8. Спорттық іс-шараларды, оның ішінде оқу-жаттығу жиындарын өткізу тәртібін, спорттық іс-шаралар түрлерінің тізбесі мен олардың сыныптамасын дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
9. Міндетті медициналық тексеруден өткен спортшылардың оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шараларға қатысуға құқығы бар.
10. Спорт федерациялары, бас жаттықтырушылар спорттық іс-шараларды ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану тәртібін сақтауын, сондай-ақ, спортшылардың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы мен мәтінін білуін қамтамасыз етуге міндетті.
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 11-тармақпен толықтырылды; 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 11-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11. Спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар іс-шара өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей, жергілікті атқарушы органдарға - көрермендердің болжалды саны туралы, күнтізбелік бір күн бұрын - сатылған билеттердің, берілген рұқсаттамалардың, оның ішінде көлік құралдарына рұқсаттамалардың, сондай-ақ ішкі істер және денсаулық сақтау органдарының арнаулы техникасына, мүгедектігі бар адамдардың көлік құралдарына арналған тұрақ орындарының саны туралы хабар беруге міндетті.
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 12-тармақпен толықтырылды
12. Спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық ішкі істер органдары мен мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 13-тармақпен толықтырылды
13. Спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құрады, олар осы іс-шараларды дайындауға және өткізуге қатыстырылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді.
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды
14. Спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар:
1) жеке тұлғалардың қауіпсіздігі, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған орындардың, оның ішінде олардағы мүліктің сақталуы үшін жағдайлар жасауға, сондай-ақ ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жәрдемдесуге;
2) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындармен шекаралас аумақтың абаттандырылуы бұзылған жағдайда, оны қалпына келтіруді қамтамасыз етуге;
3) спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда көрермендердің жүріс-тұрыс қағидаларын орналастыруға міндетті.
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 15-тармақпен толықтырылды
15. Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде жеке және заңды тұлғаларға келтiрілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеледі.
39-бап. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын, спорттық жарыстарды және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын сақтау, жеке адамдардың денсаулығын қорғау
1. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын өткізу кезінде дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандар дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін қауіпсіздік қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары ұйымдарының әкiмшiлiгi сабақтар мен спорттық жарыстар өткiзiлетiн орындарды қауiпсiздiк техникасы қағидаларына, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес спорттық мүкәммалмен және жабдықпен қамтамасыз етедi және жеке адамдардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Бұқаралық спортпен айналысуға арналған спорттық жабдықты пайдалану және монтаждау ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сабақтар мен спорттық жарыстарды өткізуге арналған спорт құрылысжайлары техникалық, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге, спорт құрылысжайларын пайдалану мен өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес келуге және мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуға тиіс.
4. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандар дене шынықтырумен және спортпен айналысатын жеке адамдардың денсаулығына келтiрілген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
5. Спортпен ұйымдасқан түрде шұғылдану кезінде спортшының, жаттықтырушының немесе төрешінің денсаулығына зиян келтірілгені үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасы және спортшының, жаттықтырушының немесе төрешінің спорт ұйымымен жасасқан шарт талаптары негізінде белгіленеді.
2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жеке тұлғалар мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күрделендіретін спорт құрылыстарын, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған орындарды пайдалану және өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын, оның ішінде мiнберлердің тіреуіш конструкцияларының ескіруі, мінбер астындағы үй-жайларда жанатын қауіпті заттар мен материалдардың орналастырылуы, авариялық жарық берудің және эвакуациялау жолдарының болмауы, өртке қарсы қорғану құралдарының болмауы немесе олардың ақаулы болуы бөлігінде бұзушылықтар, сондай-ақ өрттің туындауына әкеп соғуы мүмкін электр жабдығын монтаждау және пайдалану қағидаларын, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздік жағдайларын бұзушылықтар анықталған жағдайда, ішкі істер органдары не халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган енгізетін ұсыну бойынша жергілікті атқарушы органдар қауіпсіздік жағдайларының анықталған бұзушылықтары жойылғанға дейін осындай іс-шараларды өткізуге тыйым салады.
7. 2016.22.01. № 446-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫН КАДРЛЫҚ, ҒЫЛЫМИ, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ДОПИНГ-БАҚЫЛАУ
40-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласында мамандар даярлау
1. Дене шынықтыру мен спорт саласында мамандарды даярлау Қазақстан Республикасының білім беру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мемлекет білім беру ұйымдарында оқу мақсатына арналған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары кешенін, жабдықтардың үлгілік жиынтығын, дене шынықтыру мен спорт саласындағы түрлі бейіндегі мамандарды даярлауға арналған мамандандырылған спорт ғимараттарын және мүкәммалын қамтитын материалдық-техникалық базаны нығайтуға жәрдемдеседі.
3. Спорт бойынша мамандандырылған оқу орындарында және дене тәрбиесі факультеттерінде адамдарды оқыту бюджет қаражаты, ұйымдардың қаражаты, ерікті жарналар, қайырымдылық қорлары және жекелеген адамдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Дене шынықтыру және спорт бойынша жаттықтырушылық, жаттықтырушы-оқытушылық қызметке техникалық және кәсіптік дене шынықтыру немесе жоғары дене шынықтыру білімі бар адамдар жіберіледі.
«Қазақстан Республикасының спорт шебері» немесе «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» не «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» спорттық атақтары, техникалық және кәсіптік немесе жоғары білімі бар, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган жанындағы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру курстарынан өткен адамдар да дене шынықтыру және спорт бойынша жаттықтырушылық, жаттықтырушы-оқытушылық қызметке жіберіледі.
5. Спорттық жарыстар мен спорттық-бұқаралық іс-шараларға төрешілік етуге дене шынықтыру-спорт ұйымдарында арнайы даярлықтан өткен және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен спорт төрешілері ретінде аттестатталған адамдар жіберіледі.
2020.30.12. № 395-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Спорттық медицина және бейімдік дене шынықтыру мен спорт мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады.
41-бап. Жаттықтырушыларды, спорт төрешілерін аттестаттау
1. Спорт түрлері бойынша жаттықтырушыларды аттестаттау жаттықтырушылардың спортшыларды даярлау бойынша жұмысты жүргізу құқығын растау мақсатында, қауіпсіздік техникасы қағидалары бойынша білімін қоса алғанда, жаттықтырушылардың тиісті спорт түрі саласындағы тиісті біліктілігі мен білімін тану және растау рәсімі болып табылады.
2. Спорт төрешілерін аттестаттау спорттық іс-шараларда төрешілік жұмысты жүргізу құқығын растау мақсатында спорт төрешілерінің тиісті спорт түрі саласындағы тиісті біліктілігі мен білімін тану және растау рәсімі болып табылады.
3. 2020.30.12. № 395-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. 2017.11.05. № 65-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Жаттықтырушылар мен спорт төрешілерін аттестаттау нәтижелері бойынша оларға төрт жыл мерзімге аттестаттау туралы куәлік беріледі.
42-бап. Дене шынықтыру мен спортты дамытуды ғылыми-әдістемелік және ғылыми-техникалық қамтамасыз ету
1. Дене шынықтыру мен спорт саласында іргелі, іздестіру, тәжірибелік-конструкторлық, технологиялық, қолданбалы және басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді белгіленген тәртіппен құрылған және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар, дене шынықтыру мен спорт саласындағы білім беру мекемелері жүзеге асырады.
2. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) немесе ведомстволық бағынысты ұйымдар жанындағы кешенді ғылыми топтардың, уақытша ғылыми ұжымдардың қызметін үйлестіреді.
3. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік ғылыми-әдістемелік бірлестіктердің, кешенді ғылыми топтардың қызметін үйлестіреді.
43-бап. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы медициналық қамтамасыз ету
1. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету:
1) олардың денсаулық жағдайын жүйелі түрде бақылауды;
2) физикалық жүктемелерінің өздерінің денсаулық жағдайына барабарлығын бағалауды;
3) аурулардың, жарақаттардың профилактикасын және оларды емдеуді, медициналық оңалтуды, нормативтерге сәйкес дәрумен беруді және дәрілік заттармен қамтамасыз етуді;
4) дене шынықтырумен және спортпен айналысу кезінде пайдаланылатын құралдармен және әдістермен денсаулығын қалпына келтіруді қамтиды.
2. Спортшыларды медициналық қамтамасыз ету, спорттық іс-шаралар өткізу кезінде медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, спорттық медицина ұйымдарын құру тәртібі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
44-бап. Спортта допингті, спортта допингтік субстанцияларды және (немесе) әдістерді пайдалануға қарсы іс-қимыл
1. Спортта допингті болдырмау және онымен күрес Қазақстан Республикасының және халықаралық допингке қарсы ұйымдардың допингке қарсы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Бір немесе бірнеше мынадай бұзушылықтар:
1) спортшының (спорттық жарысқа қатысатын жануардың) организмінен алынған сынамада тыйым салынған субстанцияның немесе оның метаболиттерінің немесе маркерлерінің болуы;
2) допингті пайдалану немесе пайдалануға әрекеттену;
3) допингке қарсы қағидаларға сәйкес хабарламаны алғаннан кейін дәлелді себептерсіз сынаманы алуға келуден бас тарту немесе сынаманы алуға келмеу немесе сынаманы алудан өзгеше түрде жалтару;
4) өзінің тұрған жері туралы талап етілетін ақпаратты бермеуді және ақылға қонымды қағидалар негізінде тағайындалатын тестілеуге келмеуді қоса алғанда, спортшының жарыстан тыс тестілеу үшін қолжетімді болуына қатысты талаптарды бұзу;
5) допинг-бақылаудың кез келген кезеңінде бұрмалау немесе бұрмалауға әрекеттену;
6) допингке ие болу;
7) допингті тарату;
8) кез келген спортшыға (спорттық жарысқа қатысатын жануарға) тыйым салынған субстанцияны енгізу немесе енгізуге әрекеттену немесе оған қатысты тыйым салынған әдісті қолдану немесе қолдануға әрекеттену немесе допингке қарсы қағидаларды бұзуға немесе кез келген бұзуға әрекеттенуге байланысты көмектесу, көтермелеу, жәрдемдесу, арандату, жасыру немесе кез келген өзге нысанда бірге қатысу допингке қарсы қағидаларды бұзушылық болып табылады.
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Осы баптың 2-тармағының 1), 2), 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген әрекеттерді жүзеге асыру Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің тыйым салынған субстанциялар мен әдістерді терапиялық пайдалану жөніндегі халықаралық стандартына сәйкес берілген допингті терапиялық пайдалануға рұқсат болған не осы баптың 2-тармағының 1), 2), 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген әрекеттерді жасағаннан кейін осындай рұқсатты беруге мүмкіндік беретін, көрсетілген халықаралық стандартта көзделген мән-жайлар болған кезде допингке қарсы қағидаларды бұзушылық болып табылмайды.
3. Спортшылардың, сондай-ақ жаттықтырушылардың, спорттық медицина бойынша мамандардың, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзуына, спорттық жарысқа қатысатын жануарларға қатысты допинг пайдалануға жол берілмейді. Спортшының, сондай-ақ спорттық жарысқа қатысатын жануарға қатысты допингті пайдалану фактісі Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік аккредиттеген зертханаларда жүргізілген зерттеулердің нәтижелерімен расталады.
4. Допинг-бақылау тестілер өткізуді жоспарлауды, сынамалар алуды, оларды сақтауды, тасымалдауды, сынамаларды зертханалық талдауды, тестілеуден кейінгі рәсімдерді, сондай-ақ тиісті тыңдаулар өткізу мен апелляцияларды қарауды қамтитын процесті білдіреді.
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Допинг-бақылау (тестілеу) рәсімі жарыс кезеңінде және жарыстан тыс кезеңде жүзеге асырылады. Жарыс кезеңі деп, егер тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясы қағидаларында немесе өзге де халықаралық допингке қарсы ұйымда не Ұлттық допингке қарсы ұйымда өзгеше көзделмесе, спортшының және (немесе) жануардың нақты спорттық жарысқа қатысуына байланысты кезең түсініледі. Жарыс кезеңіне қосылмаған уақыт жарыстан тыс кезең болып табылады.
6. Допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар:
1) допинг-бақылау жүргізуді;
2) спортшылардың, жаттықтырушылардың, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де мамандардың допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін жауаптылығын белгілеуді;
3) допингті қолданудың алдын алуды;
4) допинг-бақылауды жүргізетін мамандардың біліктілігін арттыруды;
5) бұқаралық ақпарат құралдарында допингке қарсы насихат жүргізуді;
6) спортта допингті болдырмауға және оған қарсы күреске бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізуді;
7) спортшылардың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру құралдары мен әдістерін әзірлеу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізуді;
8) құрамына тыйым салынған субстанцияларды қосу арқылы дәрілік заттар мен тағамдық қоспалардың сапасын бұрмалағаны, осындай дәрілік заттар мен тағамдық қоспаларды өткізгені үшін, сондай-ақ, тыйым салынған субстанцияларды әзірлеу, дайындау, пайдалану тәсілдері, әдістері және оларды сатып алу орындары туралы мәліметтерді таратуға бағытталған қызмет үшін жауаптылықты белгілеуді;
9) допингке қарсы қағидаларда көзделген допинг-бақылау жүргізу шарттарын бұзғаны үшін дене шынықтыру-спорт ұйымдарының жауаптылығын белгілеуді;
10) спортта допингті болдырмау және онымен күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды қамтиды.
7. Спорттық жарыстарды ұйымдастырушылар халықаралық спорт ұйымдарының талаптары мен шешімдерін және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, міндетті допинг-бақылауды жүргізу шарттарын қамтамасыз етуге міндетті.
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 44-1-баппен толықтырылды
44-1-бап. Ұлттық допингке қарсы ұйым
Ұлттық допингке қарсы ұйым деп спортта допингті болғызбау және онымен күресу, допинг-бақылауды ұйымдастыру мақсатында құрылған мемлекеттік кәсіпорын түсініледі.
Ұлттық допингке қарсы ұйым:
1) допингке қарсы қағидаларды әзірлеуге қатысады;
2) допинг-бақылауға жататын спортшылардың және (немесе) жануарлардың тізімін қалыптастырады және оларды допингке қарсы қағидаларға сәйкес тіркейді;
3) допинг-бақылауға жататын спортшылардың және (немесе) жануарлардың тізімін спорт түрлері бойынша аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерацияларына ұсынады;
4) допингке қарсы қағидаларға сәйкес допинг-бақылауды жүргізеді;
5) допингке қарсы дерекқорға спортшылар және спорттық жарысқа қатысатын жануарлар туралы мәліметтерді енгізеді;
6) ерекше жағдай түрінде допингті терапиялық пайдалануға рұқсат береді;
7) допингке қарсы қағидаларды бұзды деп айып тағылатын спортшыларға, жаттықтырушыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға, спорттық медицина жөніндегі мамандарға, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандарға қатысты тергеп-тексеру және тыңдау жүргізеді;
8) спорт түрі бойынша аккредиттелген республикалық немесе өңірлік спорт федерациясына, спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясына, Дүниежүзілік допингке қарсы ұйымға, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға допингке қарсы қағидалардың ықтимал бұзылуы, қабылданған шешімдер туралы, сондай-ақ кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтер береді;
9) осы Заңның 44-бабы 6-тармағының 1), 4), 6), 7) және 10) тармақшаларында көзделген шараларды жүргізеді;
10) осы Заңға және допингке қарсы қағидаларға сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 44-2-баппен толықтырылды
44-2-бап. Допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін шаралар
1. Допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін:
1) спортшыны, жаттықтырушыны, жаттықтырушы-оқытушыны, спорттық медицина жөніндегі маманды, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де маманды дисквалификациялау көзделеді.
Спортшыны, жаттықтырушыны, жаттықтырушы-оқытушыны, спорттық медицина жөніндегі маманды, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де маманды дисквалификациялау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады;
2) спортшының спорттық нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алу;
3) жаттықтырушының, жаттықтырушы-оқытушының, спорттық медицина жөніндегі маманның, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де маманның жауаптылығы;
4) спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы ақшалай қамтылымды төлеуді тоқтату;
5) спортшыларды, жаттықтырушыларды, жаттықтырушы-оқытушыларды спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың спорт түрлері бойынша құрама командаларының құрамынан шығару көзделеді.
2. Допинг пайдаланған немесе пайдалануға әрекеттенген жағдайда спорттық нәтиже жойылғаны үшін:
1) спорттық атақтан, разрядтан, біліктілік санатынан айыру;
2) ақшалай көтермелеуді алған кезде жеке және (немесе) бас жаттықтырушы болмаған бірінші жаттықтырушыларды қоспағанда, спортшылардың және олардың жеке жаттықтырушыларының, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларының) бас жаттықтырушыларының ақшалай көтермелеуді қайтаруы;
3) спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамтамасыз етуді төлеуді тоқтату;
4) Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпионымен немесе жүлдегерімен тұрғынжайды пайдалану шартын бұзу көзделеді.
9-тарау. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР ЖҮЙЕСІ
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 45-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
45-бап. Спортшылардың, жаттықтырушылардың және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) мүшелерінің әлеуметтік қорғалуы
1. Жергілікті атқарушы органдар, спорт федерациялары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары аса көрнекті спортшыларға - «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», «КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атақтары бар, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамына кірген немесе кіретін олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне, әлем чемпиондарына, олардың «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» немесе «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атақтары бар жаттықтырушыларына ай сайын ақшалай үлес төлейді.
2. Жергілікті атқарушы органдар, спорт федерациялары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) құрамына кіретін спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына, сондай-ақ спорттың ойналатын түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (ұлттық құрама командалардың) құрамында ойнайтын спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына және клубтық командалардың жетекшілеріне ай сайын ақшалай үлес төлейді.
3. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелері халықаралық жарыстарда спорттық жарақаттар алған және мертіккен кезде, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтемақы төлеуді жүзеге асырады.
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Дүниежүзілік допингке қарсы ұйымның, Халықаралық Олимпиада комитетінің, Халықаралық паралимпиада комитетінің, Саңыраулардың халықаралық спорт комитетінің, Халықаралық федерацияның шешімі негізінде неғұрлым жоғары спорттық нәтиже берілген кезде халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушылар мен спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне ақшалай көтермелеу төлемдерінің мөлшерін қайта қарау жүргізіледі.
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушылар мен спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне ақшалай көтермелеу төлемдері спорттық жарысты өткізу күні қолданыста болған валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
46-бап. Спортшылар мен жаттықтырушыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау
1. Мемлекет ай сайынғы төлемдерді білдіретін өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету түрінде (бұдан әрі - материалдық қамтамасыз ету) спортшылар мен жаттықтырушыларды әлеуметтік қолдауды жүзеге асырады.
2. Материалдық қамтамасыз етуді алу құқығына кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар мына спортшылар мен жаттықтырушылар ие:
1) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олипиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атағын жеңіп алған спортшылар;
2) Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олипиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атағын жеңіп алған спортшыларды даярлаған жаттықтырушылар.
3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген бірнеше негіздер бойынша бір мезгілде материалдық қамтамасыз етуді алуға құқығы бар адамдарға материалдық қамтамасыз ету ең жоғары мөлшерде негіздердің тек біреуі бойынша ғана төленеді.
47-бап. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру және оны сатып алу тәртібі
2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпиондары немесе жүлдегерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының спортшыларына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай өтеусіз негізде пайдалануға беріледі.