
Өтінішті қарау және көрсетілген лицензияларды беру осы Кодекстің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
5. Егер барлауға арналған лицензия аумағы шегіндегі жер қойнауы учаскесіне лицензия беру туралы өтінішті бергеннен кейін барлауға арналған лицензияның мерзімі өтсе, осы баптың 4-тармағында көзделген лицензия берілгенге не оны беруден бас тартылғанға дейін барлауға арналған лицензия жер қойнауы учаскесінің мәлімделген бөлігінде өз қолданысын жалғастырады.
Осы тармаққа сәйкес мәлімделген жер қойнауы учаскесі бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға немесе кең таралаған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру үшін барлауға арналған лицензияның қолданысы кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) барлауға арналған ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелерді мойнына алмайды;
2) белгіленген мөлшерде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдерін) төлеуге міндетті;
3) осындай учаскеде барлауды жүзеге асыруға құқылы.
6. Осы бапта көзделген айрықша құқықты басқаға беруге жол берілмейді.
28-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру
202-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша оны иеленушінің мынадай операцияларды:
1) пайдалы қатты қазбаларды өндіруді (алуды);
2) тау-кен жұмыстарын жүргізу, тау-кен өндіруші және (немесе) тау-кен-қайта өңдеу өндірісін, техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалануды;
3) өндіру учаскесіне барлау (пайдаланылатын барлауды) жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы бар.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру деп жерасты газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық сілтісіздендіру, буландыру, седименттеу және конденсаттау арқылы шашыранды кен орындарын драгалық және гидравликалық жолмен әзірлеу жұмыстарын, сондай-ақ өндіру учаскесінің аумағында алынған пайдалы қазбаларды жинауды, уақытша сақтауды, ұсақтауды және сұрыптауды қоса алғанда, пайдалы қатты қазбаларды кенжатындардан алуға және (немесе) жер бетіне шығаруға бағытталған және сонымен тікелей байланысты жұмыстар кешені түсініледі.
203-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілетін аумақтар
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалатын аумақтарға беріледі.
2. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны:
1) тармақшаның қолданысы 2023 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
1) осы Кодекстің 25-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда;
2) басқа тұлғаның келісімінсіз көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін оның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің аумағына;
3) пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер қойнауы учаскесінің аумағына;
4) пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру салдарын жою жүргізіліп жатқан жер қойнауы учаскесінің аумағына;
5) уран кен орнын немесе табиғатта сирек кездесетін уран кен орнын қамтитын жер қойнауы учаскесінің аумағына беруге жол берілмейді.
204-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға құзыретті органға ол белгілеген нысан бойынша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылары туралы, өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын жеке, заңды тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) алаң есептері (көлемдері) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесі аумағының сипаттамасы;
3) осы тарауда көзделген мерзімнен аспайтын сұралатын жер қойнауы учаскесін пайдаланудың мерзімін көрсету.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) өтініш иесі туралы мәліметтерді растайтын құжаттар көшірмелері;
2) сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар: көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, жер бетінің топографиялық картасы;
3) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттіктерін растайтын құжат;
4) осы Кодекстің 216-бабына сәйкес әзірленген тау-кен жұмыстары жоспарының жобасы;
5) осы Кодекстің 217-бабына сәйкес әзірленген жою жоспарының жобасы;
6) өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қатты қазбалар ресурстарын және қорларын бағалау туралы есеп;
7) егер өтінішті барлауға арналған лицензияның иесі айрықша құқық бойынша берсе және өтініш берілген кезде мұндай есеп құзыретті органға ұсынылмаса, өтінішті берудің алдыңғы күніне есепті кезең үшін барлау учаскесі бойынша лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есеп;
8) егер барлауға арналған лицензияның иесі айрықша құқық бойынша өтініш берсе, барлауға арналған лицензия бойынша ағымдағы есепті кезеңде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемдері) төлеленгенңн растайтын құжат;
9) өтініш иесінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға қаржылық, кәсіптік және техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат;
10) сұралатын жер қойнауы учаскесінде (оның бөлігінде) көмірсутектер өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушының келісімі;
11) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы толық немесе ішінара елді мекендердің жерлеріне және оларға бір мың метр жерде іргелес жатқан аумаққа тиесілі болса, осы Кодекстің 25-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы келісім;
12) өтініш иесінің республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің жоқ екендігі туралы, өтініш берген күннің алдындағы күннен күнтізбелік он күннен ерте берілмеген, салық органынан анықтама.
4. Өтініш иесінің өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті қаржылық мүмкіндіктерінің болуын растау үшін мынадай құжаттардың бірі ұсынылады:
1) лицензия беруге өтініш берілетін күннің алдындағы алты ай ішінде сұралатын лицензия қолданысының алғашқы үш жылында өндіруге талап етілетін ең төмен шығыстарды өтеу үшін жеткілікті мөлшерде ақшаның тұрақты болуын (қалдығын) растайтын екінші деңгейдегі банктердің кез келгенінде өтініш иесі ашқан банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірме;
2) қарыздың нысаналы мақсаты ретінде өтініш иесінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі қызметін қаржыландыруды көздейтін, сондай-ақ сұралатын лицензия қолданысының алғашқы үш жылында өндіруге талап етілетін ең төмен шығыстарды өтеу үшін жеткілікті қарыз сомасын (қаржыландыру) растайтын ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шарты), қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі;
3) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған аудиторлық есеппен бірге өтініш иесі активтерінің мөлшері сұралатын лицензия қолданысының алғашқы үш жылында өндіруге ең төмен шығыстардың шамасынан оның міндеттемесі асатын лицензия беруге өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік жылға дайындалған өтініш иесінің қаржылық есептілігі;
4) Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын қор биржасы таныған рейтингтік агенттіктің өтініш иесіне өтініш берілген күннің алдындағы жыл ішінде құзыретті орган айқындайтын ең төменгі рейтингтік бағадан төмен болмайтын рейтингтік баға беру туралы хаты.
Егер өтініш иесінің қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде қаржы ұйымы болып табылмайтын тұлға қарыз беруші болатын (қаржыландыратын) ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шарты) немесе қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі ұсынылса, өтінішке қосымша аталған тұлғада осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3) немесе 4) тармақшаларында көзделген қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттардың бірі қоса беріледі.
5. Өтініш иесінің өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті кәсіби мүмкіндіктердің болуын растау үшін мынадай құжаттардың кез келгені ұсынылады:
1) штатында мамандардың болуы туралы анықтама немесе мынадай салалардағы:
геология немесе геофизика;
тау-кен инженериясы;
геодезия және маркшейдер мамандарымен жасалған қызметтер көрсету шартының көшірмесі;
2) мердігер ұйыммен қызметтер көрсету шартының көшірмесі немесе өтініш иесіне өндіруге арналған сұралатын лицензия берілген жағдайда, осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын, штатында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында санамаланған мамандар бар оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмелері.
Егер өтініш иесінің кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде мердігер ұйыммен қызметтер көрсету шартының немесе осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмелері ұсынылса, өтінішке қосымша мердігер ұйымның (оператордың) штатында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мамандардың болуы туралы анықтама немесе тиісті мамандармен қызметтер көрсету шарттарының көшірмелері қоса беріледі.
6. Мына құжаттардың кез келгені:
1) өтініш иесіне «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген тау-кен және химиялық өндірістерді пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі;
2) мердігер ұйыммен ниеттер шартының, қызметтер көрсетудің алдын ала немесе негізгі шартының, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген лицензияны иеленуші өтініш иесіне өндіруге арналған сұралатын лицензия берілген жағдайда осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсетуінің алдын ала немесе негізгі шартының көшірмелері өтініш иесінің өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайды.
Егер өтініш иесінің техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде мердігер ұйыммен ниеттер шартының, қызметтер көрсетудің алдын ала немесе негізгі шартының не осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсетуінің алдын ала немесе негізгі шартының көшірмелері ұсынылса, өтінішке қосымша осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген лицензияның көшірмесі қоса беріледі.
7. Осы бапта көзделген пайдалы қатты қазбалар ресурстарын және қорларын бағалау туралы есепті Қазақстандық геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлар туралы жария есептілігінің кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес құзыретті тұлға дайындауға тиіс.
8. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.
9. Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Өтінішке қоса берілетін, шет тілінде жасалған құжаттардың көшірмелері қазақ және орыс тілдерінде аудармамен бірге беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
10. Өтініштің құзыретті органға түскен күні мен уақыты өтініш беру кезі деп айқындалады және есепке алуға жатады.
11. Берілген өтініш туралы мәліметтер құзыретті органның интернет-ресурсында өтініш берілген күннен бастап екі күн ішінде орналастыруға жатады және мыналарды қамтуға тиіс:
1) өтініш иесінің атауын (тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) өтініш иесі пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумақтың координаттарын;
3) өтініштің келіп түскен күні мен уақытын.
205-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру туралы өтінішті қарау
1. Құзыретті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны қарайды және осы Кодекстің 207-бабы 1-тармағының 1) - 6) тармақшаларында көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтінішті, өтінішке қоса берілетін пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және қорларын бағалау туралы есепті және сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтерді қамтитын құжаттарды жібереді.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және қорларын бағалау туралы есептен мәліметтерді мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына енгізеді және өтінішті және оған қоса берілетін құжаттарды он жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 207-бабы 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көзделген лицензияны беруден бас тарту үшін негіздердің болуы нысанына қарайды.
Егер өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі жер қойнауының кеңістігін пайдалануға, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялар бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жататын болса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы өтініш иесін және құзыретті органды хабардар етеді. Хабарламада біріктірілген аумақтардың координаттары мен алаңы және сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағынан осы аумақты алып тастау тәсілдері туралы ұсынымдар көрсетіледі. Өтініш иесі хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініштен бас тартуға немесе жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның ескертулерін есепке ала отырып, сұралатын жер қойнауы учаскесі туралы өзгертілген мәліметтерді ұсынуға құқылы.
Егер өтініш иесі белгілеген сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекарасы осы Кодекстің 209-бабының талаптарына сәйкес келмесе, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы өтініш иесін және құзыретті органды хабардар етеді. Хабарламада анықталған сәйкессіздіктер мен оларды жою тәсілдері туралы ұсынымдар көрсетіледі. Өтініш иесі хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде анықталған сәйкессіздіктерді жояды, бұл туралы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды хабардар етеді не өз қарсылығын жазбаша түрде жолдайды. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сұралатын жер қойнауы учаскесі шекарасының осы Кодекстің 209-бабының талаптарына сәйкестігі туралы мәселені қайта қарайды.
Сұралатын жер қойнауы учаскесі шекарасының сәйкестігі туралы мәселені қарау қорытындылары бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы шекараларды келіседі не келісуден бас тартады, бұл туралы құзыретті органды және өтініш иесін хабардар етеді. Осы тармақта көзделген сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары туралы өзгертілген мәліметтерді ұсыну мерзімдерін өтініш иесі бұзған жағдайда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекараларын келісуден бас тартады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекараларымен келіспеген жағдайда құзыретті орган осы Кодекстің 207-бабы 1-тармағының 7) немесе 8) тармақшаларына сәйкес өтініш иесіне лицензияны беруден бас тартады.
3. Сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісілген жағдайда құзыретті орган өтініш иесіне үш жұмыс күні ішінде тиісінше осы Кодекстің 216 және 217-баптарында көзделген тау-кен жұмыстарының жоспарын келісу, жою жоспарына сараптама жүргізу қажеттілігі туралы хабарлама жібереді. Хабарлама өтініш иесіне жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
Өтініш иесі келісілген тау-кен жұмыстарының жоспарын және сараптаманың оң қорытындылары бар жою жоспарын құзыретті органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген хабарлама күннен бастап бір жылдан кешіктірмей ұсынуға тиіс.
Өтініш иесі құзыретті органға осындай ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып, көрсетілген мерзімді ұзарту үшін жүгінуге құқылы. Құзыретті орган осы мерзімді, егер осындай ұзартудың қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бір жылдан аспайтын кезеңге ұзартады.
4. Құзыретті орган өтініш иесіне пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны мемлекеттік сараптамалардың оң қорытындылары ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
5. Өтініш иесіне басқа тұлғаға тиесілі немесе соның пайдалануындағы жер учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі берілген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы осы жер қойнауы учаскесінде көрсетілген жер учаскесінің жер бетіндегі ең төменгі нүктесінен отыз метр шекте осындай тұлғаның келісімінсіз операцияларды жүргізуге құқығы жоқ.
6. Осы баптың 3-тармағында көзделген хабарлама облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жерлерді жер қойнауын пайдалану мақсаты үшін резервте қалдыру үшін негіз болып табылады.
7. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер учаскесіне жерді пайдалану құқығын жер қойнауын пайдаланушыға беруі үшін негіз болып табылады.
8. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру үшін өтініш беру және оны қарау тәртібін құзыретті орган айқындайды.
206-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияларды берудің басымдығы
1. Құзыретті органға берілген, сол бір аумақты қамтитын пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияларды беру үшін өтініштер келіп түскен кезектілік тәртібіне қарай қаралады.
2. Кезекті өтініш алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тартылғаннан кейін ғана қаралады.
Құзыретті орган кезекті өтінішті қарауға алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензия беруден бас тарту туралы өтініш иесін хабардар еткен күннен бастап он жұмыс күні өткен соң кіріседі.
Егер бас тарту туралы шешімге өтініш иесі сотқа шағымданса, кезекті өтінішті қарау туралы мәселені құзыретті орган шағым қарау нәтижелері бойынша шешім күшіне енгеннен кейін шешеді.
3. Өндіруге арналған лицензия келіп түскен өтініштердің ішінен бірінші болып осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін өтініш иесіне беріледі.
4. Лицензияны беру туралы шешім қабылданған өтініштен кейін келіп түскен өтініштер бойынша лицензияларды беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
207-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тарту
1. Құзыретті орган мынадай негіздемелердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) өтініш бергенге дейін бір жыл ішінде өтініш иесінің немесе өтініш иесін тікелей не жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаның жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиясын осы Кодексте көзделген негіздер бойынша жер қойнауының сұралатын учаскесі бойынша құзыретті орган қайтарып алған болса;
4) өтініш берілген күннің алдындағы бес жыл ішінде өтініш иесі немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға өздерінің пайдалануындағы жер қойнауы учаскелеріндегі жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелерін орындамаса немесе тиісінше орындамаса;
5) өтініш иесіне не өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаға бұрын берілген жер қойнауын пайдалану құқығы сұралатын жер қойнауы учаскесіне (оның бір бөлігіне) қатысты өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде тоқтатылса;
6) лицензияны беру ұлттық қауіпсіздікке қауіп туындауына алып келетін болса;
7) сұралатын жер қойнауы учаскесі немесе оның бір бөлігі жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензия не пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жатса;
8) сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары осы Кодекстің талаптарына сәйкес келмесе;
9) өтініш иесі осы Кодекстің талаптарына сәйкес келісілген тау-кен жұмыстары жоспарының жобасын құзыретті органға беру мерзімін сақтамаса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартады.
2. Лицензияны беруден бас тарту уәжді болуға тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес лицензияны беруден бас тарту осындай бас тарту үшін негіз болған себептер көрсетілмей шығарылады.
3. Өтініш иесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензия беруден бас тарту туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей лицензияны беруден бас тартуға шағым жасауына болады.
4. Лицензия беруден бас тарту өтініш иесін қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
5. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша айрықша құқық негізінде берілген жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартуға барлауға арналған лицензия шарттарының жойылмаған бұзушылықтары болған кезде ғана не осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес жол беріледі.
Егер айрықша құқық бойынша барлауға арналған лицензияны беру туралы өтінішті берген кезде осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген мән-жайлар бар болса, құзыретті орган өтінішті қабылдайды және анықталған ескертулерді жою қажеттілігі туралы өтініш иесін хабардар етеді. Бұл жағдайда өтінішті қарау мерзімі өтініш иесінің көрсетілген ескертулерді жоюы және құзыретті органға өтінішті қайта беруі үшін күнтізбелік отыз күнге ұзартылады.