2) жұмыстың барлық егжей-тегжейлерін, алынған зерттеу деректері мен нәтижелерінің геологиялық құжаттамада уақтылы және анық көрсетілуін қамтамасыз етуге міндетті.
13. Барлау кезеңінде жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған сынамалап пайдалану жобасына сәйкес табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) сынамалап пайдалануды жүргізуге құқығы бар.
Сынамалап пайдаланудың ұзақтығы үш жылдан аспауға тиіс.
14. Жер қойнауын пайдаланушы өзінің технологиялық қажеттіліктеріне тұтынылатын немесе осы Кодекс талаптарына сәйкес жағылатын көмірсутектерді қоспағанда, өзіне тиесілі, барлау кезеңінде өндірілген көмірсутектерді толық көлемде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына беруге міндетті.
124-бап. Көмірсутек кен орындарын жайластыру
1. Кен орындарын жайластыру көмірсутекті өндіру, дайындау, сақтау және өндіру және сақтау орнынан магистральдық құбырға және (немесе) көліктің басқа түріне аудару орнына дейін тасымалдау үшін қажетті кәсіпшілік және өзге де объектілерді салуды көздейді.
2. Кен орнын жайластыру сынамалап пайдалану жобасы және (немесе) кен орнын игеру жобасы негізінде әзірленген техникалық жобалау құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Көмірсутек кен орындарын жайластыру объектілерін жобалау және салу кезінде осы объектілердің қауіпсіз жұмыс істеуі, ықтимал авариялық жағдайларды оқшаулау және мейлінше азайту бойынша шаралар сақталуға тиіс.
4. Жайластыру объектілерін салу кезінде оларды пайдалануға берудің жобалау құжаттарында белгіленген кезектілігі сақталуға тиіс.
125-бап. Көмірсутектерді өндіру шарттары
1. Көмірсутектерді өндіру жөніндегі операциялар жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын игеру жобасына, сынамалап пайдалану жобасына немесе игерудің талдауына сәйкес жүргізілуге тиіс.
2. Өндіру жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес базалық жобалау құжаттарында көзделмеген көмірсутектердің шығынын болдырмайтын әдістермен және тәсілдермен жүргізілуге тиіс.
3. Көмірсутектерді өндіру кезінде кен орнын игеру жобасында немесе игерудің талдауында көзделген ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат етіледі.
4. Көмірсутектерді өндіру жөніндегі барлық жұмыстар құжаттандыруға жатады.
5. Көмірсутектерді өндіруді жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) өндіруге қолданылатын техникалық құралдардың оңтайлылығы мен қауіпсіздігін;
2) көмірсутектердің кен орындарын көмірсутекті өндіру кезінде қиындатуға, көмірсутектерді өндірудің экономикалық тиімділігін төмендетуге алып келетін қауіпті техногендік процестердің болуынан қорғауды;
3) жер қойнауынан өндіріліп алынған және онда қалдырылатын көмірсутектер қорларын, оларды қайта өңдеу өнімдерін және өндіру кезінде пайда болатын өндіріс қалдықтарын дұрыс есепке алуды;
4) нормалар мен стандарттарды, қолданылатын өндіру әдістері мен тәсілдерін сақтауды;
5) су жинау алаңдарында және көмірсутектер жатқан жерлерде қалдықтардың жиналуын болдырмау мақсатында көмірсутектерді өндіру қалдықтарын және қайта өңдеу өнімдерін қоймаға жинап қою және орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындауды;
6) көмірсутектерді кен орнын игеру жобасында көзделген тәртіппен алуды қамтамасыз етуге міндетті.
6. Көмірсутектерді өндіру барысында алынатын құрауыштар, егер осы Кодексте немесе келісімшартта өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.
7. Көмірсутектерді өндіру кезінде жерасты ілеспе суларын қосымша шығару арнайы рұқсаттар немесе лицензиялар алмай жүзеге асырылады.
Қосымша өндіріліп алынған жерасты ілеспе суларын одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Көмірсутектерді өндіру кезеңінде геологиялық құрылымдарды және көмірсутектердің кен орны қорларын нақтылау мақсатында барлау учаскесін жете зерттеуге (жете барлауға) жол беріледі.
9. Жете барлау жөніндегі жұмыстар кен орнын игеру жобасына сәйкес жүргізіледі.
Егер жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесінде жете зерттеу кезінде жаңа кенжатынды тапқан жағдайда, оны бағалау кен орнын игеру жобасына қосымшаға сәйкес жүргізіледі.
10. Жер қойнауы учаскесінде жаңа кенжатынды табу жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта барлау кезеңін және (немесе) өндіру кезеңін ұзартуды бекітіп беру үшін негіз болып табылмайды.
126-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасына сәйкес жүргізіледі.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектерді барлау және өндіру кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
2. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою:
1) осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;
2) жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 114-бабында көзделген тәртіппен мемлекетке қайтаруға ниет білдірген жер қойнауы учаскесінде (оның бөліктерінде) жүргізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда осындай жер қойнауы учаскесіне қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірмей, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасының сараптамаларын бекітуге және жүргізу үшін ұсынуға;
2) жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасында белгіленген мерзімде аяқтауға міндетті.
4. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою:
1) жер қойнауын пайдаланушы (тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға);
2) құзыретті органның өкілі;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
4) жеке меншіктегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде жоюды жүргізген жағдайда, жер учаскесінің меншік иесі немесе жерді пайдаланушы жою актісіне қол қойған күннен бастап аяқталған болып есептеледі.
5. Егер жою актісіне қол қойылғаннан кейін тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға жою жобасын бұза отырып, жою жөніндегі жұмыстарды орындағаны не ол жойған (консервациялаған) ұңғыма сағасының бітеулігінің бұзылғандығы анықталған жағдайда, онда құзыретті орган мұндай тұлғаны анықталған бұзушылық, сондай-ақ оның мұндай бұзушылықты белгіленген мерзімде өз есебінен жоюға міндетті екендігі туралы жазбаша хабардар етеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері жаңа жер қойнауын пайдаланушыға берілген жер қойнауы учаскелерінде бұзушылықтар анықталған жағдайларға қолданылмайды.
126-баптың 6-тармағы осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттар мен лицензиялар бойынша, сондай-ақ жасалған көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша қатынастарға осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап отыз алты ай өткеннен кейін 277-баптың редакциясында қолданылады
6. Теңізде көмірсутектерді барлауды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушылардың орындауы банктік салым кепілімен қамтамасыз етіледі.
7. Барлау салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындауды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым, осындай жобалау құжатында көзделген операцияларды жүргізу басталғанға дейін көмірсутектерді барлау салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құны негізінде барлау жұмыстары жобасында айқындалған сома мөлшеріндегі ақшалай жарна арқылы қалыптастырылады.
Барлау жұмыстары жобасына барлау салдарын жою жөніндегі жұмыстардың құнын арттыруды көздейтін толықтыруды не сынамалап пайдалану жобасын бекіткен жағдайда, тиісті қосымша сома осындай жобалау құжатында көзделген жұмыстарды жүргізу басталғанға дейін енгізілуге тиіс.
8. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым кен орындарын игеру жобасында көмірсутектерді өндірудің жоспарланған көлеміне пропорционалды айқындалған сома мөлшеріндегі ақшалай жарна арқылы қалыптастырылады.
9. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету сомасы көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құны негізінде кен орындарын игеру жобасында айқындалады және игеруді талдау шеңберінде үш жылда бір реттен сиретпей қайта есептеуге жатады.
Қайта есептеу нәтижелері бойынша не көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу процесінде қамтамасыз ету сомасы көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құнының не жер қойнауы учаскесінде нақты орындалған жою жұмыстары құнының төмендеуіне мөлшерлес азайтуға түзетілуі мүмкін.
10. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру келісімшарттың шарттары бойынша қалыптастырылған, кепілге қойылған банктік салым бойынша құқықтарды қайта ресімдеудің (берудің) сөзсіз негізі болып табылады.
11. Осы Кодекстің 128-бабына сәйкес жүзеге асырылатын ұңғымаларды жою көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жоюға жатпайды.
127-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау
1. Жер қойнауы учаскесін консервациялау жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасына сәйкес жүргізіледі.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
2. Жер қойнауы учаскесін консервациялау:
1) осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатыла тұрған кезде жүргізіледі.
3. Жер қойнауын пайдаланушы (тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға):
1) жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған не көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатыла тұрған күннен бастап екі ай ішінде осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген, жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасының сараптамаларын бекітуге және сараптамадан өткізу үшін ұсынуға;
2) консервациялау жобасында белгіленген мерзімде жер қойнауы учаскесін консервациялауды аяқтауға міндетті.
4. Жер қойнауы учаскесін консервациялау:
1) жер қойнауын пайдаланушы не тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға не жою жөніндегі оператор;
2) құзыретті органның өкілі;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
4) жеке меншіктегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде консервациялау жүргізілген жағдайда жер учаскесінің меншік иесі немесе жерді пайдаланушы консервациялау актісіне қол қойған күннен бастап аяқталған болып есептеледі.
5. Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау жөніндегі міндеттеме жер қойнауын пайдаланушының не жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлғаның қаражаты есебінен, ал осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, міндеттемелер сомасы олар орындалғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушыға қамтамасыз ету қаражаты есебінен орны толтырылады.
128-бап. Технологиялық объектілерді консервациялау және жою
1. Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау немесе өндіру кезеңі өткенге дейін кез келген уақытта, құрылысжайларды, жабдықтарды, ұңғымаларды және өзге де мүлікті қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жекелеген технологиялық объектілерді консервациялауды немесе жоюды жүргізуге құқылы.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі ішінде техникалық және (немесе) геологиялық себептер бойынша жоюға жататын және кен орындарын игеру жобасына сәйкес өзге де мақсаттарда пайдалануға болмайтын ұңғымаларды жоюға міндетті.
2. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, жою және консервациялау жоспарына сәйкес жою немесе консервациялау жүзеге асырылатын көмірсутектерді барлауды және өндіруді жүргізу кезінде консервациялау және жою қағидаларында көзделген ұңғымалардың жекелеген санаттарын қоспағанда, технологиялық объектілер жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған технологиялық объектілерді жою немесе консервациялау жобасына сәйкес жойылады немесе консервацияланады.
3. Технологиялық объектілерді консервациялау немесе жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
4. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесін консервациялау шеңберінен тыс жүргізілетін, технологиялық объектілерді консервациялау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою шеңберінен тыс жүргізілетін технологиялық объектілерді жою жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 129-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
129-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді өндіру кезеңі ішіндегі оқыту, ғылым, цифрландыру және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту салаларындағы міндеттемелері
1. Өндіру кезеңі ішінде, екінші жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:
1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітетін тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган ғылым саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және (немесе) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындаған тәртіппен көмірсутектер саласындағы цифрландыру жобаларын алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қаржыландыруды жүзеге асыруға;
3) алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша көмірсутектерді өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша инвестициялардың бір пайызы мөлшерінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті.
2. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамыту шығыстарын қаржыландыруға жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы объектілерін дамытуға және қолдауға арналған шығыстары, сондай-ақ осы мақсаттарда оның мемлекеттік бюджетке аударатын қаражаты жатады.
3. Белгіленген минимумнан асатын, осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған қаржыландыру көлемі келесі жылы жер қойнауын пайдаланушының тиісті міндеттемелерін орындауы есебінен ескеріледі.
130-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарықты қамтамасыз ету саласындағы міндеттемелері
1. Жер қойнауын пайдаланушылар өнім беру графиктеріне сәйкес ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында өңдеу үшін мұнай беруді, ал мұнай өңдеу зауыттары авариялық жағдайға байланысты тоқтап қалған жағдайда, оның шегінен тыс жерде жүзеге асыруға міндетті.
Өнім беру графигін қалыптастыру көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы жеңіл көмірсутектердің өндірілген үлкен фракциясын иеліктен шығаруға не процессингке беруге ниеттенген жағдайда, мұндай иеліктен шығаруды немесе процессингке беруді тек қана өндірістік қуаты Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан, сұйытылған мұнай газын өндірушілер жүзеге асыруға тиіс. Cұйытылған мұнай газын өндірушілердің тізбесін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Бұл ретте өндірістік қуаты Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, сұйытылған мұнай газын өндірушілерге иеліктен шығару немесе оны процессингке беру мүмкін болмаған жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясын көмірсутектер саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге өткізуді жүзеге асыруға құқылы.
3. Осы баптың мақсаттары үшін жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясы ретінде жеңіл (метан, этан, пропан, бутандар мен пентандар) және құрауыштарының сапалық және сандық құрамы бойынша ұлттық стандарттар талаптарына жауап беретін, тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған біршама ауыр көмірсутектердің қоспасы түсініледі.
131-бап. Көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу
1. Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде мердігерлердің сатып алуы мынадай:
1) ашық конкурс;
2) бір көзден сатып алу;
3) төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);
4) тауар биржаларында сатып алу;
5) осы тармақта көрсетілген тәсілдерді қолданбай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәсілдерінің бірі арқылы жүзеге асырылады.
Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы пайдаланатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдер мен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізбесі немесе интернеттің қазақстандық сегментінде орналастырылған, жұмысы осындай тізілім жұмысымен үйлестірілген, электрондық сатып алудың өзге де жүйесін міндетті қолдану арқылы жүргізіледі.
Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес бекітілетін биржалық тауарлар тізбесі және тауар биржалары арқылы өткізілетін, ұсынылатын тауарлар партияларының ең төмен мөлшері бойынша жүзеге асырылады.
Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың - жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық берушілерінің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, қызметкерлерінің жалпы санының кемінде тоқсан бес пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары болатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық берушілері болып танылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылар, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының елу пайызынан көп болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) оның мердігерлері көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген жауаптылықта болады.
2. Көмірсутектерге қатысты электрондық сатып алу жүйелерінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі деп жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және олардың өндірушілерін бақылауға және мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды жүргізу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе түсініледі;
2) электрондық сатып алу жүйесі деп көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібіне сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушы немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) пайдаланатын электрондық ақпараттық жүйе түсініледі.
4. Көмірсутектерге қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы операторды көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайды және оператор:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, қазақстандық кадрларды тарту, қазақстандық кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің сатып алуы бойынша міндеттемелерін орындауына мониторингті;
2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізіліміне енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, аталған тізілімді жасауды және жүргізуді жүзеге асырады.
5. Көмірсутектерге қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы оператор дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі, көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы заңды тұлға болып табылады, ал акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.