4. Қайырымдылық ұйымының мүлкі не оның бір бөлігі кепіл нысанасы болып табылмайды.
19-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастыру
1. Нысаналы капиталды (эндаументті) қайырымдылық ұйымы Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормаларына сәйкес қайырымдылық қайырмалдығы, сыйға тарту, өсиет объектілерін басқаруға және (немесе) жалға беруге арналған шарттың (шарттардың) негізінде Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында не шетелдік валютада активтер қалыптастыру жолымен құрады.
2. Нысаналы капиталды (эндаументті) жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ жер учаскелері есебінен қалыптастыру олардың Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы нарықтық құны негізінде жүргізіледі.
3. Нысаналы капиталды (эндаументті) толықтыру қайырымдылық бірлестіктерінің меншігіндегі акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, сыйақы (мүдде) есебінен жүргізіледі.
4. Нысаналы капитал (эндаумент) бір жүз миллион теңге мөлшеріндегі сомадан асқан кезде қайырымдылық ұйымы нысаналы капиталды (эндаументті) сенімгерлік басқаруды басқарушы компанияға береді.
5. Бір жүз миллион теңгеден аз соманы құрайтын нысаналы капиталды (эндаументті) басқаруды қайырымдылық ұйымының қамқоршылық кеңесі жүзеге асырады.
20-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) пайдалану
1. Нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастырған қайырымдылық ұйымы оны өз жарғысына сәйкес пайдалануға міндетті.
2. Нысаналы капиталдан (эндаументтен) түсетін кірісті бөлу қайырымдылық бағдарламасының бюджетіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Нысаналы капиталдан (эндаументтен) түсетін кіріс білім, ғылым, мәдениет, өнер, денсаулық сақтау, спорт, музей және архив ісі, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану салаларындағы қайырымдылық гранттарын құруға бағытталады.
4. Қайырымдылық гранттарының саны мен мөлшерін осы Заңның 19-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес қамқоршылық кеңес немесе басқарушы компания белгілейді.
5. Басқарушы компанияның нысаналы капиталды (эндаументті) басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты әкімшілік-басқарушылық шығыстары нысаналы капиталдың (эндаументтің) жылдық кіріс сомасының жиырма пайызынан аспайды.
6. Пайдаланушы қайырымдылық грантын пайдалануды қайырымдылық жасаушымен жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырады.
21-бап. Нысаналы капиталды (эндаументті) тарату
1. Мыналар:
1) нысаналы капиталды (эндаументті) қайырмалдық, сыйға беру, өсиет шартына (шарттарына) сәйкес пайдалану;
2) нысаналы капитал (эндаумент) қалыптастырылған мерзімнің өтуі;
3) басқарушы компанияны қайта ұйымдастыру туралы шешім;
4) қайырымдылық ұйымын таратып жіберу туралы шешім;
5) қайырымдылық жасаушы (қайырымдылық жасаушылар) берген капиталдың бастапқы мөлшерінің құнын он пайыздан астам мөлшерге азайту нысаналы капиталды (эндаументті) таратуға негіз болуы мүмкін.
2. Нысаналы капиталды (эндаументті) тарату туралы шешімді қайырымдылық ұйымының қамқоршылық кеңесі осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздердің біреуі болған кезде қабылдайды.
3. Басқарушы компанияның не қайырымдылық ұйымының жарғының нысаналы капиталды (эндаументті) қалыптастыру және пайдалану жөніндегі талаптарын және (немесе) осы Заңның нормаларын өрескел немесе бірнеше рет бұзуы соттың шешімі бойынша нысаналы капиталды (эндаументті) таратуға негіз бола алады.
4. Егер қайырмалдық, сыйға тарту, өсиет шартында (шарттарында) өзгеше көзделмесе, таратылуға жататын нысаналы капитал (эндаумент) осындай капиталдарды қалыптастырған қайырымдылық ұйымдары арасында жасалған шартқа сәйкес басқа нысаналы капиталға (эндаументке) берілуі мүмкін.
5. Таратылуға жататын нысаналы капиталды (эндаументті) кәсіпкерлік қызметте пайдалануға болмайды.
4-тарау. ФИЛАНТРОПИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
22-бап. Филантропиялық қызмет объектілері
Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес мыналар:
1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, өмірлік қиын жағдайдағы, әлеуметтік оңалтуға және олардың арасында қадағалаусыз қалу мен құқық бұзушылық профилактикасы жүргізілуіне мұқтаж кәмелетке толмағандар;
2) төтенше жағдайлардан зардап шеккен және өздеріне қайырымдылық көмек көрсетілуіне мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар, сондай-ақ аумақтар;
3) дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға, өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасалуына мұқтаж мүгедектер;
4) өздерінің құқықтарын өз бетінше іске асыруға және (немесе) өзінің тыныс-тіршілігі мәселелерін (заңды өкілдік, құқықтық көмек көрсету, қорғаншылыққа алу және басқасы) шешуге мүмкіндігі жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар;
5) арнайы медициналық мекемелерде есепте тұрған адамдар;
6) басқа да объектілер филантропиялық қызмет объектілері болып табылады.
23-бап. Жеке тұлғаның филантропиялық қызметі
1. Жеке тұлға өзінің жеке меншігіндегі мүлікті және (немесе) өзінің зияткерлік меншік нәтижелерін пайдалана отырып, филантропиялық қызметпен айналысады.
2. Қайырымдылық волонтері болып табылатын жеке тұлғаның осындай қызметті жүзеге асыру құқығын белгілейтін, нотариат куәландырған сенімхаттың негізінде қайырымдылық бірлестігінің пайдасына қайырымдылық қайырмалдықтарын жинауды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Қайырымдылық волонтері болып табылатын және қайырымдылық қайырмалдықтарын жинауды жүзеге асыратын жеке тұлға қайырымдылық жасаушыға оның нәтижелері туралы есепті ұсынуға міндетті.
4. Мемлекеттік қызметші болып табылатын жеке тұлғаның қайырымдылық қайырмалдықтарын жинауды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
24-бап. Заңды тұлғаның филантропиялық қызметі
1. Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға ауыртпалықтары жоқ мүліктің бір бөлігін пайдалана отырып, филантропиялық қызметпен айналысады.
2. Филантропиялық қызметпен айналысатын заңды тұлғалардың заңды тұлға құрмай, уақытша бірлестіктерді құруға құқығы бар.
5-тарау. ДЕМЕУШІЛІК ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
25-бап. Демеуші жүзеге асыратын қайырымдылық көмектің көздері
1. Демеуші қайырымдылық көмекті меншік құқығындағы мүліктің және демеушінің атын көпшілікке танымал етуден және (немесе) жарнаманы, оның ішінде әлеуметтік жарнаманы таратудан түскен қаражат есебінен жүзеге асыра алады.
2. Демеуші көрсететін қайырымдылық көмек мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылмайды.
26-бап. Жеке тұлғаның демеушілік қызметі
1. Демеушілік қызметпен айналысатын жеке тұлғаның үшінші тұлғаларға меншік құқығында тиесілі тауар белгісі, өндірілетін тауар, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты таратуға құқығы жоқ.
2. Демеушілік қызметпен айналысатын жеке тұлғаның оны өткізу үшін өзі қайырымдылық көмек көрсететін қайырымдылық іс-шарасының атауына және мазмұнына өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқығы жоқ.
3. Қарапайым серіктестік құрған жеке тұлғалардың қайырымдылық көмек көрсету үшін серіктестік айқындаған, ауыртпалықтары жоқ мүліктің бір бөлігін пайдалана отырып, демеушілік қызметпен айналысуға құқығы бар.
27-бап. Заңды тұлғаның демеушілік қызметі
1. Демеушілік қызметпен айналысатын заңды тұлға пайдаланушымен жасалған шартқа сәйкес өзінің атауы, тауар белгісі, өндірілген тауар, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты таратады.
2. Демеушілік қызметпен айналысатын заңды тұлғаның оны өткізу үшін өзі қайырымдылық көмек көрсететін қайырымдылық іс-шарасының атауына және мазмұнына өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқығы жоқ.
6-тарау. МЕЦЕНАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
28-бап. Меценаттық қызмет объектілері
Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес мыналар:
1) ғылым, білім, мәдениет, өнер, спорт объектілері, тарихи және этномәдени ескерткіштер, сондай-ақ аталған салаларда жұмыс істейтін не оларды дамытуға үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар;
2) Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінде және (немесе) шет елдегі медициналық мекемелерде шұғыл ақылы емделуге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар;
3) ақылы білім алу және (немесе) кәсіби қабілеттерін арттыру үшін атаулы стипендияларға мұқтаж адамдар;
4) авариялардың және (немесе) дүлей зілзаланың салдарынан зардап шеккен және кезек күттірмейтін қайырымдылық көмекті қажет ететін қайырымдылық объектілері;
5) басқа да объектілер меценаттық қызмет объектілері болып табылады.
29-бап. Жеке тұлғаның меценаттық қызметі
1. Меценаттық қызметпен айналысатын жеке тұлғаның қайырымдылық көмек көрсету мақсатында жеке меншік құқығындағы мүлікті не оған мүліктік құқықтарды пайдаланушыға беруге құқығы бар.
2. Жеке тұлғаның пайдаланушыға жедел көмек көрсетуді қажет ететін меценаттық қызметі қайырымдылық бағдарлама әзірленбестен көрсетілуі мүмкін.
30-бап. Заңды тұлғаның меценаттық қызметі
1. Меценаттық қызметпен айналысатын заңды тұлғаның қайырымдылық бағдарламасында қайырымдылық грантының, жеке стипендияның ақшалай мәндегі мөлшерлерін, мақсатын, тағайындалу және пайдаланылу тәртібін көрсете отырып, оларды белгілеуге құқығы бар.
2. Қайырымдылық грантын, жеке стипендияны пайдалану тәртібін пайдаланушы заңды тұлғаның келісімімен өзгерте алады.
3. Қайырымдылық грантының, жеке стипендияның игерілмеген бөлігі қайтарымды қаржылай көмек болып табылады және заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.
2018.02.07. № 165-VІ ҚР Заңымен 6-1-тараумен толықтырылды
6-1-тарау. КІШІ ОТАНҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
30-1-бап. Кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет объектілері
Осы Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет объектілері мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі;
2) кіші отанға қолдау көрсететін адамның кіші отанындағы ғылым, білім беру, мәдениет, өнер, спорт объектілері, аумақтар;
3) кіші отанға қолдау көрсететін адамның кіші отанындағы өзге де объектілер.
30-2-бап. Жеке тұлғаның кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметі
Жеке тұлға өзінің жеке меншігіндегі мүлікті және (немесе) өзінің зияткерлік қызметінің нәтижелерін пайдалана отырып, кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметпен айналысады.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының қайырымдылық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 16-і.
№ 402-V