29) жобалау ұйымы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жобалау қызметін жүзеге асыруға құқығы бар дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
30) жобаны басқару - құрылыс объектілерін ұйымдастыру, жоспарлау, үйлестіру, жобалауды, салуды және пайдалануға беруді бақылау жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызмет, ол техникалық қадағалау мен авторлық сүйемелдеуді қамтуы мүмкін;
31) инженерлік инфрақұрылым - адамдардың тіршілік етуі, сондай-ақ өндірістің немесе тауарлар мен көрсетілетін қызметтер айналымының орнықты жұмыс істеуі үшін қалыпты жағдай жасайтын кәсіпорындардың (ұйымдардың), құрылыс объектілерінің, коммуникациялар мен инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерінің жиынтығы;
32) инжинирингтік көрсетілетін қызметтер - оңтайлы жобалық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында құрылысты дайындауды және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін, техникалық қадағалауды, авторлық сүйемелдеуді және жобаны басқаруды жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтер;
33) кезекші топографиялық жоспар - мемлекеттік қала құрылысы кадастрының құрамдас бөлігі болып табылатын және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері, инженерлік инфрақұрылым, жоспарланатын құрылыс объектілері, абаттандыру және көше-жол жүрісі объектілері, көлік желісі туралы мәліметтерді қамтитын цифрлық картографиялық негіз;
34) кепілдік мерзім - құрылыс объектілерін пайдаланудың осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне немесе шартқа сәйкес белгіленген мерзімі, оның барысында тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер) мемлекеттік нормативтік құжаттарға, құрылыс жобасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс объектісінің көрсеткіштері сапасының сақталуына кепілдік береді;
35) консервациялау - құрылысы аяқталмаған объектінің салынуы уақытша тоқтатыла тұрған кезеңде оның конструкцияларының, материалдары мен жабдықтарының сақталуы мен сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені;
36) көліктік инфрақұрылым - көпір, тоннель және өзге де көлік құрылысжайларының, жол айрықтары мен жолөткелдердің, реттеуші сигнал беру құрылғыларының, байланыстың, көлік жұмысын инженерлік жағынан қамтамасыз ету, көлік құралдарына, тасымалданатын жүктерге, жолаушыларға қызмет көрсету, жол жүрісінің және жол жүрісіне әрбір қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік және қызмет көрсетуші персоналдың функционалдық қызметін қамтамасыз ету объектілерінің, қойма үй-жайлары мен аумақтарының, санитариялық-қорғаныш және күзет аймақтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген және көрсетілген қатынас жолдарына және жылжымайтын мүлік объектілері бар объектілерге бекітіліп берілген жерлер кешені бар жерүсті (автомобиль және (немесе) теміржол) жолдарының, су (теңіз және (немесе) өзен) қатынас жолдарының жиынтығы;
37) көппәтерлі тұрғын үй - ортақ үлестік меншік болып табылатын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен, екі және одан көп пәтерлерден, көппәтерлі тұрғын үйге іргелес жатқан жер учаскесіне не кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің өзге де бөліктеріне жеке шығу жолдары бар тұрғын емес үй-жайлардан тұратын, тиісті нысаналы мақсаты бар біртұтас бөлінбейтін жер учаскесінде бөлек тұрған, біртұтас іргетасы бар ғимарат;
38) көше-жол желісі - қызыл сызықтармен шектелген және жаяу жүргіншілердің, мопедтердің, электр самокаттардың, велосипедтердің, шағын электр көлік құралдарының, қоғамдық көліктің және басқа да механикалық көлік құралдарының жүруіне, инженерлік коммуникациялар тартуды және төсеуді ретке келтіруге, сондай-ақ елді мекендер аумақтарының құрамдас бөлігі ретінде олардың қатынас жолдарының жаяу жүргінші және көлік қатынастарын қамтамасыз етуге арналған, елді мекендер аумақтарының бір бөлігі болып табылатын көліктік инфрақұрылымның объектісі. Көшелер, даңғылдар, тұйық көшелер, өтпелер, жағалаулар, алаңдар, жаяу жүргінші аймақтары, тротуарлар, жаяу жүргінші және велосипед жолдары көше-жол желісінің негізгі элементтері болып табылады;
39) қала құрылысы кеңістігі - адам (ел, өңір, елді мекен, елді мекеннің бір бөлігінің халқы) өмір сүретін және тіршілік ететін материалдық орта қалыптастырылатын, шегінде қандай да бір сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жүзеге асырылатын қала құрылысын реттеу аумағы;
40) қала құрылысы құжаттамасы - аумақтар мен елді мекендерді не олардың бөліктерін дамытуды және оларда құрылыс салуды қала құрылысына жоспарлау үшін қажетті өзара байланысты құжаттар (қала құрылысы жобаларын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттарды қоса алғанда) жүйесі;
41) қала құрылысы қызметі (қала құрылысы) - қала құрылысы кеңістігін қалыптастырудың, қала құрылысы жобасын жасаудың шығармашылық процесін, қала құрылысы құжаттамасының барлық сабақтас бөлімдерін үйлестіруді қамтитын, аумақтар мен елді мекендерді қала құрылысына жоспарлауды ұйымдастыру мен дамыту, оларды аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру, аумақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерін айқындау, қалалық және ауылдық елді мекендерді кешенді жобалау қызметі;
42) қала құрылысы регламенттері - аумақтарды (жер учаскелерін) және басқа да жылжымайтын мүлік объектілерін пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген жол берілетін кез келген өзгерістерінің режимдері, рұқсаттары, шектеулері (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда);
43) қонысаралық аумақтар - елді мекендердің шекарасынан (шегінен) тысқары аумақтар;
44) қонысқа ыңғайлы аумақ - орналасуы мен қызметі санитариялық-қорғаныш аймақтарын талап ететіндей әсерге ұшыратпайтын тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлік және көліктік инфрақұрылымдардың жекелеген бөліктерін, басқа да объектілерді орналастыруға арналған, елді мекен аумағының бір бөлігі;
45) құрылысжай - табиғи немесе жасанды кеңістік шекаралары бар және өндірістік процестерді орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдардың, жүктердің уақытша болуына (орын ауыстыруына), сондай-ақ жабдықты немесе коммуникацияларды орналастыруға (тартуға, жүргізуге) арналған, қолдан жасалған көлемді, жазықтық немесе желілік (жерүсті, су беті және (немесе) жерасты, суасты) құрылыс объектісі. Құрылысжай көркемдік-эстетикалық, декоративтік-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкін;
46) құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі - құрылыс жобаларының кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысын алған жаңа құрылыс объектілерін салуға арналған үлгілік жобаларды және жобалау-сметалық құжаттаманы қамтитын цифрлық ресурс;
47) құрылысқа салынатын мемлекеттік инвестициялар (мемлекеттік инвестициялар) - жаңа құрылыс объектілерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға, сондай-ақ құрылыс объектілерін реконструкциялауға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) немесе күрделі жөндеуге салынатын инвестициялар, олардың көзі мыналар болып табылады:
республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттік кредит беруге бағытталған нысаналы қаражат;
мемлекет кепілдігі не мемлекет кепілгерлігі бар мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) болып табылатын ұйымдар мен заңды тұлғаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты;
дербес білім беру ұйымдарының қаражаты.
Мемлекеттік инвестицияларға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысын қоса қаржыландыруға және (немесе) төлеуге бағытталған республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты да жатады;
48) құрылыс қызметі (құрылыс) - жаңа құрылыс объектілерін (олардың кешендерін, коммуникацияларын) тұрғызу және (немесе) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлік жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындау (өндіру), сондай-ақ құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялау және өз ресурсын тауысқан құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру арқылы өндірістік және өндірістік емес мақсаттағы негізгі қорларды құру жөніндегі қызмет;
49) құрылыс-монтаждау жұмыстары - құрылыс қызметі, ол:
жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды;
уақытша инженерлік желілер, жолдар, қойма алаңдарын орната отырып, құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату (сүру) жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ аумақты сатылап жоспарлауды;
құрылыс объектілерінің (оның ішінде көпірлердің, көлік эстакадаларының, тоннельдер мен метрополитендердің, жолөткелдердің, құбыржолдардың, өзге де жасанды құрылыстардың) тіреу және (немесе) қоршау конструкцияларын тұрғызуды;
желілік құрылысжайларды тарту жөніндегі арнаулы құрылыс және монтаждау жұмыстарын;
сыртқы инженерлік желілер мен құрылысжайлар, сондай-ақ ішкі инженерлік жүйелер орнатуды;
конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және әрлеу жөніндегі жұмыстарды;
автомобиль жолдарын және теміржол салуды;
технологиялық жабдықты жинауды және тұрақты пайдаланылатын жерде жобалық жағдайға келтіріп орнатуды, жеке сынауды және жүктемемен сынауды, сондай-ақ бөлшектеуді қоса алғанда, оны монтаждауды қамтиды;
50) құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды - орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын растайтын құжат;
51) құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясы - құрылыс объектісі туралы ақпаратты оның пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде ұжымдық құру және басқару мүмкіндігін қамтамасыз ететін технологиялардың, өндірістік процестер мен регламенттердің жиынтығы;
52) құрылыс объектілерін паспорттау - құрылыс объектісінің конструкциялық шешімін, физикалық және пайдалану жай-күйін сипаттай отырып және түгендеу процесінде олардың сейсмикалық төзімділігі мен конструкциялық осалдығын бағалай отырып, сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан урбанизацияланған аумақта бұрыннан бар құрылысты түгендеудің техникалық рәсімі;
53) құрылыс объектісі - құрылыс қызметінің түпкі нәтижесі болып табылатын, ғимарат немесе құрылысжай түріндегі жасанды орта объектісі;
54) құрылыс объектісін кейіннен кәдеге жарату - құрылыс объектісінің пайдаланылуы (жұмыс істеуі, қолданылуы) тоқтатылғаннан кейін регенерацияланатын элементтерді (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бір мезгілде қалпына келтіріп және қайтадан пайдаланып, сондай-ақ регенерацияға жатпайтын элементтер мен қалдықтарды қайта өңдей отырып, құрылыс объектісін бөлшектеу және сүру жөніндегі жұмыстар кешені;
55) құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі - бекітілген құрылыс жобасына және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттарға сәйкес құрылыстың аяқталғанын және құрылыс объектісінің пайдалануға толық әзірлігін растайтын құжат;
56) құрылыс объектісінің бірегей нөмірі - құрылыс объектісінің пайдаланылу циклін мониторингтеу мақсатында құрылыс жобаларын әзірлеуге, реконструкциялауға (қайта жоспарлауға және қайта жабдықтауға) бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарын алудан бастап оны пайдалануға қабылдап алуға және беруге дейінгі құрылыс объектісі туралы ақпаратты (мәліметтерді) жинау үшін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қалыптастырылатын он сегіз таңбалы сәйкестендіру нөмірі;
57) құрылыс объектісінің инженерлік жабдығы (инженерлік жабдық) - материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен өндірістік процестерді инженерлік жағынан қамтамасыз ететін, адамдардың тұруына (тұрмысына), еңбек етуіне (болуына) нормативтік не жайлы жағдайлар жасайтын инженерлік жүйелер мен техникалық құрылғылар кешені;
58) құрылыс объектісінің пайдаланылу циклі - құрылыс объектісінің пайдалануда болуының дәйекті және өзара байланысты кезеңдері, оған мыналар кіреді:
құрылыс объектісін құру кезеңі - құрылыс объектісінің мынадай сатыларын: жобалау алдындағы құжаттаманы әзірлеуді, жобалауды, салуды, пайдалануға қабылдап алуды және беруді, сондай-ақ күрделі жөндеу мен реконструкциялауды қамтитын құрылыс объектісінің пайдаланылу циклінің кезеңі;
құрылыс объектісін пайдалану кезеңі - құрылыс объектісін бұрын берілген рұқсаттар мен регламенттерде белгіленген есептік қызмет ету мерзімі ішінде және қауіпсіздік деңгейіне сәйкес мақсаты бойынша пайдалануға байланысты әрекеттерді қамтитын құрылыс объектісінің пайдаланылу циклінің кезеңі. Құрылыс объектісінің күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу кезеңдерін қамтиды;
құрылыс объектісінің пайдалануда болуының аяқталу кезеңі - құрылыс объектісі бұдан әрі өз функцияларын орындамайтын немесе қазіргі заманғы талаптарға, стандарттарға сай келмейтін, соның салдарынан құрылыс объектісін кейіннен кәдеге жарату кезеңі іске асырылатын пайдаланылу циклінің кезеңі;
59) құрылыс объектісінің сапасы - құрылыс объектісін пайдалану кезеңі ішінде меншік иелерінің (пайдаланушылардың) және жалпы қоғамның мүдделері мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды көрсететін, тұтынушыға жеткізілген түпкілікті құрылыс объектісі сипаттамаларының (эстетикалық сипаттамаларды қоса алғанда) жиынтығы;
60) құрылыс объектісінің техникалық күрделілігі - құрылыс объектісінің функционалдық мақсатына, оның тіреу және қоршау конструкцияларының ерекшеліктеріне, қабаттар (конструкциялық қатарлар) санына, сейсмикалық қауіптілігіне немесе құрылыс орнының (ауданының) өзге де ерекше геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық жағдайларына қарай мемлекеттік және (немесе) мемлекетаралық (халықаралық) нормативтік құжаттарда белгіленетін, негіздері мен конструкцияларының сенімділігі мен беріктігіне қойылатын техникалық талаптардың дәрежесі бойынша құрылыс объектісінің жауапкершілік деңгейі, ол:
жауапкершіліктің бірінші деңгейі - күшейтілген деңгей;
жауапкершіліктің екінші деңгейі - қалыпты деңгей;
жауапкершіліктің үшінші деңгейі - төмендетілген деңгей болып бөлінеді;
61) құрылыс объектісінің цифрлық моделі - үш өлшемді модельдерді, бастапқы материалдарды, рұқсат беру, жобалау, атқару және пайдалану құжаттамасын қоса алғанда, құрылыс объектісі бойынша электрондық нысанда берілген ақпарат жиынтығы;
62) құрылыс саласында рұқсат беру рәсімдерінен өту - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектісіне құрылыс объектілерін (жекелеген бөліктерін) салу және (немесе) өзгерту жөніндегі өзінің түпкі ойын іске асыруға құқық беру;
63) құрылыс салуды реттеу сызықтары (құрылыс салу сызықтары) - құрылыс объектілерін орналастыру кезінде қызыл және сары сызықтардан немесе белгіленген қызыл және сары сызықтар болмаған кезде жер учаскесі шекарасынан шегіндіріле отырып белгіленетін құрылыс салу шекаралары;
64) құрылыс салынбаған аумақтар - құрылыс объектілері, көліктік инфрақұрылым объектілері, инженерлік желілер мен құрылысжайлар жоқ, елді мекеннің шекараларындағы (шегіндегі) жерлер;
65) құрылыс салынған аумақтар - құрылыс объектілері орналасқан, оларда одан әрі құрылыс салу құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату (сүру) арқылы мүмкін болатын аумақтар;
66) құрылыстағы техникалық нормалау ұлттық институты - мемлекеттік нормативтік құжаттарды әзірлеу және жетілдіру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға осы Кодексте белгіленген тәртіппен айқындалған заңды тұлға;
67) құрылыстың сметалық құны - жобалау материалдары мен сметалық нормативтік құжаттар негізінде жобалау-сметалық құжаттамада (болған кезде) айқындалған, құрылысқа қажетті ақша сомасы;
68) құрылысы аяқталмаған объект - Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес пайдалануға қабылданбаған құрылыс объектісі;
69) қызыл сызықтар - елді мекендердің жоспарлау құрылымында кварталдардың, шағын аудандардың, өзге де элементтердің аумақтарын көшелерден (өтпелерден, алаңдардан) бөліп тұратын шекара. Қызыл сызықтар құрылыс салу шекараларын реттеу үшін қолданылады;
70) мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтік құжаттар) - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттің (басқа мемлекеттердің) аумақтарында қолданылатын мемлекетаралық құрылыс нормалары мен қағидалар жинағын, құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды қамтитын, нормативтік-техникалық құжаттар, қағидалар және басқа да міндетті талаптар, шарттар мен шектеулер жүйесі;
71) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі - мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпаратын және (немесе) мәліметтерін жинауды, есепке алуды, тіркеуді, енгізуді (толықтыруды), өңдеуді, сақтауды, қол жеткізуді, беруді, деректерін көрсетуді және таратуды қамтамасыз ететін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық жүйесі;
72) мемлекеттік сараптама ұйымы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және мемлекеттік монополияға жатқызылған, жобаларға сараптама жасау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
73) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы - Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және жоюға, сондай-ақ оның сақталуын бақылауға және қадағалауға бағытталған мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметі;
74) нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі (мемлекеттік нормативтік құжаттар) - ережелері адамның өмір сүруі мен тіршілік етуіне қолайлы, қауіпсіз және басқа да қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілер, қала құрылысы және техникалық регламенттер, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттар жүйесі;
75) объектіге барудың график-жоспары - құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаға қоса берілетін, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органның құрылыс кезеңінде құрылыс объектісіне келісілген график бойынша баруына тапсырыс берушінің ерікті келісімін растайтын құжат;
76) объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды - адамдар көп болатын салынған объектіні және биіктігі жиырма сегіз метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдап алар алдында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы беретін құжат;
77) оқшау сараптама қорытындысы - құрылыс жобасы сараптамасының аяқталу кезеңін қоспағанда, құрылыс жобасының тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптамалық сүйемелдеудің әрбір кезеңінде ресімделетін және тапсырыс берушіге берілетін, құрылыс жобаларының кешенді ведомстводан тыс сараптамасының қорытындысы;
78) ортақ пайдаланылатын орындар - халық үшін қолжетімді немесе ашық аумақтар мен объектілер;
79) өрт-техникалық зерттеп-қарау - нәтижесінде адамдар көп болатын салынған объектілердің және биіктігі жиырма сегіз метрден асатын ғимараттардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі немесе сәйкессіздігі айқындалатын зерттеп-қарау түрі;
80) реставрация - ғылыми негізделген деректер негізінде тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тарихи, сәулеттік-көркемдік келбетінің сақталуы мен ашылуын қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені;
81) сараптама жұмыстары - жобалау құжаттамасын сараптау, ғимараттардың және құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығына техникалық қадағалау мен техникалық зерттеп-қарауды жүргізу жөніндегі жұмыстар;
82) сараптама қорытындысы - мемлекеттік сараптама ұйымының немесе сараптама ұйымының қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасын және құрылыс жобасының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізу нәтижесі болып табылатын құжаты;
83) сараптама ұйымы - осы Кодексте белгіленген тәртіппен аккредиттелген, Қазақстан Республикасының заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлға;
84) сары сызықтар - жер сілкіністері, табиғи немесе техногендік сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар салдарынан құрылыс объектілерінің үйінділерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкін болатын аймақтар шекаралары. Сары сызықтар құрылыс объектілері арасындағы арақашықтықты реттеу үшін қолданылады;
85) сәйкестік туралы декларация - мердігер (бас мердігер) аяқталған құрылыс объектісі бойынша орындалған жұмыстардың бекітілген құрылыс жобасына және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
86) сәулет-жоспарлау тапсырмасы - құрылыс объектісінің мақсатына, негізгі параметрлеріне және оны нақты жер учаскесіне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешені, сондай-ақ қала құрылысы регламенттеріне сәйкес осы елді мекен үшін белгіленетін, жобалау мен құрылысқа қойылатын міндетті талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл ретте тапсырыс беруші (инвестор) беретін эскиздерге (эскиздік жобаларға) сәйкес құрылыс объектілерінің сыртқы қабырғаларын (қасбеттерін) әрлеу материалдарының түр-түсі мен оларды пайдалану, көлемдік-кеңістіктік жағдайы бойынша талаптарды белгілеуге жол беріледі;
87) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы автоматтандырылған тізілім (автоматтандырылған тізілім) - мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың цифрлық объектілерімен интеграцияланған, осы Кодекске сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілері туралы мәліметтерді қамтитын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы цифрлық жүйе құрауышы;
88) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелігіне (қатысуына) негізделген қауымдастық (одақ) нысанындағы немесе өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы бірыңғай коммерциялық емес ұйым.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым өзін-өзі реттеудің бірыңғай коммерциялық емес ұйымы ретінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған бағыттар бойынша құрылады;
89) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандар (сарапшылар) тізілімі - сертификаттаудан өткен жеке тұлғалардың тұрақты жаңартылатын бірыңғай тізімі;
90) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік басқару саласында басшылықты, сондай-ақ өз құзыреті шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
91) сәулет, қала құрылысы туындысы - цифрлық модель, жобалау құжаттамасы, жекелеген сызба, макет, эскиз нысанында тіркеп-белгіленген және (немесе) заттай іске асырылған автордың түпкі ойын қоса алғанда, қандай да бір сәулет объектісін жасауға немесе қала құрылысы кеңістігін қалыптастыруға бағытталған, жеке тұлғалардың кәсіптік қызметіндегі шығармашылық қызметтің нәтижесі болып табылатын авторлық құқық және автордың (авторлардың) зияткерлік меншік объектісі;
92) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауына бағытталған шара;