2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы заңды күшiне енген сот актiлерiне өз бастамасы бойынша да, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаты бойынша да ұсыну енгізуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры заңды күшiне енген сот актiлерiне өзінің бастамасы бойынша да, осы Кодекстің 54-бабының екінші бөлігінде көзделген істер бойынша өзіне берілген, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаттары бойынша да наразылық келтіруге құқылы.
Өтінішхат ұсынуға немесе наразылыққа қоса беріледі.
3. Өтiнiшхат берген тұлға, оның ішінде іс бойынша тарап ретінде өтінішхат берген прокурор одан бас тартуға немесе өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы, наразылық келтірген прокурор оны өтінішхат, наразылық қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа арыз беру арқылы кері қайтарып алуға құқылы.
Өтінішхаттан бас тарту кассациялық сатыдағы сотта, оның ішінде алдын ала қарау сатысында да іс жүргізудің тоқтатылуына алып келеді. Өтінішхатты қайтадан беруге жол берілмейді, ал берілген жағдайда өтінішхат қайтарылады.
Кері қайтарылған жағдайда өтінішхат, наразылық осы Кодекстің 436-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде қайтадан берілуі мүмкін.
4. Егер сот актілеріне өтінішхатты басқа тұлғалар берсе және ол бойынша кассациялық саты сотының сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге беру туралы шешім қабылданса, іс осы тарауда белгіленген тәртіппен мәні бойынша, оның ішінде осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде қаралуға жатады.
5. Осы Кодекстiң 443 және 444-баптарында көзделген қағидалар Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымына және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.
436-бап. Заңды күшiне енген сот актiлерiне дау айту, наразылық келтіру мерзiмдерi
1. Апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде оларға өтiнiшхат, наразылық берілуі мүмкін.
2. Сот актілеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасау мерзімі өтіп кеткен жағдайда, өтінішхат шағым жасау мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішті бірінші сатыдағы сот қарағаннан кейін, ал бас тартылған жағдайда - апелляциялық сатыдағы сот жеке шағымды, наразылықты, апелляциялық шағымды қарағаннан кейін кассациялық сатыдағы сотқа берілуі мүмкін.
3. Осы баптың бірінші бөлігінің қағидалары осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот актілерін қайта қарау жағдайларына қолданылмайды.
4. Егер кассациялық наразылық келтiру туралы өтiнiшхат прокурорға белгiленген мерзiм сақтала отырып берiлсе, бiрақ ол бойынша шешiм қабылданбаса, кассациялық сатыдағы сот наразылық келтіру мерзiмiн ұзартады. Наразылықта бұл туралы көрсетiлуге тиiс.
437-бап. Iстердi кассациялық тәртiппен қарайтын соттар
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы Кодекстің 435-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өтінішхаттары бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 435-бабының екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың ұсынуы және наразылығы бойынша істерді кемінде үш судьядан тұратын алқалы құрамда қарайды.
2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша кассациялық сатыдағы соттың қаулыларына енгізілген осы Кодекстің 435-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың ұсынуы және наразылығы бойынша істерді кемінде жеті судьядан тұратын алқалы құрамда қарайды.
438-бап. Iстердi талап етіп алдырудың және заңды күшiне енген сот актiлерiн қайта қараудың себептерi мен негiздерi
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестiрiлген прокурорлар азаматтық iстi кассациялық тәртiппен тексеру үшiн тиiстi соттан талап етiп алдыруы мүмкiн.
2. Осы Кодекстiң 435-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдардың өтiнiшхаттары, сол сияқты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының олардың құзыретi шегiндегi бастамасы iстердi талап етіп алдыруға себеп болып табылады.
3. Iс талап етіп алдырылған жағдайда сот актілерін қайта қарау туралы өтiнiшхат іс келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде кассациялық сатыдағы сотта қаралуға жатады.
4. Сот iстi талап етіп алдыру туралы сұрау салуды ол сотқа келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешiктiрмей орындайды.
Прокурор істі талап етіп алдырған жағдайда, кассациялық наразылық келтiру туралы өтiнiшхатты прокурор iс прокуратураға келiп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде қарауға тиiс.
5. Заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
6. Мыналар:
1) қабылданған қаулының орындалуы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін болатын жағдайларда;
2) қабылданған қаулы адамдардың әлдеқандай тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайларда;
3) қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайларда, осы Кодекстің 434-бабының үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
439-бап. Наразылық келтіру
1. Себеп пен негiздер болған кезде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылық келтіреді және оны iспен және өтiнiшхатпен бiрге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы наразылықтың көшiрмелерiн iске қатысатын адамдарға жібереді.
440-бап. Наразылықтың мазмұны
Наразылықта:
1) наразылық келтірілетін соттың атауы;
2) наразылық келтірілетін сот актiлерiне нұсқау;
3) сот актiлерi шығарылған iстiң мәнi жазылуға;
4) заңсыз сот актiсiн шығаруға әкелген материалдық не процестік құқық нормаларының елеулi бұзылуы нені білдіретініне нұсқау;
5) наразылық келтірген лауазымды адамның ұсынысы немесе түйіндері болуға тиіс;
6) осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша наразылық келтірілген жағдайларда, наразылықта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екені көрсетілуге тиiс;
7) наразылыққа осы Кодекстің 439-бабының екінші бөлігі талаптарының орындалғанын растайтын құжат қоса беріледі.
441-бап. Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттың мазмұны
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілетін сот актiсiн кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілетін кассациялық наразылық келтіру туралы өтiнiшхатта:
1) өтiнiшхат жіберіліп отырған соттың немесе лауазымды адамның атауы;
2) өтiнiшхат беретін адамның және мүддесі үшін өтінішхат беріліп отырған адамның аты-жөні, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi және iстегi процестік жағдай;
3) iске қатысатын адамдардың тұрғылықты жерлері немесе орналасқан жерлерi көрсетіліп, оларды санамалау;
4) iстi бiрiншi, апелляциялық сатыларда қараған соттарға нұсқау және олар қабылдаған шешiмдердiң мазмұны;
5) қайта қарауға, наразылық келтіруге жататын сот актісіне нұсқау;
6) материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы неде екендігіне және өтінішхатты берген адамның өтініші неден тұратындығына нұсқау;
7) өтінішхат осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша берілген жағдайда, өтінішхатта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екені көрсетілуге тиiс.
2. Егер өтiнiшхат iске қатыспаған адамның мүддесі үшін берілсе, онда дау айтылып отырған сот актісінде сол адамның қандай құқықтарының бұзылғаны көрсетiлуге тиiс.
3. Егер өтiнiшхат бұрын кассациялық сатыдағы сотқа берiлсе және қайтарылса, өтінішхатта оны қайтару себептері туралы көрсетiлуге тиiс.
4. Өтiнiшхатты берген адам оған қол қоюға тиiс. Өтінішхатты электрондық құжат нысанында берген кезде, ол оны берген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін өтінішхатқа осы бапта көрсетілген құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі.
5. Сот актісіне дау айту туралы өтінішхатқа «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.
442-бап. Өтiнiшхатты немесе прокурордың наразылығын қайтару
1. Өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы мынадай негiздер бойынша:
1) өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы осы Кодекстiң 440, 441-баптарының талаптарына сәйкес келмесе;
2) өтiнiшхатты немесе прокурордың наразылығын осы Кодекстiң 435-бабына сәйкес заңды күшiне енген осы сот актiсiне дау айтуға, наразылық келтіруге құқығы жоқ адамдар берсе;
3) өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы осы Кодекстiң 436-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн берiлсе және оны қалпына келтiру үшін дәлелдi себептер болмаса;
4) өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы қаралғанға дейін олар кері қайтарылып алынса;
5) өтінішхаттан бас тартуға байланысты кассациялық сатыдағы сотта іс бойынша кассациялық іс жүргізу тоқтатылған жағдайда;
6) өтiнiшхат немесе прокурордың наразылығы кассациялық сатыдағы сотқа осы Кодексте белгіленген шағым жасау тәртібі бұзыла отырып берiлсе;
7) процестің осы қатысушысының өтінішхаты бойынша кассациялық сатыдағы соттың сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге беруден бас тарту туралы қаулы болса;
8) сот актісіне дау айту туралы өтінішхатқа мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілмесе, оларды берген адамдарға қайтарылуға жатады.
2. Өтінішхатты немесе наразылықты осы баптың бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қайтару туралы тиісінше кассациялық сатыдағы сот не алдын ала қарау кезінде қатысатын судья қаулы шығарады. Қалған жағдайларда өтінішхаттар үш жұмыс күні ішінде хатпен қайтарылады.
3. Өтiнiшхатты немесе прокурордың наразылығын қайтаруға негiз болған кемшiлiктер жойылған жағдайда, олар осы Кодекстің 435-бабының үшінші бөлігінде көзделген өтінішхаттан бас тарту жағдайларынан басқа, жалпы негiздер бойынша қайтадан берілуі мүмкін.
4. Прокурор кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхатты өтініш беруші сот актісін тікелей кассациялық сатыдағы сотта кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат беруі үшін, егер ол осы құқықты іске асырмаса, осы Кодекстің 112-бабының бірінші бөлігінде санамаланған адамдар осы Кодекстің 441-бабының талаптарын сақтай отырып өтінішхат берген жағдайлардан басқа, оған қайтаруға құқылы.
443-бап. Өтiнiшхатты алдын ала қарау
1. Сот актiсiн кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтiнiшхатты кассациялық саты судьясы зерделейді, ол он күн мерзімде мынадай:
1) осы Кодекстің 442-бабының бірінші бөлігінде көзделген, өтінішхатты қайтаруға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы;
2) сот ісін талап етіп алдыруға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы мәселелерді шешеді.
Өтiнiшхат келiп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде, ал iс талап етіп алдырылған жағдайда - iс келiп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде қаралады.
444-бап. Өтiнiшхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша қабылданатын шешімдер
1. Судья өтiнiшхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша:
1) сот актілерін қайта қарау үшін негіздер болған кезде, кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге беру туралы;
2) сот актілерін қайта қарау үшін негіздер болмаған кезде кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беруден бас тарту туралы;
3) осы Кодекстің 442-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша өтiнiшхатты қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Қаулыда:
1) шығарылған күнi мен орны;
2) өтiнiшхатты қараған судьяның тегі мен аты-жөні;
3) қайта қарау туралы өтінішхат берілген сот актiсi көрсетіле отырып, қаулы шығарылған iс;
4) өтiнiшхатты берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) немесе атауы;
5) өтiнiшхатта келтiрiлген дәлелдер;
6) қабылданған процестік шешімнің уәждері;
7) өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша түйіндер көрсетілуге тиіс.
3. Сот актілерін қайта қарау үшін негіздер болған кезде қаулы, өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар іспен бірге алдын ала қаралған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей кассациялық сатыдағы сотқа беріледі.
4. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішхатты берген адамға жіберіледі. Өтінішхат қайтарылған жағдайда, оған қоса берілген құжаттар қайтарылуға жатады.
445-бап. Кассациялық сатыдағы соттың сот отырысын тағайындау
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кассациялық сатыдағы сот істі судьяның қаулысымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығымен бірге алғаннан кейін тараптарға көрсетілген құжаттардың көшірмелерін не олардың электрондық көшірмелерімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсы арқылы танысу мүмкіндігі туралы хабарламаны, сондай-ақ сот отырысының өткізілетін күнін, уақытын, орнын көрсете отырып, татуласу рәсімдеріне, кассациялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысу үшін хабарламаны үш жұмыс күні ішінде жібереді.
Сот осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес татуласу рәсімін өткізеді.
2. Іс кассациялық сатыдағы сотқа берілген не ұсыну, наразылық келiп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде қаралуға тиiс.
3. Кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
446-бап. Сот актiсiн қайта қарау туралы өтiнiшхатқа, ұсынымға немесе наразылыққа пікір
1. Іске қатысатын адам немесе оның өкілі қайта қарауға қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды қоса бере отырып, сот актісін қайта қарау туралы өтiнiшхатқа, ұсынымға немесе наразылыққа пiкiрдi iске қатысатын басқа да адамдарға және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жiбереді.
Іске қатысатын басқа да адамдарға пiкiрдiң көшiрмелерi жiберiлгенiн растайтын құжат та пiкiрге қоса беріледi.
2. Пiкiр кассациялық сатыдағы сот өтiнiшхатты немесе наразылықты қарауды бастағанға дейiн онымен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн, сот белгiлеген мерзiмде жiберiледi.
3. Пiкiрге iске қатысатын адам немесе оның өкiлi қол қояды. Пiкiрге өкілдің өкiлеттiктерiн растайтын сенiмхат қоса беріледі.
447-бап. Татуласу келісімі, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім және дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өтінішхат берілгеннен, ұсыну немесе наразылық енгізілгеннен кейін жасалған тараптардың татуласу келісімі, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім кассациялық сатыдағы сотқа жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.
Сотқа қатысып отырған екі тарапта татуласу туралы өтініш берген жағдайда, татуласу рәсімін алқалы құрам судьяларының бірі өтінішхат берілген күні өткізеді.
Тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді сот осы Кодекстің 179 және 181-баптарының қағидаларына сәйкес қабылдайды.
Сот отырысында сот тараптардың татуласу келісімін, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіткенге дейін тараптарға олардың процестік әрекеттерінің салдарларын түсіндіреді.
2. Тараптардың татуласу келісімін, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту кезінде кассациялық сатыдағы сот сот актілерінің күшін жояды және іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 448-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
448-бап. Сот актiсiнiң орындалуын тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бір уақытта iстi талап етіп алдырып, кассациялық тәртiппен тексеру үшiн сот актiсiнiң орындалуын үш айдан аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
Сот актісінің орындалуын тоқтата тұру қажеттілігі өткен соң тоқтата тұру туралы қаулының күші жойылады.
Сот актісінің орындалуын тоқтата тұру туралы немесе тоқтата тұрудың күшін жою туралы қаулы әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына және тараптарға жіберіледі (тапсырылады).
449-бап. Істi кассациялық тәртіппен қарау нысанасы және шектерi
1. Iстi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша өтiнiшхаттың, ұсынудың, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
2. Кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
450-бап. Істi кассациялық сатыдағы соттың қарау тәртібі
1. Төрағалық етушi сот отырысын ашады және қарауға жататын істі, бұл үшін негіз болған процестік құжатты, соттың құрамын және іске қатысатын, сот отырысы залында отырған адамдарды жариялайды, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
2. Істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген өтінішхат берген адамның, прокурордың болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
3. Мәлімделген өтінішхаттар шешілгеннен кейін сот өтінішхат, наразылық берген адамды тыңдайды.
4. Кассациялық сатыдағы сот прокурорға кассациялық сатыда қаралуға жататын барлық істер туралы уақтылы хабарлайды.
5. Өтiнiшхат берген адам, прокурор өздерінің пiкiрi бойынша дау айтылатын сот актісі заңсыз болып табылатын уәждер мен дәлелдерді жазып бередi. Төрағалық етушi содан кейiн сот белгiлейтін тәртiппен iске қатысатын басқа да тұлғаларға сөз бередi. Олар сөз сөйлегеннен кейiн прокурор, егер ол сот отырысына қатысып отырған болса, iс бойынша қорытынды бередi.
451-бап. Кассациялық сатыдағы соттың өкілеттіктері
1. Өтінішхатты, ұсынуды, наразылықты қарау нәтижелері бойынша кассациялық сатыдағы сот қаулы шығарады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымын, қаулысын - күшінде, ал өтiнiшхатты немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады;
2) апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымының, қаулысының күшiн жояды және бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын, шешімін күшінде қалдырады;
3) осы Кодекстің 427-бабы төртінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген бұзушылықтар анықталған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың басқа құрамымен жаңадан қарауға жібереді;
4) осы Кодекстің 427-бабы төртінші бөлігінің 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жояды және істі бірінші немесе апелляциялық сатыдағы тиісті сотқа судьялардың басқа құрамында жаңадан қарауға жібереді;
5) бірінші сатыдағы сот ұйғарымының, шешімінің, апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымы мен қаулысының күшін толық не бір бөлігінде жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді не, егер іс апелляциялық сатыдағы сотта немесе мәні бойынша қаралмаған болса, бірінші сатыдағы сотқа жібереді;
6) бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімінің, қаулысының және ұйғарымының күшін толық не бір бөлігінде жояды және татуласу келісімінің, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің бекітілуіне байланысты осы Кодекстің 277-бабында белгіленген негіздер бойынша iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады не осы Кодекстің 279-бабының 2), 3), 4), 5), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша арызды қараусыз қалдырады;
7) бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың шағым жасаудың процестік мерзімдерін қалпына келтіру мәселелері жөніндегі ұйғарымдарының күшін жояды және апелляциялық шағымды қарау үшін істі апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді;
8) бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімін, ұйғарымын, қаулысын өзгертеді немесе бiрiншi сатыдағы сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының немесе апелляциялық сатыдағы сот қаулысының, ұйғарымының күшін толық не бір бөлігінде жоя отырып, егер істің мән-жайын бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот толық және дұрыс анықтаған, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін шығарады;
9) кассациялық қаулы осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша қайта қаралған жағдайда, осы баптың екінші бөлігінің 1) - 8) тармақшаларында көзделген процестік шешімдердің бірін қабылдай отырып, оны өзгеріссіз қалдырады, оның күшін жояды не өзгертеді.
3. Сот актілерінің күші жойылған және іс жаңадан қарауға жіберілген кезде кассациялық сатыдағы сот белгілі бір дәлелдеменің анықтығы немесе анық еместігі туралы, бір дәлелдеменің басқалардың алдындағы басымдығы туралы, материалдық құқықтың қандай нормасы қолданылуға тиіс екендігі туралы, сондай-ақ істі жаңадан қарау кезінде қандай шешім шығарылуға тиіс екені туралы мәселелерді алдын ала шешуге құқылы емес.
4. Кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мән-жайларды белгілеуге немесе дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.
5. Егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қаулының қарар бөлігі сот отырысы залында жария етіледі.
7. Қаулы түпкілікті нысанда бес жұмыс күні ішінде дайындалуға тиіс.
452-бап. Кассациялық сатыдағы сот қаулысының мазмұны
1. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысына iс бойынша шешiм қабылдаған барлық судьялар қол қояды.
2. Кассациялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 235 және 237-баптарында көзделген жағдайларда және тәртiппен қате жазылған жазбалар мен анық арифметикалық қателердi түзету туралы мәселені қарауға, кассациялық сатыдағы сот бұрын шығарған қаулыны түсiндiруге құқылы, бұл туралы ұйғарым шығарылады, ал осы Кодекстің 236-бабында көзделген жағдайда және тәртіппен қосымша қаулы шығарылады.
453-бап. Кассациялық сатыдағы сот қаулысының заңды күшiне енуi
Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
454-бап. Сот шешiмiнiң, ұйғарымының, қаулысының күшi жойылғаннан кейiн iстi қарау
1. Кассациялық тәртiппен сот актiлерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жалпы тәртiппен қаралуға жатады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Бұрын жасалған сот актiлерiнің апелляциялық немесе кассациялық тәртiппен күшi жойылғаннан кейiн шығарылған жаңа сот актiлерiне өтiнiшхат, ұсыну, наразылық, прокурордың өтінішхаты олардың күшiн жою уәждеріне қарамастан, жалпы негiздерде берiлуi, келтiрiлуi мүмкiн.
55-тарау. СОТ АКТІЛЕРІН ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН НЕМЕСЕ ЖАҢА МӘН-ЖАЙЛАР