Сауда қызметін реттеу туралы
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі № 544-II Заңы
(2024.17.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2024 жылғы 19 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының сауда қызметiн реттеу туралы заңдары
3-бап. Сауда қызметiн реттеудiң мақсаттары мен қағидаттары
4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
2-тарау. Сауда қызметін мемлекеттік реттеу
5-бап. Сауда қызметін мемлекеттік реттеу нысандары мен әдістері
6-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнің құзыреті
7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
7-1-бап. Алып тасталды
7-2-бап. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы саласындағы салалық уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
7-3-бап. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы саласындағы үйлестіруші органның құзыреті
7-4-бап. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы
7-5-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс органдарының құзыреті
8-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi
9-бап. Ішкі сауда саласында баға белгілеу
3-тарау. Iшкі сауда
10-бап. Iшкi сауда объектiлерi және түрлерi
11-бап. Көтерме сауда
12-бап. Бөлшек сауда
13-бап. Қоғамдық тамақтандыру
14-бап. Ішкі саудадағы сатып алу-сату шарты
3-1-тарау. Ішкі сауданы дамытуға жәрдемдесу
14-1-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының сауда қызметін қолдауы
14-2-бап. Халықты сауда алаңдарымен қамтамасыз етуді нормалау
14-3-бап. Ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау
4-тарау. Сыртқы сауда қызметі
15-бап. Алып тасталды
15-1-бап. Алып тасталды
16-бап. Сыртқы сауда қызметiн кедендiк-тарифтiк реттеу
16-1-бап. Тарифтік квоталар
16-2-бап. Тарифтік жеңілдіктер
16-3-бап. Тарифтік преференциялар
17-бап. Сыртқы сауда қызметiн тарифтiк емес реттеу
18-бап. Тыйым салулар және сан жағынан шектеулер
18-1-бап. Рұқсат беру тәртібі
18-2-бап. Қарсы шаралар
18-3 бап. Тыйым салулардың және шектеулердің ерекше түрлері
18-4-бап. Ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шаралар
18-5-бап. Сараптама ұйымы және тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар
19-бап. Алып тасталды
20-бап. Айрықша құқық
21-бап. Автоматты түрде лицензиялау (байқау)
22-бап. Сауда шаралары және қауіпсіздік пайымдаулары бойынша шаралар
22-1-бап. Өтемақы шаралары
22-2-бап. Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға мүшелік жағдайларындағы міндеттемелері шеңберінде мемлекеттік реттеу шараларын қолданудың бүкпесіздігін қамтамасыз ету
22-3-бап. Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға мүшелігіне байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл
22-4-бап. Гуманитарлық көмек көрсету шеңберіндегі сыртқы сауда қызметін реттеу
22-5-бап. Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігіне байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл
22-6-бап. Экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі және оның Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауы
22-7-бап. Үлестес тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруге тыйым салу
5-тарау. Сауданың өзге түрлері
23-бап. Аукциондық сауда
24-бап. Комиссиялық сауда
25-бап. Тапсырыс бойынша сауда
26-бап. Шекара маңындағы сауда
27-бап. Көшпелi сауда
28-бап. Көрме-жәрмеңке қызметі
29-бап. Электрондық сауда
29-1-бап. Электрондық сауданы жүзеге асыру
29-2-бап. Фулфилмент орталықтарының функциялары
30-бап. Тауарлармен биржалық сауда жасау
6-тарау. Ішкі сауда субъектілеріне және тауарларға қойылатын талаптар
31-бап. Ішкі сауда субъектілеріне қойылатын талаптар
31-1-бап. Сауда объектiлерiн, сауда объектiлерiндегі, оның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын жалға (пайдалануға) беретiн салық төлеушi - дара кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға қойылатын талаптар
32-бап. Тауарларға қойылатын талаптар
32-1-бап. Сауда қызметі субъектілерінің құқықтары
32-2-бап. Көтерме-тарату орталықтары
7-тарау. Қорытынды ережелер
33-бап. Алып тасталды
33-1-бап. Алып тасталды
33-2-бап. Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
34-бап. Дауларды шешу
35-бап. Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
36-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен мәтіндегі «жергілікті атқарушы органдардың», «жергілікті атқарушы органдар», «жергілікті атқарушы органдармен» деген сөздер «республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының», «республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары», «республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен» деген сөздермен ауыстырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
Осы Заң сауда қызметi саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, оны мемлекеттік реттеудiң принциптерiн және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автоматты түрде лицензиялау (байқау) - жекелеген тауар түрлерінің экспорты және (немесе) импорты динамикасын мониторингтеу мақсатында белгіленетін уақытша шара;
2) ақпараттық-жарнамалық сауда алаңы - сатушылар, сондай-ақ тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды-сатуды ұйымдастыру мақсатында олар туралы жарнамалық (ақпараттық) мәліметтерді қамтитын интернет-ресурс;
3) айрықша құқық - сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың жекелеген тауар түрлерінің экспортын және (немесе) импортын жүзеге асыруына айрықша лицензия негізінде ұсынылатын құқық;
4) арзандатылған тауар - кемшілігінің болуына не кемшілігінің жойылуына байланысты төмендетілген бағамен өткізілетін тауар;
5) әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәнi - елде бағалардың негiзсiз өсуiне жол бермеу, инфляцияны жол берілетін шектерде ұстау және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында белгiленетiн бөлшек сауда бағаларының жол берілетін деңгейi, ішкі сауда субъектiсi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларын осы деңгейге дейін айқындауға құқылы;
6) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағалары - әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерiн асырған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар белгілейтін бөлшек сауда бағаларының деңгейі;
7) бақылау (сәйкестендіру) белгісі - қолдан жасаудан қорғау элементтері (құралдары) бар, сәйкестендіру құралын қамтитын және тауарларды таңбалауға арналған қатаң есептілік бланкісі (құжат) (қорғалған полиграфиялық өнім);
8) бөлшек сауда - сатып алушыға жеке, отбасылық, үй iшiнде немесе кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес өзгедей пайдалануға арналған тауарларды сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
9) жаппай сату - тиiсiнше сападағы тауарларды төмендетілген бағалармен өткізу;
10) кедендік әкелу бажы - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде кеден органдары алатын міндетті төлем;
11) кедендік әкету бажы - тауарлардың экспорты кезінде алынатын міндетті төлем;
12) кедендік баждардың квотадан тыс мөлшерлемесі - кедендік әкелу немесе әкету бажының белгіленген тарифтік квотадан артық әкелінетін немесе әкетілетін тауарларға белгіленетін мөлшері (шамасы);
13) кедендік баждардың квотаішілік мөлшерлемесі - кедендік әкелу немесе әкету бажының белгіленген тарифтік квота шегінде әкелінетін немесе әкетілетін тауарларға белгіленетін мөлшерi (шамасы);
14) көтерме сауда - кейiннен сатуға немесе жеке, отбасылық, үй iшiнде және осындай өзгедей пайдаланумен байланысты емес өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
14-1) 2021.30.12. № 96-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 14-2) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді); 2024.23.01. № 54-VIII ҚР Заңымен 14-2) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 25 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14-2) Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі (бұдан әрі - Экспорттық-кредиттік агенттік) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын, шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық даму институтының мәртебесіне ие және осы Заң мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға;
2024.23.01. № 54-VIII ҚР Заңымен 14-3) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 25 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
14-3) қауіпсіздік пайымдаулары бойынша шара - Қазақстан Республикасынан импортқа қатысты үшінші тарап енгізетін және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғайтын шара;
15) қоғамдық тамақтандыру - тамақ өнiмдерiн өндiруге, қайта өңдеуге, өткiзуге және тұтынуды ұйымдастыруға байланысты кәсiпкерлiк қызмет;
16) мамандандырылған электрондық сауда алаңы - экономикалық қызметтің бір сыныптағы тауарлары, бір түрдегі жұмыстары мен көрсетілетін қызметтері өткізілетін электрондық сауда алаңы;
17) материалдық жеткізгіш - қолдан жасаудан қорғау элементтерін (құралдарын) қамтитын немесе қамтымайтын және сәйкестендіру құралдарын басып беруге, сақтауға және беруге арналған, кез келген материалдан жасалған бақылау (сәйкестендіру) белгісі немесе объектісі;
18) өтемақы шарасы - осы шараны енгізуге өтініш берген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің экономикасы саласына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше субсидиялаушы мемлекеттің өзіндік ерекшелікті субсидиясының теріс әсерін бейтараптандыру жөніндегі шара;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 18-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
18-1) рұқсат беру құжаты - сыртқы сауда қызметіне қатысушыға тауарлардың жекелеген түрлерін әкелу және (немесе) әкету құқығына берілетін құжат (лицензия, мемлекеттік бақылау актісі, қорытынды, нотификация, рұқсат);
19) 2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20) 2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21) сан жағынан шектеулер - тауарларлардың сыртқы саудасын саны жағынан шектеу жөніндегі, квоталарды белгілеу арқылы енгізілетін шаралар;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 21-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
21-1) сараптама ұйымы - штатында тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудитор бар, тауардың шығу тегіне, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесіне сараптама жүргізу жөніндегі жұмысты жүзеге асыратын заңды тұлға;
22) сауда алаңы - сауда объектiсiнiң тауарларды сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырсу жүргізуге, сатып алушылардың өтуiне арналған, арнайы жабдық қойылған алаңы;
23) сауда базары - сауда қызметіне арналған, аумақта шаруашылық қызмет көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптарға сәйкес келетін оқшауланған мүліктік кешен;
24) сауда желiсi - сауда базарларын қоспағанда, ортақ басқару аясындағы және бiрыңғай коммерциялық белгiленім мен өзге де дараландыру құралдарының аясында пайдаланылатын, екi және одан да көп сауда объектiсiнiң жиынтығы;
25) сауда қызметі - ішкі және сыртқы сауданы қамтитын қызмет;
26) сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - сауда саясатын қалыптастыратын және сауда қызметі саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
27) сауда объектiсi - тауарларды сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысу жүргізуге арналған және сол үшін пайдаланылатын жабдықпен арнайы жарақтандырылған ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, құрылысжай немесе құрылысжайдың бiр бөлiгi, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
28) сауда орны - тауарларды сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырсу жүргізуге арналған және сол үшін пайдаланылатын жабдықпен жарақтандырылған орын;
29) сауда саясаты - осы Заңда белгiленген мақсаттар мен қағидаттарды iске асыру үшiн мемлекеттiк органдар жүргiзетiн ұйымдастырушылық, құқықтық, экономикалық, бақылау шаралары мен өзге де шаралардың жиынтығы;
30) сауда шаралары - арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақы шаралары;
31) сәйкестендіру құралы - штрих код түрінде ұсынылған немесе радиожиілік белгісіне жазылған немесе автоматты түрде сәйкестендірудің өзге құралы (технологиясы) пайдаланыла отырып ұсынылған, машинамен оқылатын нысандағы символдардың бірегей тізбегі;
32) стационарлық емес сауда объектісі - инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық жалғануының) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланыспаған, уақытша құрылысжай немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
33) стационарлық сауда объектісі - жермен берік байланысқан және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылған (технологиялық жалғанған) ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай), құрылысжай немесе құрылысжайдың бiр бөлiгі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай);
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 33-1) тармақшамен толықтырылды
33-1) сыйақы - азық-түлік тауарларын жылжыту, оның ішінде осындай тауарларды жарнамалау және оларды арнайы қоюды жүзеге асыру жолымен жылжыту, сондай-ақ осы тауарларды дайындау, өңдеу, буып-түю жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, сауда желілеріне немесе ірі сауда объектілеріне жіберуді қоса алғанда, азық-түлік тауарларын сатып алуға және өткізуге байланысты, азық-түлік тауарларын берушінің сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарларды сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісіне ақшалай төлемі;
34) сыртқы сауда (бұдан әрi - сыртқы сауда қызметi) - сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тауарларды Қазақстан Республикасынан әкетуге және (немесе) Қазақстан Республикасына әкелуге байланысты қызметі;
35) сыртқы сауда қызметіне қатысушылар - сыртқы сауда қызметін жүзеге асыратын, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар;
36) таңбаланған тауарлар - белгіленген талаптар сақтала отырып сәйкестендіру құралдары басылған және тауарларды таңбалау ақпараттық жүйесінің ұлттық құрамдасында өздері туралы анық мәліметтер (оның ішінде өздеріне басылған сәйкестендіру құралдары және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштер туралы мәліметтер) қамтылған тауарлар;
37) тарифтік жеңілдік - кедендік әкелу немесе кедендік әкету бажын төлеуден босату не оны төмендету;
38) тарифтiк квота - тауардың белгiлi бiр санын (заттай немесе құндық мәнде) әкелу немесе әкету кезiнде белгiлi бiр кезең iшiнде кедендiк әкелу немесе әкету бажының қолданыстағы мөлшерлемесiмен салыстырғанда кедендiк әкелу немесе әкету бажының неғұрлым төмен мөлшерлемесiн қолдануды көздейтiн, жекелеген тауар түрлерiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелудi немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуді реттеу шарасы;
39) тарифтік преференция - Қазақстан Республикасынан шығатын және Қазақстан Республикасы еркін сауда аймағы туралы келісімдер жасасқан елдерге әкетілетін тауарларға, осындай келісімдердің ережелеріне сәйкес көрсетілген елдерден шығатын және Қазақстан Республикасына әкелінетін тауарларға және Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан - дамушы елдерден немесе неғұрлым төмен дамыған елдерден шығатын тауарларға қатысты кедендік баж мөлшерін азайту;
40) тауар - сатуға немесе айырбастауға арналған, айналымнан алынбаған кез келген еңбек өнiмi;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 40-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
40-1) тауардың шығу тегі туралы сертификат - тауарды шығарған ел, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесі туралы куәландыратын құжат;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 40-2) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
40-2) тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар - уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен аттестатталған жеке тұлғалар;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 41) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
41) Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы - Тауарлардың ұлттық каталогын әзірлеуді, жүргізу мен жаңартуды қоса алғанда, тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін әзірлеуді, әкімшілендіруді, қолдап отыруды және пайдаланушылық қолдауды және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
42) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы саласындағы салалық уәкілетті мемлекеттік органдар - өздері реттейтін салаларда тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануын жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
43) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы саласындағы үйлестіруші орган - тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
44) тауарлар сыныбы - ұқсас функционалдық мақсаты бар тауарлар жиынтығы;
45) Ұлттық тауарлар каталогы - Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы әзірлеген, өнімнің бірыңғай номенклатурасын қамтитын және Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы процестерін жүзеге асыру кезінде тауарлар анықтамалығы ретінде пайдаланылуға міндетті, тауарлардың сипаттамаларын, сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының кодтарын және өзге де мәндерді қамтитын ақпараттық ресурс;
46) үшінші тарап - Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылмайтын шет мемлекет, шет мемлекеттер одағы;
47) фулфилмент орталығы - электрондық сауда саласында сатып алушы тауарға тапсырысты ресімдеген кезден бастап және осы тапсырыс сатып алушыға жеткізілген кезге дейінгі бүкіл операциялар кешенін орындайтын, оның ішінде: тауарларды қоймада сақтау, тапсырыстарды қабылдау және өңдеу, тапсырыстарды жасақтау және қаптау, сатып алушылардан төлемдер алу, тапсырыстарды жеткізу, тапсырыстардың кері қайтарылуын қабылдау сияқты функцияларды орындайтын логистикалық орталық;
48) халықаралық мамандандырылған көрме - бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
ресми болып табылатын немесе халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық үкіметаралық ұйым ресми таныған;
екі және одан көп мемлекет көрмеге қатысушы болып табылатын;
көрменің ұзақтығы кемінде алты аптаны құрайтын және алты айдан аспайтын;
өнер туындыларының көрмесі және коммерциялық сипаттағы көрме болып табылмайтын;
көрменің басталу және аяқталу күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға әзірлеген және халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу туралы халықаралық шарт ережелерінің орындалуын бақылау үшін құрылған халықаралық үкіметаралық ұйым бекітетін тіркеу дерекнамасында көрсетілген көрме;
49) халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушы - нәрселерді (экспонаттарды) халықаралық мамандандырылған көрмеге қоятын және халықаралық мамандандырылған көрмеде ұлттық секцияларда тиісті елдің атынан өкілдік ететін жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ халықаралық шарттың талаптарына сәйкес қабылданатын, халықаралық мамандандырылған көрмені өткізудің ішкі қағидаларында айқындалған халықаралық ұйым не жеке немесе заңды тұлға;
50) халықаралық мамандандырылған көрменiң аумағы - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша құрылған заңды тұлға әзірлеген және халықаралық мамандандырылған көрменi өткiзу туралы халықаралық шарт ережелерінің орындалуын бақылау үшін құрылған халықаралық үкіметаралық ұйым бекітетін тіркеу дерекнамасында көзделген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін жер учаскелерi;
51) халықаралық мамандандырылған көрменің аумағын көрмеден кейін пайдалану - халықаралық мамандандырылған көрменің обьектілерін басқару (объектілерді пайдалану);
52) халықаралық мамандандырылған көрменiң объектiлерi - халықаралық мамандандырылған көрменің аумағында орналасқан, оны өткізгеннен кейін қалған ғимараттар, сәулет объектiлерi, құрылысжайлар, инженерлiк және көлiктік инфрақұрылым мен өзге де объектілер;
53) iрi сауда объектiсi - сауда алаңы екi мың шаршы метрден кем емес сауда объектiсi;
54) ішкі сауда - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы аумағында тауарларды сатып алуды-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсіпкерлік қызметі;
55) ішкі сауда субъектici - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ішкі сауданы жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
56) электрондық коммерция - электрондық саудадағы, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді сатудағы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызмет;
57) электрондық сауда - тауарларды өткізу жөніндегі, ақпараттық-коммуникациялық техногиялар арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызмет;
58) электрондық сауда алаңы -электрондық саудаға қатысушыларды инфрақұрылыммен, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, олардың арасында жұмыстар мен қызметтер көрсетуге арналған шарттар жасасуды қамтамасыз ететін интернет-ресурс;
59) электрондық саудаға қатысушылар - сатып алушы, сатушы және (немесе) электрондық сауда алаңы ретінде қатысатын жеке және заңды тұлғалар.
2-бап. Қазақстан Республикасының сауда қызметiн реттеу туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының сауда қызметiн реттеу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2011.26.01. № 400-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.27.10. № 364-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бап өзгертілді
3-бап. Сауда қызметiн реттеудiң мақсаттары мен қағидаттары
1. Сауда қызметiн реттеудiң мақсаттары:
1) халықтың тауарларға сұранысын қанағаттандыру және сауда инфрақұрылымын дамыту;
2) сауда қызметiн көрсетудi және қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру;
3) Қазақстан Республикасында сауда қызметiн дамытуға және жетiлдiруге жәрдемдесу;
4) Қазақстан Республикасының әлемдiк сауда жүйесiне ықпалдасуы үшiн жағдайлар жасау;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 6), 7) және 8) тармақшалармен толықтырылды
6) мемлекет экономикасының орнықты дамуына жәрдемдесу;
7) азық-түлік қауiпсiздiгін қамтамасыз ету;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) ішкі және сыртқы нарықтарда қазақстандық өндірушілер үшін кемсітпейтін жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Сауда қызметiн реттеудiң негiзгi қағидаттары:
1) сауда қызметі субъектілері құқықтарының теңдiгi;