2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Медициналық көмек хабардар етілген пациенттің ерікті түрдегі ауызша немесе жазбаша келісімі алынғаннан кейін көрсетілуге тиіс. Инвазиялық араласулар кезінде пациенттің ерікті түрдегі жазбаша келісімі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалады.
4. Пациент медициналық көмек алу кезінде ұсынылатын және баламалы емдеу әдістерінің ықтимал қатері мен артықшылықтары туралы деректерді, емделуден бас тартудың ықтимал салдарлары туралы мәліметтерді, пациентке түсінікті болатын нысандағы диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпаратты қоса алғанда, өз денсаулығының жай-күйі туралы толық ақпаратты алуға, сондай-ақ оны үйге шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептері туралы түсінік алуына құқығы бар.
5. Пациент өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты хабарлау қажет болатын адамды тағайындай алады. Пациенттің ақпарат алудан бас тартуы жазбаша ресімделеді және медициналық құжаттамаға енгізіледі.
6. Егер медициналық аппараттың берілуі пациентке пайдасын тигізбейтіні былай тұрсын, елеулі зиянын да тигізеді деуге кесімді негіз болса ғана ақпарат пациенттен жасырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы ақпарат пациенттің жұбайына (зайыбына), оның жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне хабарланады.
7. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалық базалары жағдайында медициналық көмек алатын пациенттердің оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ емдік-диагностикалық рәсімдердің өткізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқығы бар.
8. Пациенттердің құқықтарын қорғауды денсаулық сақтау органдары, ұйымдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
9. Пациенттің медициналық көмек алу кезінде тағайындалған дәрілік зат туралы толық ақпарат алуға құқығы бар.
10. Некелесетін азаматтардың медициналық және медициналық-генетикалық зерттеп-қаралуға құқығы бар.
92-бап. Пациенттердің міндеттері
1. Пациент осы Кодекстің 90-бабында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;
2) медицина қызметкерлерімен қатынаста сыйластық пен сабырлылық көрсетуге;
3) диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты дәрігерге хабарлауға, медициналық араласуға келісім бергеннен кейін емдеуші дәрігердің барлық нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға;
4) медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медициналық көмек алу кезінде медицина персоналымен ынтамақтастықта болуға;
5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік пайда болған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлерін уақтылы хабардар етуге;
6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасамауға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) медициналық ұйыммен жасалған шартқа сәйкес амбулаториялық деңгейде медициналық және дәрілік көмек алу кезінде тағайындалған барлық нұсқамаларды орындауға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген пациенттердің міндеттері науқас балаға стационарда күтім жасауды тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.
93-бап. Медициналық көмектен бас тарту құқығы
1 Осы Кодекстің 94-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, пациенттің немесе оның заңды өкілінің медициналық көмектен бас тартуға құқығы бар.
2. Медициналық көмектен бас тартқан кезде, пациентке немесе оның заңды өкіліне оған түсінікті түрде аурудың ықтимал салдарлары туралы түсіндірілуге тиіс.
3. Медициналық көмектен бас тарту, оның ықтимал салдарлары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарға жазбамен ресімделеді және оған пациент не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.
Пациент не оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, медициналық құжаттамаға бұл туралы тиісті жазбаны медицина қызметкері жүзеге асырады және оған қол қояды.
4. Кәмелетке толмаған адамның не әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде, медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншы және қамқоршы органға және (немесе) сотқа жүгінуге құқылы.
2010.29.12. № 375-IV ҚР Заңымен 94-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
94-бап. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету
1. Азаматтардың келісімінсіз:
1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші;
3) психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші;
4) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.
2. Кәмелетке толмаған адамдарға және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде - медициналық ұйымның лауазымды адамдарын және заңды өкілдерді кейіннен хабардар ете отырып, шешімді тікелей медицина қызметкері қабылдайды.
3. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.
2013.21.05. № 95-V ҚР Заңымен 95-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
95-бап. Дәрігерлік құпия
1. Медициналық көмекке жүгіну фактісі, азаматтың денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер дәрігерлік құпияны құрайды.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайлардан басқа, оқыту, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтер белгілі болған адамдардың оларды жария етуіне жол берілмейді.
3. Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімімен пациентті зерттеп-қарау және емдеу мүддесіне орай, ғылыми-зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқыту процесінде және өзге де мақсаттарға пайдалану үшін басқа жеке және (немесе) заңды тұлғаларға беруге жол беріледі.
4. Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз беруге мынадай жағдайларда:
1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері болған кезде, оның ішінде қан мен оның компоненттерінің донорлығы кезінде;
3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұратуы бойынша;
4) кәмелетке толмаған адамға немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;
5) азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер болған кезде жол беріледі.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Қан мен оның компоненттерінің донорлығына байланысты жағдайлардан басқа, жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшiн жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi олардың рұқсатынсыз жинауға және өңдеуге жол берiлмейдi.
Қан мен оның компоненттерінің донорлығына, сондай-ақ құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың психиканың үнемі бұзылуын, алкогольдік, есірткілік тәуелділікті және тәуелділіктің өзге де түрлерін, агрессия мен зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға бейімділікті қоса алғанда, қоғам үшін қауіпті бұзылу мен аурулардан зардап шегетін адамдардың диспансерлік есепте тұрғаны туралы дәрігерлік құпияны құрайтын электрондық құжат нысанындағы ақпаратты беру жөніндегі сұрау салуларына байланысты жағдайлардан басқа, жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi пайдалану кезiнде жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды олардың рұқсатынсыз басқа дерекқорлармен байланыстыратын телекоммуникациялар желiлеріне қосуға жол берiлмейдi.
Жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi заңсыз жинағаны және өңдегені үшін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
17-тарау. Адамның ұрпақты болу құқықтарын қорғау
96-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Азаматтардың:
1) ұрпақты болуды еркін таңдауға;
2) ұрпақты болу денсаулығын сақтау және отбасын жоспарлау жөнінде көрсетілетін қызметтерді алуға;
3) өзінің ұрпақты болу денсаулығының жай-күйі туралы дәйекті және толық ақпарат алуға;
4) бедеуліктен емделуге, оның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген, ұрпақты болудың қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзаларының тінінің донорлығына;
6) контрацепция әдістерін пайдалануға және еркін таңдауға;
7) хирургиялық стерилизациялануға;
8) жүктілікті жасанды түрде үзуге;
9) өзінің ұрпақты болу құқықтарын қорғауға;
10) балалардың санына және олардың некеде немесе некесіз тууының уақытына, туу аралығындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті аралық жиілікке қатысты шешімді ерікті түрде қабылдауға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) жыныстық жасушаларды, ұрпақты болу ағзаларының тінін, эмбриондарды сақтауға құқығы бар.
2. Кәмелетке толмаған адамдардың ұрпақты болу денсаулығын сақтауға, сондай-ақ имандылық-жыныстық тәрбие алуға құқығы бар.
3. Азаматтар өздерінің ұрпақты болу құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
97-бап. Әйелдердің жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңінде денсаулығын сақтау
1. Әйелдің жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін, оның ішінде шарананы тірі туудың және өлі туудың халықаралық критерийлерімен айқындалатын мерзімінен бұрын босанғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген әдістерді қолдана отырып, денсаулығын сақтауға және көмек алуға құқығы бар.
2. Жүкті, босанатын және босанған әйелдерге денсаулық сақтау жүйесі ұйымдарында медициналық, консультациялық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде ұсынылады.
3. Жүктілік кезеңінде зерттеп-қарау, емдеу және медициналық араласу әйелдің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
Зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуды кешеуілдету әйелдің және баланың (шарананың) өміріне қауіп төндіретін жағдайларда зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуды жүзеге асыру туралы шешімді дәрігер немесе дәрігерлік комиссия қабылдайды.
98-бап. Бедеуліктен емделу
1. Адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында, жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда қауіпсіз және тиімді әдістермен, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға уәкілетті орган Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес рұқсат еткен, ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалана отырып, олардың тиімділігі, қолданудың оңтайлы мерзімдері туралы, ықтимал асқынулар, медициналық және құқықтық салдарлары туралы толық әрі түбегейлі ақпаратты және олардың организмге әсер етуіне қатысты өзге де мәліметтерді міндетті түрде ала отырып, бедеуліктен емделуге құқығы бар.
2. 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
99-бап. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологиялары, клондау
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Некеде тұратын және некеде тұрмайтын әйел мен ер адамның медициналық араласуға екіжақты хабардар етілген ерікті түрдегі жазбаша келісімі болған кезде ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар. Жалғыз басты әйелдің де медициналық араласуға хабардар етілген ерікті түрдегі жазбаша келісімі болған кезде ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар.
2. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
3. Жыныспен байланысты аурулардың тұқым қуалау мүмкіндігі жағдайларын қоспағанда, ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалану кезінде болашақ баланың жынысын таңдауға жол берілмейді.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Адамның эмбрионын коммерциялық, әскери және өнеркәсіптік мақсаттар үшін пайдалануға болмайды.
5. Қазақстан Республикасында адамды клондауға - генетикалық жағынан бірдей түрлерді өрбітіп-өсіруге тыйым салынады.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Қазақстан Республикасынан жыныстық жасушаларды, адам эмбрионын коммерциялық, әскери немесе өнеркәсіптік мақсаттарда әкетуге жол берілмейді.
100-бап. Суррогат ана болу кезіндегі медициналық көмек
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Суррогат ана болу сыйақы төлене отырып, суррогат ана мен ерлі-зайыптылар арасындағы шарт бойынша балаға (балаларға) жүкті болуды және, мерзiмiнен бұрын босану жағдайларын қоса алғанда, бала (балалар) тууды бiлдiредi.
2. Медициналық-генетикалық зерттеп-қарау нәтижелерін қоса алғанда, психикалық, соматикалық және ұрпақты болу денсаулығының қанағаттанарлық жай-күйі туралы медициналық қорытынды алған жиырма жастан отыз бес жасқа дейінгі әйелдер суррогат ана бола алады.
3. Суррогат ананың, ықтимал ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, баланың құқықтары және келісім-шарт жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңнамасымен реттеледі.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 101-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
101-бап. Жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзалары тінінің донорлығы
1. Он сегіз жастан отыз бес жасқа дейінгі, тәні мен психикасы сау, медициналық-генетикалық зерттеп-қараудан өткен азаматтардың жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзалары тінінің донорлары болуға құқығы бар.
2. Донорлардың өздерінің донорлық жыныстық жасушаларының, ұрпақты болу ағзалары тінінің кейінгі тағдыры туралы ақпаратқа құқығы жоқ.
3. Жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзалары тінінің донорлығын жүргізу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
102-бап. Контрацепцияны пайдалану
1. Азаматтардың контрацепция, оның ішінде медициналық контрацепция әдістері мен құралдарын таңдауға, сондай-ақ олардан бас тартуға құқығы бар.
2. Азаматтарға денсаулығының жай-күйін, жасын және өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, контрацепцияның қолайлы әдістері мен құралдарын жеке іріктеу жөніндегі медициналық көмек көрсетіледі.
103-бап. Хирургиялық стерилизациялау
1. Қаламаған жүктіліктің алдын алу әдісі ретінде хирургиялық стерилизациялау отыз бес жастан асқан немесе кемінде екі баласы бар азаматтарға қатысты, ал медициналық көрсетілімдер мен кәмелеттік жастағы азаматтың келісімі болған жағдайда - жасына және балаларының бар-жоғына қарамастан жасалуы мүмкін.
2. Хирургиялық стерилизациялауды денсаулық сақтау ұйымдары, жекеше медициналық практикамен айналысатын, осы қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке тұлғалар осы операцияның біржола жасалатыны туралы міндетті түрде алдын ала хабардар ете отырып, азаматтың жазбаша келісімі бойынша ғана жүргізеді.
3. Хирургиялық стерилизациялауды жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган бекітеді.
104-бап. Жүктілікті жасанды түрде үзу
1. Әйелдің жүктілікті жасанды түрде үзуге құқығы бар.
Жүктілікті жасанды түрде үзудің алдын алу мақсатында дәрігерлер моральдық-этикалық, психологиялық және физиологиялық теріс салдарларды, ықтимал асқынуларды түсіндіруге бағытталған әңгімелер өткізуге міндетті.
2. Жүктілікті жасанды түрде үзу әйелдің қалауы бойынша жүктіліктің он екі аптаға дейінгі мерзімінде, әлеуметтік көрсетілімдер бойынша - жүктіліктің жиырма екі аптаға дейінгі мерзімінде, ал жүкті әйелдің және (немесе) шарананың өміріне қатер төндіретін медициналық көрсетілімдер болған кезде (шарананың дамуы мен жай-күйінің өмірмен сыйыспайтын туа біткен кемістігі түзелмейтін монотектік генетикалық аурулар болған кезде) - жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасалады.
3. Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды түрде үзуі олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.
4. Емдеу-профилактикалық ұйымдарда әйелдің қалауы бойынша жүктілікті жасанды түрде үзуге дейін және одан кейін, контрацепция әдістері мен құралдарын жеке іріктеуді қоса алғанда, медициналық-әлеуметтік консультация өткізіледі.
5. Жүктілікті жасанды түрде үзудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган бекітеді.
18-тарау. Туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
105-бап. Туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету
1. Туберкулезбен ауыратын науқастар міндетті түрде медициналық байқауда болуға және емделуге жатады, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
2. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастар міндетті түрде ауруханаға жатқызылып, емделуге және оңалтылуға тиіс.
106-бап. Азаматты туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп танудың тәртібі
1. Азаматты туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері ескеріле отырып, денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
2. Азаматты туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп танылған азамат денсаулық сақтау ұйымының шешіміне жоғары тұрған органға және (немесе) сотқа шағым жасай алады.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 107-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 107-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
107-бап. Туберкулезбен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жiберудiң негiзi мен тәртiбi
1. Туберкулезбен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу пациенттерді туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымдарда оқшаулау арқылы туберкулезге қарсы және симптоматикалық емдеуді қамтиды.
2. Туберкулезбен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге олардың медициналық құжаттамада тіркелген, дәрігер тағайындаған емделуден бас тартуы, сондай-ақ туберкулезге қарсы ұйымдардан және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарынан өз бетінше кетуі және ондағы емдеу режимін бұзуы негіз болып табылады.
3. Туберкулезбен ауыратын және емделуден жалтарып жүрген азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы шешімді сот денсаулық сақтау ұйымдарының ұсынуы бойынша қабылдайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы материалдарды сот медициналық құжаттама келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде және денсаулық сақтау ұйымы өкілінің қатысуымен қарайды.
5. Туберкулезбен ауыратын азаматты мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы сот шешімін орындау атқарушылық іс жүргізу органдарына жүктеледі.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 108-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
108-бап. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емделуде жүрген науқастардың құқықтары
1. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емделуде жүрген науқастар Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымда болу режимін сақтау қажеттігіне байланысты шектеулермен пайдаланады.
2. Туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымға мәжбүрлеп емдеуге жіберу соттылыққа әкеп соқпайды.
3. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген науқастың жұмыс орны сақталады.
4. Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында еңбек стажы үзілмейді және ол жалпы еңбек стажына есептеледі.
5. Мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғын үйінде тұратын, туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген науқастардың емдеуде болуының бүкіл уақыты ішінде тұрғын үйі сақталады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 109-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
109-бап. Туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымдарда туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу және ұстау
1. Мәжбүрлеп емдеуге арналған туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымда туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу және ұстау бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымдарда мәжбүрлеп емдеуді ұйымдастыру, сондай-ақ онда науқастардың болу режимі уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жүзеге асырылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымдарда туберкулезбен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеу және оларды шығару уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 110-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
110-бап. Туберкулезбен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеу аяқталғаннан кейінгі медициналық байқау және емдеу
Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуде болған науқастар туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымнан шығарылғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша туберкулезге қарсы ұйымда есепке тұруға және уәкілетті орган белгілеген тәртіппен туберкулезбен аурудың қайталануын болғызбайтын ем алып тұруға міндетті.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 111-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
111-бап. Туберкулезбен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек
Мәжбүрлеп емдеу аяқталғаннан кейін туберкулезге қарсы мамандандырылған медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулезбен ауыратын науқастарға жергілікті атқарушы органдар олардың еңбекке орналасуына және тұрмыстық жайласуына көмек көрсетеді.
19-тарау. Аитв инфекциясын жұқтырғандарға және житс-пен ауыратын
науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
112-бап. АИТВ инфекциясының және ЖИТС-тың профилактикасы, диагностикасы және оны емдеу мәселелеріндегі мемлекет кепілдіктері
Мемлекет АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға және ЖИТС-пен ауыратын науқастарға:
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) тегін негізде құпия медициналық зерттеп-қараудың қолжетімділігі мен сапасына, динамикалық байқауды қамтамасыз етуге, психологиялық-әлеуметтік, заңдық және медициналық консультациялар беруге;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде медициналық көмекке және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге;
3) әлеуметтік және құқықтық қорғауға;
4) ауруының сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеуіне;
5) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа берілу қаупін азайту жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді.
113-бап. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды әлеуметтік қорғау
1. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын балалардың мектепте және басқа оқу орындарында оқуы қамтамасыз етіледі.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)