2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылтайшылары мен мүшелері (қатысушылары) тең құқықтарға ие болады және бірдей міндеттерді атқарады.
22-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымға жарналар
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым міндетті жарналардың мынадай түрлерін белгілеуге құқылы:
1) өзін-өзі реттейтін ұйымға мүшелікке (қатысуға) кіру кезінде төленетін кіру жарналары;
2) тұрақты мерзімді негізде төленетін мүшелік жарналар.
Жарналар өзін-өзі реттейтін ұйымның меншігі болып табылады, олардың мөлшері және оларды жинау тәртібі өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Кіру жарнасының мөлшері мүшелік жарнаның мөлшерінен аспауға тиіс.
Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым үшін кіру және мүшелік жарналардың болмауы немесе болуы, сондай-ақ олар болған жағдайда шекті мөлшерлері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
23-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуі және өзін-өзі реттейтін ұйымның ақпаратты оның құқыққа сыйымсыз пайдаланылуынан қорғауы
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым өзінің интернет-ресурсында орналастыру және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы мынадай:
1) өз мүшелерінің (қатысушыларының) құрамы туралы;
2) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы жауаптылығын қамтамасыз ету шарттары, тәсілдері мен тәртібі туралы;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымға өзінің мүше болуын (қатысуын) тоқтатқан мүшелер (қатысушылар) және олардың мүше болуын (қатысуын) тоқтату негіздері туралы;
4) өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттары туралы;
5) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының мазмұны туралы;
6) өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдары мен мамандандырылған органдарының құрылымы мен құзыреті, өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органының, атқарушы басқару органының сандық және дербес құрамы туралы, өзін-өзі реттейтін ұйымның жеке-дара атқарушы басқару органының функцияларын жүзеге асыратын тұлға туралы;
7) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы және өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы қабылдаған шешімдер туралы;
8) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) Қазақстан Республикасы заңнамасының, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту жағдайлары туралы (мұндай ақпарат болған кезде);
9) өзін-өзі реттейтін ұйым соттарға берген кез келген талап-арыздар мен арыздар туралы;
10) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне өзін-өзі реттейтін ұйым жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы;
11) өзін-өзі реттейтін ұйымның жылдық қаржылық есептілігі және Қазақстан Республикасының заңдарында мұндай аудиттің міндеттілігі белгіленген жағдайларда оның аудитінің нәтижелері туралы;
12) өзін-өзі реттейтін ұйым өтемақы қорын өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылығын қамтамасыз ету тәсілі ретінде қолданған жағдайда, өзін-өзі реттейтін ұйымның өтемақы қорының мөлшері туралы ақпаратқа, сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылығын қамтамасыз ету мақсатында өзін-өзі реттейтін ұйымның өтемақы қорынан төлемдерді жүзеге асыру фактілері туралы және егер осындай төлемдер жүзеге асырылған болса, мұндай төлемдердің негіздері туралы ақпаратқа;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның құжаттарында көзделген өзге де ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2. Өзін-өзі реттейтін ұйым өз қызметкерлерінің ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) моральдық зиян және (немесе) мүліктік залал келтіруі немесе осындай зиян және (немесе) залал келтіруге алғышарттар жасауы мүмкін ақпаратты алу, пайдалану, өңдеу, сақтау және қорғау тәсілдерін көздеуге тиіс.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым өз қызметкерлерінің қызмет бабына байланысты өздеріне белгілі болған ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануымен байланысты әрекеттері үшін өз мүшелерінің (қатысушыларының) алдында жауапты болады.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйым ақпаратты ашып көрсету жөніндегі міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін жауапты болады.
24-бап. Өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы
1. Өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысын болғызбау мақсатында өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері (қатысушылары), өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының құрамына кіретін адамдар, оның қызметкерлері өзін-өзі реттейтін ұйымның мүдделерін ең алдымен оның қызметінің мақсаттарына қатысты сақтауға міндетті және өздерінің кәсіптік міндеттерін жүзеге асыруға байланысты мүмкіндіктерді пайдаланбауға немесе мұндай мүмкіндіктерді өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында көрсетілген мақсаттарға қайшы келетін мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге тиіс.
2. Өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысын болғызбау немесе реттеу жөніндегі шаралар өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында, қағидалары мен стандарттарында белгіленеді.
25-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның өз мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін бақылауы
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым тексерулерді жүзеге асыру арқылы өз мүшелерінің (қатысушыларының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу (қатысу) шарттарын сақтау бөлігінде кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі уәкілетті орган және реттеуші мемлекеттік орган келіскен, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында белгіленеді.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында реттеуші мемлекеттік органға өзін-өзі реттейтін ұйымның атына оның мүшелеріне (қатысушыларына) келіп түскен шағымдар туралы ақпарат беру тәртібі көзделеді.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны туралы шағым тексеру жүргізу үшін негіз болуы мүмкін.
Тексеру жүргізу барысында шағымда көрсетілген фактілер ғана зерттеуге жатады.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесі (қатысушысы) тексеру жүргізу үшін өзін-өзі реттейтін ұйымның сұрау салуы бойынша қажетті ақпаратты өзін-өзі реттейтін ұйым айқындайтын тәртіппен беруге міндетті.
5. Өзін-өзі реттейтін ұйым, сондай-ақ оның тексеру жүргізуге қатысатын қызметкерлері мен лауазымды адамдары оны жүргізу барысында алған мәліметтерді жария етпеуге және таратпауға жауапты болады.
6. Тексеру нәтижесінде тексерілетін мүшенің (қатысушының) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын, оған мүше болу (қатысу) шарттарын, сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар фактісі анықталған жағдайда, ұйымның басшы адамдары, өзін-өзі реттейтін ұйымның тексерулерді жүзеге асыратын қызметкерлері және өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі органның мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамдардың өміріне, денсаулығына ықтимал зиян келтіруді және қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне нұқсан келтіруді болғызбау, сондай-ақ бұзушылықтарға жол берген адамдарды осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шараларды қолдану мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын болса, өзін-өзі реттейтін ұйымның тексерулерді жүзеге асыратын басшылары мен қызметкерлері және өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы істерді қарау жөніндегі органның мүшелері шаралар қолдану үшін анықталған бұзушылықтар туралы тиісті мемлекеттік органдарға дереу хабарлауға міндетті.
7. Өзін-өзі реттейтін ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында және өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында белгіленген тәртіппен өз мүшелерінің (қатысушыларының) алдында өзін-өзі реттейтін ұйым қызметкерлерінің өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қызметіне бақылауды жүзеге асырған кездегі құқыққа сыйымсыз әрекеттері үшін жауапты болады.
26-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) жауаптылығы
1. Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, өзін-өзі реттейтін ұйым жарғысының, қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны үшін оның мүшесі (қатысушысы) Қазақстан Республикасының заңдарына, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарына сәйкес жауапты болады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) жазаларды қолдану, алып тастау және оларға шағым жасау тәртібі өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысы мен қағидаларында айқындалады.
Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесіне (қатысушысына) теріс қылық жасағаны үшін бір ғана жаза қолдануға болады.
3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары талаптарының бұзушылықтары туралы істер бойынша iс жүргiзу өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының құзыретіне жатады.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында реттеуші мемлекеттік органдардың өзін-өзі реттейтін ұйымға іс жүргізуді қозғау туралы ұсынуды енгізу құқығы көзделген жағдайларда, оны қарау олардың өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қарау уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген осы өкілдің келмей қалуы іс жүргізуді жүзеге асыруға кедергі болмайды.
5. Өзін-өзі реттейтін ұйымның атқарушы басқару органының жаза қолдану туралы шешіміне өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесі (қатысушысы) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
6. Егер жаза қолданылған күннен бастап алты ай ішінде мүшеге (қатысушыға) жаңа жаза қолданылмаса, онда ол жаза қолданылмаған деп есептеледі.
27-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздері
1. Өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздері:
1) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) міндетті жарналары;
2) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;
3) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кәсіпкерлік қызметіне, коммерциялық немесе кәсіптік мүдделеріне байланысты білім беру қызметтерін көрсетуден алынған қаражат;
4) өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) кәсіпкерлік қызметіне, коммерциялық немесе кәсіптік мүдделеріне байланысты ақпараттық материалдарды сатудан алынған қаражат;
5) заңда тыйым салынбаған басқа да түсімдер болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, өзін-өзі реттейтін ұйымның бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігін жүргізу міндетті аудитке жатады.
28-бап. Мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету тәсілдері
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өзін-өзі реттейтін ұйым мүліктік жауаптылықты, оның ішінде өзінің және өз мүшелерінің (қатысушыларының) өздері өндірген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тұтынушылар және өзге де тұлғалар алдындағы мүліктік жауаптылығын қамтамасыз етудің мынадай тәсілдерінің бірін:
1) өтемақы қорынан төлеу;
2) азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру;
3) өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелерін (қатысушыларын) мүліктік жауаптылыққа тарту;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, мүліктік жауаптылықты қамтамасыз етудің өзге де тәсілдерін пайдалану арқылы қолданады.
2. Мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету шеңберінде өндіріп алуды қолдану мынадай жағдайлардың бірінде:
1) өзін-өзі реттейтін ұйым талаптардың негізділігін және өндіріп алуды қанағаттандыру қажеттілігін мойындаған кезде;
2) соттың немесе төреліктің заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысында өзгеше көзделмесе, мүліктік жауаптылықты қамтамасыз ету шараларын пайдалану тәртібі оның мүшелерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысы бекіткен, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында айқындалады.
4. Өзін-өзі реттейтін ұйымның өтемақы қорының қаражаты өзін-өзі реттейтін ұйымның басқа мүлкінен бөлек болады. Өтемақы қорының қаражатын өзін-өзі реттейтін ұйымға тиесілі өзге қаражатпен, сондай-ақ қаржылық есептілікте көрсеткен кезде араластыруға жол берілмейді.
29-бап. Өзін-өзі реттеудегі мемлекеттік бақылау және қадағалау
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер және профилактикалық бақылау мен қадағалау жолымен жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті орган және реттеуші мемлекеттік органдар ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесіне (қатысушысына) мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырған кезде тәуекелдерді бағалау жүйесінде мұндай мүшеліктің (қатысудың) болу фактісін ескереді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 29-1-баппен толықтырылды
29-1-бап. Кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуге өтуге ынталандыру
1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттары Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты және өзге де көздер есебінен әзірленуі мүмкін.
2. Реттеуші мемлекеттік органдар ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген және тиісті кәсіпкерлік және (немесе) кәсіптік қызмет түрі субъектілерінің көпшілігін біріктіретін өзін-өзі реттейтін ұйымдардың кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласында жұмыс істеу кезінде мынадай шаралар кешенін жүзеге асырады:
1) міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу тұрғысынан реттеушілік әсерді талдау рәсімін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізеді;
2) рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою тұрғысынан реттеушілік әсерді талдау рәсімін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерін өзін-өзі реттеуге өтуге ынталандыру жөнінде өзге де шаралар белгіленуі мүмкін.
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
32-бап. Өтпелі ережелер
Реттеуші мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарымен кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің коммерциялық емес ұйымдарға міндетті мүшелігі белгіленген қызмет салаларын осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде оған сәйкес келтіруге бағытталған қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 12-і.
№ 390-V