Борышкер банкрот деп танылған немесе оған оңалту рәсiмдерi қолданылған жағдайда қосымша құжаттарды алуға байланысты шығыстар әкiмшiлiк шығыстарға жатқызылады.
124-бап. Оңалту рәсiмiнiң мерзiмiн ұзарту
Егер табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың не аса қолайсыз табиғи-климаттық жағдайлардың салдарынан оңалту рәсiмiнiң мақсаттарына қол жеткізу мүмкiн болмаған жағдайда, сот оңалту рәсiмiн жүргізу мерзімін бiр жылдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
125-бап. Банкроттық рәсімі
1. Осы Заңның 84-бабының 1-тармағында белгіленген банкроттық рәсімді жүргізу мерзімін сот кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушының өтінішхаты бойынша бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
2. Банкроттықты басқарушы кредиторлар комитетінің келісуімен банкроттың мүліктік массасының құнын ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады, оларға:
1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жерлерді қорғау жөніндегі іс-шаралар;
2) егiс және егiн жинау жұмыстары, жануарлардың, құстардың, балараның өсімін молайту және өсiру, өсiмдiк шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, омарта шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу;
3) борышкер мүлкiн өткізу үшiн тиісті жағдайда ұстауға байланысты шаралар жатады.
Мүліктік массаның құнын ұстап тұру бойынша шығыстар әкімшілік шығыстарға жатады.
126-бап. Мүліктік массаны қалыптастыру және өткізу
1. Банкроттықты басқарушы банкроттың жер пайдалану құқығының тиісті ресімделуін қамтамасыз етуге міндетті, бұл ретте жұмсалған шығыстар әкімшілік шығыстарға жатқызылады.
2. Банкроттың мүлкін сату осы Заңның 99-бабына сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте, негізгі қызмет түрін міндетті түрде сақтай отырып, банкроттың мүлкін сату жоспарына мүліктік массаны бірыңғай лотпен аукцион нысанында өткізілетін сауда-саттыққа бастапқы шығару бойынша қосымша шарт енгізіледі.
3. Егер аукцион өткізілмеген не оған қатысушылардың ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбеген жағдайда, мүлікті сату бөлек лоттармен жүзеге асырылады, бұл ретте біртұтас өндірістік кешенге кіретін мүлікті бөлек лоттарға кіргізуге жол берілмейді.
Егер біртұтас өндірістік кешен кіретін лот бойынша аукцион өткізілмеген не оның қатысушыларының ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбеген жағдайда, оны өткізу одан әрі бөлек лоттар бойынша жүзеге асырылады.
4. Банкроттықты басқарушы мүлікті бірыңғай лотпен, сондай-ақ біртұтас өндірістік кешенге кіретін мүлікті өткізу бойынша өткізілген сауда-саттықтың қорытындылары туралы ақпаратты сатып алу-сату шарты жасалған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарға жіберуге міндетті.
5. Мүліктік массаны бөлек лоттар бойынша сатып алушы болмаған кезде кредиторлар өз талаптарын осы Заңның 100-бабында белгіленген мүліктік массаны бөлудің кезектілігіне сәйкес олардың талаптарының сомасына пропорционалды түрде заттай банкроттың мүлкі есебінен қанағаттандыруға құқылы.
6. Мүліктік массаны өткізу бойынша аукцион өткізудің уақыты мен орнын кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушы айқындайды.
10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
127-бап. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
128-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Банкроттық туралы» 1997 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 1-2, 7-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 14, 198-құжат; № 17-18, 225-құжат; 2000 ж., № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 17-18, 240-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 4, 26-құжат; № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 6, 42-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 57-құжат; 2006 ж., № 1, 4-құжат; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 13, 86-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 14, 18-құжаттар; № 9, 67-құжат; 2008 ж., № 13-14, 58-құжат; № 23, 114-құжат; № 24, 129 құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 9-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 2, 14, 15-құжаттар; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы наурыздың 7-і.
№ 176-V