2. Қорғаншы немесе қамқоршы дәлелдi себептер болған кезде (науқастануы, мүлiктiк жағдайының өзгеруi, қамқорлыққа алынушымен өзара түсiнiстіктің болмауы және басқалары) өз өтiнiшi бойынша немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның бастамасы бойынша өз мiндеттерiн атқарудан босатылады.
3. Қорғаншының немесе қамқоршының өз міндеттерін тиісінше атқармауына, оның ішінде қорғаншылықты немесе қамқоршылықты жеке басының мақсаттарына пайдалануына не қамқорлыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмексіз қалдыруына тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қорғаншыны немесе қамқоршыны осы міндеттерді атқарудан шеттетуге және қажетті шаралар қолдануға міндетті.
130-бап. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты тоқтату
1. Қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабiлеттi деп тану немесе қорғаншының немесе қамқоршының не қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның өтініші бойынша оның әрекет қабiлетi шектелуiнiң күшiн жою туралы сот шешiм шығарған жағдайларда кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық немесе қамқоршылық тоқтатылады.
2. Қамқорлыққа алынған жас бала он төрт жасқа толған соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық мiндетiн жүзеге асырған адам бұл туралы қосымша шешiмсiз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады.
3. Қамқорлыққа алынушы он сегiз жасқа толған соң, сондай-ақ ол некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде кәмелетке толмаған балаға қамқоршылық ерекше рұқсатсыз-ақ тоқтатылады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 131-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
131-бап. Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың әрекеттеріне шағым жасау
Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың әрекеттеріне қамқорлыққа алынушының мүддесінде оның тұрғылықты жеріндегі қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға, сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 132-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
132-бап. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың шешімдеріне шағым жасау
Мүдделі тұлғалар барлық мәселелер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен Кодекс 17-1-тараумен толықтырылды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
17-1-тарау. БАЛАНЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН ОТБАСЫ
132-1-бап. Баланы қабылдайтын отбасы
1. Баланы қабылдайтын ата-аналардың, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мен білім беру ұйымы арасында жасалған жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беруге негіз болып табылады.
Аға-інілер мен апа-сіңлілерді (қарындастарды) қоспағанда, баланы қабылдайтын отбасы тәрбиелеуге кемінде төрт және оннан аспайтын жетім баланы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы қабылдай алады.
2. Баланы қабылдайтын отбасылар туралы ережені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
132-2-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт
1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шартта жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру жағдайлары, баланы қабылдайтын ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мен жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымының баланы қабылдайтын ата-аналарға қатысты міндеттері, сондай-ақ осындай шартты тоқтатудың негіздері мен салдарлары көзделуге тиіс.
Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар баланы қабылдайтын ата-аналарға көрсетілген шартта көзделген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
Баланы қабылдайтын отбасына берілген әрбір жетім балаға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаға жеке шарт жасалады.
Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарттың мерзімі аяқталған жағдайда, оның отбасында болу мерзімін ұзарту жаңа шарттың негізінде жүргізіледі.
2. Баланы қабылдайтын ата-аналарға еңбекақы және ақшалай төлемдер төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын ата-аналарға беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу:
1) дәлелді себептер (ауруы, отбасылық немесе материалдық жағдайының өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалды қатынастар және басқалар) болған кезде баланы қабылдайтын ата-аналардың бастамасы бойынша;
2) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру үшін қолайсыз жағдайлар туындаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның немесе жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымының бастамасы бойынша;
3) бала ата-аналарына қайтарылған, туыстарына берілген немесе бала асырап алынған жағдайларда мүмкін болады.
132-3-бап. Баланы қабылдайтын ата-аналар
1. Баланы қабылдайтын ата-аналар тәрбиелеуге қабылданған жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты дәл сондай құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Оларға осы Кодекстің 122-бабының 1-тармағында көзделген талаптар қойылады.
2. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін баланы қабылдайтын ата-аналардың меншік құқығында әр адамға кемiнде он бес шаршы метр мөлшерінде жеке тұрғынжайы немесе пайдалану құқығымен тұрғынжайы болуға тиіс.
3. Баланы қабылдайтын ата-аналар алты айда бір реттен сиретпей жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымдарына жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулық жағдайы туралы және оларды тәрбилеу жөніндегі жұмыс туралы есептерді, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға бөлінген қаражатты жұмсау туралы, сондай-ақ олардың мүлкін басқару жөніндегі есепті ұсынуға міндетті.
132-4-бап. Баланы қабылдайтын отбасына берілетін жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар
1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт бойынша беру үшін оларды алдын ала таңдауды жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болатын білім беру ұйымымен және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен келісу бойынша жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдар жүзеге асырады.
Балалардың мүдделеріне сай келетін және балалар өзінің туыстық қатынасы туралы білмейтін, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, аға-інілер мен апа-сіңлілерді (қарындастарды) ажыратуға жол берілмейді.
2. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын ата-аналарға беру олардың пікірлері ескеріле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар өздерінің келісімдерімен ғана берілуі мүмкін.
3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды беру кезінде баланы қабылдайтын ата-аналардың имандылық және өзге де жеке қасиеттері, баланы қабылдайтын ата-аналардың міндеттерін орындауға олардың қабілеттілігі, баланы қабылдайтын ата-аналар мен жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар арасындағы қарым-қатынастар ескеріледі.
4. Баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар өздеріне тиесілі алименттерге, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін ата-аналарының зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғынжайға меншік құқығын немесе тұрғынжайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғынжай болмаған кезде баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес оларға тұрғынжай берілуіне құқығы бар.
Жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі ақшалай қаражатты және басқа да мүлікті сақтау жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын ата-аналарға беру туралы шарттың қолданылу уақытында баланы қабылдайтын ата-аналарға жүктеледі.
Баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар осы Кодекстің 60, 61, 62 және 67-баптарында көзделген құқықтарды да иеленеді.
132-5-бап. Баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуды қаржыландыру
Баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуды қаржыландыру Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен және мөлшерде жүзеге асырылады.
18-тарау. Патронат
133-бап. Патронат
1. Патронат нысанындағы қорғаншылық немесе қамқоршылық кәмелетке толмаған жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде білім беру ұйымдарындағы, медициналық немесе басқа да ұйымдардағы балаларға белгіленеді.
2. Баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адам мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган арасында жасалған баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың туындауына негіз болып табылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Патронаттық тәрбие туралы ережені Қазақстан Республикасының балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
134-бап. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт
1. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт баланы күтіп- бағу, тәрбиелеу және білім беру жағдайларын, патронат тәрбиешілердің құқықтары мен міндеттерін, патронат тәрбиешілерге қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның міндеттерін, сондай-ақ мұндай шарттың тоқтатылу негіздері мен салдарларын көздеуге тиіс.
Бала патронат тәрбиешіге көрсетілген шартта көзделген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
Патронаттық тәрбиелеуге берілген әрбір балаға жеке шарт жасалады.
Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарттың мерзімі аяқталған жағдайда, оның отбасында болу мерзімін ұзарту жаңа шарттың негізінде жүргізіледі.
2. Патронат тәрбиешілердің еңбегіне ақы және оларға ақшалай төлем төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
3. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт:
1) дәлелді себептері (науқастануы, отбасылық немесе материалдық жағдайының өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалдар және басқалар) болған кезде патронат тәрбиешілердің бастамасы бойынша;
2) баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу және білім беру үшін қолайсыз жағдайлар туындаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның бастамасы бойынша;
3) бала ата-анасына қайтарылған, туыстарына берілген немесе бала асырап алынған жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
135-бап. Патронат тәрбиешілер
1. Патронат тәрбиешілердің тәрбиелеуге қабылдап алынған балаға қатысы бойынша қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты құқықтары мен міндеттері болады. Оларға осы Кодекстің 122-бабында көзделген талаптар қойылады.
2. Патронат тәрбиешілерді іріктеуді қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен патронат тәрбиешілерге қойылатын талаптар туралы қағидаларға сәйкес жүргізеді.
136-бап. Патронат белгіленетін бала
1. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт бойынша беру үшін оны алдын ала таңдауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен және баланы күтіп-бағатын ұйым әкімшілігінің келісімі бойынша баланы отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар жүзеге асырады.
Ағалы-інілерді, апалы-сіңлілерді ажыратуға, бұл балалардың мүдделеріне сай келетін және балалар өздерінің туыстығы туралы білмеген, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, жол берілмейді.
2. Баланы патронат тәрбиешілерге беру оның пікірі ескеріле отырып, жүзеге асырылады. Он жасқа толған бала оның келісімімен ғана берілуі мүмкін.
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Патронат тәрбиешілерге берілген бала өзіне тиесілі алименттерге, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін ата-аналарының зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын жайға меншік құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын сақтайды. Патронат тәрбиешілерге берілген баланың тұрғын жайы болмаған кезде Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес оған тұрғын жай берілуіне құқығы бар.
Тәрбиеленушіге тиесілі ақшалай қаражатты және басқа да мүлікті сақтау баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарттың қолданылу уақытына патронат тәрбиешіге жүктеледі.
Патронат тәрбиешілерге берілген бала осы Кодекстің 60-62 және 67-баптарында көзделген құқықтарға да ие болады.
137-бап. Патронат тәрбиешілерге берілген баланы күтіп-бағу
1. Патронат тәрбиешілерге берілген әрбір баланы күтіп-бағуға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай қаражат төленеді.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган патронат тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың өмірі мен тәрбиесіне қалыпты жағдай жасауға жәрдемдесуге міндетті, сондай-ақ патронат тәрбиешілерге жүктелген баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен Кодекс 18-1-тараумен толықтырылды
18-1-тарау. Бала қонақтайтын отбасы
137-1-бап. Бала қонақтайтын отбасы
Баланы қонақтайтын отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар және бала тұрып жатқан ұйым, баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган арасында жасалған, баланы қонақтайтын отбасына беру туралы шарт баланы қонақтайтын отбасына беруге негіз болып табылады.
Бала қонақтайтын отбасы бірнеше жетім баланы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы қабылдай алады.
2. Бала қонақтайтын отбасы туралы ережені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
137-2-бап. Баланы қонақтайтын отбасына беру туралы шарт
1. Баланы қонақтайтын отбасына беру туралы шартта баланы күтіп-бағу және тәрбиелеу шарттары, баланы қонақтайтын отбасына қабылдаған адамдардың құқықтары мен міндеттері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, бала тұрып жатқан ұйымның міндеттері, сондай-ақ мұндай шартты тоқтату негіздері мен салдарлары көзделуге тиіс.
Бала қонақтайтын отбасына көрсетілген шартта көзделген мерзімге беріледі.
Бала қонақтайтын отбасына берілген әрбір балаға бөлек шарт жасалады.
2. Қонақта тәрбиелеу кезінде баланы күтіп-бағуға арналған ақшалай төлем және баланы қонақтайтын отбасына қабылдаған адамның еңбегіне ақы төлеу жүргізілмейді.
3. Баланы қонақтайтын отбасына беру туралы шарт:
1) дәлелді себептері (науқасы, отбасылық немесе материалдық жағдайының өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасында жанжалдар және басқалар) болған кезде бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдаған адамдардың бастамасы бойынша;
2) баланы күтіп-бағу мен тәрбиелеу үшін қолайсыз жағдайлар туындаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, бала тұрып жатқан ұйымның бастамасы бойынша;
3) бала қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, асырап алған отбасына, патронатқа берілген немесе баланы асырап алған жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
137-3-бап. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдаған адам
1. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдайтын адамға баланы беру ол Республикалық деректер банкінде тіркелген жағдайда жүзеге асырылады.
2. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдаған адам оның заңды өкілі болып табылмайды және ол:
1) баланы Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге әкетуді жүзеге асыруға;
2) баланы медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымға орналастыру немесе ішкі істер органдарына жеткізу жағдайларынан басқа, баланы үшінші тұлғалардың (жеке және (немесе) заңды тұлғалардың) қадағалауына қалдыруға;
3) бала қонақтайтын отбасына баланы беру туралы шарттың өзге де талаптарын бұзуға құқылы емес.
3. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдаған адам:
1) бала отбасында уақытша болған кезеңде оның өмірі мен денсаулығы үшін жауапты болуға;
2) бала қонақтайтын отбасына беру туралы шарт мерзімі өткен соң бала тұрып жатқан ұйымға баланы дереу қайтаруға;
3) баланың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін жағдайдың туындағаны, баланың науқастанғаны, оның жарақат алғаны, оның медициналық ұйымға немесе ішкі істер органдарына орналастырылғаны туралы жиырма төрт сағат ішінде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға немесе бала тұрып жатқан ұйымға хабарлауға;
4) Бала қонақтайтын отбасы туралы ереженің өзге де шарттарын сақтауға міндетті.
137-4-бап. Бала қонақтайтын отбасына берілетін бала
1. Шарт бойынша бала қонақтайтын отбасына баланы беру үшін баланы алдын ала таңдауды бала тұрып жатқан білім беру ұйымымен және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен келісу бойынша бала қонақтайтын отбасына қабылдауға тілек білдірген адам жүзеге асырады.
Балалардың мүддесіне сай келетін және балалар өзінің туыстық қатынасы туралы білмейтін, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, аға-iнiлер мен апа-сiңлілердi (қарындастарды) ажыратуға жол берілмейді.
2. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдауға тілек білдірген адамға баланы беру оның пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған бала оның келісімімен ғана берілуі мүмкін.
5-бөлім. Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары
19-тарау. Ата-аналар мен балалардың алименттік міндеттемелері
138-бап. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері
1. Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды.
Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім (алимент төлеу туралы келісім) жасасуға құқылы.
2. Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады.
3. Ата-аналардың алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде, кәмелетке толмаған балаларға күтіп-бағу қаражаты берілмеген кезде және сотқа талап-арыз берілмеген кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алимент өндіріп алу туралы талап-арыз беруге құқылы.
139-бап. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері
1. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға - ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің - төрттен бір бөлігін; екі балаға - үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.
2. Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 140-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
140-бап. Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кірістің түрлері
Ата-ананың алатын және алимент ұсталатын жалақысы және (немесе) өзге де кірісі түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді.
141-бап. Тұрақты ақша сомасында балаларға алимент өндіріп алу
1. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде және ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста алимент өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық тудырған немесе тараптардың бірінің мүдделерін елеулі түрде бұзатын жағдайларда, сот тұрақты ақша сомасында немесе бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында ай сайын өндіріп алынатын алимент мөлшерін айқындауға құқылы.
Мұндай жағдайларға тұрақты емес, өзгермелі табысы және (немесе) өзге де кірісі бар не, егер ата-ана табысын және (немесе) өзге де кірісін толығымен немесе ішінара заттай алатын ата-аналардан алимент өндіріп алу жатады.
2. Күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары білім беру жүйесінде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі балаларға күтіп-бағу қаражатын өндіріп алу алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот тәртібімен тұрақты ақша сомасында жүргізіледі.
3. Тұрақты ақша сомасының мөлшерін сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мән-жайларды ескере отырып, баланың бұрынғы қамтамасыз етілу деңгейін мүмкіндігінше сақтайтын көлемдегі айлық есептік көрсеткіш мөлшерін негізге алып айқындайды.
4. Егер ата-аналардың әрқайсысының қолында балалар қалатын болса, алименттің мөлшері оның біреуінен аз қамтылған екіншісінің пайдасына осы баптың 3-тармағына сәйкес ай сайын өндіріп алынатын және сот айқындайтын тұрақты ақша сомасында белгіленеді.
142-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға алимент өндіріп алу және оны пайдалану
Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға алимент осы Кодекстің 138-141-баптарына сәйкес өндіріп алынады және балалардың қорғаншысына немесе қамқоршысына немесе олардың патронат тәрбиешілеріне төленеді.
Қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронат тәрбиешіге берілген балаларға арналған алимент төлемдерінің сомасы екінші деңгейдегі банктерде ашылған осы балалардың депозиттік шоттарына аударылады.