5) Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысқысы келмеуі Қазақстан Республикасы азаматының ерікті жасақтар құрамында Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар болып табылады.
77-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтардың құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтар (бұдан әрі - Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар):
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерін шекаралық кеңістікте дайындалып жатқан не жасалған құқық бұзушылықтардың өздеріне мәлім болған фактілері туралы дереу хабардар етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтардың талап етуі бойынша өздерінің Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу заңдылығын растайтын куәліктерді көрсетуге;
3) құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ұсталған азаматтарға қолданылатын мәжбүрлеу шараларының негіздерін оларға түсіндіруге;
4) Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша іс-шараларға қатысар алдында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерінде құқықтық дайындықтан өтуге міндетті.
2. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың:
1) Мемлекеттік шекараны қорғаудың бақылау және қадағалау функцияларымен байланысты емес іс-шараларында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жәрдем көрсетуге;
2) шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;
3) құқық бұзушылықтардың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер көрсетілген мақсаттарға өзге тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаса, дене күшін және басқа да құралдарды қолдануға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықты жасаған адамдарды ұстауға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелеріне, құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті органдарға жеткізуге;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілдерімен бірлесіп шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды жүргізуге;
6) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдердің сақталуын талап етуге құқығы бар.
Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың заңды талаптары орындау үшін міндетті.
3. Мемлекеттік шекараны қорғауда жәрдем көрсетуіне байланысты Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар мен олардың отбасы мүшелерiне қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 78-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
78-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және ол уәкiлеттiк берген прокурорлар жүзеге асырады.
79-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Осы Заңның және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де уәкілетті органдардан өздерінің құқықтары мен бостандықтарының шектелу себебі жөнінде түсіндірмелер алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың заңды құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда, тиісті лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен осы құқықтарды қалпына келтіруге және оларға келтірілген залалды өтеуге міндетті.
80-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 1, 1-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 1998 ж., № 24, 436-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 24, 180-құжат; 2009 ж., № 18, 86-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 1, 3-құжат; 1995 ж., № 8, 56-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 24, 180-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы қаңтардың 16-і.
№ 70-V