92-бап. Сарапшының қорытындысы
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сарапшының қорытындысы - бұл сот немесе тараптар сарапшының алдына қойған мәселелер бойынша сараптама объектілерін арнайы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделіп, осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған түйіндер.
Сарапшының қорытындысы «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзім ішінде жасалуға тиіс. Сараптаманы белгіленген мерзімде жүргізуге кедергі келтіретін мән-жайлар болған кезде, сарапшы бұл туралы сотқа жазбаша хабарлауға міндетті.
2. Сарапшы (сарапшылар) қажетті зерттеулер жүргізгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып, өз атынан қорытынды жасайды, оны өзінің (өздерінің) қойған қолымен және жеке мөрімен растап, сараптаманы тағайындаған сотқа жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қойған қолы көрсетілген органның мөрімен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында оның ресімделген күні, сараптаманың жүргізілген мерзімдері мен орны; сараптаманы жүргізу негіздері; сот туралы мәліметтер, сараптаманы жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); өзінің көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы жөнінде ескертілгені туралы сарапшының қойған қолымен куәландырылған белгі; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптаманы жүргізу кезінде қатысқан процеске қатысушылар туралы және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндердің негіздемесі мен тұжырымдамасы көрсетілуге тиіс.
4. Егер осы Кодекстің 93-бабында көрсетілген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердің барлығына немесе кейбіреуіне жауап берудің мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
5. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер де қоса берілуге тиіс.
6. Осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен жүргізілген жауап алу барысында сарапшының берген айғақтары оның бұрын берген қорытындысын түсіндіру, толықтыру не нақтылау бөлігіндегі ғана дәлелдемелер болып табылады.
7. Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ онымен келіспеген жағдайда, бұл туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс.
93-бап. Қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабар
Егер сарапшы зерттеу жүргізгенге дейін өзінің алдына қойылған мәселелер өзінің арнаулы білімдерінің аясынан тыс екеніне не өзіне ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және толықтырыла алмайтынына, не ғылым мен сарапшылық практиканың жай-күйі қойылған мәселелерге жауап беруге мүмкіндік бермейтініне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді хабар жазып, оны сотқа жібереді.
94-бап. Сарапшыдан жауап алу
1. Сарапшыдан жауап алу, егер сарапшының қорытындысы жеткілікті түрде айқын болмаса, толықтыру үшін қосымша зерттеулер жүргізу талап етілмейтін олқылықтары болса немесе сарапшы қолданған әдістер мен терминдерді нақтылау қажет болса, оның қорытындысы жарияланғаннан кейін ғана жүргізілуі мүмкін.
2. Сарапшыдан тірі адамдарға қатысты сот-психиатриялық, сондай-ақ сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты оған белгілі болған, оның қорытындысына қатысы жоқ мән-жайлардың себебі бойынша жауап алынбайды.
3. Өтінішхаты бойынша сараптама тағайындалған тарап сарапшыдан бірінші болып жауап алады. Егер сараптама тараптар арасындағы келісім бойынша немесе соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, сарапшыға бірінші болып талап қоюшы, содан кейін жауапкер сұрақтар қояды. Сот жауап алудың кез келген сәтінде сарапшыға сұрақ қоюға құқылы.
95-бап. Заттай дәлелдемелер
Егер заттар өзінің сыртқы түрімен, қасиеттерімен немесе өзге де белгілерімен іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау құралы бола алады деп пайымдауға негіз болса, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.
96-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау және қарап-тексеру
1. Заттай дәлелдемелер істе сақталады немесе айрықша тізімдеме бойынша соттың заттай дәлелдемелерді сақтау камерасына тапсырылады. Сот заттай дәлелдемелерді өзгеріссіз қалпында сақтауға шаралар қолданады.
2. Сотқа әкелу мүмкін емес заттар тұрған жерінде сақталады. Оларды сот істі сот талқылауына дайындау кезінде немесе істі сотта талқылау барысында қарап-тексеруге тиіс. Қарап-тексеру кезінде заттардың сыртқы түрі, қасиеттері және жай-күйі жеке процестік әрекет хаттамасында немесе сот отырысының хаттамасында тіркелуге жатады, ал қажет болған жағдайда бұл заттар фотосуретке, бейнежазбаға түсірілуі және мөрмен бекітілуі мүмкін.
3. Сот заттай дәлелдемелерді іске қатысатын адамдардың және қажет болған кезде сарапшылардың қатысуымен қарап-тексереді. Заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру хаттамасы іске қоса тіркеледі.
4. Заттай дәлелдемелерді сақтау бойынша шығыстар осы Кодекстің 109-бабына сәйкес тараптар арасында бөлінуі мүмкін.
97-бап. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру
1. Сот тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру туралы өтінішхат берілген күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей оларды қарап-тексереді және зерттейді, одан кейін оларды қарап-тексеру үшін ұсынған адамға қайтарады.
2. Мұндай заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру және зерттеу орны мен уақыты туралы іске қатысатын адамдар, егер олар заттай дәлелдемелерді тұрған жерінде қарап-тексеру кезінде келе алса, хабардар етіледі. Іске қатысатын хабардар етілген адамдардың келмеуі заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру мен зерттеуге кедергі келтірмейді.
Қарап-тексеру және зерттеу деректері хаттамаға енгізіледі.
3. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру және оның нәтижелерін тіркеу осы Кодекстің 96-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
98-бап. Заттай дәлелдемелерге билік ету
1. Осы Кодекстің 97-бабының бірінші бөлігінде көзделгеннен басқа, заттай дәлелдемелер соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін олар алынған тұлғаларға қайтарылады немесе сот бұл заттарға құқығын таныған тұлғаларға беріледі немесе сот айқындайтын тәртіппен өткізіледі.
2. Заң бойынша азаматтардың иелігінде бола алмайтын заттар тиісті ұйымдарға беріледі.
3. Сот заттай дәлелдемелерді қарап-тексеріп және зерттеп болғаннан кейін, егер өздерінен осы дәлелдемелер алынған тұлғалар қайтару туралы өтінішхат берсе және осындай өтінішхатты қанағаттандыру істің дұрыс шешілуіне кедергі келтірмесе, іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін оларға қайтарылуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сот тез бүлінетін заттай дәлелдемелерге билік ету туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
99-бап. Ақпараттың материалдық жеткізгіштеріндегі дәлелдемелер
1. Дәлелдемелер іс үшін маңызы бар және іске қатыстылығы мен оған жол берілетіндігі өлшемшарттарына сай келетін аудио-, бейнежазбаларды, оның ішінде байқау немесе тіркеу аспаптарымен алынған аудио-, бейнежазбаларды, фотоға және киноға түсіру материалдарын қамтитын ақпараттың материалдық жеткізгіштері мен электрондық және цифрлық жеткізгіштердегі басқа да материалдар ұсынылуы мүмкін.
2. Дәлелдемелерді материалдық жеткізгіштерде ұсынған немесе оларды талап етіп алдыру үшін жәрдем көрсету туралы өтінішхатты мәлімдеген адам жазбаларды қашан, кімнің, қандай жағдайда жазғанын және олар қандай мән-жайларда жүзеге асырылғанын көрсетуге міндетті.
Адамның көрсетілген мәліметтерді хабарламауы осындай дәлелдемелерді сот отырысында зерттеу мүмкіндігін жоққа шығарады.
100-бап. Жазбаша дәлелдемелер
1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын актілер, құжаттар, іскерлік немесе жеке сипаттағы хаттар жазбаша дәлелдемелер болып табылады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жазбаша дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да адамдар ұсынуы не олардың өтініші бойынша сот талап етіп алдыруы мүмкін. Сот жазбаша дәлелдемелерді өз бастамасы бойынша да талап етіп алдыруы мүмкін.
3. Сот талап еткен жазбаша дәлелдемелерді беруге немесе оны сот белгілеген мерзімде беруге мүмкіндігі жоқ тұлғалар, бұл туралы сот талабының орындалмау себептерін көрсете отырып, сотқа хабарлауға міндетті.
4. Соттың азаматтардан және заңды тұлғалардан талап ететін жазбаша дәлелдемелері тікелей сотқа жіберіледі. Сот жазбаша дәлелдемені талап ету туралы өтінішхат берген тұлғаға одан кейін сотқа ұсыну үшін оны алу құқығын беретін сұрау салуды бере алады.
5. Жазбаша дәлелдемелер, әдетте, төлнұсқада ұсынылады. Егер құжаттың көшірмесі ұсынылған болса, сот қажет болған жағдайда, сондай-ақ осы Кодекстің 68-бабының бесінші бөлігіне сәйкес төлнұсқаны ұсынуды талап етуге құқылы.
Жазбаша дәлелдеменің төлнұсқасын сотқа ұсыну қиын болған кезде сот осы құжаттың тиісті түрде куәландырылған көшірмелері мен үзінділерін ұсынуды талап етуі немесе басқа да жазбаша дәлелдемелерді олардың сақталатын жерінде қарап-тексеру мен зерттеу жүргізуі мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Электрондық құжаттар нысанындағы дәлелдемелер немесе олардың электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған көшірмелері сотқа осы бапта белгіленген қағидалар сақтала отырып ұсынылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында тек электрондық құжатты пайдалануға жол берілмейтін жағдайларды қоспағанда, электрондық құжат дәлелдеме деп танылады.
101-бап. Жазбаша дәлелдемелерді қайтару
1. Жазбаша дәлелдемелердің төлнұсқалары, сондай-ақ істе бар жеке хаттар оларды ұсынған адамдардың өтініші бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оларға қайтарылады.
2. Жазбаша дәлелдемелер шешім заңды күшіне енгенге дейін, егер сот оны мүмкін деп тапса, оларды ұсынған адамдарға қайтарылуы мүмкін.
3. Жазбаша дәлелдеменің төлнұсқасы қайтарылған кезде жазбаша дәлелдеменің судья куәландырған көшірмесі (ксерокөшірмесі) істе қалады.
4. Материалдық жеткізгіштердегі дәлелдемелер істе сақталады. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін осы дәлелдемелерді сот өтінішхаты бойынша оларды ұсынған адамға қайтаруы мүмкін. Жазбаның көшірмесі барлық жағдайларда істе қалады.
Іске қатысатын адамның өтінішхаты бойынша оған оның есебінен жасалған жазбаның көшірмесі берілуі мүмкін. Жазбаның көшірмесін алғандығы туралы қолхат алынады.
8-тарау. СОТ ШЫҒЫСТАРЫ
102-бап. Сот шығыстарының ұғымы мен құрамы
Сот шығыстары іс бойынша іс жүргізуге байланысты мемлекеттік баж бен шығындардан тұрады.
103-бап. Мемлекеттік баж
Мемлекеттік бажды төлеудің тәртібі мен мөлшері, сондай-ақ оны төлеуден босату негіздері «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
Мемлекеттік бажды бюджетке төлеу төлем құжаттарымен немесе кассалық құжаттармен, ал төлемдерді банкоматтар, электрондық терминалдар, қашықтықтан байланысу және «электрондық үкімет» төлем шлюзі арналары арқылы төлеген кезде қағаз жеткізгіштерде немесе электрондық түрде чектермен және түбіртектермен расталуға тиіс.
104-бап. Талап қою бағасы
1. Талап қою бағасы:
1) ақшаны өндіріп алу туралы талап қоюларда - өндіріп алу талап етілген сомамен;
2) абыройын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моралдық зиянды өтеуді ақшалай мәнде өндіріп алу туралы талап қоюларда - өндіріп алу талап етілген сомамен;
3) іскерлік беделді түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген залалдар сомасын өндіріп алу туралы талап қоюларда - өндіріп алу талап етілген сомамен;
4) ортақ немесе үлестік меншік болып табылатын мүлікті бөлу туралы, ортақ меншік болып табылатын мүліктегі үлесті айқындау не бөлу туралы талап қоюларда - талап қою берілген кезде мүліктің орналасқан жерінде қалыптасқан нарықтық бағалар бойынша айқындалатын талап етілетін мүліктің құнымен;
5) алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюларда - бір жыл ішіндегі төлемдердің жиынтығымен;
6) мерзімді жедел төлемдер мен оларды беру туралы талап қоюларда - барлық төлемдер мен берулердің, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімдегі жиынтығымен;
7) мерзімсіз немесе өмір бойы төлемдер мен берулер туралы талап қоюларда - төлемдер мен берулердің, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімдегі жиынтығымен;
8) төлемдерді немесе берулерді азайту немесе көбейту туралы талап қоюларда - арыз беруші азайтуға немесе көбейтуге үміт артатын, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімдегі жалпы сомамен;
9) төлемдер мен берулерді тоқтату туралы талап қоюларда - қалған төлемдердің немесе берулердің, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімдегі жиынтығымен;
10) тұрғынжайды жалдауды қоспағанда, мүліктік жалдау (жалға алу) шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қоюларда - шарттың (келісімшарттың) қолданысының қалған мерзімінде мүлікті пайдаланғаны үшін төлемдердің, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімдегі жиынтығымен;
11) жылжымайтын мүлік объектілеріне меншік құқығы туралы талап қоюларда - осындай объектілердің талап қою берілген күні орналасқан жерлеріндегі нарықтық құнымен;
12) жылжымайтын немесе жылжымалы мүлікті бөтеннің заңсыз иеленуінен талап ету туралы талап қоюларда - ізделінетін мүліктің нарықтық құнымен, бірақ азамат жасасқан сақтандыру шарты бойынша бағалануынан төмен емес және сотқа талап қою берілген күнінде заңды тұлғаға тиесілі мүліктің теңгерімдік құнынан төмен емес нарықтық құнымен;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) жылжымайтын және жылжитын мүлікті сатып алу-сату, кепіл, сыйға тарту шарттарын, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-1-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен мәмілелер бойынша барлық алынған мүлікті кейіннен қайтаруға байланысты өзге де шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюларда - мүліктің сотқа талап қою берілген күнгі нарықтық құнымен айқындалады. Кепіл туралы шартқа дау айту кезінде талап қою бағасы шартта көрсетілген мүлік құнынан аспауға тиіс;
14) бірнеше дербес талаптардан тұратын талап қоюларда - барлық талаптардың жалпы сомасымен айқындалады.
2. Талап қою бағасын талап қоюшы көрсетеді. Көрсетілген баға ізделінетін мүліктің нақты құнының бағасына анық сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын судья айқындайды.
105-бап. Мемлекеттік бажды қосымша төлеу
1. Талап қою берілген кезде оның бағасын анықтау қиын болған жағдайда судья мемлекеттік баж мөлшерін істі сот талқылауына дайындау сатысында алдын ала анықтайды, бұл туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда көрсетіледі.
2. Сот толық төленбеген мемлекеттік баж сомасын өндіріп алу туралы істі қарау және шешу кезінде талап қою бағасын анықтаған жағдайда, толық төленуге жататын мемлекеттік баж мөлшері сот шешімінде көрсетіледі.
3. Талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған кезде істі ұлғайған талаптар бөлігінде қарау талап қоюшы сот белгілеген мерзімде мемлекеттік баждың төленгені туралы дәлелдеме ұсынғаннан кейін жалғастырылады.
Мемлекеттік баждың төленгендігі туралы құжат ұсынылмаған жағдайда іс бұл туралы соттың шешімінде көрсетіле отырып, бастапқы мәлімделген талаптар шегінде қаралады және шешіледі. Талап қою талаптарын ұлғайту туралы арыз қаралмай, талап қоюшыға кері қайтарылады. Мемлекеттік бажды қосымша төлеу мәселесі бойынша соттың түйіндерімен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға енгізілуі мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Егер бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда тараптар арасында татуластыру рәсімі шеңберінде жасалған келісімдердің шарттарында талап қою талаптарының мөлшері ұлғайтылса не даудың нысанасы өзгертілсе, мемлекеттік бажды қосымша төлеу жүргізілмейді. Сот шығыстарын бөлу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
106-бап. Мемлекеттік баж төлеуден босату. Мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру
1. Талап қоюшыны сотқа берілетін талап қою бойынша мемлекеттік баж төлеуден босату «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстің 54 және 55-баптарында көрсетілген тұлғалар өздері берген талап қоюдан бас тартқан жағдайда, өзінің мүддесінде осы талап қойған талап қоюшы, егер ол талап қоюды қарауды талап етсе және мемлекеттік бажды төлеуден босатылмаса, сот белгілеген мерзімде мемлекеттік бажды жалпы тәртіппен төлеуге міндетті. Мұндай жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдырады.
Мемлекеттік баж төленбеген кезде талап арыз қараусыз қалдырылады және талап қоюшыға қайтарылады. Соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы азамат берген талап қоюлар бойынша сот мемлекеттік баж төлеуді тиісті шешім қабылданғанға дейін кейінге қалдырады, бұл жөнінде ұйғарым шығарылады. Ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін. Шешім қабылданған кезде сот мемлекеттік баж төлеуге байланысты шығыстарды шешім пайдасына шығарылмаған тарапқа артады.
107-бап. Мемлекеттік бажды қайтару
Мемлекеттік бажды қайтару тәртібі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
108-бап. Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға:
1) куәларға, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар;
2) тиісті орында қарап-тексеруді жүргізуге байланысты шығыстар;
3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығыстар;
4) жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру бойынша шығыстар;
5) іс бойынша жарияланым мен хабарландыруларға байланысты шығыстар;
6) тараптарға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға хабарлау және оларды сотқа шақыру бойынша шығыстар;
7) тараптар мен үшінші тұлғалардың жол жүру және тұрғын үй-жайларды жалдау бойынша, олардың сотқа келуіне байланысты жұмсаған шығыстары;
8) өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстар;
9) сот өтелуге жатады деп таныған, оның ішінде тараптардың кейіннен сотқа жүгінген кезде дауды міндетті түрде сотқа дейін реттеу рәсімдерінде жұмсаған басқа да шығыстары жатады.
109-бап. Сот шығыстарын тараптардың арасында бөлу
1. Сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Егер т лап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығыстар талап қоюшыға - талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер іске қатысатын адамның заңда немесе шартта көзделген дауды реттеудің наразылық немесе сотқа дейінге өзге де тәртібін бұзуы, оның ішінде наразылыққа жауап беру мерзімін бұзуы, наразылықты жауапсыз қалдыруы, сондай-ақ заңда белгіленген дауды реттеудің соттан тыс тәртібін бұзуы салдарынан дау туындаса, сот істі қараудың нәтижелеріне қарамастан, сот шығыстарын осы тұлғаға жүктейді.
Сот, процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелер сот белгілеген мерзімді және дәлелдемелерді дәлелді себептерсіз ұсынудың осы Кодексте белгіленген тәртібін бұза отырып ұсынылған жағдайда, егер бұл сот процесінің созылуына, істі қарауға және заңды әрі негізді сот актісін қабылдауға кедергі келтіруге әкеп соқса, іс бойынша барлық сот шығыстарын жүктеуге құқылы.
3. Егер апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар істі жаңадан қарауға бермей, жасалған шешімді өзгертсе немесе жаңа шешім шығарса, олар тарап тиісті сот сатыларында жұмсаған шығыстары туралы дәлелдемелерді ұсынған кезінде тиісінше сот шығыстарын бөлуді де өзгертеді.
4. Бірінші сатыдағы сот тараптың арызы бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда істі қарау барысында жұмсаған сот шығыстарын, егер өтінішхат сот сатыларында істі қарау кезінде талқыланса, бірақ сот шығындары ұсынылған құжаттардың анықтығын тексеру қажеттігіне байланысты өндіріп алынбаған және бұл туралы тиісті сот сатысындағы соттың қаулысында көрсетілсе, өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады.
5. Сот шығындарын өндіріп алу туралы арыз тараптарды хабарландыра отырып, соттың сот отырысында қарауына жатады. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған тараптардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды. Арыз соңғы сот актісінің қабылдануымен істі мәні бойынша қарау аяқталған соңғы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде берілуі мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Сот актісінің көшірмесін сот ол заңды күшіне енген кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей (азаматтың) тіркелу орны немесе көрсетілген қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығыстарына сот өтем жасаған (заңды тұлғаның) сот өкілінің орналасқан жері бойынша салық органына жібереді.
110-бап. Сарапшыларға, мамандарға, куәларға, аудармашыларға төленуге тиісті сомалар
1. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сотқа келуге байланысты жұмсалған жол жүру, үй-жай жалдау бойынша шығыстары өтеледі және іссапарға жіберілген адамдар үшін белгіленген мөлшерде тәулікақы төленеді. Сарапшы мен маманға тапсырылған жұмысты орындау кезінде олар жұмсаған, оларға тиесілі химиялық реактивтердің және басқа да шығыс материалдарының құны, сондай-ақ олардың жұмысты орындау үшін құрал-жабдықтарды, коммуналдық қызметтерді пайдаланғаны үшін төлеген ақысы да өтеледі.
2. Сотқа куә ретінде шақырылатын, жұмыс істейтін адамдарға сотқа келуге байланысты олардың болмаған уақыты үшін жұмыс істейтін орны бойынша орташа жалақысы сақталады. Еңбек қатынастарында тұрмаған куәлар өздерін әдеттегі айналысып жүрген істерінен алаңдатқаны үшін іс жүзіндегі уақыт шығындары ескеріле отырып және заңда белгіленген ең төменгі айлық жалақы мөлшері негізге алына отырып өтемақы алады.
3. Біржолғы тәртіппен тартылған сарапшылардың, сондай-ақ мамандардың қызметтік міндеттерінің аясына кірмейтін, соттың тапсырмасы бойынша орындаған жұмысы ақы төленуге жатады. Сот ақы мөлшерін тараптармен келісім бойынша айқындайды және өтінішхатты мәлімдеген тарап Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен ашылған шотқа алдын ала енгізеді.
4. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға сомаларды, сондай-ақ сот сараптамасы органдары жүргізген сараптамаға төлемді өтінішхатты мәлімдеген тарап төлейді. Егер өтінішхатты екі тарап та берсе не куәны шақырту, сараптаманы тағайындау, маманды тарту соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, талап етілетін соманы тараптар тең бөліктермен төлейді.
5. Өтінішхатты мәлімдеген тарап (тараптар) не өзіне сот осындай міндетті жүктеген тарап сот сараптамасы органының сараптама жүргізгені үшін төленуге тиісті сомаларды алдын ала төлеу нысанында тиісті бюджетке енгізеді. Сот белгілеген мерзімдерде сома енгізілмеген жағдайда, сараптама жүргізуге байланысты шығындар істің осы Кодекстің 109-бабының екінші бөлігіне сәйкес қаралу нәтижелеріне қарамастан, соттың шешімі бойынша төлемді жүзеге асырмаған (уақтылы жүзеге асырмаған) тұлғаға жүктеледі.
6. Бір тарап немесе екі тарап та шығындарды төлеуден босатылған жағдайда сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу соттың шешімінің негізінде істі қарау нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
111-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сомаларды төлеу
1. Сот куәларға, сарапшыларға және мамандарға тиесілі сомаларды олар өз міндеттерін орындағаннан кейін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ашылған шоттан төлейді.
2. Аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.
112-бап. Тегін заң көмегін көрсету