1. Инвестициялық пай қорларының пайлары Қазақстан Республикасының ұлттық валюта немесе пайдың номиналды құны көрсетілген валюта ақшасымен ғана төленуге тиiс.
2. Инвестициялық пай қорының пайларына төленетiн ақша оларды орналастыру кезiнде осы қордың кастодианындағы инвестициялық пай қорының шотына аударылады.
3. Бастапқы орналастыру кезеңiнде инвестициялық пай қорының пайлары барлық инвесторлар үшiн қор ережелерiнде айқындалған бiрыңғай нақтылы құн бойынша орналастырылады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру үш айдан ұзаққа созылмайды және қор ережесінде көрсетiлген мерзiмде басталады.
Инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру кезеңi қор инвестициялық пай қоры активтерiнiң осы Заңда белгiленген ең төменгi мөлшерiне қол жеткiзген кезде аяқталады.
5. Инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру аяқталғаннан кейiн қордың таза активтерiнiң құны инвестициялық пай қоры активтерiнiң ең төменгi мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
Инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру мерзiмiн ұзартуға басқарушы компанияның өтiнiшi негiзiнде уәкiлеттi органның рұқсатымен бiр рет жол берiледi, бiрақ ол үш айдан аспауға тиiс.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Инвестициялық пай қорының пайларын сатып алу инвесторлардың пайларды сатып алуға өтiнiмдерi негiзiнде жүзеге асырылады.
Инвестициялық пай қорының пайларын сатып алуға өтiнiмдердi басқарушы компания немесе оның өкiлдерi осы Заңда және осы қордың ережесінде белгiленген шарттармен және тәртiппен қабылдайды және орындайды.
Өтiнiмнiң болуы мен ақшаның түсуi пай ұстаушылар тiзiлiміндегі сатып алушының жеке шотына пайларды есепке алу шарты болып табылады. Пайларды есепке алу осы шарт орындалған күннен кейiнгi бiрiншi жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жүзеге асырылады.
Пайларды орналастыру кезінде орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде пайларды сатып алушының жеке шотына (қосалқы шотына) немесе номиналды ұстаушының жеке шотына есепке жатқызу мәмілесін тіркеу басқарушы компанияның бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Пайды кейіннен орналастыру бағасы, өтінім болған кезде, ақша түскен күннің алдындағы күннің соңында қалыптасқан баға бойынша айқындалады. Өтінім ақша түскеннен кейін түскен кезде пайды орналастыру бағасы өтінім келіп түскен күннің алдындағы күннің соңында қалыптасқан баға бойынша айқындалады. Пайды орналастыру бағасына, егер бұл қордың қағидаларында көзделген болса, үстемеақы қосылуы мүмкін.
8. Инвестициялық пай қорларының пайларын сатып алуға өтiнiмдердi қабылдаудан бас тартуға:
1) инвестициялық пай қорының ережесінде белгiленген өтiнiмдер беру тәртібі мен шарттары сақталмаған;
2) уәкiлеттi органның немесе басқарушы компанияның шешiмi бойынша инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру тоқтатыла тұрған;
3) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген өзге де талаптар орындалмаған жағдайларда ғана жол берiледi.
24-бап. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларын сатып алу
1. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларын сатып алу инвестициялық пай қоры активтерiнiң құрамында бар немесе оларды өткізуден алынған ақша, сондай-ақ осы Заңмен белгiленген талаптарды сақтай отырып қарызға алынған қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
2. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорларының пайларын бастапқы орналастыру мерзiмi iшiнде пайларды сатып алуға жол берiлмейдi.
3. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сатып алу туралы талаптар пайларды сатып алуға өтiнiмдер нысанында берiледi.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
4. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларын сатып алуға өтiнiмдердi басқарушы компания немесе оның өкiлдерi осы Заңда және осы қордың ережесінде белгiленген шарттармен және тәртiппен пайлар сатып алынатын күннiң алдындағы жұмыс күнi аяқталғанға дейiн қабылдайды. Өтінім берушіге ақшаны беру (оның ішінде ақшаны ол көрсеткен шотқа аудару) пайларды сатып алған күні жүзеге асырылады.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
5. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларын сатып алуға өтiнiмдер, егер қордың ережесінде көзделген болса, жеңiлдiктер шегерiле отырып, пайларды сатып алу күнінің алдындағы жұмыс күнінің соңындағы пайдың есептiк құны негiзге алынып айқындалған баға бойынша орындалады.
6. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы қордың пайларын сатып алуды оларды ұстаушылардың өтiнiмдерi бойынша осы Заңда және осы қордың ережесінде белгiленген құн бойынша, мерзiмдерде және уақыт кезеңдерiнде жүзеге асыруға мiндеттi.
Аралық инвестициялық пай қорының пайларын айына бiр реттен сирек сатып алуды жүргiзген кезде пайларды сатып алуға өтiнiмдердi қабылдау кезеңi үш жұмыс күнiнен кем болмауға тиiс.
7. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының ережесіне пайларды ұстаушылар мүддесiне нұқсан келтiретiн өзгерістер мен толықтырулар енгізiлген жағдайда, осы қордың пайларын ұстаушылар өздерiне тиесілі пайларды көрсетiлген өзгерістер мен толықтырулар күшiне енгiзiлген күнге дейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде сатып алуды талап етуге құқылы.
8. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сатып алуға өтiнiмдердi қабылдаудан:
1) қордың ережесінде белгiленген өтiнiм беру тәртібі мен шарттары сақталмаған;
2) осы Заңда көзделген тәртiппен қордың пайларын сатып алуды тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған жағдайларда бас тартылуы мүмкiн.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды
9. Осы баптың 3, 4, 5, 6 және 8-тармақтарының талаптары ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларын басқарушы компания өзі маркет-мейкер функциясын орындау шеңберінде (басқарушы компания инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті брокерлік және (немесе) дилерлік қызметпен қоса атқарған жағдайда) осы сатып алуды жүзеге асырған жағдайда қор бижасында оларды сатып алу арқылы сатып алуға қатысты қолданылмайды.
25-бап. Инвестициялық пай қорының пайларын кейiннен орналастыру немесе сатып алу кезіндегі үстеме ақылар мен жеңiлдiктер
1. Инвестициялық пай қорының ережесінде пайларды кейiннен орналастыру кезiнде олардың есептеу құнына үстеме ақылар немесе пайларды басқарушы компания сатып алған кезде олардың есептеу құнына жеңiлдiктер қолдану шарттары мен мөлшерлерi көзделуi мүмкiн.
2. Жеңiлдiктiң ең жоғары мөлшерi инвестициялық пай қорының пайын басқарушы компания сатып алған кезде оның есептеу құнының үш процентiнен аспауы керек.
3. Инвестициялық пай қорының, оның қызметi тоқтатылған жағдайда не ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлгендiктен пайларын сатып алу кезiнде пайдың есептеу құнынан жеңiлдiктер жасауға жол берiлмейдi.
26-бап. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру мен сатып алуды тоқтата тұру
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыруды және (немесе) сатып алуды:
1) инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн тұлғалардың немесе шығарған (берген) қаржы құралдары инвестициялық пай қоры активтерiнiң құрамына кiретiн тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын немесе шарттық мiндеттемелердi бұзған немесе орындауы мүмкiн болмаған жағдайларда уәкiлеттi органның ұйғарымы бойынша;
2) ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының ережесіне сәйкес басқарушы компания арқылы тоқтатыла тұрады.
2. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларын сатып алуды тоқтата тұру кезiнде сонымен бiр мезгiлде осы қордың пайларын орналастыру тоқтатыла тұрады.
3. Пайларды орналастыруды және (немесе) сатып алу осындай тоқтата тұруға себеп болған бұзушылықтар жойылғанға дейiн белгiсiз мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн.
4. Пайларды орналастыру және (немесе) сатып алуды тоқтата тұру қажет болған жағдайда, басқарушы компания осындай тоқтата тұрудың себептерiн және оларды жою жөніндегі шараларды көрсете отырып, уәкiлеттi органға бұл туралы сол күнi жазбаша хабарлауға мiндеттi.
Орналастыру және (немесе) сатып алу басталған күнi басқарушы компания уәкiлеттi органды орналастырудың және (немесе) сатып алудың қайта басталғаны жөнiнде хабардар етуге мiндеттi.
5. Егер бұл қор пайларын ұстаушылардың мүдделерiне сай келмесе, уәкiлеттi орган басқарушы компанияның инвестициялық пай қорының пайларын орналастыруды және (немесе) сатып алуды тоқтата тұруына тыйым салуға, сондай-ақ осындай тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар жойылғанға дейiн пайларды орналастыру мен сатып алуды қайта бастауға тыйым салуға құқылы.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
6. Басқарушы компания инвестициялық пай қорының пайларын орналастыруды және (немесе) сатып алуды бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң тиiстi түрiн жүзеге асыруға басқарушы компанияның немесе кастодианның лицензиясының қолданылуы тоқтатылғаны немесе одан айырылғаны туралы уәкiлеттi органның хабарламасын алған кезден бастап лицензияның қолданылуы қайта басталған, басқа басқарушы компания, қордың басқа кастодианы тағайындалған немесе қордың жұмыс iстеуi тоқтатылған күнге дейiн тоқтата тұруға мiндеттi.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 7 тармақпен толықтырылды
7. Басқарушы компания пайларды орналастыруды тоқтата тұру күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, орналастыруды тоқтата тұру туралы бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде хабардар еткен жағдайда, пайларды орналастыруды белгілі бір кезеңге тоқтата тұру мүмкіндігін аралық және жабық инвестициялық пай қорының ережелерінде көздеуге құқылы.
27-бап. Инвестициялық пай қорының ережесi
1. Инвестициялық пай қорының ережесінде:
1) инвестициялық пай қорының толық және қысқартылған атауы;
2) инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясының толық атауы мен орналасқан жерi;
3) инвестициялық пай қоры кастодианының толық атауы мен орналасқан жерi, оның құқықтары мен мiндеттері;
4) 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
5) инвестициялық пай қоры басқарушы компаниясының және кастодианының аудитiн жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдардың толық атауы;
6) инвестициялық декларация;
7) инвестициялық пай қорының активтерiн инвестициялық декларация талаптарына сәйкес келтiру тәртібі мен мерзiмдерi;
8) инвестициялық пай қоры жұмыс iстейтiн мерзiм, не оның мерзiмсiз жұмыс iстеуi туралы көрсету;
9) инвестициялық пай қоры активтерiн сенiмгерлiк басқару шарты;
10) инвестициялық пай қорының пайларына инвестициялау кезіндегі инвесторлар тәуекелдерiнiң сипаттамасы;
11) инвестициялық пай қорын басқарушы компанияның құқықтары мен мiндеттерi;
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) инвестициялық пай қоры пайының бастапқы орналастыру кезеңіндегі Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында немесе пайдың номиналды құны көрсетілетін өзге валютада көрсетілуі мүмкін номиналды құны;
13) инвестициялық пай қорының пайларын сатып алуға өтiнiмдер беру мен оларды орындаудың шарттары мен тәртібі;
14) инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың құқықтары мен мiндеттерi;
15) инвестициялық пай қоры активтерiнiң құнын және пайдың есептiк құнын есепке алу және айқындау тәртібі;
16) пайларды орналастыру кезiнде олардың есептiк құнына үстеме ақы қолдану шарттары мен есептеу тәртібі;
17) басқарушы компанияның және инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн өзге де тұлғалардың осы қордың активтерi есебiнен төленуге жататын шығыстары мен сыйақыларының түрлерi, айқындалу тәртібі және ең жоғары мөлшерлерi;
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
18) басқарушы компанияның немесе кастодианның инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөніндегі қызметтi одан әрi жүзеге асыруға мүмкiндiгi болмаған немесе одан бас тартқан жағдайларда, оларды ауыстыру шарттары мен тәртібі;
19) инвестициялық пай қорының пайларын орналастыруды тоқтата тұру шарттары мен тәртібі;
20) инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiнiң тоқтатылғандығы туралы ақпарат жариялануға тиiстi баспасөз басылымының атауын көрсете отырып, инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiнiң тоқтатылу, оның iшiнде қордың жұмыс iстеуi тоқтатылған кезде пайларды сатып алудың шарттары мен тәртібі;
21) пай ұстаушылардың сұратулары бойынша есеп берудiң шарттары мен тәртібі;
22) пай ұстаушылар алдында инвестициялық пай қоры, оның ережесi және оларға енгiзiлген өзгерістер, қордың таза активтерi құнының және пайдың есептiк құнының өзгеруi, пайды орналастыру және сатып алу бағалары туралы, сондай-ақ инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн тұлғалар, олардың қызметiнiң нәтижелерi туралы ақпаратты ашу шарттары мен тәртібі;
23) басқарушы компанияның инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру және сатып алу жөніндегі өкiлдерiнiң (олар бар болса) байланыс телефондарының нөмiрлерi, орналасқан жерi көрсетiлген тiзбесi болуға тиiс.
2. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының ережесінде осы баптың 1-тармағында көзделген мәлiметтерден басқа:
1) пайды сатып алуға өтiнiм беру және оны орындау шарттары мен тәртібі;
2) пайларды сатып алуды тоқтата тұру шарттары мен тәртібі;
3) басқарушы компания пайды сатып алған кезде оның есептiк құнына жеңiлдiк қолдану шарттары мен есептеу тәртібі;
4) басқарушы компанияның инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу шарттары мен тәртібі;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
5) пай ұстаушылардың тапсырысы бойынша пайларды сол басқарушы компанияның сенiмгерлiк басқаруындағы басқа ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларына айырбастау шарттары, қордың басқарушы компаниясының және кастодианының, сондай-ақ орталық депозитарийдің пайларды айырбастау рәсiмiн жүргiзу шарттары мен тәртібі;
6) осы Заңда және қор ережесінде белгiленген тәртiппен инвестициялық пай қоры туралы ақпарат жарияланатын бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәлiметтер болуға тиiс.
3. Жабық инвестициялық пай қорларының ережесінде осы баптың 1-тармағында көзделген мәлiметтерден басқа:
1) пайлар бойынша дивидендтер есептеу, төлеу шарттары мен тәртібі;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру және өткізу шарттары, мерзімдері мен тәртібі, жалпы жиналыстың күн тәртібін, кворумын, жалпы жиналысқа өкiлдiктi анықтау тәртібі, дауыс беру, дауыстарды санау, жалпы жиналыстың хаттамасын ресiмдеу тәртібі болуға тиiс.
28-бап. Инвестициялық пай қорының ережесіне енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулар
1. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының ережелерiне өзгерістер мен толықтырулар, егер сол қордың ережесінде оларды енгізу мүмкiндiгi, шарттары және тәртібі көзделсе, басқарушы компанияның шешiмi бойынша енгiзiлуi мүмкiн.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
2. Жабық инвестициялық пай қорының ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар пай ұстаушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша енгізіледі.
Жабық инвестициялық пай қорының ережелеріне өздерінің құқықтарына нұқсан келтіретін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қарсы дауыс берген пай ұстаушылар қор ережелерінде пай ұстаушының пайларды сатып алу құқығының болуына қарамастан, осы өзгерістер мен толықтырулар уәкілетті органмен келісілгендігі туралы көрсетіле отырып, мәтіні баспасөз басылымында жарияланғаннан кейін немесе оларды қор ережелерінде белгіленген тәртіппен алғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде басқарушы компаниядан өздеріне тиесілі пайларды сатып алуды талап етуге құқылы.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Мыналарды:
1) басқарушы компания атауының және (немесе) орналасқан жерінің;
2) кастодианның атауының және (немесе) орналасқан жерінің;
3) басқарушы компанияның және (немесе) кастодианның аудиторлық ұйымдарының, сондай-ақ олардың атауының және (немесе) орналасқан жерінің өзгеруін;
4) инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру және иелену жөніндегі делдалдар тізбесінің өзгерістерін және (немесе) толықтыруларын қоспағанда, инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар уәкiлеттi органмен келісілуге тиiс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында санамаланған өзгерістер және (немесе) толықтырулар инвестициялық пай қорының қағидаларында белгіленген тәртіппен күшіне енеді.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара) 4-тармақ өзгертілді; 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру кезеңiнде қордың қағидаларына осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар ғана енгізілуі мүмкін.
5. Инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістер мен толықтыруларды уәкiлеттi орган оларды басқарушы компания ұсынған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қарайды.
6. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, уәкiлеттi орган қор ережесіне өзгерістермен және толықтырулармен келiседi.
Уәкiлеттi органның инвестициялық пай қорының ережесіне өзгерістермен және толықтырулармен келiсуден бас тарту туралы шешiмi:
1) ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) келiсуге ұсынылған ережеге өзгерістер мен толықтыруларда қайшылықты немесе жаңылыстыруға әкеп соғатын мәлiметтер болған жағдайларда қабылданады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар осы бапта көзделген жағдайларда олардың уәкiлеттi органмен келісілгенi туралы көрсетіле отырып, осы өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың мәтiнi инвестициялық пай қорының қағидаларында белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан немесе пайлардың барлық ұстаушылары оны алғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң күшіне енеді.
Инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды ұсыну күніне бұл қордың бірде-бір пайы орналастырылмаған жағдайда, өзгерістер және (немесе) толықтырулар көрсетілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар уәкілетті органмен келісілген күннен кейін не осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды енгізу туралы шешім қабылданған күннен кейін күшіне енеді.
Жабық инвестициялық пай қорының қағидаларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар жабық инвестициялық пай қорының қағидаларында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
29-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге байланысты сыйақы мен шығыстар
1. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн және жұмыс iстеудi тоқтатуын қамтамасыз етуге байланысты сыйақылар мен шығыстардың түрлерi, айқындалу тәртібі және ең жоғары мөлшерi, оларды осы қордың активтерi есебiнен төлеу шарттары мен тәртібі инвестициялық пай қорының ережесiмен айқындалады.
Инвестициялық пай қорының ережесінде айқындалмаған сыйақылар мен шығыстардың түрлерi инвестициялық пай қоры активтерiнiң есебiнен өтелуге жатпайды.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
2. Инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру кезеңiнде басқарушы компанияға сыйақы есептеледi, бiрақ төленбейдi.
Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге байланысты осы кезеңнiң сыйақылары мен шығыстарын төлеу, оның iшiнде кастодиан мен орталық депозитарий көрсететiн қызметке ақы төлеу басқарушы компанияның өз қаражаты есебiнен оның шығындары кейiннен инвестициялық пай қоры активтерi есебiнен өтеле отырып жүзеге асырылады. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуi оның пайларын бастапқы орналастыру мерзiмi аяқталғанға дейiн немесе оның таза активтерiнiң құны пайларды бастапқы орналастыру аяқталғаннан кейiн ең төменгi мөлшерге сәйкес келмегендiктен тоқтатылған жағдайларда, басқарушы компания қордың пайларын бастапқы орналастыру кезеңiнде жұмсалған шығындарды өтеу бойынша залал тәуекелiн мойнына алады.
30-бап. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы
1. Пай ұстаушылардың жалпы жиналысы тек жабық инвестициялық пай қорларында өткiзiледi.
2. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретiне:
1) қордың ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) қордың жұмыс iстеуiн тоқтату;
3) қорды басқа жабық инвестициялық пай қорымен бiрiктiру немесе қорды ашық немесе аралық қорға өзгерту;
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
4) қордың басқарушы компаниясын немесе кастодианын ауыстыру;
5) қордың ережесіне сәйкес өзге де мәселелерiн шешу жатады.
3. Дауыс беру кезiнде пайларды ұстаушыға берiлетiн дауыстардың саны оған тиесiлi пайлардың санымен айқындалады.
4. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы жалпы жиналысты өткізу күнiне қор пайларының кемiнде үштен екiсiн иеленген пай ұстаушылар немесе олардың өкiлдерi дауыс беру рәсiмiне қатысқан кезде шешiм қабылдауға құқылы.
5. Жалпы жиналыстың шешiмi жалпы жиналысқа қатысып отырған жабық инвестициялық пай қорының пай ұстаушыларының немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк дауысымен қабылданады.
6. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысының шешiмi қордың ережесінде белгiленген тәртiппен сырттай дауыс беру арқылы қабылдануы мүмкiн.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
7. Басқарушы компанияның, кастодианның, орталық депозитарийдің және уәкiлеттi органның өкiлдерi жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысына қатысуға құқылы.
8. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы хаттамасының көшiрмесiн басқарушы компания жалпы жиналыс өткiзiлген күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей уәкiлеттi органға жiберуге, сондай-ақ пайларды ұстаушыларға олардың сұратулары бойынша табыс етiлуге тиiс.
31-бап. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру
1. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын басқарушы компания өз бастамасы бойынша немесе осы қордың пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру туралы талапты берген күнi пайлардың жалпы санының кемiнде үштен бiрiн құрайтын пайды ұстаушылардың жазбаша талабы бойынша шақырады.
Басқарушы компания жабық инвестициялық пай қорын сенiмгерлiк басқару шартын бұзу туралы шешiм қабылдаған кезде қордың активтерiн басқа басқарушы компанияға басқаруға беру немесе қордың жұмыс iстеуiн тоқтату туралы мәселенi шешу үшiн пайларды ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыруға мiндеттi.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
2. Басқарушы компанияның бастамасы бойынша жалпы жиналысты шақыруға және өткізуге байланысты шығындарды басқарушы компания көтередi. Бұл ретте қордың ережесінде басқарушы компанияның бастамасы бойынша инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын өткізуге жұмсалған шығыстарын осы қор активтерiнiң есебiнен өтейтiн жағдайлар көзделуi мүмкiн.