4) өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісінше куәландырылған құжаттар;
5) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде, әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп жасалуына болады, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
97-бап. Аукционға қатысуға арналған өтінішті қарау тәртібі
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
2. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтінішті қабылдайды және өтініш иесін аукционға қатысуға жібереді не оны қабылдаудан бас тартады.
3. Құзыретті орган мынадай жағдайларда, егер:
1) өтініш аукционға қатысуға өтініш беру үшін берілген мерзімнен кеш берілген болса;
2) өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сай келмесе;
3) өтініш иесі осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
4) өтініш бергенге дейін құзыретті орган үш жыл ішінде өтініш иесімен немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғамен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатса;
5) жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын өтініш иесінің құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған басқа келісімшарт бойынша міндеттемелерді бұзушылықтары жойылмаған болса;
6) бұрын өтініш иесі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционның жеңімпазы болып айқындалса, бірақ қол қою бонусын төлемеген болса;
7) сұралатын жер қойнауы учаскесі аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілмесе;
8) өтініш иесі анық емес мәліметтер ұсынса;
9) өтініш иесіне жер қойнауын пайдалану құқығын беру елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, оның ішінде келісімшарт шеңберінде құқықтар шоғырланған және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқықтары шоғырланған жағдайда, өтінішті қабылдаудан бас тартады.
4. Осы баптың 3-тармағының 1), 3), 4), 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өтінішті қабылдаудан бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырады.
5. Өтінішті қабылдаудан бас тарту, осы баптың 3-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, бас тарту себептерін көрсетуді қамтуға тиіс.
98-баптың тақырыбы 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 98-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
98-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия
98-баптың 1-тармағы 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторы қалыптастыратын электрондық аукциондар қорытындыларының тізілімдері негізінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін құрылған, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.
98-баптың 2-тармағы 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
2. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия туралы ереже мен оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
3. Комиссияны төраға басқарады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
4. Комиссияның отырыстары, егер оларға комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқықты деп есептеледі.
98-баптың 5-тармағы 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
5. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссияның негізгі міндеті электрондық аукциондар қорытындыларының тізілімі негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукционға қатысушылар арасынан жеңімпазды айқындау болып табылады.
98-баптың 6-тармағы 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі
6. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссияның:
1) аукцион жеңімпазын электрондық аукциондар қорытындыларының тізілімі негізінде тануға;
2) осы Кодексте белгіленген негіздер бойынша аукционды өткізбей тастауға немесе аукционды өтпеді деп тануға құқығы бар.
99-бап 2020 ж. 1 қыркүйекке дейін 277-баптың 4-тармағының редакцияда қолданылды
99-бап 2020 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 99-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
99-бап. Аукцион өткізу
1. Егер осы Кодекстің 95-бабында көрсетілген мерзімдерде аукционға қатысуға бірде-бір өтініш берілмеген және (немесе) егер өтініштерді қарау қорытындылары бойынша аукционға қатысуға бірде-бір өтініш иесі (аукцион өткізуге өтініш берген тұлғадан басқа) жіберілмеген жағдайларда, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия аукционға қатысуға өтініштерді беру үшін берілген мерзім аяқталған не аукционға қатысуға өтініштерді қарау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукционды өткізбеу туралы шешім қабылдайды. Бұл жағдайда аукцион өткізуге өтініш берген тұлға қол қою бонусының бастапқы мөлшерін төлеген кезде аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасасу үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен осындай тұлғамен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
Аукционды өткізбеу туралы ақпарат көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия тиісті шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
2. Аукционға қатысуға жіберілген және көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының интернет-ресурсында аукционға қатысушылар ретінде тіркелген өтініш иелері аукционға қатысады.
3. Аукцион аукционды өткізу туралы хабарламада көрсетілген күнге сәйкес күні өткізіледі.
4. Құзыретті орган аукцион өткізілетін күнге дейін кемінде он жұмыс күні бұрын, аукционға қатысуға жіберілген өтініш иелеріне аукционның өткізілетін күні мен уақыты туралы хабарлайды.
5. Аукцион көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының интернет-ресурсы пайдаланыла отырып, құзыретті орган айқындайтын тәртіппен электрондық нысанда өткізіледі.
6. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторы:
1) құзыретті орган аукционға қатысуға жіберген өтініш иелерін тіркеуді;
2) электрондық аукциондардың сауда жүйесінде тіркеу үшін өтініш иелерінен құжаттарды қабылдауды;
3) электрондық аукциондардың сауда жүйесінде жұмыс істеу бойынша нұсқаулық жүргізуді;
4) аукционға қатысушылар үшін электрондық аукциондардың сауда жүйесіне қол жеткізудің тең жағдайларын;
5) интернет-ресурсты пайдалана отырып, электрондық аукциондарды қашықтықтан өткізуді;
6) электрондық аукциондар қорытындыларының тізілімін қалыптастыруды;
7) электрондық аукциондар қорытындыларының тізілімін интернет-ресурста жариялауды;
8) электрондық аукциондардың сауда жүйесінің тиісті жұмыс істеуі үшін техникалық құралдар кешенін, жүйелік және технологиялық бағдарламалық қамтылымды тұрақты жұмыс жағдайында ұстауды;
9) электрондық аукциондар өткізуді регламенттейтін ішкі техникалық құжаттарды әзірлеу мен бекітуді;
10) электрондық аукциондар өткізу мәселелері бойынша құзыретті органмен өзара іс-қимыл жасауды;
11) электрондық аукциондар өткізу туралы ақпаратты көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының интернет-ресурсында орналастыруды;
12) электрондық аукциондар өткізу бойынша жаңа бағдарламалық қамтылымды әзірлеуді және (немесе) қолданыстағысын жаңғыртуды ұйымдастыруды;
13) құзыретті орган айқындайтын тәртіппен электрондық аукциондарды өткізуді тоқтата тұруды, ауыстыруды немесе өткізбеуді қамтамасыз етеді.
100-бап. Аукцион қорытындысын шығару және көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасау
1. Қол қою бонусының неғұрлым жоғары мөлшерін ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады.
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Аукцион нәтижелері ол өткізілген күні жарияланады және комиссияның барлық қатысқан мүшесі қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Хаттаманың көшірмесі аукцион жеңімпазына табыс етіледі.
Аукцион нәтижелері ол өткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
3. Аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:
1) қол қою бонусын төлейді;
2) құзыретті органға қол қою бонусын төлегенін растауды және құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге өз тарапынан қол қойылған келісімшартты жібереді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, аукцион жеңімпазы барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қосымша әзірлейді және оны барлауға және өндіруге келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта ұзақтығы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген барлау кезеңі белгіленеді. Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартта ұзақтығы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген дайындық кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.
Егер аукционның жеңімпазы аукционға қатысуға өтініш беру кезеңінде жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту бойынша ең төмен міндеттемені ұсынған болса, ұсынылған міндеттемелер көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған немесе өндіруге арналған келісімшартта бекітіледі.
4. Құзыретті орган аукцион жеңімпазынан келісімшартты және қол қою бонусын төлегенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде онымен көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасады және аукцион жеңімпазына оның қол қойылған бір данасын жібереді.
5. Егер аукцион жеңімпазы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қол қою бонусын төлемесе және (немесе) өз тарапынан қол қойылған, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты құзыретті органға ұсынбаса, мұндай тұлға келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, жер учаскесі қайтадан аукционға шығарылады.
101-бап. Аукцион өтпеді деп тану тәртібі мен негіздері
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион, егер аукцион өткізілетін күні екіден кем қатысушы тіркелсе, өтпеді деп танылады және қайталама аукцион өткізілмейді.
Егер аукционға қатысушы ретінде тіркелген жалғыз тұлға аукцион өткізуге өтініш берген тұлға болып табылса, мұндай тұлғамен қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда, аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасау үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Аукционды өтпеді деп тану комиссияның барлық қатысқан мүшесі қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Аукционды өтпеді деп тану туралы хабарландыру хаттама ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
102-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды жарамсыз деп тану
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды сот қатысушының немесе құзыретті органның талап етуі бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Мыналар аукционды жарамсыз деп тану үшін негіздер болып табылады:
1) осы Кодексте белгіленген, аукцион жеңімпазын айқындауға әсер еткен аукцион өткізу қағидаларын бұзу;
2) аукцион қорытындылары бойынша келісімшарт жасалған тұлғаның құзыретті органға мұндай тұлғаны аукционға жіберу туралы шешімге әсер еткен көрінеу анық емес мәліметтерді ұсыну фактісінің анықталуы.
3. Аукционға қатысушылар аукционның нәтижелеріне оның нәтижелері жарияланған күннен бастап үш ай ішінде осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға құқылы.
4. Келісімшарт жасалғанға дейін аукционның жарамдылығына дау айтылған жағдайда, сот мәні бойынша шешім шығарғанға дейін келісімшартты жасасу мерзімі тоқтатыла тұрады.
5. Аукционды жарамсыз деп тану аукцион қорытындылары бойынша жасалған келісімшарттың жарамсыздығына алып келеді.
6. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша аукцион жарамсыз деп танылған жағдайда, мұндай аукционның жеңімпазы деп жарияланған тұлға төленген қол қою бонусын қайтаруды талап етуге құқылы.
2-параграф. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде беру
103-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде беру шарттары
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласында қызметті жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі акционерлік қоғам көмірсутектер саласындағы ұлттық компания деп танылады.
2. Осы параграфта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте көзделген тәртіппен жалпы негіздерде көмірсутектер саласындағы ұлттық компания көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге құқық алуға құқылы.
3. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген, шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға берілетін аумақта орналасқан жер қойнауы учаскесі осындай ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер негізінде пайдалануға берілуі мүмкін.
4. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген, шегінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы аукцион негізінде берілетін аумақта орналасқан жер қойнауы учаскесі көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның пайдалануына тікелей келіссөздер негізінде, тек мүдделі тұлға аукцион өткізуге өтініш бергенге дейін ғана берілуі мүмкін.
5. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілетін жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге келісімшартты ұлттық компания дербес өзі де және сонымен бірге стратегиялық серіктесімен бірлесіп те жасауы мүмкін.
6. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания бекіткен және инвестициялық қаржыландыруды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерді өзіне алған құзыретті органмен келісілген тиісті талаптарға сай келетін заңды тұлға (заңды тұлғалар консорциумы) көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның стратегиялық серіктесі болып танылуы мүмкін.
7. Ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы жер қойнауын пайдалану жөніндегі осындай ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға мен стратегиялық серіктес арасында тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалу құқығын алу мақсаттары үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда жасалған бірлескен қызмет туралы шарт (келісім) және (немесе) қаржыландыру туралы келісім бойынша барлауды қаржыландыру инвестициялық қаржыландыру деп танылады. Ұлттық компания стратегиялық серіктесті көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартты жасауға өтініш берілген кезде айқындайды.
Бірлескен қызмет туралы келісімде стратегиялық әріптестің қол қою бонусын төлеу не ұлттық компания төлеген қол қою бонусының сомасын өтеу жөніндегі міндеттемесі көзделуге тиіс.
8. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілген жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларға берілген жағдайды қоспағанда, келісімшарт тіркелген күннен бастап екі жыл ішінде беруге болмайды.
Бұл ретте мұндай заңды тұлға алған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) келісімшарт тіркелген күннен бастап екі жыл ішінде беруге құқылы емес.
104-бап. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның тікелей келіссөздер жүргізуге арналған өтініші
1. Тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуға ниеті бар көмірсутектер саласындағы ұлттық компания өзі үміткер болып отырған жер қойнауы учаскесінің шекараларын көрсете отырып, құзыретті органға өтініш жібереді.
2. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер болған жағдайда, өтінішке барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төмен талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қоса береді.
3. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания стратегиялық серіктесті тартқан жағдайда өтініште:
1) стратегиялық серіктестің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын, басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы, стратегиялық серіктесті тікелей немесе жанама бақылайтын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) стратегиялық әріптес соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, оның бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
3) көмірсутектер саласындағы ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы осындай ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға мен стратегиялық әріптес арасында жасалған бірлескен қызмет туралы тиісінше куәландырылған келісім және (немесе) қаржыландыру туралы келісім қамтылуға тиіс.
4. Өтініш және оған қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания шетелдік заңды тұлға болып табылатын стратегиялық серіктесті тартқан жағдайда, мұндай құжаттар өзге тілде, әрбір құжатқа дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, жасалуы мүмкін.
105-бап. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер жүргізу тәртібі
1. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер ұлттық компанияның уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
2. Тікелей келіссөздер құзыретті органға өтініш келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
3. Тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган келісімшарт жасасу немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, оны қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:
1) ұлттық компания немесе оның стратегиялық әріптесі тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған қол қою бонусын төлейді;
2) ұлттық компания құзыретті органға қол қою бонусының төленгенін растауды және өз тарапынан қол қойылған (стратегиялық серіктес тартылған жағдайда - оның да тарапынан) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, ұлттық компания тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған барлау кезеңіндегі жұмыстар көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасын қосымша әзірлейді және осындай бағдарламаны барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша ұзақтығы айқындалатын барлау кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша ұзақтығы айқындалатын дайындық кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес ұлттық компания көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.
5. Құзыретті орган келісімшартты және қол қою бонусының төленгенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасайды және оның қол қойылған бір данасын (даналарын) ұлттық компанияға жібереді.
6. Келісімшартқа жұмыстар бағдарламасында ұлттық компания мәлімдеген міндеттемелердің қысқартылуын немесе алып тасталуын көздейтін қосымша келісімдерді жасауға тыйым салынады.
3-параграф. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуы
106-бап. Құзыретті органның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы
1. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметке тыйым салу туралы сот шешімі күшіне енген;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған тиісті жобалау құжаттарынсыз көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізілген;
3) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабының 1-тармағының талаптары бұзылған жағдайларда тоқтатады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы белгіленген мерзімде мыналарды:
1) осы Кодекстің 133-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген бұзушылықтардың біреуін;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген өзге де міндеттемелердің екіден көп бұзушылықтарын жоймаған кезде құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың қолданысын, егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.