5) мәлімделген кедендік рәсімдерге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарын растайтын құжаттар кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті, сақтауға жататын құжаттар болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды тұлғалар және кеден органдары, олардың кедендік декларацияны беру кезінде ұсынылғанына немесе ұсынылмағанына қарамастан, осы Кодекстің 34-бабының 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14 және 15-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап есептелетін, осы Кодекстің 89 және 143-баптарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімдері өткенге дейін сақтауға тиіс.
3. Кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғалар кеден ісі саласында қызметтер көрсетумен байланысты қызметіне қатысты кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды кедендік операциялар жасалған жыл өткеннен кейін, осы Кодекстің 89 және 143-баптарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімдері ішінде сақтауға тиіс.
406-бап. Кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босатуы
1. Кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босатуы осы Кодексте және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленеді.
2. Кедендік жете тексеруге мынадай адамдардың:
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының және олармен бірге жүретін олардың отбасы мүшелерінің;
2) егер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары, үкіметтерінің мүшелері қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ресми сапармен келетін шет мемлекеттер басшыларының, шет мемлекеттердің үкімет басшыларының, шет мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің;
4) өкілеттіктері өтіп кеткен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер президенттерінің және олармен бірге жүретін олардың отбасы мүшелерінің;
5) егер Армения Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Армения Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Армения Республикасы Ұлттық жиналысының депутаттары, Армения Республикасы Кассациялық Сотының Төрағасы, Армения Республикасының Бас прокуроры, Армения Республикасы Орталық банкінің Төрағасы, Армения Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
6) егер Беларусь Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Беларусь Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Беларусь Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, Беларусь Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің Мемлекеттік хатшысы, Беларусь Республикасының Мемлекеттік бақылау комитетінің басшысы, Беларусь Республикасының Бас прокуроры, Беларусь Республикасы Ұлттық банкінің Басқарма Төрағасы, Беларусь Республикасы Президентінің Іс басқарушысы, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесінің мүшелері, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдері палатасының депутаттары қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
7) егер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
8) егер Қырғыз Республикасы Президенті Аппаратының Басшысы, Қырғыз Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты Конституциялық палатасының Төрағасы, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаттары, Қырғыз Республикасы Қорғаныс кеңесінің Хатшысы, Қырғыз Республикасының Бас прокуроры, Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің Төрағасы, Қырғыз Республикасы Президенті мен Үкіметінің Іс басқарушысы, Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Төрағасы, Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Төрағасының орынбасары - 9 қызметтің бастығы қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
9) егер Ресей Федерациясы Конституциялық Сотының Төрағасы, Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің мүшелері, Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметінің директоры, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаттары қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың жеке багажы жатпайды.
3. Кедендік жете тексеруден:
1) шетелдік әскери корабльдер (кемелер), жауынгерлік әуе кемелері және өздігінен жүретін әскери техника;
2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарының арнайы өтініштеріне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін әскери мүлік босатылады.
47-тарау. КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ НЫСАНДАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
407-бап. Кедендік бақылау нысандары
Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылаудың мынадай нысандарын қолданады:
түсініктемелер алу;
кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру;
кедендік қарап-тексеру;
кедендік жете тексеру;
жеке кедендік жете тексеру;
үй-жайларды және аумақтарды кедендік қарап-тексеру;
кедендік тексеру.
408-бап. Түсініктемелер алу
1. Түсініктемелер алу кеден органдары лауазымды адамдарының тасымалдаушылардан, декларанттардан және мұндай мәліметтері бар өзге де тұлғалардан кедендік бақылау жүргізу үшін маңызы бар мәліметтерді алуын білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Түсініктемелер кедендік құжатты жасау арқылы ресімделеді, оның нысанын Комиссия айқындайды.
3. Түсініктемелер алу үшін осы баптың 1-тармағында көзделген адамдарды шақыру қажет болған кезде кеден органы шақырылатын адамдарға табыс етілетін немесе жіберілетін хабарламаны ресімдейді.
409-бап. Кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру
1. Кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру мыналарды:
1) кедендік декларацияны;
2) кеден органдары жасайтын құжаттарды қоспағанда, өзге де кедендік құжаттарды;
3) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды;
4) кеден органына осы Кодекске сәйкес ұсынылған өзге де құжаттарды;
5) кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кеден органына ұсынылған құжаттарда бар мәліметтерді;
6) осы Кодекске немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден органына ұсынылған немесе олар алған өзге де мәліметтерді тексеруді білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру мәліметтердің анықтығын, құжаттардың толтыруының және (немесе) ресімделуінің дұрыстығын тексеру, кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарын сақтау, кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді қолдануға байланысты тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулерді сақтау, осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты белгіленген тауарларды пайдалану тәртібі мен шарттарын сақтау мақсатында, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз етудің өзге де мақсаттарында жүргізіледі.
3. Кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тексеру тауарлар шығарылғанға дейін, сол сияқты шығарылғаннан кейін де жүргізілуі мүмкін.
4. Егер декларант кеден органы тауарлардың шығарылуын жүргізген кезде осы Кодекстің 195-бабында көзделген шарттарды сақтаған жағдайда, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесінде айқындалатын жағдайларда кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғанға дейін басталған тексеру тауарлар шығарылғаннан кейін аяқталады.
5. Кеден органы кедендік тексеру жүргізу кезінде кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарға және (немесе) мәліметтерге, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарға, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерге осы Кодекстің 411-бабында белгіленген тәртіппен тексеру жүргізуге құқылы.
6. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді талдау арқылы, оның ішінде бір құжаттағы мәліметтерді өзара, сондай-ақ өзге құжаттардағы, оның ішінде кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардағы мәліметтермен, кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелерден және (немесе) ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелерінен, тексеру жүргізу кезінде кеден органының билігінде бар басқа да көздерден алынған мәліметтермен салыстыру арқылы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына, Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасына сәйкес басқа да тәсілдермен жүргізіледі.
7. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру шеңберінде кеден органы қосымша ақпаратты жинауды және талдауды жүзеге асыруға, оның ішінде мемлекеттік органдарға және өзге ұйымдарға сұрау салулар жіберуге құқылы.
8. Кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғанға дейін басталған тексеру осы Кодекстің 410-бабына сәйкес жүргізіледі.
9. Осы баптың 10-тармағында көзделген жағдайда, кедендік, өзге құжаттарға және (немесе) мәліметтерге тексеру жүргізуді қоспағанда, кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған не кедендік бақылаудың осы нысанын қолданудың өзге жағдайларында тексеру осы Кодекстің 411-бабына сәйкес жүргізіледі.
10. Шығарылуы осы Кодекстің 194-бабына сәйкес жүргізілген тауарларға қатысты берілген тауарларға арналған декларацияларға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, мұндай декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды және көрсетілген тауарларға арналған декларацияларда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тексеру Комиссия айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
11. Тауарларға арналған декларациялар берілгенге дейін тауарлардың шығарылғаны туралы өтінішке, осы Кодекстің 194-бабының 4-тармағына сәйкес мұндай өтінішпен бірлесіп ұсынылатын құжаттарға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді және көрсетілген өтініште және (немесе) ұсынылған құжаттарда мәлімделген мәліметтерді тексеруді қолданған кезде құжаттарға сұрау салу тауарлар шығарылғанға дейін жүргізілмейді.
12. Тауарлардың кедендік құнын тексеру кезінде кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру осы Кодекстің 396-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүргізіледі.
13. Тауарлардың шығарылған жерін тексеру кезінде кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру осы Кодекстің 397-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүргізіледі.
410-бап. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғанға дейін басталған тексеру
1. Егер кедендік декларацияны беру кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынумен бірге жүргізілмесе, кеден органы декларанттан тексерілетін мәліметтерге қатысты мынадай:
1) тәуекелдерді басқару жүйесінде айқындалған;
2) тауарлардың шығарылған жері, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) олардан мәліметтерді кеден органының осы Кодекстің 146-бабының 2-тармағына сәйкес алуы мүмкін болмаған жағдайларда, кедендік декларацияда мәліметтері көрсетілген құжаттарды сұратуға құқылы.
2. Декларант осы баптың 1-тармағына сәйкес сұратылған құжаттарды осы Кодекстің 193-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін кемінде төрт сағаттан бұрын кешіктірмей ұсынуға тиіс.
3. Егер декларант осы баптың 1-тармағына сәйкес сұратылған құжаттарды ұсынбаған жағдайда, кеден органы осы Кодекстің 201-бабына сәйкес тауарларды шығарудан бас тартады.
4. Кеден органы коммерциялық, бухгалтерлік құжаттарды, тауардың шығарылған жері туралы сертификатты және (немесе) өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде кедендік декларацияда мәлімделген тексерілетін мәліметтердің және (немесе) өзге құжаттардағы мәліметтердің анықтығы мен толықтығын анықтау үшін қажетті жазбаша түсініктерді мынадай жағдайларда:
1) кедендік декларацияны беру кезінде ұсынылған не осы баптың 2-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттарда қажетті мәліметтер болмаса немесе мәлімделген мәліметтер тиісті түрде расталмаса;
2) кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасының ережелерін сақтамау белгілерін, оның ішінде мұндай құжаттардағы мәліметтердің анық еместігін анықтаса, сұратуға құқылы.
5. Декларанттан осы баптың 4-тармағына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұрату негізделген болуға тиіс және кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер және (немесе) өзге құжаттардағы мәліметтер тиісті түрде расталмағанын не анық болмауы мүмкін екендігін көрсететін белгілер тізбесін, қосымша сұрау салынатын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін, сондай-ақ мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімдерін қамтуға тиіс.
Сұрау салынатын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін кеден органының лауазымды адамы тауарлармен мәміле шарттарын, тауар сипаттамаларын, оның мақсатын, сондай-ақ өзге де мән-жайларды ескере отырып тексерілетін мәліметтердің негізінде айқындайды.
6. Кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшеріне әсер ететін мәліметтерді растау мақсатында осы баптың 4-тармағына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұрату кезінде кеден органы декларантты осы Кодекстің 195-бабына сәйкес тауарларды шығаруды жүргізу мүмкіндігі туралы хабардар етеді. Бұл ретте кеден органы декларантқа осы Кодекстің 195-бабына сәйкес айқындалған, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді беру талап етілмеген жағдайларды қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшерінің есеп-қисабын жібереді.
Кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшері есеп-қисабының нысанын, электрондық құжат түріндегі мұндай есеп-қисаптың құрылымы мен форматын және оларды толтыру тәртібін Комиссия айқындайды.
7. Осы баптың 4-тармағына сәйкес сұратылған құжаттарды және (немесе) мәліметтерді не мұндай құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіруді декларант:
1) егер құжаттарға және (немесе) мәліметтерге сұрау салу кедендік декларациядағы және кедендік декларацияны беру кезінде ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тексерумен байланысты болса - осы Кодекстің 193-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін кемінде төрт сағат бұрын кешіктірмей;
2) егер құжаттарға және (немесе) мәліметтерге сұрау салу кедендік декларацияда және осы баптың 2-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тексерумен байланысты болса және тексерілетін мәліметтер кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшеріне әсер етпесе - осы Кодекстің 193-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейін кемінде екі сағат бұрын кешіктірмей;
3) егер құжаттарға және (немесе) мәліметтерге сұрау салу кедендік декларациядағы және осы баптың 2-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тексерумен байланысты болса және тексерілетін мәліметтер кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшеріне әсер етсе - осы Кодекстің 193-бабының 4, 5 және 6-тармақтарына сәйкес тауарларды шығару мерзімі ұзартылған кезде кеден органы белгілеген мерзім өткенге дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын кешіктірмей ұсынуға тиіс.
8. Егер осы баптың 4-тармағына сәйкес сұратылған құжаттар және (немесе) мәліметтер, оның ішінде жазбаша түсініктер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзімде ұсынылмаса және осы Кодекстің 195-бабында көзделген шарт сақталмаса, кеден органы осы Кодекстің 201-бабына сәйкес тауарларды шығарудан бас тартады.
9. Осы баптың 1 және 4-тармақтарына сәйкес сұратылған құжаттарды және (немесе) мәліметтерді олар сұратылған тұлғалар әрбір сұрау салу бойынша бір жиынтықта (бір мезгілде) ұсынуға тиіс.
Кеден органы сұратқан құжаттармен және (немесе) мәліметтермен бір мезгілде олар сұратылған тұлғалар кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтердің және (немесе) өзге құжаттардағы мәліметтердің анықтығын және толықтығын растау мақсатында өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынуы мүмкін.
10. Тауарлар шығарылғанға дейін кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталған кезде, егер осы бапқа сәйкес ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру не мұндай тексеру шеңберінде жүргізілген, тауарларды және (немесе) құжаттарды өзге нысандарда кедендік бақылаудың және (немесе) олардың кедендік сараптамасының нәтижелері тексерілетін мәліметтердің анықтығын және (немесе) толықтығын растаған жағдайда, кеден органы осы Кодекстің 192-бабына сәйкес тауарлар шығаруды жүргізеді.
11. Тауарлар шығарылғанға дейін кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталған кезде, егер осы бапқа сәйкес ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру не мұндай тексеру шеңберінде жүргізілген, тауарларды және (немесе) құжаттарды өзге нысандарда кедендік бақылаудың және (немесе) олардың кедендік сараптамасының нәтижелері тексерілетін мәліметтердің анықтығын және (немесе) толықтығын растамаған және (немесе) кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді жүргізу үшін негіздерді жоймаған жағдайда, кеден органы өзінде бар ақпараттың негізінде осы Кодекстің 183-бабына сәйкес тауарлар шығарылғанға дейін кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) туралы талап жібереді.
12. Егер кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру осы Кодекстің 193-бабында белгіленген тауарларды шығару мерзімінде, оның ішінде құжаттардың және (немесе) мәліметтердің осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзімдерде ұсынылмауына байланысты аяқталмаған жағдайда, кеден органы декларантқа осы Кодекстің 195-бабына сәйкес тауарлар шығаруды жүргізу мүмкін екендігі туралы хабарлайды.
13. Осы Кодекстің 195-бабына сәйкес тауарларды шығарған кезде кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру осы баптың 14, 15, 16, 17 және 18-тармақтарына сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін аяқталады.
14. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді аяқтау үшін кеден органы сұратқан және осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімде ұсынылмаған құжаттарды және (немесе) мәліметтерді декларант тауарлар шығарылғаннан кейін, осы Кодекстің 397-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, кедендік декларацияның тіркелген күнінен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде ұсынуы мүмкін.
Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді кеден органы сұратылған құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсынылған күннен бастап, ал егер мұндай құжаттар және (немесе) мәліметтер осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде ұсынылмаса - мұндай мерзім өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей аяқтайды.
15. Егер осы бапқа сәйкес ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді жүргізу үшін негіздерді жоймаса, кеден органы осы баптың 14-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткенге дейін қосымша құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде кедендік декларацияда мәлімделген тексерілетін мәліметтердің және (немесе) өзге құжаттардағы мәліметтердің анықтығын және толықтығын анықтау үшін қажетті жазбаша түсініктер сұратуға құқылы. Мұндай қосымша құжаттар және (немесе) мәліметтер, оның ішінде жазбаша түсініктер кеден органы сұрау салуды тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.
16. Қосымша құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсініктерді ұсыну туралы сұрау салу жіберілген кезде осы баптың 14-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімінің өтуі кеден органы мұндай сұрау салуды тіркеген күннен бастап тоқтатыла тұрады және кеден органы қосымша құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсініктерді алған күннен бастап, ал олар ұсынылмаған жағдайда - оларды ұсыну мерзімі өткен күннен бастап қайта басталады.
17. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталған кезде, егер осы бапқа сәйкес ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру не мұндай тексеру шеңберінде жүргізілген тауарларды және (немесе) құжаттарды өзге нысандарда кедендік бақылаудың және (немесе) олардың кедендік сараптамасының нәтижелері Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ережелерінің сақталуын, оның ішінде тексерілетін мәліметтердің анықтығын және (немесе) толықтығын растамаған және (немесе) кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді жүргізу үшін негіздерді жоймаған жағдайда, кеден органы өзінде бар ақпараттың негізінде осы Кодекстің 183-бабына сәйкес кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдайды.
18. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталған кезде, егер осы баптың 4 және 15-тармақтарына сәйкес кеден органы сұрау салған құжаттар және (немесе) мәліметтер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру осы бапта белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, кеден органы өзінде бар ақпараттың негізінде осы Кодекстің 183-бабына сәйкес кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдайды.
19. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталған кезде, егер осы бапқа сәйкес ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер, мұндай тексеру шеңберінде жүргізілген, тауарларды және (немесе) құжаттарды өзге нысандарда кедендік бақылаудың және (немесе) олардың кедендік сараптамасының нәтижелері тексерілетін мәліметтердің анықтығын және (немесе) толықтығын растаған жағдайда, кеден органы декларантқа кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексерудің аяқталғаны туралы және осы Кодекстің 195-бабының 1-тармағына сәйкес берілген кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді есепке жатқызу (қайтару) мүмкіндігі туралы хабарлайды.