10. Еңбек объектілерінде ұжымдық еңбек даулары, төтенше жағдайлар және оқиғалар туындаған жағдайда мекеме әкімшілігі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органды және прокурорды жазбаша нысанда хабардар етеді.
Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган және прокурор мұндай хабарламаны алған соң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
120-бап. Еңбек жағдайлары және оған ақы төлеу
1. Сотталғандардың еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен айқындалады.
2. Сотталғандардың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және жалақының белгіленген ең төмен мөлшерінен төмен болмауға тиіс.
121-бап. Мекемені абаттандыру және онда тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстарға тарту
1. Сотталғандар кезектілік тәртібімен жұмыстан бос уақытта ұзақтығы аптасына екі сағаттан аспайтын:
1) камераларды, бөлмелерді және ортақ пайдаланылатын үй-жайларды абаттандыру бойынша;
2) негізгі қоршауда және ішкі тыйым салынған аймақтың шегінен тыс жерде орналасқан инженерлік-техникалық қадағалау, бақылау және күзету құралдары бар объектілерді қоспағанда, мекеменің аумағын және оған іргелес жатқан аумақты абаттандыру бойынша;
3) мәдени-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық тұру жағдайларын жақсарту бойынша ақысы төленбейтін жұмыстарға тартылады.
2. Мекеменің медициналық-санитариялық бөлімінің стационарындағыларды қоспағанда, сотталғандардың осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жұмыстарды орындаудан бас тартуы осы Кодексте көзделген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
122-бап. Жалақыдан, зейнетақыдан, жәрдемақылардан және өзге де кірістерден ұстап қалу
Сотталғандардың жалақысынан, зейнетақысынан, жәрдемақыларынан және өзге де кірістерінен атқару парақтары немесе басқа да атқарушылық құжаттар бойынша сомаларды ұстап қалу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен, бірақ көрсетілген кірістердің жалпы сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде жүргiзiледi. Ұстап қалудан қалған сома ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотының есебіне жатқызылады.
123-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру
1. Мекемелерде сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беру жүзеге асырылады.
2. Сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру үшін кәсіптер мен мамандықтар тізбесін еңбек нарығының мониторингін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша мекеме әкімшілігі қалыптастырады.
3. Техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
20-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРҒА ТӘРБИЕЛІК ЫҚПАЛ ЕТУ
124-бап. Тәрбие жұмысы
1. Сотталғандармен тәрбие жұмысы олардың түзелуіне, заңдардың талаптарын сақтауға, еңбекке және өзге де қоғамға пайдалы қызметпен айналысуға, білім деңгейі мен мәдени деңгейін арттыруға, сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуға ұмтылысын қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған.
2. Мекемелерде қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, имандылыққа, әлеуметтік-құқықтық, еңбекке, дене шынықтыруға тәрбиелеу және өзге де тәрбие түрлері жүзеге асырылады.
3. Сотталғандармен тәрбие жұмысы түзеу мекемесінің түрі, жаза мерзімі, ұстау жағдайлары ескеріле отырып, сараланып ұйымдастырылады. Ол психологиялық-педагогикалық әдістер қолданыла отырып, жеке, топтық және көпшілік нысандарда жүзеге асырылады.
Әрбір сотталған адаммен тәрбие жұмысы оның жеке басының дара ерекшеліктері мен жасаған қылмыстарының мән-жайлары ескеріле отырып жүргізіледі.
4. Сотталғандардың тәрбиелік іс-шараларға қатысуы оларға көтермелеу және жазалау шараларын қолдану, сондай-ақ олардың мінез-құлқын бағалау кезінде ескеріледі.
125-бап. Әлеуметтік бейімдеу және психологиялық көмек жөніндегі жұмыс
1. Мекемелердің әкімшілігі сотталғандармен жеке тәртіппен олардың қажеттіліктеріне сәйкес, әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жұмыстар мен психологиялық жұмыс жүргізеді.
2. Сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жұмыс мынадай:
1) сотталғандармен жұмыс жөніндегі жеке бағдарламаларды әзірлеу;
2) сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларды әзірлеу, ұйымдастыру және іске асыру;
3) мемлекеттік органдарды, жергілікті атқарушы органдарды және жұртшылықты сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге тарту;
4) сотталғандардың жағымды әлеуметтік байланыстарын нығайтуға жәрдемдесу;
5) босатылатын адамдарға осы Кодекстің 27-тарауына сәйкес көмек көрсету нысандарында жүзеге асырылады.
3. Мекеме әкімшілігі сотталған адамды түзеу мақсатында оның қоғамның толыққанды мүшесінің әлеуметтік мәртебесінде қалпына келуіне, құқық нормалары мен жалпы қабылданған мінез-құлық нормалары негізінде оның қоғамда өз бетінше өмір сүруге оралуына жәрдемдеседі (қайта әлеуметтендіру).
4. Сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізуге психолог тартылады, ол әрбір сотталған адамның жеке басының жеке-психологиялық ерекшеліктеріне диагностика жүргізеді және сотталғандардың оқшаулау жағдайларына, әлеуметтік ортаға және ұстау режиміне бейімделуіне, адамдар арасындағы қатынастарды оңтайландыруға, сондай-ақ босап шығуға дайындалуына психологиялық көмек көрсетеді.
126-бап. Сотталғандардың ерікті ұйымдары
1. Сотталғандардың түзелуіне жәрдемдесу мақсатында мекемелерде ерікті негізде мекеме әкімшілігінің бақылауымен жұмыс істейтін сотталғандардың ұйымдары құрылады.
Өзін жақсы жағынан көрсеткен сотталғандардың арасынан мекемелер ұжымдары мен отрядтарының кеңестері құрылады.
2. Мыналар сотталғандардың ерікті ұйымдарының негізгі міндеттері болып табылады:
1) мекемеде оң моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру;
2) сотталғандардың жағымды әлеуметтік байланыстарын дамыту;
3) сотталғандардың қоғамдық-пайдалы бастамасын қолдау;
4) сотталғандарға рухани, кәсіптік және дене бітімінің дамуына көмек көрсету;
5) сотталғандардың еңбегін, тұрмысын және бос уақытын ұйымдастыруға жәрдемдесу.
3. Ерікті ұйымдардың жұмысына қатысу сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін айқындау және мінездемелерін жасау кезінде ескеріледі.
4. Сотталғандардың ерікті ұйымдарының мүшелері қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтарды пайдаланбайды және мекеме әкімшілігінің өкілеттіктеріне ие бола алмайды.
127-бап. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуды ұйымдастыру
1. Мекемелерде отыз жасқа толмаған сотталғандардың бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмді мiндеттi түрде алуы ұйымдастырылады.
2. Отыз жастан асқан сотталғандар мен мүгедектер бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмдi өздерiнiң қалауы бойынша алады.
3. Емтихандарды тапсыру үшiн оқушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан босатылады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген, емдеу-профилактикалық мекемелерінде, тәртіптік изоляторларда, жалғыз адамдық камераларда, уақытша оқшаулау үй-жайларында жатқан, сондай-ақ мекемелердегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздігі аралас мекемелерге ауыстырылған сотталғандарға өз бетінше бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу үшін жағдайлар жасалады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiм алуға ұмтылыс көтермеленеді және сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін айқындау және мінездемелерін жасау кезiнде ескерiледi.
21-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРҒА КӨТЕРМЕЛЕУ ЖӘНЕ ЖАЗАЛАУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ
128-бап. Көтермелеу шаралары
1. Жақсы мiнез-құлқы, еңбекке, оқуға адал қарағаны, ерікті құрылымдардың жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны, қылмыспен келтірілген залалдың орнын толтыру жөнінде шаралар қолданғаны үшiн сотталғандарға мынадай көтермелеу шаралары:
1) алғыс жариялау;
2) сыйлықпен марапаттау;
3) сыйлықақы беру;
4) қосымша қысқа мерзiмдi кездесу беру;
5) мереке күндерi тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi сомада қосымша ақша жұмсауға рұқсат беру;
6) бұрын белгіленген жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастау қолданылады.
2. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеп жүрген сотталғандарға, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген көтермелеу шараларынан басқа, демалыс және мереке күндерiн сағат тоғыздан он сегізге дейін мекеменің шегінен тыс жерде өткiзуге рұқсат беріледі.
129-бап. Көтермелеу шараларын қолдану тәртібі
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 128-бабы бірінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген көтермелеу - мінез-құлқының бағалауы жоқ не дәрежесі бірінші, екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандарға, ал 6) тармақшадағы - дәрежесі бірінші немесе екінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға, осы баптың үшінші бөлігінде айқындалған тәртіппен қолданылады.
2. Дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандарға көтермелеу тәртібімен жылына төрт ретке дейін қосымша қысқа мерзiмдi кездесу алуға рұқсат берiледi.
3. Бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастауға жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жаза қолданылған күннен бастап кемінде үш ай өткен соң жол беріледі. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін жазаны мерзімінен бұрын алып тастауға жол берілмейді.
4. Көтермелеу мекеменің лауазымды адамының уәжді қаулысымен қолданылады.
130-бап. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзу
1. Осы Кодексте және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген талаптарды орындамау жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзу болып табылады.
2. Мыналар жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн қаскөйлікпен бұзушылықтар болып табылады:
1) мекемені абаттандыру және тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстардан дәлелсіз себептермен бас тарту;
2) мекеме әкiмшiлiгiнiң өкiлдерiне қатер төндіру, оларды қорлау, оларға бағынбаушылық, оның iшiнде жазаны өтеу режимін бұзу мақсатында, өзiне қандай да бiр қасақана зақым келтірумен ұштасқан бағынбаушылық;
3) мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін беру (алу), жасау, сақтау;
4) сот тағайындаған мiндеттi және мәжбүрлеп емдеуден жалтару;
5) мекеме әкімшілігі осы Кодекстің 119-бабына сәйкес ұсынған ақысы төленетін жұмыстан бас тарту;
6) қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің және жұмыс объектісінің аумақтарын өз бетінше тастап кету;
7) осы Кодекстің 113-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мекеменің шегінен тыс жерге қысқа мерзімді шығуға рұқсат етілген сотталған адамның мекемеге белгіленген мерзімде оралмауы;
8) алкогольді, есірткі заттарын, психотроптық немесе басқа да есеңгірететін заттарды пайдалану;
9) материалдық немесе өзге де пайда табу мақсатында карта, сондай-ақ өзге де ойындар ойнау;
10) сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасау;
11) ұсақ бұзақылық жасау;
12) осы бөліктің 1) - 11) тармақшаларында көрсетiлген бұзушылықтарды жасауға бағыттап, сотталғандар топтарын ұйымдастыру немесе оларға белсенді түрде қатысу;
13) сотталған адам сол үшін алты ай iшiнде тәртiптік изоляторға жабу не жалғыз адамдық камераға ауыстыру түрiндегi жазалауға тартылған, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қайталап біртектес бұзу.
3. Жазалау шарасы қолданылған сотталған адам жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы деп танылады.
Тәртіптік изоляторға жабуды не жалғыз адамдық камераға ауыстыруды қоспағанда, алты ай ішінде екі және одан көп рет жазалау шарасы қолданылған сотталған адам жазаны өтеудің белгіленген тәртібін ұдайы бұзушы деп танылады.
Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды жасаған сотталған адам, оған тәртіптік изоляторға жабу не жалғыз адамдық камераға ауыстыру түріндегі жазалау қолданылған кезде жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылады.
4. Жазалау мекеменің лауазымды адамының уәжді қаулысымен қолданылады.
131-бап. Жазалау шаралары
1. Сотталғандарға жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн мынадай жазалау шаралары:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге тәртіптік изоляторға жабу;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) төрт айға дейiнгi мерзiмге жалғыз адамдық камераларға ауыстыру қолданылады.
2. Жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеп жүрген сотталғандарға жатақханадан тыс жерде тұру құқығының күшiн жою және жұмыстан бос уақытта мекеме аумағының шегінен тыс жерге шығуға отыз тәулікке дейiнгі мерзiмге тыйым салу түрiндегi жазалау қолданылады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Сотталған адамға қатысты жазалау шарасын қолдану туралы қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
132-бап. Жазалау шараларын қолдану тәртібі
1. Сотталған адамға жазалау шараларын қолдану кезінде бұзушылықты жасаудың мән-жайы, сотталған адамның жеке басы және бұрынғы мінез-құлқы ескерiледi.
2. Қолданылатын жазалау теріс қылықтың ауырлығы мен сипатына сәйкес болуға тиiс.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жазалау мекеменің лауазымды адамының уәжді қаулысымен, теріс қылық анықталған күннен бастап он тәуліктен кешіктірілмей, ал егер тексеру жүргізілсе - ол аяқталғаннан кейін, бірақ теріс қылық жасалған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
Тәртіптік изоляторда және жалғыз адамдық камерада ұстау мерзімі көрсетілген үй-жайларға нақты жабылған күннен бастап есептеледі.
4. Жазалау дереу орындалады, ал сотталған адам ауырған, ол этаппен жөнелтілген не оны орындау үшін жағдайлар болмаған кезде - қолданылған күнінен бастап бір айдан кешіктірілмей орындалады.
5. Бiр бұзушылық үшiн бiрнеше жазалау қолдануға тыйым салынады.
6. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 7-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Сотталған адамды жалғыз адамдық камераға ауыстыру, оны тәртіптік изоляторға жабу жазалау мерзімі көрсетіліп, оларда ұстау мүмкіндігі тұрғысынан медициналық куәландырғаннан кейін жүргізіледі.
Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін алдыңғы бұзушылығы үшін тәртіптік изоляторға жабу түріндегі жазасы бар сотталған адамға қатысты ғана жалғыз адамдық камераға ауыстыру түріндегі жазалау шарасын қолдануға жол беріледі.
8. Мекеменің балалар үйiнде емiзулi балалары бар әйелдер, сондай-ақ жүктiлiгiне және босануына байланысты жұмыстан босатылған әйелдер және кәмелетке толмағандар жалғыз адамдық камераға ауыстырылмайды және тәртіптік изоляторға жабылмайды.
9. Тәртіптік изоляторға жабылған және жалғыз адамдық камераларға ауыстырылған сотталғандарға осы Кодексте көзделген барлық жазалау шаралары қолданылады.
10. Егер сотталған адам тәртiптiк жазалауды өтеген күннен бастап алты ай бойы жаңадан жазалауға тартылмайтын болса, ол жазасы жоқ деп есептеледі, ал жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылған - ондай деп есептелмейді.
133-бап. Мекемелердің көтермелеу және жазалау шараларын қолданатын лауазымды адамдары
1. Мекемелер бастықтарының немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдардың осы Кодексте көзделген көтермелеу және жазалау шараларын толық көлемде қолдануға құқығы бар.
2. Мекеме бастығы орынбасарларының мынадай көтермелеу шараларын қолдануға құқығы бар:
1) алғыс жариялау;
2) тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға қосымша ақша жұмсауға рұқсат беру;
3) мекеме бастығының орынбасары кәмелетке толмаған адамға бұрын қолданған жазаны мерзімінен бұрын алу.
3. Мекеме бастығы орынбасарларының мынадай жазалау шараларын қолдануға құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгiс.
134-бап. Тәртіптік изоляторлар мен жалғыз адамдық камераларда ұстау жағдайлары
1. Тәртіптік изоляторға жабылған сотталғандарға:
1) күн сайын ұзақтығы бiр сағат сейілдеуге рұқсат етіледі;
2) кездесуге, телефон арқылы сөйлесуге, тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға, камерада темекі шегуге, сондай-ақ жатын орынды күндізгі уақытта пайдалануға тыйым салынады.
2. Жазалау тәртiбiмен жалғыз адамдық камераларға ауыстырылған сотталғандардың:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға жазасын өтеу кезеңінде тапқан қаражатынан төрт айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жұмсауға;
2) күн сайын ұзақтығы бiр жарым сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқығы бар.
3. Тәртіптік изоляторға жабылған немесе жалғыз адамдық камераларға ауыстырылған сотталғандар басқа сотталғандардан жеке жұмыс iстейдi.
4. Сотталғандарды тәртіптік изоляторлардан немесе жалғыз адамдық камералардан емдеу-профилактикалық мекемелеріне, сондай-ақ медициналық денсаулық сақтау ұйымдарына ауыстырған жағдайда, олардың көрсетілген емдеу мекемелерiнде болған мерзiмi жазалауды өтеу мерзiмiнің есебіне жатқызылады.
5. Мүгедек сотталғандарды ұстауға арналған тәртіптік изоляторлардағы камералар мен жалғыз адамдық камералар арнаулы техникалық құралдармен жабдықталады.
22-тарау. ӘРТҮРЛІ ТҮРДЕГІ МЕКЕМЕЛЕРДЕ ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
135-бап. Орташа қауіпсіз мекемелер
1. Орташа қауіпсіз мекемелерде дағдылы жағдайларда осы мекемеге жаңадан келген сотталғандар, сондай-ақ жазаны өтеудiң қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларынан ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
2. Дәрежесі бірінші оң мінез-құлықты сотталғандар жаза мерзімінің кемінде алты айын өтегеннен кейін, еңбекке адал қараған кезде жазаны өтеудің дағдылы жағдайларынан жеңiлдетiлгеніне ауыстырылады.
3. Дәрежесі үшінші оң мінез-құлықты, кемiнде үш ай жеңiлдетiлген жағдайларда болған сотталғандар мерзімін өтеу бойынша босатылғанға дейін бір жыл қалғанда жеңiлдiктi жағдайларға ауыстырылады.
4. Жазасын дағдылы, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн қаскөйлікпен бұзушылар деп танылған сотталғандар қатаң жағдайларға ауыстырылады.
Жазасын жеңiлдетiлген немесе жеңiлдiктi жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзушылар деп танылған сотталғандар дағдылы жағдайларға ауыстырылады.
5. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылысына ауыстыру жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазалауы болмаған кезде кемінде алты ай өткен соң жүргiзiледi.
6. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылысына немесе дағдылысынан жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларына қайта ауыстыру осы баптың екінші, үшінші және бесінші бөліктерінде айқындалатын тәртiппен жүргiзiледi.
7. Басқа орташа қауіпсіз мекемеден ауыстырылған сотталғандар өздеріне ауыстырылғанға дейiн айқындалған сол жағдайларда жазасын өтейдi.
136-бап. Орташа қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары
1. Жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты алты айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде алты сауқат немесе сәлемдеме және алты бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде алты қысқа мерзімді және екі ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
2. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты он екі айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл ішінде он екі сауқат немесе сәлемдеме және он екі бандероль алуға;
3) бір жыл iшiнде алты қысқа мерзiмдi және алты ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеп жүрген сотталғандарға мекеме бастығының қаулысы бойынша тәулік бойы бақылауда және қадағалауда болып, күзетілетін периметрдің шегінен тыс жерде, бірақ мекемеге іргелес жатқан аумақтың шекарасы шегінде тұруға және еркiн жүрiп-тұруға рұқсат етіледі.
Олар:
1) бір жыл ішінде алты ұзақ мерзімді кездесу;
2) саны шектеусіз қысқа мерзімді кездесулер алуға құқылы.
4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты екі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде үш сауқат немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға;
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді кездесу алуға;
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) күн сайын ұзақтығы бір жарым сағат сейілдеуді пайдалануға құқылы.
137-бап. Қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелер
1. Қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде дағдылы жағдайларда осы мекемеге жаңадан келген сотталғандар, сондай-ақ жазаны өтеудің қатаң және жеңiлдетiлген жағдайларынан ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
2. Жаза мерзімінің кемінде тоғыз айын дағдылы жағдайларда өтегеннен кейін, дәрежесі бірінші оң мінез-құлықты сотталғандар еңбекке адал қараған кезде жеңілдетілген жағдайларға ауыстырылады.
3. Жеңілдетілген жағдайларда кемінде үш ай болған, дәрежесі үшінші оң мінез-құлықты сотталғандар мерзімін өтеу бойынша босатылғанға дейін тоғыз ай қалғанда жеңілдікті жағдайларға ауыстырылады.
4. Дағдылы, жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда жазасын өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылар деп танылған сотталғандар қатаң жағдайларға ауыстырылады.
Жазасын жеңiлдетiлген және жеңілдікті жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзушылар деп танылған сотталғандар дағдылы жағдайларға ауыстырылады.
5. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларынан дағдылысына ауыстыру жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазалауы болмаған кезде кемінде тоғыз ай өткен соң жүргізіледі.
6. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылысына немесе дағдылысынан жеңiлдетiлген және жеңілдікті жағдайларына қайта ауыстыру осы баптың екінші, үшінші және бесінші бөліктерінде айқындалатын тәртiппен жүргiзiледi.
7. Қауіпсіздігі барынша жоғары басқа мекемеден ауыстырылған сотталғандар өздеріне ауыстырылғанға дейiн айқындалған сол жағдайларда жазасын өтейдi.
138-бап. Қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары
1. Жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде төрт сауқат немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде төрт қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
2. Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты он айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде алты сауқат немесе сәлемдеме және алты бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде төрт қысқа мерзімді және төрт ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар мекеме бастығының қаулысы бойынша тәулік бойы бақылауда және қадағалауда болып, күзетілетін периметрдің шегінен тыс жерде, бірақ мекемеге іргелес жатқан аумақтық шекарасы шегінде тұруға және еркiн жүрiп-тұруға құқылы.