1. Кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу туралы өтініш уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсынылады.
Кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу туралы өтінішті заңды тұлға электрондық құжат түрінде беруге құқылы.
2. Өтінішке мәлімделген мәліметтерді растайтын мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуді тіркеу туралы мәліметтер;
2) азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарты.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды ұсыну оларда қамтылған ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және (немесе) мәліметтер нысанынан алу мүмкін болған жағдайда талап етілмейді.
4. Уәкілетті орган қоса берілген құжаттары бар өтінішті уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
5. Тізілімге енгізу туралы шешім уәкілетті орган басшысының не оны алмастыратын адамның не уәкілетті орган басшысы орынбасарының бұйрығымен ресімделеді және бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
6. Кеден өкілдерінің тізіліміне енгізуден бас тарту туралы шешім осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаған немесе өтініш иесі осы Кодекстің 489-бабында белгіленген шарттарға сай келмеген жағдайда қабылданады. Өтініш иесі осы бұзушылықтарды жойғаннан кейін өтініш осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралады.
7. Тұлға кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген немесе енгізуден бас тартылған жағдайда, уәкілетті орган өтініш иесін тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді.
491-бап. Кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген тұлғалардың қызметін тоқтата тұру мен қайта бастау негіздері және тәртібі
1. Мыналар кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген тұлғалардың қызметін тоқтата тұру негіздері болып табылады:
1) кеден өкілі ретінде қызметін тоқтата тұру туралы кеден өкілінің жазбаша өтініші;
2) кеден органы осы Кодекстің 489-бабының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген, кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу шарттарының бұзылғанын анықтаған кезде;
3) осы Кодекстің 494-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген міндет осы Кодекстің 86-бабының 4-тармағына және 137-бабының 4-тармағына сәйкес кеден органы жіберген хабарламада көрсетілген мерзімде орындамалған не тиісінше орындалмаған кезде;
4) осы Кодекстің 494-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген міндеттер орындалмаған жағдайда;
5) кеден өкілі ретіндегі қызмет шеңберінде кеден өкілдерінің басшылары, бас бухгалтерлері болып табылатын жеке тұлғаларға қатысты 1997 жылғы 16 шілдедегі Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209, 214 және 250-баптарына, сондай-ақ 2014 жылғы 3 шілдедегі Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234, 236 және 286-баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғау.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген негіз бойынша кеден өкілінің қызметі алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
Осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында белгіленген негіз бойынша кеден өкілінің қызметі кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген тұлғаның қызметін тоқтата тұруға алып келген себептерді жою үшін қажет, бірақ күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында белгіленген негіз бойынша кеден өкілінің қызметі:
соттың қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешімі;
соттың қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шешімі;
соттың немесе уәкілетті мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
3. Кеден өкілінің қызметін тоқтата тұру туралы шешім уәкілетті орган басшысының не оны алмастыратын адамның не уәкілетті орган басшысы орынбасарының бұйрығымен:
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өтініш уәкілетті органда тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
кеден органы осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес мән-жайларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ресімделеді.
Кеден өкілінің қызметін тоқтата тұру туралы шешім бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
4. Осы баптың 2-тармағында көзделген бұйрық қабылданған күннен бастап заңды тұлғаның кеден өкілі ретінде қызметті жүзеге асыруына жол берілмейді.
5. Кеден өкілі өзінің қызметін қайта бастау үшін уәкілетті органға кеден өкілінің қызметін тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтініш ұсынады.
Кеден өкілі ретіндегі қызмет кеден өкілінің қызметін тоқтата тұруға алып келген себептер жойылған кезде аталған тұлғаның өтініші уәкілетті органда тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган басшысының не оны алмастыратын адамның не уәкілетті орган басшысы орынбасарының бұйрығымен қайта басталады.
Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген кеден өкілінің қызметі тоқтатыла тұрған жағдайда, кеден өкілінің осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өткенге дейін берген кеден өкілі ретінде қызметті қайта бастау туралы жазбаша өтініші кеден өкілінің қызметін қайта бастау үшін негіз болып табылады.
6. Кеден өкілінің қызметін тоқтата тұру немесе аталған тұлғаның мұндай қызметті қайта бастауы туралы шешім кеден өкіліне тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жазбаша немесе электрондық нысанда жеткізіледі.
492-бап. Кеден өкілдерінің тізілімінен алып тастау үшін негіздер
1. Кеден өкілдерінің тізілімінен кеден өкілін алып тастау үшін мыналар негіздер болып табылады:
1) осы Кодекстің 494-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген міндетті осы Кодекстің 86-бабының 4-тармағына және 137-бабының 4-тармағына және 353-бабының 4-тармағына сәйкес кеден органы жіберген хабарламада көрсетілген мерзімде орындамау не тиісінше орындамау;
2) кеден өкілдерінің тізілімінен өзін алып тастау туралы кеден өкілінің өтініші;
3) кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген заңды тұлғаның таратылуы;
4) заңды тұлғаның қайта құру нысанындағы қайта ұйымдастырылуын қоспағанда, кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы;
5) кеден өкілінің қызметін қайта бастау туралы кеден өкілінің өтініші болмаған кезде осы Кодекстің 491-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген, кеден өкілінің қызметін тоқтата тұру мерзімінің өтуі;
6) кеден өкілінің қызметін осы Кодекстің 491-бабы 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтата тұрған себептерді осы Кодекстің 491-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген мерзімде жоймау;
7) кеден өкілін күнтізбелік бір жыл ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 551-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін екі реттен көп әкімшілік жауаптылыққа тарту;
8) кеден өкілі ретіндегі қызмет шеңберінде кеден өкілінің басшылары, бас бухгалтерлері болып табылатын жеке тұлғаларды 1997 жылғы 16 шілдедегі Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209, 214 және 250-баптарына, сондай-ақ 2014 жылғы 3 шілдедегі Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234, 236, 258 және 286-баптарына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі.
2. Кеден өкілдерінің тізілімінен алып тастау туралы шешім алып тастау себептері көрсетіле отырып, уәкілетті орган басшысының не оны алмастыратын адамның не уәкілетті орган басшысы орынбасарының бұйрығымен ресімделеді.
3. Кеден өкілін кеден өкілдерінің тізілімінен алып тастау туралы шешім кеден өкіліне тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жазбаша немесе электрондық нысанда жеткізіледі.
4. Тұлға осы баптың 1-тармағының 1), 3), 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша кеден өкілдерінің тізілімінен алып тасталған жағдайда, аталған тұлғаның тиісті тізілімге енгізу туралы қайта берген өтінішін уәкілетті орган тұлғаны осындай тізілімнен алып тастау туралы бұйрық қабылданған күннен бастап бір жыл өткен соң қарайды.
493-бап. Кеден өкілінің құқықтары
1. Кеден өкілі кедендік операцияларды жасаған кезде кеден органдарымен өзара қарым-қатынастарда өзінің мүдделерін білдіруге уәкілеттік беретін тұлғамен бірдей құқықтарға ие болады.
2. Өз қызметін жүзеге асырған кезде кеден өкілі:
өзі өкілі болып отырған тұлғадан кедендік операцияларды жасауға қажет, оның ішінде коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты не басқа да құпия ақпаратты қамтитын құжаттар мен мәліметтерді талап етуге және мұндай құжаттар мен мәліметтерді осы Кодексте белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін мерзімдерде алуға;
осы Кодекстің 49-тарауында белгіленген тәртіппен кеден органдары ақпаратты автоматтандырылған өңдеу, кедендік мақсаттар үшін қажет деректерді электрондық жолмен беру үшін пайдаланатын олардың ақпараттың жүйелері мен ақпараттық ресурстарына қол жеткізуге құқылы.
3. Кеден өкілі өзінің қызмет аясын тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік операцияларды жасаумен, жекелеген кедендік операцияларды жасаумен немесе жекелеген қызмет өңірінде кедендік операцияларды жасаумен шектеуге құқылы.
Егер кеден өкілі ретіндегі өзінің қызмет аясын кеден өкілі кедендік әкету баждары салынбайтын және экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасаумен шектесе және кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген кезде ол кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын бір жүз елу мың еуроға баламалы мөлшерде қамтамасыз етсе, онда мұндай кеден өкілі өзге тауарларға қатысты кедендік операцияларды және өзге кедендік рәсімдермен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жүзеге асыруға құқылы емес.
4. Жекелеген кеден өкілдеріне айрықша (эксклюзивті) құқықтар мен жеке-дара сипаттағы өзге де артықшылықтарды беруге тыйым салынады.
494-бап. Кеден өкілінің міндеттері
1. Кеден өкілі:
1) кеден өкілдерінің тізіліміне енгізудің осы Кодекстің 489-бабында белгіленген шарттарын сақтауға;
2) кеден органдарына уәкілетті орган айқындаған тәртіппен есептілікті, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып ұсынуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзі өкілі болып отырған тұлғалардан алған мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды) құрайтын ақпаратты, сондай-ақ басқа да құпия ақпаратты өзі және (немесе) жұмыскерлері өз мақсаттарында жария етпеуге, пайдаланбауға және өзге тұлғаларға бермеуге;
4) осы баптың 4-тармағында көзделген кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын осы баптың 5-тармағына сәйкес төлеу бойынша міндетті осы Кодекстің 86-бабының 4-тармағына, 137-бабының 4-тармағына және 353-бабының 4-тармағына сәйкес кеден органы жіберген хабарламада көрсетілген мерзімнің соңғы күнінен кешіктірмей орындауға;
5) өзін кеден өкілдерінің тізіліміне енгізген кеден органына кеден өкілдерінің тізіліміне енгізген кезде өзі мәлімдеген мәліметтердің өзгергені туралы ақпарат беруге және мұндай өзгерістерді растайтын құжаттарды мұндай мәліметтер өзгерген күннен бастап немесе өзіне бұлардың өзгергені белгілі болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынуға;
6) осы Кодексте белгіленген өзге де міндеттерді сақтауға міндетті.
2. Кеден өкілінің кедендік операцияларды жасау кезіндегі міндеттері Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген талаптар мен шарттарға негізделеді.
3. Кеден өкілінің міндетіне кедендік рәсімдерге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарын және Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес өзі өкілі болып отырған тұлғаларға ғана жүктелетін өзге де міндеттерді сақтау кірмейді.
4. Кеден өкілі кедендік операцияларды декларанттың атынан жасаған жағдайда, кеден өкілі мұндай декларантпен кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша ортақ міндетті кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындауға жататын толық мөлшерде көтереді.
5. Осы Кодекске сәйкес көзделген, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет орындауға жататын кездегі мән-жайлар басталған кезде, мұндай міндетті орындау:
1) тауарлар орналастырылған кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарының сақталмауына;
2) осы Кодекстің 9-тарауына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдерінің өзгеруіне;
3) кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер берудің мақсаттары мен шарттарын және (немесе) осындай жеңілдіктерді қолдануға байланысты тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулерді бұза отырып әрекеттер жасауға;
4) декларанттан не мүдделі тұлғадан алынған, солардың негізінде кедендік декларация берілген көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді және (немесе) қолдан жасалған құжаттарды пайдалануға байланысты жағдайларды қоспағанда, кеден өкілі мұндай міндетті өзі өкілі болып отырған тұлғамен ортақ орындайды. Декларанттан не мүдделі тұлғадан көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді және (немесе) қолдан жасалған құжаттарды алу фактісі, сондай-ақ мұндай жағдайларда кеден өкілі кінәсінің болмауы соттың, Қазақстан Республикасы уәкілетті мемлекеттік органының (лауазымды адамының) шешімімен не «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен расталады.
6. Кеден өкілінің кеден органдары алдындағы міндеттері өкілі болып отырған тұлғамен жасалатын шартпен шектелмейді.
7. Міндеттер барлық кеден өкілдері үшін бірдей болып табылады.
58-тарау. КЕДЕНДІК ТАСЫМАЛДАУШЫ
495-бап. Кедендік тасымалдаушының қызметі
1. Осы Кодекстің 496-бабында айқындалған шарттарға сай келетін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы кедендік тасымалдаушы болып табылады.
Заңды тұлға кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізілгеннен кейін кедендік тасымалдаушы деп танылады.
Кедендік тасымалдаушылардың тізілімін уәкілетті орган жүргізеді.
2. Кедендік тасымалдаушы кедендік бақылаудағы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалдауды (тасуды) жүзеге асырады.
3. Аумақтық кеден органдары кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу туралы ақпаратты, сондай-ақ тиісті қызметті тоқтата тұру, қайта бастау немесе аталған тұлғаларды тізілімнен алып тастау туралы деректерді уәкілетті органға жібереді.
4. Кедендік тасымалдаушының мәртебесі Комиссия нысанын айқындайтын құжатпен расталады. Көрсетілген құжатты аумақтық кеден органы заңды тұлға кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізілгеннен кейін береді.
5. Тауарлар кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік тасымалдаушының мәртебесін осы баптың 4-тармағында көрсетілген құжатты, егер мұндай құжат туралы мәліметтерді кеден органы осы Кодекстің 146-бабының 2-тармағына сәйкес кеден органдарының ақпараттық жүйелерінен алуы мүмкін болса, ұсынбай растауға болады.
496-бап. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттары
1. Кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттары мыналар болып табылады:
1) кеден органына өтініш берілген күнге кемінде екі жыл бойы жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыру;
2) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын мұндай қамтамасыз ету енгізілген күнге валюта бағамын қолдана отырып, екі жүз мың еуроға баламалы мөлшерде, ал егер Комиссия қамтамасыз етудің өзге мөлшерін айқындаса, Комиссия айқындаған мөлшерде қамтамасыз ету;
3) егер жүктерді тасымалдау жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсаттың болуын талап етсе, мұндай қызмет түрін жүзеге асыруға рұқсаттың болуы;
4) тауарларды тасымалдауға пайдаланылатын көлік құралдарының, оның ішінде кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдауға жарамды көлік құралдарының меншікте, шаруашылық жүргізуде, жедел басқаруда немесе жалға алынған болуы;
5) кеден органына өтініш берілген күнге кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша белгіленген мерзімде орындалмаған міндеттің болмауы;
6) кеден органына өтініш берілген күнге дейінгі бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 521, 523, 524, 525, 526, 527, 528, 529, 530,533, 534, 549, 550, 555 және 558-баптарына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілерінің болмауы;
7) көлік құралында кеден органына байланыс арналары бойынша сигнал беру арқылы осы көлік құралының тұрған жерін айқындауға мүмкіндік беретін деректерді үздіксіз беру функциясы бар спутниктік навигация жүйесінің техникалық құралының немесе шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғысының болуы.
Осы тармақшаның талабы тіркемелерге, жартылай тіркемелерге, вагондарға, контейнерлерге және өздігінен жүзбейтін кемелерге қолданылмайды.
Деректерді үздіксіз беру функциясы бар спутниктік навигация жүйесінің техникалық құралын немесе шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғысын Қазақстан Республикасының аумағында қолдану және оның бар екенін растау тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды;
8) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін пайдалану туралы шарттың (келісімнің) болуы.
2. Комиссия кеден іс саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етудің осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделгеннен өзге мөлшерін айқындауға құқылы.
497-бап. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу тәртібі
1. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу туралы өтініш уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсынылады.
Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу туралы өтінішті заңды тұлға электрондық құжат түрінде беруге құқылы.
2. Өтінішке мәлімделген мәліметтерді растайтын мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуді тіркеу туралы мәліметтер;
2) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылуы көзделетін, тауарларды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдарының, оның ішінде кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдауға жарамды көлік құралдарының меншікте, шаруашылық жүргізуде, жедел басқаруда немесе жалға алынған болуын растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері;
3) халықаралық тасымалдау көлік құралдарын кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдауға жіберу туралы куәліктердің көшірмелері;
4) егер жүктерді тасымалдау жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсаттың болуын талап етсе, мұндай қызмет түрін жүзеге асыруға арналған рұқсаттың көшірмесі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген құжаттарды ұсыну оларда қамтылған ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және (немесе) мәліметтер нысанынан алуға мүмкін болған жағдайда талап етілмейді.
3. Аумақтық кеден органы қоса берілген құжаттары бар өтінішті аумақтық кеден органында тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
4. Тізілімге енгізу туралы шешім аумақтық кеден органы басшысының не оны алмастыратын адамның не аумақтық кеден органы басшысы орынбасарының бұйрығымен ресімделеді және бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
5. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізуден бас тарту туралы шешім осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаған немесе өтініш иесі осы Кодекстің 496-бабында белгіленген шарттарға сай келмеген жағдайда қабылданады. Өтініш иесі осы бұзушылықтарды жойғаннан кейін өтініш осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралады.
6. Тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізген немесе енгізуден бас тартқан жағдайда, аумақтық кеден органы өтініш иесін тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді.
498-бап. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізілген тұлғалардың қызметін тоқтата тұру мен қайта бастау негіздері және тәртібі
1. Кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізілген кедендік тасымалдаушының қызметін тоқтата тұрудың негіздері мыналар болып табылады:
1) кедендік тасымалдаушының кедендік тасымалдаушы ретіндегі өзінің қызметін тоқтата тұру туралы өтініші;
2) аумақтық кеден органы осы Кодекстің 496-бабы 1-тармағының 2, 3), 4), 7) және 8) тармақшаларында көзделген, кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттарының бұзылғанын анықтаған кезде;
3) осы Кодекстің 500-бабының 5) тармақшасында көзделген міндет осы Кодекстің 84-бабының 3-тармағына және 137-бабының 4-тармағына сәйкес кеден органы жіберген хабарламада көрсетілген мерзімде орындалмаған не тиісінше орындалмаған кезде;
4) осы Кодекстің 500-бабының 3) тармақшасында көзделген міндет орындалмаған жағдайда;
5) кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызмет шеңберінде кедендік тасымалдаушылардың басшылары, бас бухгалтерлері болып табылатын жеке тұлғаларға қатысты 1997 жылғы 16 шілдедегі Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209, 214 және 250-баптарына, сондай-ақ 2014 жылғы 3 шілдедегі Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234, 236 және 286-баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғау.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген негіз бойынша кедендік тасымалдаушының қызметі алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
Осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында белгіленген негіз бойынша кедендік тасымалдаушының қызметі кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізілген тұлғаның қызметін тоқтата тұруға алып келген себептерді жою үшін қажет, бірақ күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында белгіленген негіз бойынша кедендік тасымалдаушының қызметі:
соттың қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешімі;
соттың қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шешімі;
соттың немесе уәкілетті мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
3. Кедендік тасымалдаушының қызметін тоқтата тұру туралы шешімді заңды тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізген аумақтық кеден органы қабылдайды және ол аумақтық кеден органы басшысының не оны алмастыратын адамның не аумақтық кеден органы басшысы орынбасарының бұйрығымен:
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өтініш кеден органында тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
кеден органы осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес мән-жайларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ресімделеді.
Кедендік тасымалдаушының қызметін тоқтата тұру туралы шешім бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
4. Осы баптың 3-тармағында көзделген бұйрық қабылданған күннен бастап заңды тұлғаның кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыруына жол берілмейді.
5. Кедендік тасымалдаушы өзінің қызметін қайта бастау үшін заңды тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізген аумақтық кеден органына кедендік тасымалдаушының қызметін тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтініш ұсынады.
Кедендік тасымалдаушының қызметін кедендік тасымалдаушының қызметін тоқтата тұруға алып келген себептер жойылған кезде аталған тұлғаның өтініші аумақтық кеден органында тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, аумақтық кеден органы басшысының не оны алмастыратын адамның не аумақтық кеден органы басшысы орынбасарының бұйрығы негізінде заңды тұлғаны кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізген аумақтық кеден органы қайта бастайды.
Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген кедендік тасымалдаушының қызметі тоқтатыла тұрған жағдайда, кедендік тасымалдаушының осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өткенге дейін берген кедендік тасымалдаушының қызметін қайта бастау туралы жазбаша өтініші кедендік тасымалдаушының қызметін қайта бастау үшін негіз болып табылады.
6. Кедендік тасымалдаушының қызметті қайта бастау туралы өтінішін қарау кезінде аумақтық кеден органы кедендік тасымалдаушының қызметін тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғанын растайтын құжаттарды тексереді, сондай-ақ кедендік тасымалдаушының қызметі осы Кодекстің 496-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген, кедендік тасымалдаушылардың тізіліміне енгізу шарттарының бұзылуына байланысты тоқтатыла тұрған жағдайларда, мұндай қызметті тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғанын растау мақсатында өтініш иесінің көлік құралдарын кедендік қарап-тексеруді жүргізеді.