ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын
шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:
1) 12-баптың 6-тармағы «жұмыс берушінің» деген сөздерден кейін «бір өкілі» деген сөздермен толықтырылсын;
2) 23-баптың 2-тармағының 6) тармақшасы «ұжымдық шартпен,» деген сөздерден кейін «келісу комиссиясының жұмысы туралы келісіммен (бар болған кезде),» деген сөздермен толықтырылсын;
3) 30-баптың 4-тармағында:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен жасалған еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда, егер тараптардың ешқайсысы еңбек шартының қолданылу мерзімі өткенге дейін соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, егер заңды тұлға құрылтайшылары, мүлкінің меншік иесі не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген тұлға (орган) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органы бекітетін құжаттарда ұзартудың өзге мерзімі айқындалмаған болса, еңбек шарты бір жылға ұзартылады.»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабарламаға жұмыс беруші - заңды тұлға атынан заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе ол уәкілеттік берген тұлға (орган) не заңды тұлғаның уәкілетті органы немесе ол уәкілеттік берген тұлға қол қояды.»;
4) 53-баптың 1-тармағының екінші бөлігі «жұмыс беруші» деген сөздерден кейін «өкілдері» деген сөзбен толықтырылсын;
5) 147-баптың 3-тармағының 1) тармақшасы «жұмыс берушілер» деген сөздерден кейін «өкілдері» деген сөзбен толықтырылсын;
6) 159-бапта:
2-тармақта:
бірінші бөлікте:
«жұмыс беруші» деген сөздерден кейін «өкілдері» деген сөзбен толықтырылсын;
«, оның филиалдары мен өкілдіктерінде» деген сөздер алып тасталсын;
екінші бөлік «Ұжымдық шартта ұйымның» деген сөздерден кейін «филиалдарында, өкілдіктерінде және» деген сөздермен толықтырылсын;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Келісу комиссиясын қалыптастыру тәртібі және оның қызметі жұмыс беруші мен жұмыскерлердің өкілдері арасында жасалатын келісу комиссиясының жұмысы туралы келісімде не ұжымдық шартта айқындалады.
Келісу комиссиясының жұмысы туралы келісімде не ұжымдық шартта келісу комиссиясы мүшелерінің сандық құрамы, келісу комиссиясы мүшелерінің қатарынан төраға мен хатшыны сайлау тәртібі, келісу комиссиясына өтініш беру тәртібі, келісу комиссиясының жұмыс тәртібі мен регламенті, келісу комиссиясының шешім қабылдау тәртібі мен оның мазмұны, келісу комиссиясы мүшелерінің өкілеттік мерзімі, оның мүшелеріне кепілдіктер беру туралы ережелер және келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі өзге де мәселелер қамтылуға тиіс.
Келісу комиссиясының отырысын ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып өткізуге жол беріледі. Мұндай жағдайда келісу комиссиясы мүшелерінің және өзге де тұлғалардың қатысуы электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе авторизациялану, сәйкестендірілу қамтамасыз етіле отырып және жұмыс берушінің отырыс жазбасын сақтауымен өзге де электрондық тәсілмен расталады.»;
4-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
«Өтініш берушінің келісу комиссиясының шешімі шығарылғанға дейін комиссия хатшысын өтінішті кері қайтарып алу туралы жазбаша хабардар ете отырып, бұрын берілген өтінішін кері қайтарып алуға құқығы бар.
Бұрын еңбек қатынастарында болған адам келісу комиссиясында өзінің мүдделерін білдіру құқығын кәсіподақ органдарына, жұмыскерлердің сайланбалы өкілдеріне жазбаша өтінішпен беруге құқылы.»;
5-тармақ мынадай мазмұндағы екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:
«Келісу комиссиясын екі жылда кемінде бір рет мерзімділікпен ротациялық негізде жұмыс беруші өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің қатарынан комиссия мүшелері сайлайтын төраға басқарады.
Егер жеке еңбек дауын қарау кезінде отырысқа жұмыс беруші өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің тарапынан келісу комиссиясы мүшелерінің тең саны қатысса, келісу комиссиясының отырысы мен шешімі заңды болып табылады. Дауыс беру кезінде келісу комиссиясының әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады.
Шешім уәжді болуға, жазбаша нысанда жазылуға және оған келісу комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қоюға тиіс.
Келісу комиссиясының мүшелері жеке еңбек дауын қарау уақытында жалақысы сақтала отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылады.»;
6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Жұмысқа қайта алу туралы дауды қоспағанда, келісу комиссиясының шешімі ол белгілеген мерзімде орындалуға жатады, ол келісу комиссиясының шешімі шыққан күннен бастап бір айдан аспайды.
Келісу комиссиясының шешімі бойынша жұмыс беруші төлеуге жататын сомалар өтініш берушіге келісу комиссиясының шешімі шығарылғаннан кейін келесі айдың жалақысын төлеу үшін белгіленген мерзімнен кешіктірілмей төленеді.
7. Келісу комиссиясының шешімі ол белгілеген мерзімде орындалмаған не мәселелер реттелмеген жағдайда жұмыскер немесе бұрын еңбек қатынастарында болған адам не жұмыс беруші сотқа жүгінуге құқылы.»;
7) 160-баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасы «жұмыскер» деген сөзден кейін «, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған жұмыскер» деген сөздермен толықтырылсын;
8) 164-бапта:
2-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер жұмыскерлер ұсынған талаптарды қатысушылардың жартысынан астамы қолдап дауыс берсе, олардың жиналысының (конференциясының) шешімі қабылданды деп есептеледі. Жұмыскерлер жиналысын (конференциясын) өткізу мүмкін болмаған кезде жұмыскерлердің өкілді органының өздері ұсынған талаптарын жұмыскерлердің жартысынан астамының қолдап қойған қолтаңбасын жинап, өз шешімін бекітуге құқығы бар.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Жұмыс беруші жұмыскерлердің талап етуі бойынша жұмыскерлердің жиналысын (конференциясын) өткізу үшін үй-жай беруге және қажетті жағдайлар жасауға міндетті және оның оны өткізуге кедергі келтіруге құқығы жоқ.»;
9) 165-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі «жұмыс беруші» деген сөздерден кейін «өкілдері» деген сөзбен толықтырылсын;
10) 166-бапта:
1-тармақтағы «бес» деген сөз «екі» деген сөзбен ауыстырылсын;
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Еңбек төрелігі мүшелерінің саны, оның жұмыс беруші өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің қатарынан дербес құрамы, еңбек дауын қарау тәртібі тараптардың келісімімен тепе-тең негізде айқындалады. Еңбек төрелігі кемінде бес адамнан тұруға тиіс. Еңбек төрелігінің құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның өкілдері кіреді. Әлеуметтік әріптестік тараптарының мүддесін білдіретін үшжақты комиссиялар мүшелері еңбек төрелігінің құрамына тепе-тең негізде кіреді.»;
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
«5-1. Еңбек төрелігі ұжымдық еңбек дауын қараған кезеңде жұмыскерлер осы Кодекстің 176-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сағаттық ескерту ереуілін бір рет өткізуі мүмкін, оған елуден аспайтын жұмыскер қатыса алады.
Еңбек төрелігіне қатысатын жұмыскерлердің өкілдері сағаттық ескерту ереуіліне қатысатын жұмыскерлерге оның ұзақтығы бұзылған жағдайда заңдарда белгіленген жауаптылығы туралы ескертуге тиіс.
Жұмыскерлер жұмыс берушіге сағаттық ескерту ереуілінің басталуы туралы жазбаша нысанда үш жұмыс күнінен кешіктірмей ескертуге тиіс.»;
6-тармақтағы «жеті» деген сөз «бес» деген сөзбен ауыстырылсын;
11) 170-баптың 5-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) жұмыскерлердің осы Кодекстің 164-бабының 3-тармағына сәйкес ресімделген талаптарын алған күні ұжымдық еңбек дауының туындағаны туралы, ол түпкілікті шешілгенге дейін ахуал туралы кейіннен апта сайын хабарлай отырып, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органды хабардар етуге;»;
12) 171-баптың 2-тармағында:
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер конференцияға хаттамалық шешімдерге сәйкес жұмыскерлер сайлаған делегаттардың жартысынан астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.»;
мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:
«Егер ұйымда жұмыскерлердің мүдделерін кәсіптік одақтар білдіретін болса, онда ереуіл өткізу туралы шешімді - кәсіптік одақтар, ал олар болмаған кезде сайланбалы өкілдер қабылдайды.
Егер ұйымда жұмыскерлердің мүдделерін кәсіптік одақ пен сайланбалы өкіл, сондай-ақ бірнеше кәсіптік одақ білдіретін болса, онда ереуіл өткізу туралы шешімді олар құрған бірыңғай өкілді орган қабылдайды. Бірыңғай өкілді орган кәсіптік одаққа немесе кәсіптік одақтарға кіретін және кірмейтін жұмыскерлер санына пропорционалды түрде қалыптастырылады.»;
13) 175-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес ереуілге қатысатын жұмыскерлерді ауыстыруға жол берілмейді.»;
14) 203-баптың 3-тармағының бірінші бөлігіндегі «жұмыс берушінің және» деген сөздер «жұмыс беруші өкілдері мен» деген сөздермен ауыстырылсын.
2. «Кәсіптік одақтар туралы» 2014 жылғы 27 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
17-баптың 5) тармақшасы «ұжымдық шарт» деген сөздерден кейін «, келісу комиссиясының жұмысы туралы келісім (бар болған кезде)» деген сөздермен толықтырылсын.
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 15 ақпан
№ 199-VІІ ҚРЗ