9. Егер келісімшарт шеңберінде уран өндіру кезеңі кемінде жиырма жыл мерзімге белгіленсе, өндіру кезеңін ұзарту кезінде келісімшарт шарттары осындай ұзарту күнінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтірілуге жатады.
174-бап. Уран өндіру кезінде жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану
1. Уран өндіруді жүргізудің міндетті шарттары:
1) жер қойнауын қорғауды қамтамасыз ету;
2) жоғары технологияларды қолдану және жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау болып табылады.
Жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы ретінде уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қолданылатын ұтымды, қауіпсіз, қажетті және экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылатын жалпы қабылданған халықаралық практика түсініледі.
2. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау:
1) халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға;
2) табиғи ландшафтарды сақтауға және бүлінген жерлерді, өзге де геоморфологиялық құрылымдарды қалпына келтіруге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, технологиялық және басқа да іс-шаралар жүйесін қамтиды.
3. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану мен қорғау саласындағы талаптар:
1) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізудің барлық кезеңдерінде жер қойнауы ресурстарын ұтымды және экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
2) таңдап өндіруге жол бермей, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан алудың толықтығын қамтамасыз ету;
3) уран қорларын және ілеспе құрауыштарды анық есепке алу;
4) ауыз сумен немесе өнеркәсіптік сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын, су жинау алаңдарында және жерасты сулары бар жерлерде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;
5) уран кен орындарын пайдалануды және игеруді қиындататын, жер қойнауын су басудан, өрттен және басқа да дүлей факторлардан қорғау;
6) уранды немесе өзге де заттар мен материалдарды сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде жер қойнауының ластануын болғызбау;
7) уран өндіру жөніндегі операцияларды тоқтата тұрудың, тоқтатудың, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюдың, жер қойнауы учаскесін консервациялаудың белгіленген тәртібін сақтау;
8) қалдықтарды қоймаға жинап қою мен орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету болып табылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдаланумен байланысты жұмыстарды жобалау, уран кен орындарын игеру жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде осы Кодексте белгіленген жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану және жер қойнауын қорғау жөніндегі талаптарды қамтамасыз етуге міндетті.
5. Осы Кодекске сәйкес белгіленген жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу салдарынан келтірілген нұқсанның мөлшерін уран өндіру саласындағы уәкілетті орган өзі айқындаған тәртіппен белгілейді.
25-тарау. Уран өндіру шарттары
175-бап. Уран өндірудің жалпы шарттары
1. Уран өндірудің міндетті шарттары жоғары технологияларды қолдану және жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
2. Өндірілген уран санын есепке алу мақсатында, жер қойнауына сілтісіздендірілген ертінділермен қайтарылатын уранды есептен шегере отырып, өнімділік ерітінділермен жер бетіне шығарылған уран айқындалады.
176-бап. Уран өндіру шарттары
1. Уран өндіру жөніндегі операциялар жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасына және (немесе) кен орнын игеру жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
2. Уран өндіру жөніндегі барлық жұмыстар құжаттандырылуға жатады.
3. Уран өндіру кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) өндіруде қолданылатын техникалық құралдарының оңтайлылығы мен қауіпсіздігін;
2) өндірілген және жер қойнауында қалдырылатын уран қорларын, оларды қайта өңдеу өнімдерін және өндіру кезінде пайда болатын өндіріс қалдықтарын анық есепке алуды;
3) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің және (немесе) өндірудің нормалары мен стандарттарын, қолданылатын әдістері мен тәсілдерін сақтауды;
4) өндіру қалдықтары мен қайта өңдеу өнімдерін қоймаға жинап қою және орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындауды;
5) тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында және кен орнын игеру жобасында көзделген тәртіппен уранды алуды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Өндіру барысында алынатын уран және басқа да ілеспе пайдалы қазбалар, егер осы Кодексте немесе келісімшартта өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.
5. Минералдық шикізатты шығару жөніндегі операцияларға байланысты жерасты сілтісіздендіру тәсілі кезінде жер бетіне шығарылған өнімділік ерітінділер, егер осы ерітінділер олардан уран және басқа да ілеспе пайдалы қазбалар алынғаннан кейін сол көлемде жер қойнауына айдалса, жерасты суларын өндіруге жатпайды.
6. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтаған жағдайда, Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес суды пайдалану арнайы рұқсатын алмастан жер қойнауы учаскесі шегінде уранды және жер бетіне шығарылған өнімділік ерітінділерден алынған құрамында пайдалы құрауыштары бар басқа да пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыруға құқылы.
Ілеспе өндірілген жерасты суларын одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
177-бап. Уран өндіру салдарын жою
1. Уран өндіру салдарын жою жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған өндіру салдарын жою жобасына сәйкес жүргізіледі.
Уран өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекіткен уран өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
2. Уран өндіру салдарын жою:
1) осы Кодекстің 164-бабының 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;
2) жер қойнауын пайдаланушы мемлекетке қайтаруға ниеттеніп отырған жер қойнауы учаскесінде (оның бөлігінде) жүргізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауының осы учаскесіне қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде уран бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасын бекітуге және осы Кодексте көзделген сараптамалардан өту үшін ұсынуға;
2) уран өндіру салдарын жою жобасында белгіленген мерзімде жер қойнауы учаскесінде өндіру салдарын жоюды аяқтауға міндетті.
4. Уран өндіру салдарын жою:
1) жер қойнауын пайдаланушы не тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға;
2) құзыретті органның өкілі;
3) қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
4) жеке меншіктегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде өндіру салдарын жою жүргізілген жағдайда - жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы жою актісіне қол қойған күннен бастап аяқталған болып есептеледі.
Бұл ретте, егер жою актісіне қол қойылғаннан кейін он жыл ішінде жер қойнауын пайдаланушы, тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлғаның өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жою жобасын бұза отырып орындағаны анықталса, онда мұндай тұлғалар анықталған бұзушылықты құзыретті органмен келісілген мерзімде өз есебінен жоюға міндетті.
5. Уран өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындау банктік салым кепілімен қамтамасыз етіледі.
6. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында және кен орнын игеру жобасында уран өндірудің жоспарланатын көлемдеріне пропорционалды түрде айқындалған мөлшер сомасында ақша салу арқылы қалыптасады.
Банктік салым салынатын жарналардың мөлшері уран өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құны негізінде тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында және кен орнын игеру жобасында айқындалады және игеруді талдау шеңберінде үш жылда кемінде бір рет қайта есептелуге жатады.
7. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру келісімшарт шарттары бойынша қалыптасқан кепілге салынған банктік салым бойынша құқықтарды қайта ресімдеудің (берудің) сөзсіз негізі болып табылады.
8. Келісімшарт тоқтатылған кезде қамтамасыз ету сомасы құзыретті органның келісімімен жер қойнауы учаскесінде орындалған және осы баптың 4-тармағында көзделген тәртіппен қабылданған жою жұмыстары құнының бөлігіне мөлшерлес азайтылуы мүмкін.
9. Егер уран өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жоюға жұмсалған нақты шығындар қамтамасыз ету мөлшерінен асып түссе, онда жер қойнауын пайдаланушы жою жөніндегі жұмыстарды қосымша қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті. Егер жоюға жұмсалған нақты шығындар қамтамасыз ету мөлшерінен аз болса, онда қалған ақша осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушыда қалады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 178-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
178-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың уран өндіру кезеңі ішіндегі оқыту, ғылым, цифрландыру және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы міндеттемелері
1. Өндіру кезеңі ішінде, екінші жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:
1) уран өндіру саласындағы уәкілетті органның білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітетін тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) уран өндіру саласындағы уәкілетті орган ғылым саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және (немесе) уран өндіру саласындағы уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен уран өндіру саласындағы цифрландыру жобаларын алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қаржыландыруды жүзеге асыруға;
3) алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша уран өндіру кезеңінде уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша инвестициялардың бір пайызы мөлшерінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті.
2. Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстарды қаржыландыруға жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін дамытуға және қолдауға арналған шығыстары, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке осы мақсаттарға оның аударатын қаражаты жатады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған, белгіленген минимумнан асатын қаржыландыру көлемі жер қойнауын пайдаланушының келесі жылы тиісті міндеттемелерін орындау есебіне ескеріледі.
179-бап. Уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, соның ішінде мердігерлердің сатып алуы мынадай тәсілдерді:
1) ашық конкурс;
2) бір көзден алу;
3) төмендетуге арналған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) осы тармақта көзделген тәсілдерді қолданбастан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу арқылы;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) тауар биржаларында жүзеге асырылады.
Уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы пайдаланатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін немесе жұмысы осындай тізілімнің жұмысымен үйлестірілген интернеттің қазақстандық сегментінде орналасқан электрондық сатып алудың өзге де жүйелерін міндетті түрде пайдалана отырып жүргізіледі.
179-баптың 1-тармағының үшінші және төртінші бөліктері 2022 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 13-тармағының редакциясында қолданылады
Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың - жұмыс беретін және қызметтер көрсететін қазақстандық өндірушілердің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылар, менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, жұмыскерлердің жалпы санынан Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде тоқсан бес пайызын пайдаланатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өндірушілері деп танылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылардың, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының елу пайызынан көп болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес биржалық тауарлар тізбесі бойынша жүзеге асырылады. Егер биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларды сатып алудың жылдық көлемдері биржалық тауарлар тізбесінде көзделген партияның ең аз мөлшерінен аспаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы тауарларды сатып алудың өзге тәсілін таңдауға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) олардың мердігерлері уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін осындай келісімшарттарда көзделген жауаптылықта болады.
2. Уран өндіруге қатысты электрондық сатып алу жүйелерінің жұмыстарын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі ретінде уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және оларды өндірушілерді бақылауға және мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды жүргізу және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе түсініледі;
2) электрондық сатып алу жүйесі деп сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушылар немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін пайдаланатын, уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекіткен уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың тәртібіне сәйкес жасалатын және пайдаланылатын электрондық ақпараттық жүйе түсініледі.
4. Уранға қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы операторды уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайды және ол:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу, қазақстандық кадрларды тарту, қазақстандық кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы бойынша міндеттемелерді орындауын мониторингтеуді;
2) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен осы тізілімге енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.
5. Уранға қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы оператор дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі заңды тұлға болып табылады, ал акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік топтамасын иелену және пайдалану құқығын уран өндіру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Жер қойнауын пайдаланушылар уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың бір жылдық (бір қаржы жылына) және орта мерзімдік (бес қаржы жылына) бағдарламаларын уран өндіру саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасы ретінде күнтізбелік бір жылға жоспарланатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілі мен мерзімін айқындайтын жер қойнауын пайдаланушы жасайтын құжат түсініледі.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың орташа мерзімдік бағдарламасы ретінде бес жылға дейінгі кезеңге жоспарланатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілі мен мерзімін айқындайтын жер қойнауын пайдаланушы жасайтын құжат түсініледі.
7. Осы баптың 1-тармағының талаптары мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
2) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын ұлттық басқарушы холдинг тікелей немесе жанама иеленетін, жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға қолданылмайды.
180-бап. Жер қойнауын пайдаланушының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруді және уран өндіруді жүргізу кезіндегі есептілігі
Уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы мынадай есептерді:
1) геологиялық есепті;
2) Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлары туралы жария есептілігінің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес дайындалған құзыретті тұлғаның қорлар бойынша есебін;
3) келісімшарттық талаптарды орындау туралы есепті;
4) уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру бойынша жүргізілген операциялар, оларға жұмсалған шығыстар туралы есепті;
5) уранды өндіру бойынша жүргізілген операциялар және оларға жұмсалған шығыстар туралы есепті;
6) кадрлардағы жергілікті қамту туралы есепті;
7) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша шығыстар туралы есепті;
8) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар туралы есепті;
9) уран өндіру бойынша есепті;
10) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ олардағы жергілікті қамту көлемі туралы есепті;
11) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалардың және (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есепті ұсынуға міндетті.
Осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көзделген есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 3) - 5) тармақшаларында көзделген есептер құзыретті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 6) - 11) тармақшаларында көзделген есептер уран өндіру саласындағы уәкілетті органға өзі бекітетін нысандар және тәртіп бойынша ұсынылады.
181-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың уран өндіруге арналған келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Жер қойнауын пайдаланушыға уран өндіруге арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылықтың мынадай түрлері көзделеді:
1) жер қойнауын пайдаланушының уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген жағдайларда, тәртіппен және мөлшерде төлейтін тұрақсыздық айыбы;
2) құзыретті орган осы Кодекстің 163-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылатын, уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданылуын бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы.
Бұл ретте тұрақсыздық айыбын төлеу жер қойнауын пайдаланушыны тиісті міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
2. Құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарт талаптарының жол берілген бұзушылықтары туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді, сондай-ақ оның белгіленген мерзімде тұрақсыздық айыбын төлеу және (немесе) осындай бұзушылықты жою жөніндегі міндеттерін мынадай:
1) жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану келісімшартында белгіленген қаржылық міндеттемелерді есептілік жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;
2) қамтамасыз ету мөлшерін қалыптастырудың белгіленген графигіне сәйкес қамтамасыз етуді ұсынбай не графикті бұза отырып, жер үсті тұтастығын бұзумен байланысты уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізген;
3) жер қойнауын пайдаланушының уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерін бұзған өзге де жағдайларда хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі міндеттемелердің физикалық көлемі бойынша жазбаша хабарлама алынған күннен бастап - алты айдан, осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген міндеттемелер бойынша - үш айдан, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген өзге де міндеттемелер бойынша бір айдан аспауға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жол берілген бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және бұл туралы жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, құзыретті органға жазбаша хабарлауға міндетті.
5. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға осындай ұзартудың себептерін негіздей отырып, уран өндіруге арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықты жою мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жіберуге құқылы. Құзыретті орган жол берілген бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижелері бойынша оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны мерзімді ұзартуға келісім беретіндігі туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын ұсынады.
6. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мерзімде уран өндіруге арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықты жою анық мүмкін болмаған жағдайда құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.
26-тарау. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарЫ
182-бап. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттары туралы жалпы ережелер
1. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы және кен орнын игеру жобасы уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаты болып табылады.
2. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы шарт негізінде тартатын жобалау ұйымы жасайды.
3. Жобалау құжаттарының мемлекеттік сараптамасын Қазақстан Республикасының кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссиясы (орталық комиссия) геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жүзеге асырады.