1) Президенттiң Республика Президентінің актілерін шығаруды талап ететiн конституциялық өкiлеттiгi жүзеге асырылады;
2) мемлекеттік билiктiң барлық тармақтарының келісімдi жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының Қазақстан халқы алдында Конституциямен және заңдармен белгiленген жауаптылығын қамтамасыз ету мәселелерi шешiледi;
3) Парламенттiң заңдық құзыретiне кiрмейтiн, сондай-ақ Үкiмет пен басқа да мемлекеттік органдардың заңмен белгiленген құзыретiне жатпайтын мәселелердi құқықтық реттеу жүзеге асырылады;
4) Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтiк-саяси дамуының стратегиялық мәселелерi бойынша шешiмдер қабылданады.
3. Республика Президентi шығаратын жарлықтардың ғана нормативтiк құқықтық акт күшi болады.
22-бап. Республика Президентінің өкiмдерi
1. Республика Президентінің өкiмдерi Конституцияның, заңдардың және Президент жарлықтарының негiзiнде және соларды орындау үшiн шығарылады.
2. Республика Президентінің өкiмдерiмен:
1) әкiмшiлiк-өкiмдiк, жедел және жеке сипаттағы мәселелердi шешу жүзеге асырылады;
2) Республика Президентінің құзыретiне сәйкес конституциялық мәртебесi жоқ лауазымды тұлғалар қызметке тағайындалады және босатылады.
ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 23-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
23-бап. Республика Президентінің актілерін дайындау және оларды Президенттiң қарауына енгізу
1. Республика Президентi актілерінiң жобаларын дайындауды мыналар жүзеге асырады:
1) Президент Әкімшілігі және Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар;
2) Республика Үкіметі;
3) Жоғарғы Сот;
4) Үкiмет құрамына кiрмейтiн Республиканың орталық атқарушы органдары;
5) Республика Президентi белгiлейтiн өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар.
2. Республика Президентінің қарауына енгiзiлетiн актiлердiң жобалары:
1) қазақ және орыс тiлдерiнде дайындалып, Президенттiң қарауына енгiзiледi;
2) заң техникасы мен iс жүргiзу талаптарына сай келуге тиiс.
3. Президент шығарған актiлердi нөмiрлеу Республика Президентінің өкiлеттiк мерзiмiне жүргiзiледi. Президент актілерінiң түпнұсқалары мен оған қосымша материалдар Президент Әкiмшiлiгiнiң тиiстi құрылымдық бөлiмшесiнде сақталады және заңда белгiленген мерзiм аяқталған соң Республика Президентінің Архивiне жiберiледi.
4. Президент актілерінiң жобаларын дайындаудың заңмен белгiленген тәртібінiң сақталуын және оларды Мемлекет Басшысының қарауына ұсынылуын бақылауды Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы жүзеге асырады.
24-бап. Республика Президентінің актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ олардың күшiн жою тәртібі
1. Өзгертулер мен толықтырулар:
1) Республика Президентінің жарлықтарына Президент жарлықтарымен енгiзiледi;
2) Республика Президентінің өкiмдерiне Республика Президентінің өкiмдерiмен енгiзiледi.
2. Республика Президентi жарлықтарының күшiн жою Республика Президентi жарлықтарымен, Республика Президентi өкiмдерiнiң күшiн жою Республика Президентінің жарлықтарымен және өкiмдерiмен жүргiзiледi.
3. Республика Президентінің бiрдей заң күшi бар актілерінiң арасында алшақтық туындаған жағдайда, егер Республика Президентінің тиiстi актiсiнде өзгеше көзделмесе, кейiнiрек күшiне енген акт басшылыққа алынуға тиiс.
ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 25-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
25-бап. Республика Президентінің актілерін күшiне енгізу мен жариялау тәртібі
1. Президенттiк нормативтiк сипаты бар актілері, егер Президент өзгеше белгiлемесе, олардың ресми жарияланған күнiнен бастап он күн өткеннен кейiн Республиканың бүкiл аумағында бiр мезгiлде күшiне енгiзiледi.
2. Нормативтiк сипаты жоқ Президент актілері, егер Президент өзгеше белгiлемесе, оларға қол қойылған сәттен бастап күшiне енедi.
3. Президент актілері Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлер туралы заңымен белгiленген ресми баспа органдарында жарияланады.
4. Президент актілері, сол сияқты өзге де баспа органдарында жариялануы, теледидар, радио арқылы, Интернетте жария етiлуi, телеграф, телефакс арқылы берiлуi, тиiстi мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдар мен олардың лауазымды тұлғаларына таратылуы мүмкiн.
5. Республиканың мемлекеттік құпиялары немесе өзге де заңмен қорғалатын құпиясы баяндалған Президент актілері жариялауға жатпайды. Мұндай актiлердiң тұпнұсқаларында құпиялық белгiсi қойылады және олар белгiленген тәртiппен өздерiнiң күшi қолданылатын органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың назарына жеткiзiледi. Президенттiң аталған актілерінiң мазмұны белгiленген тәртiппен бұқаралық ақпарат құралдарында баяндалуы мүмкiн.
IV тарау
Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен бұрын босату, кетiру
ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 26-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
26-бап. Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен бұрын босату, кетiру
1. Президент науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламенттiң шешiмi арқылы қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
2. Президент өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiнде жасаған iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда, яғни соғыс не қарулы қақтығыс кезiнде жау жағына шығып кету, шет мемлекеттiң Республикаға қарсы дұшпандық әрекетiн жүзеге асыруына көмектесу арқылы көрiнген Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсiздiгi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiру немесе әлсiрету мақсатында әдейi жасаған жағдайда, жауап бередi және бұл үшiн Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн.
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Парламенттiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезеңде қозғалмайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 27-бап жаңа редакцияда
27-бап. Қазақстан Республикасының Президентi өкiлеттiгiнiң ауысуы
1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына ауысады; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған жағдайда ол Парламент Мәжілісiнiң Төрағасына ауысады; Мәжіліс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған жағдайда ол Республиканың Премьер-Министрiне ауысады. Өзiне Республика Президентінің өкiлеттiгiн қабылдаған адам тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Премьер-Министрдің өкiлеттiгiн доғарады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өзiне Қазақстан Республикасы Президентінің өкiлеттiгiн қабылдаған адамның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларға бастамашы болуға құқығы жоқ.
V тарау
Қазақстан Республикасы Президентінің қызметiн қамтамасыз ету
28-бап. Республика Президентінің қызметiн мемлекеттік қамтамасыз ету
Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiн қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және күзету республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.
29-бап. Республика Президентінің жалақысы және еңбек демалысы
1. Республика Президентінің жалақысы заңдарда белгiленген тәртiппен анықталады.
2. Республика Президентiне жыл сайын қырық бес күнтiзбелiк күн мерзiмiне ақылы еңбек демалысы берiледi.
ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 30-бап толықтырылды
30-бап. Республика Президентiн қамтамасыз ету
1. Республика Президентi қызметiнде болған кезеңге осы қызметке сайланған тұлға Республика аумағында резиденциялармен, Республика астанасында қызмет пәтерiмен және мемлекеттік саяжаймен қамтамасыз етiледi.
2. Республика Президентi арнайы мақсаттағы автокөлiкпен, арнайы жабдықталған ұшақтармен және тiкұшақтармен, сондай-ақ арнайы жабдықталған көлiк құралдарының өзге де түрлерiмен қамтамасыз етiледi.
3. Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiне тұрғын үй және көлiк қызметiн көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентінің Iс Басқармасы, сондай-ақ өздерiнiң құзыретiне сәйкес Республика Президентінің Күзет қызметi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қамтамасыз етедi.
4. Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiне медициналық, санаторий-курорттық қызмет көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентінің Iс Басқармасы қамтамасыз етедi.
5. Арнайы байланыс құралдарымен қамтамасыз етудi Республика Президентінің Күзет қызметi жүзеге асырады.
5-1. Республика Президентi қызметiнiң бүкiл кезеңiне Республика Президентінің жеке кiтапханасы мен жеке мұрағаты құрылады және қалыптастырылады.
31-бап. Республика Президентiн күзету
1. Республика Президентiн күзету Республика Президентінің Күзет қызметiне жүктеледi.
2. Республика Президентінің зайыбы (жұбайы) және Президентпен бiрге тұратын басқа да отбасы мүшелерi күзетiлуге тиiс.
32-бап. Республика Президентінің Әкiмшiлiгi
Республика Президентінің Әкiмшiлiгi мемлекеттік орган болып табылады, оған мыналар жүктеледi:
1) Республика Президентінің қызметiн қамтамасыз ету;
2) Республика Президентiн елдегi iстiң жайы туралы уақтылы әрi толық хабардар етiп отыру;
3) Республика Президентінің шешiмдерiн сөзсiз және тыңғылықты орындау және олардың орындалуын бақылау;
4) Мемлекет Басшысы белгiлейтiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33-бап. Республика Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар, мекемелер мен ұйымдар
1. Республика Президентінің конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру және оның қызметін қамтамасыз ету мақсатында Қауіпсіздік Кеңесі және өзге де консультативтік-кеңесші органдар, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы, Жоғары Сот Кеңесі, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдар құрылады.
2. Республика Президенті:
1) Қауіпсіздік Кеңесінің және өзге де консультативтік-кеңесші органдардың, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің құрамын айқындайды, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдарды құрады;
2) консультативтік-кеңесші органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдардың басшы лауазымдағы адамдарын тағайындайды;
3) Қауіпсіздік Кеңесі және өзге де консультативтік-кеңесші органдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдар туралы ережелерді бекітеді;
4) тоқсан сайын Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының және өзге де консультативтік-кеңесші органдардың басшы лауазымдағы адамдарының осы органдар жұмысы туралы есептерін, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының есептерін тыңдайды.
3. Республика Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар аппараттарының, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесі аппараттарының қызметкерлері Республика Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болып табылады.
VI тарау
Қазақстан Республикасының бұрынғы Президенттерi
34-бап. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң мәртебесi
1. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.
2. Республиканың экс-Президенттерi құқығы жөнiнде өмiр бойы Республика Конституциялық Кеңесiнiң мүшелерi болып табылады.
3. Республиканың экс-Президентi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырыстарына, Республика Президентінің қызметке кiрiсуiне, Республиканың мемлекеттік мерекелерiне арналған салтанатты мәжілістерге және мемлекет өткiзетiн өзге де iс-шараларға қатысуға хақылы.
4. Республиканың экс-Президентiне, оның абырой мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды. Республика экс-Президентінің абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғушылық заң бойынша қудаланады.
ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Республиканың экс-Президенттерiн қамтамасыз ету
1. Республиканың экс-Президентiн қамтамасыз ету, оған қызмет көрсету және оны күзету мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
2. Республиканың экс-Президентiне өмiр бойы:
1) Республика Президентінің шешiмiмен Республика Президентi лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындалады. Бұл ретте Республика экс-Президентінің осы Конституциялық заңның шарттарымен белгiленген зейнетақысы Республика Президентінің лауазымдық жалақысының өсуi ескерiлiп, арттырылып отырады;
2) қажеттi қызмет көрсетiлетiн пәтер мен мемлекеттік саяжай, жеке күзет, жүргiзушiсiмен дербес автомобиль берiлiп, ел iшiнде тегiн жүрiп-тұру, тегiн медициналық, санаторий-курорттық емдеу қызметi көрсетiледi;
2-1. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдары Республика Президенті ретіндегі қызметтік жұмысы аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Экс-Президентінің меншігінде болады.
36-бап. Республика экс-Президенттерi құқықтарының кепiлдiктерi
Республиканың экс-Президентi, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, өзiнiң Республика Президентi өкiлеттiгiн атқаруымен байланысты iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi.
VII тарау
Қорытынды ережелер
37-бап. Өзге заң актілерінiң Республика Президентінің қызметiн қамтамасыз ету жөніндегі қолданылуы
Республика Президентiне мемлекеттік қызмет, еңбек және зейнетақы туралы заңдардың нормалары қолданылмайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 38-бап өзгертілді
38-бап. Осы Жарлықтың күшiне ену тәртібі
Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев