5) тәуекелдерді басқару - Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамауға байланысты оқиғалардың басталуын және олардың басталуынан болатын ықтимал салдарды (залалды) барынша азайту жөніндегі кеден органдарының жүйеге келтірілген қызметі;
6) тәуекелді бағалау - тәуекелді сәйкестендіру, талдау және тәуекел деңгейін айқындау бойынша әрекеттер;
7) тәуекелді сәйкестендіру - тәуекелді анықтауға, тануға және сипаттауға бағытталған әрекеттер;
8) тәуекелді талдау - тәуекел саласын және индикаторларын айқындау үшін кеден органдарындағы ақпаратты пайдалану;
9) тәуекел индикаторы - кедендік бақылау объектісін таңдауға мүмкіндік беретін белгілердің белгісі немесе жиынтығы;
10) тәуекел саласы - тәуекелді және ол туындайтын жағдайларды сипаттау.
451-бап. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануы
1. Кеден органдары кедендік бақылау объектілерін және тәуекелдерді басқару жөніндегі шараларды таңдау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.
Кеден органдары тауарлардың кедендік бақылауда болу кезеңінде және осы Кодекстің 393-бабының 8-тармағына белгіленген мерзімдерде кедендік бақылау жүргізу үшін, сондай-ақ осы Кодекстің 393-бабының 9-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланады.
2. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануының негізгі мақсаттары:
1) кедендік бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету;
2) деңгейі жоғары тәуекел салаларына назарды шоғырландыру және кеден органдарының ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
3) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдану қажеттілігі анықталмаған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуді жеделдету және оңайлату үшін жағдайлар жасау болып табылады.
3. Кеден органдары өздеріне Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге де түрлерін жүргізу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануы мүмкін.
4. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйелерін қолдану стратегиясы мен тактикасын, сондай-ақ оның жұмыс істеу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
452-бап. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесін ұйымдастыруы
1. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесі:
1) кедендік бақылау объектілері, жасалған кедендік операциялар және тауарлар шығарылғанға дейін және шығарылғаннан кейін жүргізілген кедендік бақылау нәтижелері туралы ақпаратты жинауды және өңдеуді;
2) тәуекелді бағалауды;
3) тәуекел индикаторының сипаттамасын;
4) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды және оларды қолдану тәртібін айқындауды;
5) тәуекелдер бейіндерін әзірлеуді және бекітуді;
6) кедендік бақылау объектілерін таңдауды;
7) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдануды;
8) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдану нәтижелерін талдауды және бақылауды;
9) осы тармақта көрсетілген іс-шаралардың тиімділігін бағалауды қамтиды.
2. Тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды саралап қолдану мақсатында кеден органдары кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды тәуекелдің төмен, орта немесе жоғары деңгейі санаттарына жатқызу арқылы оларды санатқа бөлуді жүзеге асыруы мүмкін.
3. Тәуекелдерді басқару бойынша қызметті жүзеге асыру кезінде кеден органдары ақпараттық жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды артықшылықпен пайдаланады.
4. Кеден органдарының тәуекелдерді басқару процесін іске асыруы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Тәуекелдер бейіндері мен индикаторларында қамтылған ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ мынадай:
1) Қазақстан Республикасыныңкеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және (немесе) әкімшілік жауаптылыққа тарту фактісі;
2) кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешектің болуы индикаторларын қоспағанда, құпия болып табылады.
6. Комиссия кеден органдарына тәуекелдер бейінін бекіту және тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдануды ұсынатын тәуекелдер саласын айқындауға құқылы.
52-тарау. КЕДЕН ОРГАНДАРЫНЫҢ ТАУАРЛАРДЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚҰЖАТТАРДЫ КІДІРТУІ
453-бап. Кеден органдарының тауарларды және оларға арналған құжаттарды кідіртуі және сақтауы
1. Әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар нысанасы болып табылмайтын не сондай нысанасы болып табылатын, бірақ қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарларды тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алынбаған не тыйым салынбаған тауарларды және оларға арналған құжаттарды кеден органдары осы Кодекстің 32-бабының 4 және 5-тармақтарында, 154-бабының 11-тармағында, 164-бабының 5-тармағында, 172-бабының 3-тармағында, 184-бабының 3-тармағында, 213-бабының 5-тармағында, 219-бабының 5-тармағында, 232-бабының 6-тармағында, 241-бабының 5 және 6-тармақтарында, 285-бабының 11-тармағында, 287-бабының 3 және 4-тармақтарында, 296-бабының 3-тармағында, 321-бабының 4-тармағында, 327-бабының 6-тармағында, 341-бабының 5-тармағында, 342-бабының 6-тармағында, 347-бабының 5 және 12-тармақтарында, 369-бабының 7-тармағында және 471-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларда кідіртеді.
2. Тауарларды және оларға арналған құжаттарды кідірту тауарларды және оларға арналған құжаттарды кідірту туралы хаттаманы жасау арқылы ресімделеді, оның нысанын Комиссия айқындайды.
3. Кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды кеден органдары осы Кодексте белгіленген мерзім ішінде алып қояды және сақтайды.
Кідіртілген тауарлар кеден органы айқындайтын және осындай тауарларды сақтау үшін жабдықталған уақытша сақтау қоймаларында немесе өзге орындарда сақтау үшін орналастырылады.
4. Кеден органдары тауарларды кідірткен кезде осы баптың 3-тармағына сәйкес кідіртілген тауарларды сақтау бойынша шығыстарды іс жүзінде тауарлар қайтарылатын осы Кодекстің 456-бабында көрсетілген тұлғалар өтейді. Осы Кодекстің 454-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген мерзімдерде мұндай тұлғалар талап етпеген кідіртілген тауарларды сақтау бойынша шығыстар осы Кодекстің 457-бабы 1-тармағының ережелері ескеріле отырып, көрсетілген тауарларды өткізуден алынған сома есебінен өтеледі.
5. Кідіртілген тауарларды сақтау бойынша шығыстарды өтеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
454-бап. Кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды сақтау мерзімі
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда, кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды кеден органдары күнтізбелік отыз күн бойы, ал тез бұзылатын тауарларды - жиырма төрт сағат бойы сақтайды.
2. Кеден органы осы Кодекстің 32-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес кідірткен тауарларды және оларға арналған құжаттарды кеден органдары күнтізбелік үш күн бойы сақтайды.
3. Кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды сақтау мерзімі олар кідіртілген күннен бастап есептеледі.
4. Тез бұзылатын тауарлардың тізбесі осы Кодекстің 147-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалады.
455-бап. Кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды қайтару
1. Кідіртілген тауарларды және оларға арналған құжаттарды декларанттарға, ал егер тауарлардың кедендік декларациялануы жүзеге асырылмаса - тауардың меншік иелеріне, ал егер меншік иесі шетелдік тұлға болса не тауардың меншік иесі туралы мәліметтер кеден органында болмаса, - кідірту кезінде тауарлар иелігінде болған тұлғаларға (бұдан әрі осы тарауда - декларант немесе өзге де тұлғалар) қайтару осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, жүргізіледі.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келу кезінде кідіртілген, осы Кодекстің 32-бабының 3-тармағына сәйкес кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған тауарлар және оларға арналған құжаттар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кері әкету үшін не осы Кодекске сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін декларантқа немесе өзге де тұлғаларға қайтарылады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кету кезінде кідіртілген, осы Кодекстің 32-бабының 3-тармағына сәйкес кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған тауарлар және оларға арналған құжаттар, егер бұл тауарларды иеленуге Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілген болса, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында пайдалану үшін декларантқа немесе өзге де тұлғаларға қайтарылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілмеген жағдайларда, кідіртілген тауарлар декларанттарға оларды кеден органы шығарғаннан кейін қайтарылады.
5. Тауарларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау қажет болған кезде мұндай кедендік операцияларды жасауға құқылы тұлғаның сұрау салуы бойынша тауармен бірге кідіртілген құжаттарды кеден органы мұндай тұлғаға тауарлар шығарылғанға дейін қайтарады.
6. Кідіртілген тауарларды тасымалдау (тасу), қайта тиеу (тиеу, түсіру) және сақтау бойынша шығыстарды осы бапта көрсетілген, тауарлар іс жүзінде қайтарылатын тұлғалар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өтейді.
456-бап. Сақтау мерзімі өткен кідіртілген тауарлармен жасалатын әрекеттер
1. Кеден органдары кідірткен және осы Кодекстің 455-бабында аталған тұлғалар осы Кодекстің 454-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген мерзімде талап етпеген тауарлар уәкілетті заңды тұлғаның өткізуіне жатады, ал осы баптың 2-тармағында белгіленген жағдайларда, осындай тауарлар пайдаланылуға немесе жойылуға жатады.
2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген кідіртілген тауарларды тасымалдау (тасу), қайта тиеу (тиеу, түсіру), сақтау бойынша шығыстар, оларды өткізуге дайындауға және өткізуге байланысты өзге де шығыстар олардың құнынан асып кетсе, сондай-ақ уәкілетті орган айқындайтын басқа да жағдайларда осындай тауарлар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен пайдаланылуға немесе жойылуға жатады.
Осындай тауарларды жою, сондай-ақ оларды сақтауға және тасымалдауға байланысты шығыстарды өтеу декларанттың немесе өзге тұлғаның, ал аталған тұлғалар болмаған кезде - егер тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізу, пайдалану немесе жою, оның ішінде осындай тауарларды тасымалдауға (тасуға), қайта тиеуге (тиеуге, түсіруге), сақтауға байланысты шығыстарды, оларды өткізуге дайындауға, өткізуге немесе жоюға байланысты өзге де шығыстарды есептеу осы Кодексте айқындалған ерекшеліктер ескеріле отырып, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Осы Кодекстің 454-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген мерзімде декларанттар немесе өзге тұлғалар талап етпеген, кідіртілген тауарларды тасымалдау (тасу), қайта тиеу (тиеу, түсіру) және сақтау бойынша шығыстар, оларды өткізуге дайындауға және өткізуге байланысты өзге де шығыстар осы Кодекстің 457-бабының 1-тармағы ескеріле отырып, көрсетілген тауарларды өткізуден алынған сомалар есебінен уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өтеледі.
5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда, тауарларды тасымалдауға (тасуға), қайта тиеуге (тиеуге, түсіруге), сақтауға байланысты шығыстарды, оларды пайдалануға немесе жоюға байланысты өзге де шығыстарды декларант немесе өзге тұлғалар өтейді. Аталған тұлғалар болмаған кезде көрсетілген шығыстар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
6. Кідіртілген тауарлар өткізілгеннен немесе өзге пайдалану үшін берілгеннен кейін, сондай-ақ осындай тауарларды жою нәтижесінде пайда болған қалдықтар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін алады.
457-бап. Сақтау мерзімі өткен, кідіртілген тауарларды өткізуден түскен сомаларға билік ету
1. Осы Кодекстің 456-бабының 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізуден алынған сомалардан, бірінші кезекте, осы тауарларды кідірткен күнге кідіртілген тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың мөлшеріндегі сома, екінші кезекте - кідіртілген тауарларды тасымалдауға (тасуға), қайта тиеуге (тиеуге, түсіруге), сақтауға және өткізуге байланысты шығыстар ұсталып қалады.
2. Кідіртілген тауарларды өткізуден алынған, осы баптың 1-тармағында көзделген ұстап қалулар ескеріле отырып есептелген сомалар декларанттарға, ал егер тауарларды декларациялау жүзеге асырылмаса - кеден органында тауарлардың меншік иелері туралы мәліметтен болған кезде оларға және бұл тұлғалар осындай тауарларды өткізуден ақша түскен күннен кейінгі күннен бастап үш жыл ішінде кеден органына өтініш жасаған жағдайда уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қайтарылады.
3. Кеден органдары аталған тұлғаларды тауарларды өткізуден алынған, қайтарылуға жататын сомалардың болуы туралы хабардар етеді.
53-тарау. КЕДЕН ОРГАНДАРЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН, ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ОБЪЕКТІЛЕРІНЕ ҚҰҚЫҚ ИЕЛЕНУШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР
458-бап. Кеден органдары қабылдайтын, зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар туралы жалпы ережелер
1. Тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен, кедендік жою рәсімімен, сондай-ақ осы баптың 2-тармағы ескеріле отырып, арнайы кедендік рәсіммен орналастыруды қоспағанда, кеден органдары тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру кезінде осы Кодекстің 198, 199-баптарында көзделген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өтініштері негізінде Комиссия арнайы кедендік рәсім қолданылатын тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар қабылдаудың жағдайлары мен тәртібін айқындауға құқылы.
3. Кеден органдары зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің ресми пайдалануына арналған, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыру кезінде қабылдамайды.
Кеден органдары зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шаралардыжеке тұлғалар жеке пайдалану үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін, оның ішінде олардың атына халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты да қолданбайды.
4. Кеден органдары қабылдайтын зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар құқық иеленушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес кез келген басқа қорғау құралдарын қолдану құқықтарын жоққа шығармайды.
5. Кеден органдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне және (немесе) Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізілген, сондай-ақ осындай тізілімдерге енгізілмеген зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды.
6. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген тауарлардың шығарылған жерінің атауы сияқты зияткерлік меншік объектілері бар тауарларға қатысты зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар Комиссия айқындайтын тәртіпке сәйкес қабылданады.
459-бап. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімін Комиссия жүргізеді.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне құқық иеленушінің немесе оның мүдделерін немесе бірнеше құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін тұлғаның өтініші негізінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше әрбір мемлекетте қорғалатын зияткерлік меншік объектілері енгізіледі.
Басқа құқық иеленушілермен уағдаластық бойынша зияткерлік меншіктің ұқсас объектілерінің құқық иеленушісінің бірі бірнеше құқық иеленушінің мүддесін білдіретін тұлға ретінде әрекет етуі мүмкін.
3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілуі мүмкін зияткерлік меншік объектілеріне авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілері, тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлардың шығарылған жерлерінің атаулары жатады.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге байланысты немесе кедендік бақылаудағы тауарлармен өзге де әрекеттер жасалған кезде Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарының бұзылуы орын алуы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздері бар құқық иеленуші Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне зияткерлік меншік объектісін енгізу туралы өтініш (бұдан әрі осы бапта - өтініш) беруге құқылы.
5. Комиссияға өтініш зияткерлік меншік объектілерінің бір түрі бойынша беріледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында тұрақты өкілдігі жоқ құқық иеленушінің атынан өтініш Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірінің аумағында тұрақты тұратын жері бар (тіркелген) тұлғалар арқылы берілуі мүмкін.
6. Өтінішке Еуразиялық экономикалық одаққа мүше әрбір мемлекетте зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарының болуын растайтын құжаттар (куәліктер, шарттар, оның ішінде құқықтарды беру туралы және лицензиялық шарттар, құқық иеленуші не құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше әрбір мемлекетте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше осындай мемлекеттің заңнамасына сәйкес зияткерлік меншік объектілеріне өздерінің құқықтарын растауға ұсына алатын басқа да құжаттар), сондай-ақ өтініште көрсетілуге тиіс мәліметтерді растайтын құжаттар қоса беріледі.
Өтінішке құқық иеленушінің не құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлғаның пікірі бойынша зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарының бұзылу фактісін растауы мүмкін тауарлардың үлгілері қоса берілуі мүмкін.
7. Егер өтінішті құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлға берсе, өтінішке құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мұндай тұлғаға берген сенімхаты (сенімхаттары) да қоса беріледі. Сенімхат (сенімхаттар) Еуразиялық экономикалық одақтың бүкіл аумағында қолданылуға тиіс.
Егер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында зияткерлік меншіктің ұқсас объектілеріне құқықтар әртүрлі құқық иеленушілерге тиесілі болған жағдайда, өтінішке әрбір құқық иеленушіден сенімхаттар қоса берілуге тиіс.
8. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар орыс тілінде немесе өзге тілде ұсынылады. Құжаттар өзге тілде ұсынылған жағдайда, өтінішке олардың орыс тіліндегі аудармасы қоса беріледі.
9. Өтінiшпен бiр мезгілде құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) тауарлардың шығарылуының тоқтатыла тұруына байланысты декларантқа, меншік иесіне, тауарларды алушыға немесе өзге тұлғаларға келтірілуі мүмкін мүліктік зиянды өтеу туралы міндеттемесі ұсынылады.
Егер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында зияткерлік меншіктің ұқсас объектілеріне құқықтар әртүрлі құқық иеленушілерге тиесілі болған жағдайда, әрбір құқық иеленушінің мүліктік зиянын өтеу туралы міндеттемесі берілуге тиіс.
10. Комиссия өтінішті ресімдеуге және қарауға, ұсынылатын мәліметтер мен құжаттардың құрамына қойылатын талаптарды, өтінішті қарау мерзімі мен тәртібін, сондай-ақ осындай тізілімге зияткерлік меншік объектілерін енгізу, одан мұндай объектілерді алып тастау, оған өзгерістерді (толықтыруларды) енгізу, зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын қорғаудың белгіленген мерзімін ұзарту тәртібін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне зияткерлік меншік объектісін енгізу кезінде кеден органдары мен Комиссияның өзара іс-қимыл жасау және осындай тізілімді жүргізу тәртібін қамтитын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімін жүргізу регламентін (бұдан әрі осы бапта - регламент) айқындайды.
11. Құқық иеленуші осы баптың 9-тармағында көзделген міндеттемені орындау кепілдігі мақсатында оған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне зияткерлік меншік объектілерін енгізу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бір ай ішінде Комиссияға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық мемлекетте заңдық күші бар, тауарлардың шығарылуының тоқтатыла тұруына байланысты тұлғаларға мүліктік зиян келтіргені үшін жауапкершілікті сақтандыру шартын (шарттарын) немесе көрсетілген міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуді растайтын өзге де шартты (шарттарды) ұсынуға міндетті.
Бұл ретте сақтандыру сомасы немесе міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету сомасы жауапкершілікті сақтандыру шарты (шарттары) немесе өзге де шарт (шарттар) жасалған не осындай шарттарға өзгерістер енгізілген күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша кемінде он мың еуроға балама соманы құрауға тиіс.
Кеден органдарында құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіруге тиісті түрде ресімделген сенімхат (сенімхаттар) не мұндай өкілеттіктерді растайтын өзге де құжат болған кезде осы баптың 9-тармағында көрсетілген міндеттемені және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген шарттарды құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлға ресімдеп, ұсынуы мүмкін.
12. Осы баптың 11-тармағының бірінші бөлігінде көзделген шарт (шарттар) ұсынылмаған жағдайда зияткерлік меншік объектілері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілуге жатпайды, бұл туралы өтініш иесі регламентте көзделген тәртіппен және мерзімдерде хабардар етіледі.
13. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне зияткерлік меншік объектілерінің енгізілгені үшін төлемақы алынбайды.
14. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімінде қамтылған мәліметтер Еуразиялық экономикалық одақтың және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының ресми сайтында және Интернет желісінде орналастырылады.
460-бап. Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімі
1. Уәкілетті орган зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдау мақсатында Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін (бұдан әрі осы тарауда - кедендік тізілім) жүргізеді және оның жариялануын, оның ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етеді.
2. Кедендік тізілім нысанын және оны жүргізу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
461-бап. Зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімге енгізу тәртібі
1. Уәкілетті орган авторлық құқықтар мен сабақтас құқықтар объектілерін, тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілерін және тауарлардың шығарылған жерлерінің атауларын (бұдан әрі - зияткерлік меншік объектілері) кедендік тізілімге енгізуді құқық иеленушінің немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлғаның өтініші бойынша жүзеге асырады.