4. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету және арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мынадай жағдайларда:
1) кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшері және арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшері, егер мұндай қамтамасыз етуді ұсыну осы Кодекстің 223-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырудың шарты болып табылса, жиынтық түрде транзиттік декларацияны тіркеген күні қолданыста болатын валюта бағамы бойынша бес жүз еуроға балама сомадан аспаса;
2) декларацияланатын тауарларды тасымалдауды (тасуды) жүзеге асыратын кедендік тасымалдаушы немесе бірінші немесе үшінші типтегі уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы куәлігі бар уәкілетті экономикалық оператор декларант ретінде әрекет етсе;
3) осындай тасымалдау (тасу) көліктің екі және одан да көп түрін пайдалана отырып, тауарларды тасымалдаудың (тасудың) бір бөлігі болып табылатын жағдайды қоспағанда, тауарлар теміржол, әуе көлігімен тасымалданса немесе құбыржол көлігімен алып өтілсе;
4) осындай тасымалдау көліктің екі және одан да көп түрін пайдалана отырып тауарларды тасымалдаудың бір бөлігі болып табылатын жағдайды қоспағанда, шетелдік тауарлар су кемелерімен, оның ішінде аралас жүзу (өзен - теңіз) кемелерімен, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарына кірместен, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің теңіз порттары арасында тасымалданса;
5) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде тәуекелдерді басқару жүйесімен айқындалса;
6) осы Кодекстің 387-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленсе;
7) Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделсе;
8) кеден органы кедендік алып жүруді қолдану туралы шешім қабылдаса;
9) кеден органы осы Кодекстің 437-бабына сәйкес электрондық кедендік алып жүруді қолдану туралы шешім қабылдаса;
10) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің ресми пайдалануына арналса, бұл жөнінде жөнелтуші кеден органында әрбір нақты тасымал бойынша, жөнелтуші кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігінің ақпараты болса, ұсынылмайды. Көрсетілген ақпаратты жөнелтуші кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігі кеден органына оны:
тауарларды алушы болып табылатын дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің болу мемлекеті болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігінен;
не жөнелтуші кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында орналасқан және дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі тауарларды алушы болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі болып табылатын дипломатиялық өкілдіктен немесе консулдық мекемеден алған кезде береді.
11) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан халықаралық ұйымдардың жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің ресми пайдалануы үшін арналса, бұл жөнінде жөнелтуші кеден органында әрбір нақты тасымал бойынша, жөнелтуші кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігінің ақпараты болса, ұсынылмайды. Көрсетілген ақпаратты жөнелтуші кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігі кеден органына оны тауарларды алушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің болу мемлекеті болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігінен алған кезде береді;
12) бастапқы жайласуға арналған тауарларды қоса алғанда, тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлерінің, консулдық мекемелер жұмыскерлерінің, халықаралық ұйымдардың жанындағы мемлекеттер өкілдіктері, халықаралық ұйымдар немесе олардың өкілдіктері, өзге де ұйымдар немесе олардың өкілдіктері персоналының (қызметкерлерінің, лауазымды адамдарының), сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің жеке пайдалануына арналса, бұл жөнінде жөнелтуші кеден органында әрбір нақты тасымал бойынша, жөнелтуші кеден органы болатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігінің ақпараты болса, ұсынылмайды. Көрсетілген ақпаратты жөнелтуші кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігі кеден органына оны қызметкерлері, жұмыскерлері, персоналы (қызметкерлері, лауазымды адамдары) тауарларды алушы болып табылатын, дипломатиялық өкілдік, консулдық мекеме, халықаралық ұйымдардың жанындағы мемлекеттер өкілдіктері, халықаралық ұйымдар немесе олардың өкілдіктері, өзге де ұйымдар немесе олардың өкілдіктері болатын мемлекет болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің сыртқы істер министрлігінен не дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері, жұмыскерлері тауарларды алушы болып табылатын, мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі болып табылатын, жөнелтуші кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктен немесе консулдық мекемеден алған кезде береді;
13) тауарлар мәдени, ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану, спорттық сайыстарды өткізу не оларға дайындалу, дүлей зіл-залалар, авариялар, апаттар салдарларын жою, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қорғаныс қабілеттілігін және мемлекеттік (ұлттық) қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қарулы күштерін қайта жарақтандыру, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік шекараларын қорғау, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының пайдалануы үшін арналған болса, бұл жөнінде Комиссия айқындаған, аумағында межелі кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органы Комиссия айқындаған, аумағында жөнелтуші кеден органы орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органына ұсынылған, осындай тауарларды кедендік баждар, салықтар төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынбай және (немесе) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынбай шығару туралы өтінішхат жасаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мүдделі мемлекеттің тиісті мемлекеттік органының растауы болса;
14) егер кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау тауарларға арналған декларация берілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағы бойынша ғана жүзеге асырылатын болса және кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты және ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты сол бір тұлға болған жағдайда, автомобиль көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен оларды орналастыру мақсатында осы Кодекстің 185-бабында айқындалған ерекшеліктермен кедендік декларациялау жүзеге асырылса және осындай тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленсе, ұсынылмайды.
5. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты айқындалған кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшері және арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшері, егер осындай қамтамасыз етуді ұсыну осы Кодекстің 223-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру шарты болып табылса, жиынтық түрде осы Кодекстің 227-бабында айқындалған құжаттарда көрсетілген сомадан транзиттік декларацияны тіркеген күні қолданыста болатын валюта бағамы бойынша бес жүз еуроға балама сомадан көп емес мөлшерде асатын жағдайда, қосымша кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсыну талап етілмейді.
6. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету бір транзиттік декларация бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты ұсынылады. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз ету бірнеше транзиттік декларация бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты ұсынылуы мүмкін.
7. Бір транзиттік декларация бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету жөнелтуші кеден органына не межелі кеден органына ұсынылуы мүмкін.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз ету жөнелтуші кеден органына, межелі кеден органына не аумағында жөнелтуші кеден органы немесе межелі кеден органы тұрған және Еуразиялық экономикалық одаққа осындай мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасында айқындалатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің өзге де кеден органына ұсынылуы мүмкін.
8. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыруды Еуразиялық экономикалық одаққа бір мүше мемлекеттің кеден органы жүзеге асыратын, ал кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз ету Еуразиялық экономикалық одаққа басқа мүше мемлекеттің кеден органына ұсынылған жағдайларда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктері Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартпен айқындалады.
Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыруды кеден органына кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз ету ұсынылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органы жүзеге асыратын жағдайларда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктері Еуразиялық экономикалық одаққа осы мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленеді.
227-бап. Кедендік транзит кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуды растаудың ерекшеліктері
1. Егер тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыруды Еуразиялық экономикалық одаққа бір мүше мемлекеттің кеден органы жүзеге асыратын болса, ал кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету межелі кеден органы тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа басқа мүше мемлекеттің кеден органына ұсынылса, мұндай қамтамасыз етудің ұсынылуын растау мақсатында кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету сертификаты (бұдан әрі - қамтамасыз ету сертификаты) қолданылады.
2. Қамтамасыз ету сертификаты электрондық құжат түрінде ресімделеді.
Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету кезінде, сондай-ақ егер техникалық іркілістерден, байланыс құралдары (телекоммуникациялық желілер және Интернет желісі) жұмысындағы бұзылулардан, электр энергиясының сөнуінен туындаған кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелердің ақауларына байланысты электрондық құжат түрінде қамтамасыз ету сертификатын ұсынуды қамтамасыз ету мүмкіндігі кеден органында болмаса, қамтамасыз ету сертификатын қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ресімдеуге жол беріледі.
3. Қамтамасыз ету сертификаты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің ұсынылған мөлшері шегінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынған тұлға айқындаған сомаға ресімделеді. Осы Кодекстің 226-бабының 8-тармағында көзделген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартта кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз ету кезінде қамтамасыз ету сертификаты (қамтамасыз ету сертификаттары) кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын ұсынылған қамтамасыз ету мөлшерінен асатын сомаға ресімделетін жағдайлар мен шарттар айқындалуы мүмкін.
4. Бір транзиттік декларация бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсыну бір немесе бірнеше қамтамасыз ету сертификатымен расталады.
Бір қамтамасыз ету сертификатымен Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз ету кезінде бірнеше транзиттік декларация бойынша тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету расталуы мүмкін.
5. Қамтамасыз ету сертификатының нысанын, электрондық құжат түріндегі осындай қамтамасыз ету сертификатының құрылымы мен форматын, оларды толтыру және қамтамасыз ету сертификатына өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін, оның қолданылу мерзімін айқындау тәртібін, қамтамасыз ету сертификатын пайдалану тәртібін, оның ішінде оны кеден органына ұсыну, тіркеу, тіркеуден бас тарту, тіркеуді жою, қолданысын тоқтату (жабу) тәртібін, сондай-ақ қамтамасыз ету сертификатын тіркеуден бас тартудың, тіркеуді жоюдың, қолданысын тоқтатудың (жабудың) негіздерін Комиссия айқындайды.
6. Жөнелтуші кеден органы үшін:
1) кеден органы тіркеген, электрондық құжат түрінде ресімделген және жөнелтуші кеден органы кеден органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып алған қамтамасыз ету сертификаты;
2) қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ресімделген және кеден органы тіркеген қамтамасыз ету сертификаты және жөнелтуші кеден органы кеден органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып алған осындай қамтамасыз ету сертификаты туралы және осындай қамтамасыз ету сертификатынан алынған мәліметтер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуды растау болып табылады.
7. Осы Кодекстің 226-бабының 8-тармағында көзделген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартта кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз етуді ұсынуды растаудың ерекшеліктері айқындалуы мүмкін.
8. Жөнелтуші кеден органы мынадай:
1) транзиттік декларацияны берген кезде қамтамасыз ету сертификатының қолданылу мерзімі өткен;
2) электрондық құжат түрінде ресімделген қамтамасыз ету сертификатында көрсетілген мәліметтер не қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ресімделген қамтамасыз ету сертификаты туралы және (немесе) кеден органдарының ақпараттық жүйесіндегі осындай қамтамасыз ету сертификатынан алынған мәліметтер транзиттік декларацияда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмеген;
3) жөнелтуші кеден органы қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ресімделген қамтамасыз ету сертификатын қолдану кезінде осы баптың 6-тармағына сәйкес қамтамасыз ету сертификаты туралы мәліметтерді және (немесе) одан мәліметтерді алмаған жағдайларда, мәліметтері транзиттік декларацияда мәлімделген қамтамасыз ету сертификатын кедендік баждар, салықтар төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуды растау ретінде танымайды.
9. Осы Кодекстің 442-бабына сәйкес кеден органдары электрондық құжат түрінде ресімделген қамтамасыз ету сертификаттарымен, қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде ресімделген, тіркелген қамтамасыз ету сертификаттары туралы мәліметтермен және олардан алынған мәліметтермен, сондай-ақ қолданысы тоқтатылған қамтамасыз ету сертификаттары туралы (жабылған қамтамасыз ету сертификаттары туралы), қамтамасыз ету сертификатын пайдаланбау, қамтамасыз ету сертификатын тіркеуді жою, қамтамасыз ету сертификатының қолданысын тоқтату (жабу) мүмкіндігі туралы ақпараттармен алмасады.
228-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде тауарларды түсіру, қайта тиеу (ауыстырып тиеу) және олармен жасалатын өзге де жүк операциялары, сондай-ақ көлік құралдарын ауыстыру
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге), оның ішінде бір көлік түрі көлік құралынан көліктің басқа түрі көлік құралына түсіруге, қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге) және олармен жасалатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ осындай тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын ауыстыруға, осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, қызмет аймағында осындай операциялар жасалатын кеден органының рұқсатымен жол беріледі.
2. Егер тауарлар мен көлік құралдарына қатысты осы баптың 1-тармағында көрсетілген операциялардың салынған кедендік пломбалар мен басылған мөрлерді алмай жасалуы мүмкін болса, не егер тауарларға кедендік пломбалар салынбаса және мөрлер басылмаса, қызмет аймағында осындай операциялар жасалатын кеден органын электрондық немесе жазбаша нысанда тиісті түрде хабардар еткеннен кейін осындай операцияларды жасауға жол беріледі.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге) және олармен жасалатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ осындай тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын ауыстыруға кеден органының рұқсатын алуға байланысты кедендік операцияларды жасау немесе осындай операцияларды жасау туралы кеден органын хабардар ете отырып, жасау тәртібін Комисссия айқындайды.
4. Кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарлармен жүк операцияларын жасауға рұқсат беруден, көлік (тасымалдау) құжаттарында, шектеулердің сақталуын растайтын құжаттарда не Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары берген өзге де құжаттарда осындай операцияларды жасауға тыйым салу болған кезде, бас тартуға құқылы.
5. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарлармен жүк операциялары кеден органының рұқсатымен тұлғаның өтініші бойынша кеден органының жұмыс уақытынан тыс жасалуы мүмкін.
229-бап. Кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде туындаған авария, еңсерілмейтін күш әсері немесе өзге де мән-жайлар кезінде қабылданатын шаралар
1. Тасымалдаушының осы Кодекстің 230-бабында көзделген міндеттерді сақтауына кедергі келтіретін авария, еңсерілмейтін күштің әсері немесе өзге де мән-жайлар кезінде тасымалдаушы тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараны қабылдауға, осы мән-жайлар және тауарлардың тұрған жері туралы жақын кеден органына дереу хабарлауға, сондай-ақ тауарларды апаруға немесе оларды жақын кеден органына не кеден органы көрсеткен өзге жерге тасымалдауды (тасуды) қамтамасыз етуге (егер оның көлік құралы бұзылған болса) міндетті.
Осы мән-жайлар туралы хабар алған кеден органы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдауға (тасуға) кедергі болатын туындаған мән-жайлар туралы жөнелтуші кеден органы мен межелі кеден органына хабар беруге міндетті.
2. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау (тасу) кезінде туындаған болған авария, еңсерілмейтін күш әсері немесе өзге де мән-жайлар кезінде кедендік операцияларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
3. Осы баптың 1-тармағының талаптарын сақтауға байланысты тасымалдаушы шеккен шығыстарды кеден органдары өтемейді.
230-бап. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау (тасу) кезіндегі тасымалдаушының міндеттері
1. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау (тасу) кезінде тасымалдаушы, осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, өзінің осындай кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлардың декларанты болып табыла ма, жоқ па екеніне қарамастан:
1) тауарларды және оларға арналған құжаттарды жөнелтуші кеден органы белгілеген мерзімде тауарларды жеткізу орнына, егер белгіленген болса, тауарларды тасымалдаудың (тасудың) белгілі бір маршруты бойынша жүре отырып, жеткізуге;
2) тауарлардың, кедендік пломбалар мен мөрлердің не, егер қолданылған болса, өзге де сәйкестендіру құралдарының сақталуын қамтамасыз етуге;
3) осы Кодекстің 228-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, кеден органдарының рұқсатынсыз кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын (тасылатын) тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге) және олармен жасалатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ осындай тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын ауыстыруға жол бермеуге міндетті.
2. Егер тауарларды тасымалдау (тасу) екі және одан да көп көлік түрін пайдалана отырып жүзеге асырылатын болса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген міндеттер кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларантына жүктеледі.
3. Теміржол көлігімен тасымалданатын, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орнына жеткізілмеген кезде көрсетілген тауарларды тасымалдауға қабылдаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің әрбір теміржол тасымалдаушысы кеден органының талап етуі бойынша осы жеткізілмеген тауарлар туралы ақпаратты ұсынуға міндетті. Тиісті талап және ақпарат жазбаша нысанда да, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологиялар пайдаланыла отырып та берілуі мүмкін.
231-бап. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы және тоқтатылуы
1. Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы жөнелтуші кеден органы айқындаған тауарларды жеткізу орнына тауарлар жеткізілгеннен кейін аяқталады.
2. Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін тауарларды жеткізу орнында тауарлар кедендік бақылау аймағына, оның ішінде тауарлар өздері жеткізілген көлік құралынан түсірілмей орналастырылады.
Тауарлар кедендік бақылау аймағына тәуліктің кез келген уақытында орналастырылады.
3. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың тасымалдаушысы не декларанты кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау үшін межелі кеден органына транзиттік декларацияны, сондай-ақ өзінде бар басқа да құжаттарды:
1) автомобиль көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты - олар тауарларды жеткізу орнына келген кезден бастап үш сағат ішінде, ал тауарлар кеден органының жұмыс уақытынан тыс кезде келген жағдайда - осы кеден органының жұмысы басталған уақыттан бастап үш сағат ішінде;
2) су, әуе немесе теміржол көлігін пайдалана отырып тасымалданатын тауарларға қатысты - халықаралық тасымалды жүзеге асыру кезінде порттың, әуежайдың немесе теміржол станциясының технологиялық процесінде (графигінде) белгіленген уақыт ішінде, бірақ көлік құралы тауарларды жеткізу орнына келген кезден бастап межелі кеден органының келесі жұмыс күні аяқталған уақыттан кешіктірмей ұсынуға міндетті.
4. Тасымалдаушы атынан осы баптың 3-тармағында көзделген әрекеттерді, осындай тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлғалар жасауы мүмкін.
5. Кеден органының талап етуі бойынша тасымалдаушы тауарларды көрсетуге міндетті.
6. Межелі кеден органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынған кезден бастап бір сағат ішінде олардың берілуін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тіркейді.
7. Межелі кеден органы кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде, бірақ осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды беруді тіркеген кезден бастап кеден органы жұмыс уақытының төрт сағатынан кешіктірмей, ал егер мұндай құжаттарды беру кеден органының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін төрт сағаттан аз қалғанда тіркелсе - осы кеден органының жұмыс уақыты басталған кезден бастап төрт сағат ішінде аяқтайды.
8. Кеден органы кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысын аяқтау мерзімі межелі кеден органы басшысының, межелі кеден органы басшысының ол уәкілеттік берген орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың жазбаша рұқсатымен кедендік жете тексеруді жүргізу үшін қажетті уақытқа, бірақ осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың берілуін тіркеген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын уақытқа ұзартылуы мүмкін.
9. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы кеден органының ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып, электрондық құжат қалыптастыру арқылы не транзиттік декларацияға немесе транзиттік декларация ретінде пайдаланатын өзге де құжаттарға тиісті белгілер қою арқылы ресімделеді.
10. Кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуына байланысты кедендік операцияларды жасау, оның ішінде тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне қарай жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
11. Кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы тауарларды уақытша сақтауға орналастырумен, тауарларды шығарумен аяқталатын жағдайларды, сондай-ақ мұндай жағдайларда кедендік транзит кедендік рәсімі қолданысының аяқталуына байланысты кедендік операцияларды жасау, оның ішінде көлік түріне қарай жасау тәртібін уәкілетті орган бекітеді.