15-бап. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету
2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Адам саудасына және баспанасыздыққа байланысты әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген және кепілдік берілген көлемнен тыс көрсетілетін қосымша көлемдерін ұсыну бюджет қаражаты есебінен көрсетілген жағдайда олар аудандардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімі негізінде жүзеге асырылады.
2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Аудандардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықты бағалау және айқындау жөніндегі әлеуметтік жұмыскердің қорытындысын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну туралы шешім қабылдайды.
Аудандардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну туралы шешім қабылдағанға дейін осы адам (отбасы) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын немесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушілерге көмек көрсететін субъектілерде, олар бюджет қаражаты есебінен ұсынылған (көрсетілген) жағдайда тұра алады.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынудан бас тартылған жағдайда аудандардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бас тарту себебін көрсете отырып, өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықты бағалауды жүргізу және оны айқындау үшін ұсынылған құжаттарды қайтарады.
4. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуден бас тарту үшін:
1) осы Заңның 6-бабында көрсетілген негіздерге сәйкес келмеуі;
2) ұсынылған мәліметтер мен құжаттардың дұрыс еместігі негіз болып табылады.
5. Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер оларды көрсету туралы шешім қабылданған күннен бастап жүзеге асырады.
6. Ақылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету өмірлік қиын жағдайда жүрген адам (отбасы) және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер жасасқан шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 7-тармақ жаңа редакцияда
7. Баспанасыздық, әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қарау салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамға) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер тұратын жеріне қарамастан ұсынылады.
16-бап. Әлеуметтік қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері
1. Әлеуметтік қызметкердің:
1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласына жаңа әдістемелер енгізуге, ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын сақтаған жағдайда, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы қызметті ұйымдастырудың әдістері мен нысандарын еркін таңдауға;
3) кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға құқығы бар.
2. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын әлеуметтік қызметкер осы баптың 1-тармағында белгіленген құқықтардан басқа:
1) жергілікті атқарушы органдардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікке бағалау жүргізу және оны айқындау үшін қажетті мамандарды тартуға құқылы.
3. Әлеуметтік қызметкер:
1) өзінің кәсіби құзыреті саласында тиісті теориялық және практикалық білімді меңгеруге;
2) көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге;
3) өмірлік қиын жағдайда жүрген адам (отбасы) туралы құпия ақпаратты жария етпеуге;
4) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) қатысты кемсітушілікке жол бермеуге;
5) кәсіби шеберлігін тұрақты жетілдіріп отыруға;
6) кемінде бес жылда бір рет аттестаттаудан өтуге міндетті.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын әлеуметтік қызметкер, осы баптың 3-тармағында белгіленген міндеттерден басқа, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудегі қажеттілікке сапалы бағалау жүргізуге және оны айқындауға міндетті.
17-бап. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілердің құқықтары мен міндеттері
1. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер:
1) бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер, арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған конкурстарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес қатысуға;
2) ақылы негізде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге;
3) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайлардан басқа, арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен түрлеріне бағалау жүргізу және оны айқындау үшін қажетті ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан сұратуға және алуға құқылы.
2. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер:
1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын сақтауға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің қадір-қасиетін құрметтеуге;
4) арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылар мен олардың отбасы мүшелеріне адамгершілікпен қарауға және кемсітушілік іс-әрекеттерге жол бермеуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету кезіндегі құпиялылықты қамтамасыз етуге;
6) әлеуметтік қызметкерлерді даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге міндетті.
18-бап. 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
19-бап. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді қаржыландыру
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді қаржыландыру:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты;
2) ақылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуден алынған қаражат;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтiк қызметтер туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтiк қызметтер туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсететiн субъект осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда, уәкiлеттi орган:
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерге бұзушылықтарды жою туралы орындалуға міндетті ұйғарымдар жібереді;
2) арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсететiн субъектiнi (оның лауазымды адамдарын) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа тарту үшiн қажеттi шараларды қолданады.
3. Мемлекеттік органдардың iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), сондай-ақ шешiмдерiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкiн.
21-бап. Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев | |
Астана, Ақорда, 2008 жылғы желтоқсанның 29-ы.
№ 114-ІV ҚРЗ