12) есеп жасалған күнді және оның реттік нөмірін, бағалау объектісін, айқындалған құнның түрін көрсете отырып, көрсетілген кезеңде қол қойылған бағалау туралы есептер туралы ақпаратты бағалаушылар палатасы көздеген тәртіппен тоқсан сайын беруге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдардың, өзге ұйымдардың, лауазымды адамдардың, өзі мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасының талап етуі бойынша оларға сақтаулы тұрған бағалау туралы есептердің көшірмелерін немесе ақпаратты беруге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 8), 9), 12) және 13) тармақшаларының талаптары заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан бағалаушыларға қолданылмайды.
Бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3), 6), 7), 8), 9), 12) және 13) тармақшаларында көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
2. Егер:
1) бағалаушының бағалау объектiсiне қатысты шарттан тыс заттық немесе мiндеттемелiк құқықтары болса не ол осы құқықтарды иемденетін болса;
2) бағалаушының бағалау объектiсiне мүліктік мүддесі болса;
3) бағалаушы тапсырыс берушінің үлестес тұлғасы болып табылса;
4) тапсырыс беруші-заңды тұлға бағалаушының кредиторы немесе сақтандырушысы болып табылса;
5) бағалаушы тапсырыс беруші-заңды тұлғаның акционерi, құрылтайшысы, жұмыскерi, меншiк иесi, қатысушысы, кредиторы, дебиторы, демеушiсi болып табылса не бағалаушы жеке тұлғаның - тапсырыс берушiнің жақын туысы немесе жегжаты болып табылса;
6) бағалаушы заңды тұлғаның жұмыскері болып табылғанда, заңды тұлғаның басшысы не ол уәкілеттік берген адам жеке тұлғамен - тапсырыс берушімен және (немесе) заңды тұлғаның басшысымен не уәкілетті адамымен жақын туыстық немесе жегжаттық байланыста болса;
7) жасалған жария шарттардан туындайтын міндеттемелерді қоспағанда, бұл мүдделер қақтығысының туындауына алып келсе немесе осындай қақтығыстың туындау қатерін төндірсе, бағалаушының бағалау жүргізуіне болмайды.
Осы тармақтың талаптары бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаға қолданылады.
4-тарау. БАҒАЛАУШЫЛАР ПАЛАТАСЫ
16-бап. Бағалаушылар палатасы
1. Бағалаушылар палатасы коммерциялық емес ұйым нысанында құрылады және міндетті мүшелікке негізделген, кемінде үш жүз бағалаушыны мүшелік шарттарында біріктіретін өзін-өзі реттейтін ұйым болып табылады.
2. Бағалаушылар палатасының қызметі осы Заңмен, өзге де заңдармен, бағалаушылар палатасының жарғысымен, стандартымен және қағидаларымен реттеледі.
3. Бағалаушылар палатасының мәртебесі бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган оны бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдары тізіліміне енгізген күннен бастап алынады.
4. Бағалаушылар палатасын қайта ұйымдастыру және тарату осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Бағалаушылар палатасы:
1) бағалаушылар палатасы мүшелері жалпы жиналысының шешімі бойынша;
2) сот шешімі бойынша таратылады.
6. Бағалаушылар палатасы:
1) осы Заңның, «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай келмеу;
2) бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен көп бұзу;
3) Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен көп әкімшілік жауаптылыққа тартылу негіздері бойынша;
4) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 49-бабында көзделген негіздер бойынша таратылуға жатады.
Бағалаушылар палатасы таратылған жағдайда, бағалаушылар кіру жарнасын төлемей, өзге бағалаушылар палаталарына үш ай ішінде кіруге міндетті.
7. Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалаушылар палатасын тарату туралы бағалаушылар палатасы мүшелері жалпы жиналысының шешімі немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде оны бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдарының тізілімінен алып тастайды.
17-бап. Бағалаушылар палатасының құқықтары мен міндеттері
1. Бағалаушылар палатасы:
1) мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, заңды тұлғалардың бағалаушылар палатасының, оның мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын не осындай бұзу қатерін төндіретін актілеріне, шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз атынан дау айтуға;
2) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында бағалаушылар палатасына жүктелген функцияларды өзінің орындауы үшін қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан сұратуға және осы органдардан алуға;
3) халықаралық бағалаушылар ұйымдарына кіруге;
4) бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органмен және өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бағалаушылар палатасының қағидалары мен стандарттарын бекітуге;
5) кіру жарналарын, жыл сайынғы мүшелік жарналарды жинауға және бағалаушылар палаталарының мүлкін Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздерден қалыптастыруға;
6) осы Заңның 18-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайларда, бағалаушылар палатасының мүшесі етіп қабылдаудан бас тартуға;
7) Бағалау стандарттары жөніндегі халықаралық кеңестің жазбаша рұқсаты бойынша халықаралық бағалау стандарттарының аудармасын жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды өзінің интернет-ресурсына орналастыруға;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында және бағалаушылар палатасының жарғысында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Бағалаушылар палатасы:
1) бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органды қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабардар етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауға;
3) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және бағалаушылар палатасының жарғысына сәйкес мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ халықаралық бағалаушылар ұйымдарында өз мүшелерінің мүдделерін білдіруге;
4) бағалаушылар мен сарапшылардың біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өткені туралы сертификаттар беру қағидаларын әзірлеуге және бекітуге;
5) жеке және заңды тұлғалардың бағалаушылар палатасы мүшелерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берген жүгінімдерін қарауға;
6) бағалаушылар палатасының интернет-ресурсында орналастырылатын бағалаушылар палатасы мүшелерінің, сарапшылық кеңес мүшелерінің тізілімдерін жүргізуге;
7) бағалаушылардың, сарапшылардың тәртіптік теріс қылықтары туралы материалдарды қарауға және кінәлі адамдарға тәртіптік жазалар қолдануға;
8) осы Заңның талаптарына сәйкес өз мүшелерін бақылауды жүзеге асыруға;
9) бағалаушылар палатасына мүшелікті осы Заңда көзделген негіздер бойынша тоқтата тұруға және тоқтатуға;
10) бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдеп кодексін қабылдауға;
11) өз қызметі және өз мүшелерінің қызметі туралы ақпаратты бағалаушылар палатасының интернет-ресурсында орналастыра отырып, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сы күнінен кешіктірмей, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға беруге;
12) жыл сайынғы есепті палатаның интернет-ресурсына орналастыру жолымен бағалаушылар палатасының мүшелеріне ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге;
13) «бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді беруге;
14) бағалаушылардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау курстарын жүргізуге міндетті.
Қазақстан Республикасының заңдарында және бағалаушылар палатасының жарғысында бағалаушылар палатасының өзге де міндеттері белгіленуі мүмкін.
3. Бағалаушылар палатасы бағалаушылар палатасының және оның мүшелерінің мүдделері қақтығысының туындауына алып келетін немесе осындай қақтығыстың туындауы қатерін төндіретін қызметті жүзеге асыруға және әрекеттерді жасауға құқылы емес.
Мүдделер қақтығысын болғызбау немесе реттеу жөніндегі шараларды бағалаушылар палатасы белгілейді.
18-бап. Бағалаушылар палатасына мүшелікке қойылатын талаптар
1. Бағалаушы бір ғана бағалаушылар палатасының мүшесі бола алады.
Мыналар:
1) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәлік;
2) экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылық үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болмауы бағалаушылар палатасына мүшеліктің міндетті шарттары болып табылады.
2. Бағалаушылар палатасына мүшелікке кіру үшін жеке тұлға:
1) өтінішті;
2) жеке басын куәландыратын құжатты;
3) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәлікті;
4) экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылық үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін алынбаған және жойылмаған сотталғандығының болмауы туралы анықтаманы;
5) бағалаушылар палатасы белгілеген өзге де құжаттарды ұсынады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген ережелердің сақталмауы бағалаушылар палатасына мүшелікке қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
4. Өтініш иесі бағалаушылар палатасының тиісті бағалаушылар палатасына мүшелікке қабылдаудан бас тарту жөніндегі әрекеттеріне бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасауға құқылы.
19-бап. Бағалаушылар палатасына мүшелікті тоқтата тұру және тоқтату
1. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда бағалаушылар палатасына мүшелік тоқтатыла тұрады.
Бағалаушылар палатасына мүшелігі тоқтатыла тұрған бағалаушы тоқтата тұру кезеңінде бағалау қызметін жүзеге асыра алмайды.
2. Бағалаушылар палатасына мүшелік мынадай негіздер бойынша:
1) бағалаушылар палатасы мүшесінің өтініші бойынша;
2) бағалаушы бағалаушылар палатасының жарғысын, бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдеп кодексін бірнеше рет бұзған жағдайда;
3) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтатуға байланысты тоқтатылады.
Бағалаушылар палатасына мүшелігі тоқтатылған бағалаушы бағалау қызметін жүзеге асыра алмайды.
3. Бағалаушылар палатасы бағалаушының бағалаушылар палатасына мүшелігі тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей, ол жөнінде:
1) өзінің мүшелігі тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған бағалаушыны;
2) егер жасалған шарт туралы ақпарат бұрын бағалаушылар палатасына беріліп келген жағдайларда, тапсырыс берушіні және бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаны;
3) бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Бағалаушылар палатасына мүшелік осы Заңның 25-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айыруға байланысты тоқтатылған жағдайда, бағалаушылар палатасы ол жөнінде бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдарының тізіліміне енгізілген бағалаушылар палаталарын үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.
20-бап. Бағалаушылар палатасының басқару органдары
1. Мыналар:
1) бағалаушылар палатасы мүшелерінің жалпы жиналысы;
2) бағалаушылар палатасының алқалы басқару органы;
3) бағалаушылар палатасының атқарушы органы;
4) бағалаушылар палатасының бақылау органы (тексеру комиссиясы) бағалаушылар палатасының басқару органдары болып табылады.
Бағалаушылар палатасының басқару органдарын қалыптастыру тәртібі, олардың құрылымы, құзыреті және өкілеттік мерзімі, осы органдардың шешімдер қабылдау тәртібі осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес бағалаушылар палатасының жарғысында белгіленеді.
2. Бағалаушылар палатасы мүшелерінің жалпы жиналысы осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және өзінің жарғысында өз құзыретіне жатқызылған бағалаушылар палатасы қызметінің мәселелерін қарауға өкілетті жоғары басқару органы болып табылады.
Бағалаушылар палатасы мүшелері жалпы жиналысының айрықша құзыретіне:
1) бағалаушылар палатасының жарғысын қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) бағалаушылар палатасы қызметінің негізгі бағыттарын айқындау;
3) бағалаушылар палатасының бюджетін бекіту;
4) бағалаушылар палатасын ерікті түрде тарату және тарату комиссиясын тағайындау туралы шешімдер қабылдау;
5) бағалаушылар палатасының алқалы басқару органының мүшелерін, атқарушы органының басшысын және бақылау органының (тексеру комиссиясының) мүшелерін сайлау, көрсетілген органдардың немесе басшысының не олардың жекелеген мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
6) бағалаушылар палатасының жарғысында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде алқалы және атқарушы органдардың, бақылау органының (тексеру комиссиясының) және мамандандырылған органдардың есептерін бекіту;
7) бағалаушылар палатасына мүшелік туралы ережені бекіту;
8) «бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерден айыру жөніндегі мәселені қарау;
9) кіру жарнасы мен жыл сайынғы мүшелік жарналардың мөлшерін белгілеу жатады.
Жыл сайынғы мүшелік жарналардың мөлшері тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде 25 еселенген мөлшерін құрауға және 75 еселенген мөлшерінен артық болмауға тиіс.
Кіру жарнасының мөлшері жыл сайынғы мүшелік жарналардың мөлшерінен аспауға тиіс;
10) мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету тәсілдерін айқындау жатады.
Бағалаушылар палатасы мүшелерінің жалпы жиналысын өткізу тәртібі, отырыстардың күн тәртібін қалыптастыру, кворумды айқындау тәртібі, дауыс беруді өткізу шарттары мен тәртібі бағалаушылар палатасының жарғысында айқындалады.
Бағалаушылар палатасының жарғысында бағалаушылар палатасы мүшелері жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау көзделуі мүмкін.
3. Бағалаушылар палатасына басшылықты бағалаушылар палатасы мүшелерінің жалпы жиналысы сайлаған бағалаушылар палатасының алқалы басқару органы жүзеге асырады.
Бағалаушылар палатасының алқалы басқару органының сандық құрамы, оны құру және қызметінің, шешімдер қабылдауының, өкілеттіктерін тоқтатуының тәртібі мен шарттары бағалаушылар палатасының жарғысында белгіленеді.
4. Бағалаушылар палатасының алқалы басқару органының құзыретіне:
1) бағалаушылар палатасының қағидалары мен стандарттарын бекіту, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;
2) бағалаушылар палатасы мүшелері жалпы жиналысының қарауына мәселелер шығару;
3) бағалаушылар палатасына мүшелікке кіру, бағалаушылар палатасына мүшелікті тоқтата тұру және тоқтату туралы шешімдер қабылдау;
4) бағалаушылар палатасының мамандандырылған органдарын құру, олар туралы ережелерді және олардың қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және бағалаушылар палатасының жарғысында көзделген өзге де мәселелер жатады.
Бағалаушылар палатасында алқалы басқару органының функцияларын бағалаушылар палатасы мүшелерінің жалпы жиналысы жүзеге асыруы мүмкін.
5. Бағалаушылар палатасының атқарушы органы:
1) бағалаушылар палатасының жұмысын ұйымдастырады, бағалаушылар палатасына жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
2) бағалаушылар палатасының жұмыскерлерін жұмысқа қабылдауды және жұмыстан шығаруды жүзеге асырады;
3) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, басқа да ұйымдарда бағалаушылар палатасының мүдделерін білдіреді;
4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және бағалаушылар палатасының жарғысында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6. Бағалаушылар палатасының бақылау органы (тексеру комиссиясы) бағалаушылар палатасының бағалаушылар палатасы басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының қаржылық-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыратын органы болып табылады.
Бақылау органы (тексеру комиссиясы) бағалаушылар палатасы мүшелерінің жалпы жиналысына есеп береді және оның бақылауында болады.
Бақылау органының (тексеру комиссиясының) есептерді ұсыну тәртібі мен мерзімдері бағалаушылар палатасының жарғысында айқындалады.
21-бап. Бағалау қызметін жүзеге асыру кезінде мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету
1. Бағалаушылар палатасы тапсырыс берушілер мен үшінші тұлғалар алдында өзінің мүліктік жауапкершілігін және өз мүшелерінің мүліктік жауапкершілігін қамтамасыз ету үшін мынадай тәсілдердің біреуін:
1) бағалаушының және бағалаушылар палатасының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды;
2) бағалаушылар палатасының мүшелерін мүліктік жауапкершілікке тартуды;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз етудің өзге де тәсілдерін пайдалануды қолданады.
Мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз ету тәртібін бағалаушылар палатасы белгілейді.
Бағалау объектісінің бағалау туралы есепте көрсетілген нарықтық немесе өзге құнының жиынтық шамасын пайдалану салдарынан бағалау жүргізу шартын жасасқан тапсырыс берушіге келтірілген залалдар немесе үшінші тұлғаларға келтірілген мүліктік зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
2. Бағалаушылар палатасының мүшесі бағалаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын кемінде бір жыл мерзімге жасасады.
Сақтандыру сомасы бағалаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартында айқындалады және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және бағалаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5000 еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Бағалаушының бағалау қызметін жүзеге асыру нәтижесінде үшінші тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды және (немесе) бағалау жүргізу шартын жасасқан тапсырыс берушіге келтірілген залалдарды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі бағалаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру объектісі болып табылады.
Бағалаушының (сақтанушының) бағалау қызметін жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушінің және (немесе) үшінші тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу жөніндегі азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі бағалаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып танылады.
22-бап. Бағалаушылар палатасының өз мүшелерінің қызметін бақылауы
1. Бағалаушылар палатасы осы Заңның, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының талаптарын, сондай-ақ бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдеп кодексін, палатаға мүшеліктің шарттарын палата мүшелерінің сақтауын бақылауды жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бағалаушылар палатасына келіп түскен жүгінім бағалаушылар палатасының тексеру жүргізуі үшін негіз болып табылады.
Қаралуы үшін өзге субъектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не сол жерге барып тексеру талап етілмейтін жүгінім келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қаралады.
Қаралуы үшін өзге субъектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не сол жерге барып тексеру талап етілетін жүгінім келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады.
3. Бағалаушылар палатасының мүшелеріне қатысты тексерулерді ұйымдастыру, жүргізу және жүгінімдерді қарау тәртібін бағалаушылар палатасы белгілейді.
23-бап. «Бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алу тәртібі
1. «Бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алуға үміткер кандидаттар біліктілік емтиханын тапсырады.
2. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәлікті алу үшін өткізілетін біліктілік емтиханына жоғары білімі бар, бағалаушылар палатасы бекіткен бағдарламаға сәйкес және сағаттар көлемінде оқытудан немесе қайта даярлаудан, сондай-ақ бағалаушыда кемінде бір жыл мерзімде тағылымдамадан өткен жеке тұлғалар жіберіледі.
Бағалаушыға кандидаттарды оқыту, кәсіптік қайта даярлау бағдарламасы мен сағаттар көлемі бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік бағдарламаға сәйкес келуге тиіс.
3. «Сарапшы» біліктілігін беру туралы куәлікті алу үшін өткізілетін біліктілік емтиханына бағалаушылар жіберіледі.
4. Осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда адамдар біліктілік емтиханына жіберілмейді.
Бағалаушылар палатасы адамға біліктілік емтиханына жіберуден бас тарту туралы шешімді өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.
5. Бағалаушылардың, сарапшылардың біліктілік емтиханын өткізуге арналған тест тапсырмаларын бағалаушылар палатасы бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді.
Біліктілік емтиханы жазбаша нысанда жүргізіледі.
6. Біліктілік емтиханын тапсырған адамдар куәліктің нөмірі, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) көрсетілген «бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алады.
«Бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы шешімдер бағалаушылар палатасының интернет-ресурсында орналастырылады.
7. Біліктілік емтиханын тапсыра алмаған адамдар біліктілік комиссиясы шешім қабылдаған күннен бастап үш ай өткен соң одан қайта өтуге жіберіледі.
8. Бағалаушылар палатасы мүшелерінің, сарапшылық кеңес мүшелерінің тізілімдері нысандарын және оларды жүргізу тәртібін бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
«Бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді беру қағидаларын бағалаушылар палатасы бекітеді.
9. Бағалаушыға, сарапшыға кандидаттардың біліктіліктерін растау үшін біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
24-бап. Біліктілік комиссиясы
1. Біліктілік комиссиясы мамандандырылған орган болып табылады және «бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алуға үміткер адамдарға біліктілік емтиханын өткізу үшін құрылады.
2. Біліктілік комиссиясы жеті мүшеден тұрады және бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және бағалаушылар палаталарының мүшелері қатарынан қалыптастырылады.
Бағалаушылар палаталары өкілдерінің саны біліктілік комиссиясы құрамының жалпы санының көпшілігін құрауға тиіс.
3. Біліктілік комиссиясының мүшелері екі жыл мерзімге сайланады.
4. Біліктілік комиссиясының төрағасы бағалаушылар - біліктілік комиссиясының мүшелері қатарынан сайланады.
Бір адам біліктілік комиссиясының төрағасы болып қатарынан екі рет сайлана алмайды.
5. Біліктілік комиссиясының қызмет тәртібін бағалаушылар палатасы белгілейді.
6. Біліктілік комиссиясының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ алты айда бір реттен сиретпей өткізіледі.
25-бап. «Бағалаушы», «сарапшы» біліктіліктерін беру туралы куәліктерді тоқтата тұру, тоқтату, олардан айыру
1. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру мынадай жағдайларда:
1) өзінің қалауы бойынша;
2) бағалаушының қызметін бақылау немесе жеке және заңды тұлғалардың жүгінімдерін қарау нәтижелері бойынша бағалаушылар палатасының бастамасымен жүзеге асырылады.
2. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтату:
1) адам қайтыс болған;
2) адам соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;
3) экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
4) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
5) «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айырған жағдайларда жүзеге асырылады.
3. «Бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтату бағалаушылар палатасының алқалы басқару органының шешімімен жүзеге асырылады.
4. Бағалаушылар палатасы «бағалаушы» біліктілігін беру туралы куәліктен айыруды:
1) бағалаушы Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған не мемлекеттің, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соқтыра отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген себеп жойылмаған;