Тергеп-тексеру барысында ұсынылған ақпаратты тексеру немесе жүргізіліп жатқан тергеп-тексеруге байланысты қосымша ақпарат алу мақсатында тергеп-тексеруді жүргізетін орган қажет болған жағдайда:
1) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды тиісті шетелдік экспорттаушылардың және (немесе) өндірушілердің келісімін алған және алдағы тергеп-тексеру туралы ресми түрде хабардар етілген үшінші елдің тарапынан қарсылық болмаған жағдайда үшінші елдің аумағында;
2) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды тиісті импорттаушылардың және (немесе) ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды өндірушілердің келісімін алған жағдайда мүше мемлекеттің аумағында тексеру жүргізуі мүмкін.
Шетелдік өндіруші немесе экспорттаушы осы баптың 1-тармағына сәйкес жіберілетін сұрақтар тізбесіне жауаптарды жібергенге дейін тексеру жүргізуге келіскен жағдайларды қоспағанда және тиісті үшінші елдің тарапынан қарсылық болмаған кезде, осындай жауаптар алғаннан кейін тексеру жүзеге асырылады.
Тергеп-тексеруге тиісті қатысушылардың келісімі алынғаннан кейін және тексеру басталғанға дейін оларға тексеру жүргізуге жіберілген қызметкерлерге ұсынылуы тиіс құжаттар мен материалдардың тізімі жіберіледі. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган үшінші елді тексерілуі жоспарланған шетелдік экспорттаушылардың немесе өндірушілердің мекенжайлары мен атаулары, сондай-ақ осындай тексерулер жүргізу күндері туралы хабардар етеді.
Тексеру барысында сұрақтар тізбесіндегі жауаптарда берілген ақпараттың анықтығын растау үшін қажетті басқа да құжаттар мен материалдар сұратылуы мүмкін.
Егер тексеру жүргізу кезінде тергеп-тексеруді жүргізетін органның осындай тексеру үшін осы органның қызметкерлері болып табылмайтын сарапшыларды тарту ниеті болған жағдайда, оларға қатысты тергеп-тексеру әрекеттерін жүзеге асыру болжанып отырған тергеп-тексеруге қатысушылар тергеп-тексеруді жүргізетін органның бұл шешімі туралы алдын ала хабардар етілуге тиіс. Осындай сарапшылардың тексеруге байланысты алынған ақпараттың құпиялылығын бұзғаны үшін санкциялар қолдануға мүмкіндік болғанда ғана олардың тексеруге қатысуына жол беріледі.
5. Тексеру жүргізу барысында берілген ақпаратты тексеру немесе жүргізілетін тергеп-тексеруге байланысты қосымша ақпарат алу мақсатында тергеп-тексеруді жүргізетін орган өз өкілдерін мүдделі тұлғалардың орналасқан жеріне жіберуге, ақпарат жинауды, мүдделі тұлғалармен консультациялар мен келіссөздер жүргізуге, тауардың үлгілерімен танысуға және тергеп-тексеру жүргізу үшін қажетті өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
39-бап. Құпия ақпарат
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары құпия ақпаратты уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұсынады.
2. Уәкілетті органға мүдделі тұлға ұсынатын ақпарат осы тұлға негіздемелерді, оның ішінде осындай ақпаратты ашу үшінші тұлғаға бәсекелестік басымдық беретіні не осындай ақпаратты ұсынған тұлға үшін немесе осындай ақпаратты алған тұлға үшін қолайсыз салдарларға әкеп соғатындығын растайтын негіздемелерді ұсынған кезде құпия ақпарат ретінде қаралады.
Негіздемелер жазбаша түрде ұсынылуға тиіс.
3. Уәкілетті органға құпия ақпаратты ұсынатын мүдделі тұлғалар сонымен бірге осындай ақпараттың құпия емес нұсқасын ұсынады.
Құпия емес нұсқа құпия түрде ұсынылған ақпараттың мәнін түсіну үшін жеткілікті түрде толық болуға тиіс.
Мүдделі тұлға құпия ақпараттың құпия емес нұсқасын бере алмайтын ерекше жағдайларда, ол құпия емес нұсқасын беру мүмкін еместігінің себептерін толық баяндай отырып, негіздеме ұсынуға тиіс.
4. Тергеп-тексеруді жүргізетін органды қоспағанда, уәкілетті орган үшінші тұлғаларға құпия ақпаратты бере алмайды.
Мүдделі тұлғалар ұсынған құпия ақпаратты олардың жазбаша рұқсатынсыз жария етуге болмайды.
Құпия ақпаратты уәкілетті органның лауазымды адамдарының жеке мақсаттарына пайдалануына болмайды.
40-бап. Мүдделі тұлғалар
1. Тергеп-тексеруді жүргізу кезінде:
1) мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды (арнайы қорғау тергеп-тексеруін жүргізген кезде) не ұқсас тауарды өндіруші (демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеруді жүргізген кезде);
2) қатысушыларының көпшілігі мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды (арнайы қорғау тергеп-тексеруін жүргізген кезде) не ұқсас тауарды өндірушілер (демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеруді жүргізген кезде) болып табылатын өндірушілер бірлестігі;
3) қатысушылары мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауар (арнайы қорғау тергеп-тексеруі жүргізілген кезде) не ұқсас тауар (демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеруді жүргізген кезде) өндірудің жалпы көлемінің жиырма бес пайызынан астамын өндіруді жүзеге асыратын өндірушілер бірлестігі;
4) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушы, шетелдік өндіруші немесе импорттаушы және қатысушыларының едәуір бөлігі осы тауарды өндірушілер, экспорттаушылар немесе экспорттаушы үшінші елден немесе тауар шығарылатын елден импорттаушылар болып табылатын шетелдік тауар өндірушілер, экспорттаушылар немесе импорттаушылар бірлестігі;
5) экспорттаушы үшінші елдің не тауар шығарылатын елдің уәкілетті органы;
6) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды тұтынушылар (егер олар өнімді өндірген кезде осындай тауарды пайдаланса) мен мүше мемлекеттердегі осындай тұтынушылар бірлестіктері;
7) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері (егер тауар басым түрде жеке тұлғалардың тұтыну нысанасы болып табылса) мүдделі тұлғалар болып табылады.
2. Мүдделі тұлғалар тергеп-тексеру барысында дербес немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген өкілеттіктері бар өз өкілдері арқылы әрекет етеді.
Егер мүдделі тұлға тергеп-тексеру барысында уәкілетті өкіл арқылы әрекет ететін болса, тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру нысанасы туралы барлық ақпаратты мүдделі тұлғаға осы өкіл арқылы ғана жеткізеді.
41-бап. Тергеп-тексерулерге байланысты қабылданатын шешімдер туралы хабарламалар
1. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган Еуразиялық экономикалық одақтың интернет-ресурсында тергеп-тексерулерге байланысты қабылданатын шешімдер туралы мынадай:
1) тергеп-тексерудің басталғаны;
2) алдын ала арнайы, алдын ала демпингке қарсы немесе алдын ала өтемақы бажының енгізілгені;
3) осы Заңның 19-бабына сәйкес демпингке қарсы баждың қолданылуы мүмкін екені немесе осы Заңның 29-бабына сәйкес өтемақы бажының қолданылуы мүмкін екені;
4) арнайы қорғау тергеп-тексеруінің аяқталғаны;
5) нәтижелері бойынша тергеп-тексеруді жүргізетін орган демпингке қарсы немесе өтемақы бажын енгізуге негіздер бар екендігі не тиісті міндеттемелерді мақұлдаудың орындылығы туралы қорытынды жасаған тергеп-тексерудің аяқталғаны;
6) тиісті міндеттемелерді мақұлдауға байланысты тергеп-тексерудің аяқталғаны немесе тоқтатыла тұрғандығы;
7) нәтижелерi бойынша тергеп-тексеруді жүргізетін орган арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізуге негіздер жоқ екендігі туралы қорытынды жасаған тергеп-тексерудің аяқталғаны;
8) тергеп-тексерулерге байланысты өзге де қабылданатын шешімдер туралы хабарламаларды жариялайды.
Уәкілетті орган мұндай хабарламаларды Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарына және хабарламада көрсетілген қабылданған шешімдер мүдделерін қозғауы мүмкін болатын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген кәсіпкерлік субъектілеріне жібереді.
2. Тергеп-тексерудің басталғаны туралы хабарламаны тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Еуразиялық экономикалық одақтың интернет-ресурсында орналастыруға тиіс және ол:
1) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауардың толық сипаттамасын;
2) экспорттаушы үшінші елдің атауын;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына өскен импорттың және мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген елеулі залалдың немесе оны келтіру қатерінің болуын растайтын мәліметтердің қысқаша мазмұндалуын (арнайы қорғау тергеп-тексеруінің басталуы туралы шешім қабылданған кезде);
4) демпингтік немесе субсидияланатын импорттың болуын және мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалдың немесе оны келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуының болуын растайтын мәліметтердің қысқаша мазмұндалуын (демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексерудің басталуы туралы шешім қабылданған кезде);
5) мүдделі тұлғалар өз пікірін және тергеп-тексеруге қатысты мәліметтерді жібере алатын мекенжайды;
6) күнтізбелік жиырма бес күнді құрайтын және сол уақыт ішінде тергеп-тексеруді жүргізетін орган мүдделі тұлғалардан тергеп-тексеруге қатысу ниеті туралы өтініштерді қабылдайтын мерзімді;
7) күнтізбелік қырық бес күнді құрайтын және сол уақыт ішінде тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеруге қатысушылардан жария тыңдауларды өткізу туралы өтінішхаттарды қабылдайтын мерзімді;
8) күнтізбелік алпыс күнді құрайтын және сол уақыт ішінде тергеп-тексеруді жүргізетін орган мүдделі тұлғалардан жазбаша нысанда түсініктемелерді және тергеп-тексеруге қатысты мәліметтерді қабылдайтын мерзімді қамтуға тиіс.
3. Алдын ала арнайы, алдын ала демпингке қарсы немесе алдын ала өтемақы баждарын енгізу туралы хабарлама Комиссия осындай шешімді қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Еуразиялық экономикалық одақтың интернет-ресурсында орналастырылады және ол сондай-ақ мынадай ақпаратты:
1) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушының атауын не экспорттаушы үшінші елдің атауын (егер экспорттаушының атауын келтіру мүмкін болмаса);
2) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін жеткілікті сипаттауды;
3) демпингтік маржаның мөлшерін көрсетіп және тауардың қалыпты құны мен оның экспорттық бағасын есептеу және салыстыру әдіснамасын таңдау үшін негіздерді сипаттай отырып, демпингтік импорттың бар екендігі туралы оң қорытынды үшін негіздерді (алдын ала демпингке қарсы бажды енгізген кезде);
4) субсидияның болу фактісін сипаттай отырып және тауар бірлігіне есептелген субсидия мөлшерін көрсете отырып, субсидияланатын импорттың болуы туралы оң қорытынды үшін негіздерді (алдын ала өтемақы бажын енгізген кезде);
5) мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген елеулі немесе материалдық залалдың, оны келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуының болуын анықтау үшін негіздерді;
6) өскен импорттың, демпингтік немесе субсидияланатын импорттың және тиісінше мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген елеулі немесе материалдық залалдың, оны келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуының арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау үшін негіздерді;
7) өскен импорттың болуы туралы оң қорытынды үшін негіздерді (алдын ала арнайы бажды енгізу кезінде) қамтуға тиіс.
4. Осы Заңның 19-бабына сәйкес демпингке қарсы бажды немесе осы Заңның 29-бабына сәйкес өтемақы бажының қолданылуы мүмкін екені туралы хабарлама мыналарды:
1) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауардың кедендік бақылауын жүзеге асыру үшін жеткілікті сипаттамасын;
2) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушының атауын не экспорттаушы үшінші елдің атауын (егер экспорттаушының атауын келтіру мүмкін болмаса);
3) осы Заңның 19 немесе 29-баптарында көрсетілген шарттардың орындалуы туралы куәландыратын мәліметтердің қысқаша баяндалуын қамтуға тиіс.
5. Арнайы қорғау тергеп-тексеруінің аяқталғаны туралы хабарламаны тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде орналастырады және ол тергеп-тексеруді жүргізетін органның иелігіндегі ақпаратты талдаудың негізінде өзі жасаған негізгі түйіндерді қамтуға тиіс.
6. Нәтижелері бойынша тергеп-тексеруді жүргізетін орган демпингке қарсы немесе өтемақы бажын енгізуге негіздердің бар екендігі не тиісті міндеттемелерді мақұлдаудың орындылығы туралы қорытынды жасаған тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы хабарлама тергеп-тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде орналастырылады және мыналарды:
1) тергеп-тексеруді жүргізетін органның тергеп-тексеру нәтижелері туралы түпкілікті қорытындысының түсіндірмесін;
2) мұндай қорытынды жасауға негіз болған фактілерді көрсетуді;
3) осы баптың 3-тармағында көрсетілген ақпаратты;
4) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушылардың және импорттаушылардың аргументтері мен талаптарын тергеп-тексеру барысында қабылдау немесе қабылдамау себептерін көрсетуді;
5) осы Заңның 13-бабының 7 - 11-тармақтарына сәйкес шешімдер қабылдау себептерін көрсетуді қамтуға тиіс.
7. Тиісті міндеттемелерді мақұлдауға байланысты тергеп-тексерудің аяқталғаны немесе тоқтатыла тұрғаны туралы хабарлама тергеп-тексеру аяқталған немесе тоқтатыла тұрған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде орналастырылады және осы міндеттемелердің құпия емес нұсқасын қамтуға тиіс.
8. Нәтижелерi бойынша тергеп-тексеруді жүргізетін органның арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізу үшін негіздердің жоқ екендігі туралы қорытынды жасаған тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы хабарлама тергеп-тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде орналастырылады және мыналарды:
1) тергеп-тексеруді жүргізетін органның тергеп-тексеру нәтижелері туралы түпкілікті қорытындысының түсіндірмесін;
2) негізінде осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген қорытынды жасалған фактілердің көрсетілуін қамтуға тиіс.
9. Нәтижелері бойынша осы Заңның 42-бабына сәйкес шараны қолданбау туралы шешім қабылданған тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы хабарлама осындай шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде орналастырылады және олардың негізінде осындай шешім қабылданған фактілер мен түйіндер көрсетіле отырып, Комиссияның арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолданбау туралы шешім қабылдауының себептерін түсіндіруді қамтуға тиіс.
10. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізілетін тергеп-тексерулер мен қолданылатын шаралар бөлігінде 1994 жылғы 15 сәуірде Марракеште қол қойылған Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы келісімде көзделген барлық хабарламалардың Дүниежүзілік сауда ұйымының құзыретті органдарына белгіленген тәртіппен жіберілуін қамтамасыз етеді.
11. Осы баптың ережелері тиісті айырмашылықтар ескеріле отырып, қайта тергеп-тексерулердің басталғаны және аяқталғаны туралы хабарламаларға қолданылады.
42-бап. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолданбау
1. Комиссия тергеп-тексеру нәтижелері бойынша, егер арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолдану осы Заңда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда да, мұндай шараны қолданбау туралы шешім қабылдай алады.
Көрсетілген шешімді Комиссия, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган мүдделі тұлғалар ұсынған барлық ақпаратты талдау нәтижелері бойынша мұндай шараны қолдану мүше мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды дайындаған жағдайда қабылдай алады. Мұндай шешім, егер оны қабылдауға негіз болған себептер өзгерген жағдайда, қайта қаралуы мүмкін.
Комиссия арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын қолданбау туралы шешім қабылдағанға дейін уәкілетті орган тиісті шараны қолданудың орынсыздығы туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келіседі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қорытынды мүше мемлекеттердің экономика саласының, тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды тұтынушылардың (егер олар өнімді өндірген кезде осындай тауарды пайдаланса), мүше мемлекеттердегі осындай тұтынушылар бірлестіктерінің, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің (егер тауар басым түрде жеке тұлғалардың тұтыну нысанасы болып табылса) және осы тауарды импорттаушылардың мүдделерін жиынтық бағалаудың нәтижелеріне негізделуге тиіс. Бұл ретте мұндай қорытынды көрсетілген тұлғаларға осы баптың 3-тармағының ережелеріне сәйкес осы мәселе бойынша өзінің түсініктемелерін ұсыну мүмкіндігі берілгеннен кейін ғана жасалуы мүмкін.
Осындай қорытындыны дайындаған кезде өскен, демпингтік немесе субсидияланатын импорттың сауданың әдеттегі барысына және мүше мемлекеттердің тиісті тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне және мүше мемлекеттер экономикасы саласының жағдайына бұрмалаушы әсерін жою қажеттілігіне ерекше мән берілуге тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелерін қолдану мақсатында мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды (арнайы қорғау тергеп-тексеруін жүргізген кезде) не ұқсас тауарды (демпингке қарсы немесе өтемақылық тергеп-тексеруді жүргізген кезде) өндірушілердің, олардың бірлестіктерінің, тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды импорттаушылардың және импорттаушылар бірлестіктерінің, тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды тұтынушылардың (егер олар өнімді өндірген кезде осындай тауарды пайдаланса) және мүше мемлекеттердегі мұндай тұтынушылар бірлестіктерінің, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің (егер тауар басым түрде жеке тұлғалардың тұтыну нысанасы болып табылса) осы Заңның 41-бабының 2-тармағына сәйкес орналастырылатын хабарламада белгіленген мерзім ішінде осы мәселе бойынша өз түсініктемелері мен ақпаратын ұсынуға құқығы бар. Мұндай түсініктемелер мен ақпарат немесе олардың құпия емес нұсқасы тиісті жағдайларда осы тармақта көрсетілген, өздерінің жауап түсініктемелерін ұсынуға құқылы басқа да мүдделі тұлғаларға таныстыру үшін ұсынылуға тиіс.
Осы тармақтың ережелеріне сәйкес ұсынылатын ақпарат оның анықтығын растайтын объективті фактілер болған жағдайда, алынған дереккөзіне қарамастан, назарға алынуға тиіс.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
43-бап. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы шешімдерге сот тәртібімен шағымдану ерекшеліктері
Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдануға байланысты Комиссияның шешімдерін және (немесе) Комиссияның әрекетін (әрекетсіздігін) дауласу туралы істерді қарау тәртібі мен ерекшеліктері Еуразиялық экономикалық одақ Сотының Статутында және Еуразиялық экономикалық одақ Сотының регламентінде айқындалады.
44-бап. Қазақстан Республикасының үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
45-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Тауарлар импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары туралы» 1998 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 24, 446-құжат; 1999 ж., № 21, 763-құжат; 2005 ж., № 11, 40-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 95-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат; 2011 ж., № 2, 26-құжат; 2013 ж., № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат);
2) «Демпингке қарсы шаралар туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 19, 654-құжат; 2006 ж., № 1, 3-құжат; № 3, 22-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2013 ж., № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 21, 122-құжат);
3) «Субсидиялар және өтем шаралары туралы» 1999 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 20, 732-құжат; 2006 ж., № 1, 3-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 21, 122-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы маусымның 8-і.
№ 316-V