2) өнімді тасымалдауға дайындаудың технологиялық қондырғыларының, басты және аралық, қайта айдайтын және құятын насос станцияларының, резервуарлық парктердің, компрессорлық және газ бөлетін станциялардың, өнім өлшейтін тораптардың құятын және ағызатын эстакадалардың, мұнай мен мұнай өнімдерін қыздыратын пункттердің айналасында - аталған объектілер аумағы шекараларының жан-жағынан жүз метр қашықтықта орналасқан тұйық сызықпен шектелген жер учаскесі түрінде белгіленеді.
11. Күзет аймақтарын, оның құрамына кіретін коммуникациялар мен объектілерді қоса, құбырлардың нақты жағдайының материалдары оларды аудандық жер пайдалану карталарына енгізу үшін тиісті жергілікті атқарушы органдарға берілуге тиіс. Жергілікті атқарушы органдар мүдделі заңды тұлғаларға олардың сұраулары бойынша құбырлардың орналасқан жері туралы мәліметтер береді.
12. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында олардың қалыпты пайдаланылуының бұзылуына не бүлінуіне әкеп соғуы мүмкін іс-әрекет жасауға:
1) навигациялық айырым белгілерін, бақылау-өлшеу пункттерінің орнын ауыстыруға, оларды көмуге және сындыруға;
2) кабель байланысының қызмет көрсетілмейтін пункттерінің люктерін, қақпалары мен есіктерін, тораптық арматуралар тораптарының қоршауларын, катодтық және сорғыту қорғаныс қондырғыларын, желілік және қарап көруге арналған құдықтар мен басқа да желілік қондырғыларды ашуға, крандар мен жылжытқыштарды ашып, жабуға, байланыс, энергиямен жабдықтау және құбырлар телемеханикасы құралдарын қосуға немесе ажыратуға;
3) қоқыс үйінділеріне айналдыруға, қышқылдар, тұздар мен сілтілер ерітінділерін төгуге;
4) жағалауларды бекітетін құрылыстарды, су өткізетін қондырғыларды, құбырларды бұзылудан, ал іргелес аумақтар мен айналадағы жерді тасылатын өнімдердің авариялық жайылып төгілуден сақтайтын топырақтан жасалған немесе өзге құрылыстарды (қондырғыларды) бұзуға;
5) зәкір тастауға, түсірілген зәкірлермен, шынжырлармен, лоттармен, ысырғыштармен және тралдармен өтуге, түбін тереңдететін және топырағын аршитын жұмыстар жүргізуге;
6) от жағуға және ашық немесе жабық от көздерін орналастыруға тыйым салынады.
13. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында магистральдық құбыр желісі меншік иесінің жазбаша рұқсатынсыз кез келген жұмысты атқаруға, оның ішінде ұңғымалар, шурфтар орнатумен және топырақ сынамасын алумен байланысты геологиялық-түсіру, геологиялық-барлау, іздеу, геодезиялық және басқа іздестіру жұмыстарына, сондай-ақ жару жұмыстарын жасауға тыйым салынады. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында жару жұмыстарын жүргізуге жазбаша рұқсат осы жұмыстарды жүргізетін ұйым Жару жұмыстары кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай ережелерінде көзделген тиісті материалдарды табыс еткеннен кейін ғана беріледі.
14. Құрамында күкіртті сутегі бар мұнай және су авариялық жағдайда төгілген кезде оларды дереу жинау және сол жерде залалсыздандыру немесе көмуге алып кету керек.
15. Газ-, мұнай-, конденсат құбырлары қиылысатын темір және су жолдарына, автомобиль жолдарына, жыраларға және басқа да табиғи кедергілерге, бұрылыс бұрыштарына, адамдар көп жиналуы мүмкін пункттерге, газ-, мұнай-, конденсат құбырлары технологиялық тораптарына тиісті қауіпсіздік белгілері мен жазбалар қойылады. Аталған жерлер үшін жобада шығарындылардың қауіптілігін болғызбайтын немесе азайтатын қосымша іс-шаралар көзделуге тиіс.
223-бап. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегi экологиялық талаптар
1. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оларды су деңгейі көтерілген жағдайда теңіздің ластануын болғызбайтындай немесе барынша азайтатындай етіп жүргізуге міндетті.
2. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы, өзінің келісімшарт аумағында теңіз ластанған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының кінәсі болмаса да, қоршаған ортаға, жеке немесе заңды тұлғаларға келтірілген залал мен шығындар үшін жауаптылықта болады.
33-тарау. Суды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
224-бап. Су объектілерін пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар
1. Су объектілерінде суды ортақ пайдалану Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Жеке және заңды тұлғалар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары белгілеген суды ортақ пайдалану ережелерін сақтауға міндетті.
3. Су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру қоршаған ортаны қорғаудың, жер қойнауын қорғаудың, санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік қауіпсіздікті, су ресурстарын молайту мен ұтымды пайдаланудың талаптары мен ережелерін сақтай отырып, сондай-ақ аталған объектілер қызметінің экологиялық салдарлар ескеріле отырып жүргізіледі.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды салу, реконструкциялау, пайдалану, консервациялау, жою, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мемлекеттiк органының (эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерге жатқызылған объектілерге) оң қорытындылары болған кезде жүзеге асырылады.
225-бап. Сарқынды суды ағызып жіберу кезіндегi экологиялық талаптар
1. Табиғи су объектілерін сарқынды суды ағызып жіберу үшін пайдалануға осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салынады.
2. Қоршаған ортаға эмиссияға тиісті экологиялық рұқсат бар болған кезде сарқынды суды жер үсті су объектілеріне және жер қойнауына ағызып жіберуге жол беріледі.
Бұл ретте, сарқынды суды жер үсті су объектілеріне ағызып жіберуге - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша, сарқынды суды жер қойнауына ағызып жіберуге Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жол беріледі.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сарқынды суларды жинағыштары және (немесе) сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілері бар табиғат пайдаланушылар олардың қоршаған ортаға әсерiн болғызбау жөніндегі қажеттi шараларды қолдануға, сондай-ақ оларды пайдалану тоқтатылғаннан кейiн жерлердi рекультивациялауды жүзеге асыруға мiндеттi.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Жинақталған сарқынды суды кәдеге жаратудың немесе қалдықсыз өндіріске ауыстырудың басқа әдістерін қолданудың мүмкін еместігі негізделген кезде жаңа жинақтауыш-буландырғыштар құруға (қолданыстағыларын кеңейтуге) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының рұқсаты бойынша жол беріледі.
Жобаланған (пайдалануға жаңадан берілетін) өндірістік сарқынды суларды жинақтауыш-буландырғыштарға:
1) сүзгіге қарсы экранның болуы;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар жобалық шешімдерге сәйкес нормативтік-тазартылған сарқынды суды орналастыру талаптары қойылады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Табиғат пайдаланушы ластаушы заттардың сарқынды суда белгіленген шоғырлану нормативтерін асыра немесе сарқынды судың құрамына экологиялық рұқсатта көзделмеген жаңа заттарды қоса алмайды. Аталған талаптар бұзылған кезде сарқынды суды ағызып жіберу тоқтатылуға тиіс. Беткі су айдынына ағызылатын су мөлдір, бояусыз, иіссіз болуға, құрамында ауру тудыратын бактериялар және гигиеналық нормативтерден асатын шоғырлануларда адамның денсаулығы мен жануарлар үшін зиянды заттар болмауға тиіс. Ағызылатын судың температурасы Цельсий бойынша 30 градустан аспауға тиіс.
5. Ағызылатын суда бетон мен металды бүлдіріп-бұзатын заттар болмауға тиіс.
6. Сарқынды суды, олардың тазалану деңгейіне қарамастан, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғалу аймақтарындағы, курорттардағы, суға түсуге арналған жерлердегі су айдындарына ағызып жіберуге жол берілмейді.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Сарқынды суды су объектілеріне, жер қойнауына, сарқынды су жинақтауыштарға, жергілікті жердің рельефіне ағызуды жүзеге асыратын немесе су бөлудің тұйықталған циклінде жұмыс істейтін табиғат пайдаланушылар Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес су көлемін есептеу аспаптарын пайдалануға және су тұтыну мен су бөлуді есепке алу журналын жүргізуге тиіс.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Тау-кен металлургиясы кәсіпорындарының карьер суын, сондай-ақ сумен суыту үшін пайдаланылатын суларды сумен жабдықтаудың тұйықталған (айналымды) жүйесінде орналасқан су жинақтауыштарға төгуді қоспағанда, сарқынды суларды алдын ала тазартусыз су объектілеріне, сарқынды су жинақтауыштарға, жергілікті жердің рельефіне ағызуға тыйым салынады.
34-тарау. Ормандарды және өзге де өсімдіктерді пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
226-бап. Аралық пайдалану мақсатында ағаш кесуді жүзеге асырған кезіндегі экологиялық талаптар
Мемлекеттік орман қоры санатындағы ормандарда бағалылығы төмен және қорғаныштық, су сақтау және басқа экологиялық функцияларын жоғалта бастаған екпелерді реконструкциялаумен байланысты ағаш кесу мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша ғана жүргізіледі.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 227-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
227-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асырған кезде орман пайдаланушылар:
1) жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтін, ормандардың жай-күйі мен молықтырылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектілердің жай-күйіне теріс әсерді болдырмайтын немесе оны шектейтін және жануарлар дүниесі мен олардың тіршілік ету ортасының сақталуын қамтамасыз ететін тәсілдермен жүргізуге;
2) ағаш сүрегін дайындаған кезде мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобаларда көзделген техника мен технологияны пайдалана отырып, ормандарды табиғи түрде молықтыру үшін оңтайлы жағдайларды сақтау жөніндегі талаптарды ұстануға;
3) ағашы кесілетін жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудің белгіленген мерзімі аяқталған соң кесілмеген және дайындалған ағаш сүректерін қалдырмауға;
4) ағаш сүрегін дайындаумен бір мезгілде кеспеағаш аймағын кесілген ағаштардың қалдықтарынан тазартуды жүргізуге;
5) мемлекеттік орман қорының орман пайдалануға бөлінген учаскелерінде ағаштың заңсыз кесілуіне және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын өзгедей бұзуға жол бермеуге;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кескен кезде, орман орналастыру жобасына сәйкес, орманды қайта жаңартуды қоса алғанда, ағашы кесілген алаңның екі еселенген мөлшерінен астам алаңға ағаш отырғызуды жүзеге асыруға;
7) ағашы кесілген жерлерде және өздерінің қызметі нәтижесінде өскіндері жойылған, ағаш пен бұта өсімдіктері құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебінен жүзеге асыруға;
8) ормандардың санитарлық жай-күйін қамтамасыз ету мен жақсарту жөніндегі ережелерді сақтауға;
9) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде мемлекеттік орман қоры учаскелерін орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
10) мемлекеттік орман иеленушілерді мемлекеттік орман қорының орман пайдалану үшін оларға бөліп берген учаскелерінде орман зиянкестері мен ауруларының пайда болғаны туралы хабардар етуге;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға және оның аумақтық органдарына, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға орман қорының мемлекеттік есебін, мемлекеттік орман кадастрын, мемлекеттік орман мониторингін жүргізу, орман пайдалану төлемақысының мөлшерін анықтау үшін қажетті ақпаратты беріп тұруға міндетті.
228-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман шаруашылығын ұйымдастыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман шаруашылығын жүргізу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыру ағаш кесудің ғылыми негізделген жүйесін іске асыру, ормандарды молықтыру, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, селекциялық-гендік негізде тұрақты ормандық тұқым базасын жасау және оны тиімді пайдалану, су-орман мелиорациясы, күтіп-баптау үшін ағаш кесу мен санитарлық ағаш кесуді қоса алғанда, орманды күтіп-баптау, орман шаруашылығы мақсатында жол салу, басқа да орман шаруашылығы іс-шараларын өткізу нәтижесінде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыру жөніндегі іс-шараларды орман мекемелері мен орман пайдаланушылар орман орналастыру жобаларына сәйкес жүргізеді.
229-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру кезіндегi экологиялық талаптар
1. Ормандарды молықтыру мақсаты мемлекеттік орман қорының ағашы кесілген, өртелген және бұрын орман өскен өзге де аумақтарында орманды уақытында қалпына келтіру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнімділігін арттыру, мемлекеттік орман қоры жерлерінің ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Орман өсірудің мақсаты бұрын орман өспеген аумақтарда екпелер отырғызу болып табылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру жөніндегі іс-шаралар орман өсіру жағдайлары мен экономикалық мақсатқа сәйкестігі ескеріле отырып, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталып, неғұрлым қысқа мерзімде өнімділігі жоғары және төзімді екпелер жасауды қамтамасыз ететін тәсілдермен жүргізілуге тиіс.
4. Мемлекеттік орман қорында ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөніндегі жұмыстар көлемі мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
230-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру үшін орман тұқымдары мен екпе материалдарды дайындау, өңдеу, сақтау, орнын ауыстыру, сату және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сатуға және егу үшін пайдалануға жататын орман тұқымдарының егу сапасын, олардың ұлттық стандарттарға, техникалық шарттарға және орман тұқым шаруашылығы жөніндегі басқа да нормативтік құжаттарға сәйкестігін айқындауды орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мамандандырылған ұйымдары жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеруден өтпеген орман тұқымдарын сату мен егуге тыйым салынады.
3. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектілерді қалыптастыру, оларды мемлекеттік орман қоры учаскелерінде пайдаланудың режимін белгілеу мемлекеттік-экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
231-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтырған және орман өсірген кезде мемлекеттік орман қорының учаскелерін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтырған және орман өсірген кезде мемлекеттік орман қорының учаскелерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
232-бап. Қалалық ормандар мен орман саябақтарында орманды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
Қалалардың шекарасы шегінде орналасқан ормандар (қала ормандары мен орманды саябақтар) халықтың тынығуына, мәдени-сауықтыру және спорт шараларын өткізуге, сондай-ақ қолайлы қоршаған ортаны сақтауға арналған. Қалалық ормандарда және орманды саябақтарда басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуге және осы ормандардың мақсатымен сыйыспайтын орман пайдаланудың өзге де түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
233-бап. Жер учаскелерінің меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш және бұта өсімдіктерін күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер учаскелерінің меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға ауыл және орман шаруашылықтарын кешенді жүргізу үшін берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш және бұта өсімдіктерін күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану Қазақстан Республикасының Орман кодексінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
2. Пайдалануына мемлекеттік орман қоры учаскелері берілген жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Орман кодексінде белгіленген тәртіппен оларда орман орналастыру жұмыстарын жүргізуге және орман қорының мемлекеттік есебін жүргізуге қатысуға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ағаш және бұта өсімдіктерінің жай-күйін, күзетілуін, қорғалуын, пайдаланылуы мен молықтырылуын бақылауды орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
234-бап. Басқа меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелері арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерін күзету, қорғау, пайдалану, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Басқа меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелері арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерін күзетуді, қорғауды, пайдалануды, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыруды жүзеге асыру үшін мемлекеттік орман иеленушілердің Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен бөтен жер учаскесін шектеулі мақсатта пайдалану (сервитут) құқығы бар.
2. Табиғи өсіп шығатын ормандарды сыртқы қолайсыз әсерлерден қорғау үшін басқа меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелері арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерінің шекарасын бойлай ені жиырма метр болатын күзет аймақтары белгіленеді.
3. Күзет аймағы шегінде мемлекеттік орман қоры учаскесінің жай-күйіне кері әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынады.
235-бап. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желілік құрылыстарға бөліп берілген белдеулердегі қорғаныштық екпелерді күзету, қорғау және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желілік құрылыстарға бөліп берілген белдеулерде орналасқан қорғаныштық екпелер осы объектілерді қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға, шудың әсерін азайтуға арналған.
2. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желілік құрылыстарға бөліп берілген белдеулердегі қорғаныштық екпелерде, қорғаныштық екпелер жасау жобаларына сәйкес орманды күтіп-баптау үшін кесуге, санитарлық кесуге, бағалылығы төмен екпелерді, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелерді реконструкциялауға байланысты кесуге және өзге де мақсаттарда кесуге жол беріледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қорғаныштық екпелерді күзетуді, қорғауды және пайдалануды, Қазақстан Республикасының Орман кодексіне сәйкес жер пайдаланушылар өздері орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
35-тарау. Жануарлар дүниесін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
236-бап. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар
1. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалану Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жануарлар дүниесі объектілерін табиғи ортадан алып қойылмай жүзеге асырылады.
2. Жануарлар тіршілігінің пайдалы қасиеттерін, сондай-ақ жануарлар дүниесі объектілерін ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік, эстетикалық және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа мақсаттарда пайдалану жануарлар дүниесін жалпы пайдалану тәртібімен жүзеге асырылады.
3. Жануарлар дүниесін жалпы пайдалануды жүзеге асыру кезінде жануарларды алып қоюға, олардың паналау орындарын және басқа да құрылыстарды қиратуға, жануарларды көбею кезеңінде мазалауға, жануарлардың тіршілік ету ортасын бұзуға және олардың көбею жағдайларын нашарлатуға тыйым салынады.
237-бап. Елді мекендерді, кәсіпорындарды, темір жолдарды, автомобиль жолдарын, магистральдық құбырларды, электр беру және байланыс желілерін, каналдарды, бөгеттерді, өзге де құрылыстар мен объектілерді орналастыру, жобалау мен салу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Кәсіпорындар, құрылыстар мен басқа да объектілер орналастырылатын орын, сондай-ақ жануарлар дүниесінің жай-күйіне әсер ететін және әсер етуі мүмкін жаңа техниканы, технологияны, материалдар мен заттарды енгізу жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісіледі.
2. Жануарларды және олардың тіршілік ету ортасын қорғау құралдарымен қамтамасыз етпей объектілерді пайдалануға беруге және технологияларды қолдануға тыйым салынады.
3. Елді мекендерді, кәсіпорындарды, құрылыстар мен басқа да объектілерді орналастыру, жобалау және салу, өндірістік процестерді жүзеге асыру мен көлік құралдарын пайдалану, қолданыстағы технологиялық процестерді жетілдіру және олардың жаңаларын енгізу, пайдаланылмайтын, жағалау маңындағы, батпақты, бұта басқан аумақтарды шаруашылық айналымына қосу, жерлерді мелиорациялау, орман ресурстарын және су объектілерін пайдалану, геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу, пайдалы қазбаларды өндіру, ауыл шаруашылығы жануарлары жайылатын және оларды айдап өтетін жерлерді айқындау, туристік маршруттарды әзірлеу мен халықтың жаппай тынығу орындарын ұйымдастыру кезінде жануарлар дүниесі объектілерінің тіршілік ету ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың өріс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерін сақтау жөніндегі іс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, сондай-ақ жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасы ретінде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге қол сұғылмауы қамтамасыз етілуге тиіс.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Кәсіпорындар, құрылыстар мен басқа да объектілер салу мен реконструкциялау жобаларын экологиялық сараптамадан өткізу кезінде олардың жануарлар дүниесінің жай-күйіне, тіршілік ету ортасына, жануарлардың өріс аудару жолдарына және көбею жағдайларына әсері міндетті түрде ескеріледі.
5. Жеке және заңды тұлғалар жануарлар дүниесінің жай-күйіне әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін кез келген қызметті жүзеге асырған кезде жануарлардың тіршілік ету ортасының, көбею жағдайлары мен өріс аудару жолдарының қорғалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өндірістік процестерді жүзеге асырған уақытта, оның ішінде жануарларға қауіпті препараттарды, химиялық заттар мен қоспаларды сақтау, тасымалдау, қолдану, қалдықтарды жинап қою, жою, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, ағаш дайындау және басқа жұмыстар жүргізген кезде, сондай-ақ электр желілері мен көлік құралдарын пайдалану кезінде жануарлардың қырылуын болдырмауға арналған іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
6. Темір жолдарды, автомобиль жолдарын, магистральдық құбырларды, электр беру және байланыс желілерін, сондай-ақ каналдарды, бөгеттерді және өзге гидротехникалық құрылыстарды жобалау мен салу кезінде жануарлардың өріс аудару жолдарының сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралар әзірленуге және жүзеге асырылуға тиіс.
7. Жануарлардың көбею жерлерінде жоғары шуыл көздері болып табылатын жару және басқа да жұмыстар жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасымен шек қойылады.
8. Су объектілерінде гидротехникалық және басқа құрылыстарды пайдалану, су объектілерінің гидрологиялық режимі мен олардан су тұтыну режимін, сондай-ақ жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасының жай-күйіне әсер ететін және әсер етуі мүмкін басқа да қызметтерді белгілеу жануарлар дүниесін қорғау талаптары, балық және аң шаруашылығы мүдделері ескеріле отырып жүзеге асырады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 238-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
238-бап. Қамыстарды шабу мен құрғақ өсімдіктерді өртеу кезіндегі экологиялық талаптар
Қамыстарды шабу мен құрғақ өсімдіктерді немесе оның қалдықтарын өртеуге жабайы фаунаның сақталуы жөніндегі іс-шаралар әзірлене отырып, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тиісті рұқсаттарына сәйкес шаруашылыққа қажетті жағдайда ғана жол беріледі.