3. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде Комиссия айқындайтын жағдайларды қоспағанда, тауарларға арналған декларацияда мәлімделген саннан асатын санда тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге немесе тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге жол берілмейді.
4. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 177-бабына сәйкес тауарларға арналған декларацияда көрсетуге жататын мәліметтер тауарларға арналған декларацияны беру кезінде өзінің сипаты бойынша декларантқа белгісіз болуы мүмкін мынадай:
1) тауарлар тасымалданатын көліктің түрі туралы мәліметтерден басқа, тауарлар тасымалданатын көлік құралдары туралы;
2) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын жекелеген құжаттар туралы;
3) Комиссия тауарлар санаттарына және олар тасымалданатын көліктің түріне қарай айқындайтын өзге де мәліметтерді қоспағанда, мәлімделген беру кезеңі ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу жоспарланған тауарлардың санын негізге ала отырып мәлімделуге тиіс.
5. Кедендік декларациялануы осы бапқа сәйкес жүзеге асырылған тауарларды берудің мәлімделген кезеңі аяқталғаннан кейін декларант кеден органына:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарлар әкелінген беру кезеңі аяқталған;
2) тауарларға арналған декларацияда мәлімделген тауарлардың бүкіл партиясы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген күннен кейінгі күннен бастап бір айдан кешіктірмейтін мерзімде тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) арқылы жетіспейтін мәліметтерді, сондай-ақ тауарлардың іс жүзіндегі саны туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) әкелінген немесе әкетілген тауардың іс жүзіндегі санын ескере отырып жүзеге асырылады.
6. Мерзімдік кедендік декларациялау жүзеге асырылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге арналған тауарлар беру кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап алты ай ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуге тиіс.
Көрсетілген мерзімді тауарларды шығарған кеден органы декларанттың уәжді өтініші бойынша ол өткен күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге ұзартады.
7. Егер мерзімдік кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларацияда мәлімделген тауарлар мәлімделген кезең ішінде тауарларға арналған осындай декларацияны тіркеген кеден органына ұсынылмаған не осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзім ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілмеген жағдайда тауарларға арналған мұндай декларация осы Кодекстің 184-бабының 8-тармағына сәйкес кері қайтарып алынуға тиіс.
8. Декларант белгіленген мерзімдерде осы баптың 7-тармағына сәйкес декларацияны кері қайтарып алу бойынша әрекеттерді жүзеге асырмаған жағдайда кеден органы осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарларды шығарудың күшін жояды.
9. Кеден органы мерзімдік кедендік декларациялауды:
1) тауарларды болжамды өткізу мерзімдік кедендік декларациялау үшін осы бапта белгіленген талаптарға сай келмесе;
2) кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешегі бар тұлғаларға;
3) банкроттық туралы іс қозғалған тұлғаларға қолданудан бас тартады.
10. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде кедендік баждар, салықтар беру кезеңі басталғанға дейін берілген тауарларға арналған декларация бойынша тауарлар шығарылғанға дейін төленеді.
11. Кеден органы мәлімделген берудің бүкіл кезеңі ішінде тауарлардың әрбір беру партиясының өткізілуін іс жүзінде есепке алуды және бақылауды жүзеге асырады.
Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауарларға қатысты кедендік бақылауды жүргізу ерекшеліктерін уәкілетті орган бекітеді.
188-бап. АЭА, еркін қойма аумағына әкелінетін немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын мерзімдік кедендік декларациялау
1. АЭА, еркін қойма аумағына әкелінетін немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын мерзімдік кедендік декларациялауға мынадай шарттар жиынтығында сақталған кезде:
1) тауарларға арналған декларация беру кезеңі ішінде екі немесе одан да көп партиямен міндеттемелерді орындау есебіне АЭА, еркін қойма аумағына әкелінетін немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілетін Еуразиялық экономикалық одақтың барлық тауарларына қатысты - бір мәміле бойынша, ал мәміле болмаған кезде тауарларды иелену, пайдалану немесе оларға билік ету құқығын растайтын бір құжат бойынша берілгенде;
2) беру кезеңі ішінде екі немесе одан да көп партиямен АЭА, еркін қойма аумағына әкелінетін немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілетін Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының әрбір келесі партияда Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасына сәйкес он таңба деңгейінде бірдей коды (бірдей кодтары) болғанда;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың барлық тауарлары бір АЭА, еркін қойма аумағына әкелінсе немесе бір АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілсе;
4) АЭА, еркін қойма аумағына әкелінетін немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын кедендік декларациялау дәл сол бір кеден органында жүргізілгенде жол беріледі.
2. Тауарларға арналған декларация мәлімделетін беру кезеңі басталғанға дейін беріледі. Беру кезеңі деп декларант мәлімдейтін кезең түсініледі, ол күнтізбелік отыз бір күннен аспайды және ол кезеңде:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды кеден органына көрсету;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларды тиеп-жөнелту (тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушыға не тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету мақсатында тауарларды халықаралық тасымалдауды басқа көлік құралына тией отырып (ауыстырып тией отырып) жүзеге асырған кезде бірінші тасымалдаушыға тапсыру) жоспарланады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын мерзімдік кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мөлшерден асатын мөлшерде АЭА, еркін қойма аумағына әкелуге немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетуге жол берілмейді.
4. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларацияны беру кезінде осы Кодекстің 177-бабына сәйкес тауарларға арналған декларацияда көрсетуге жататын мәліметтер өзінің сипаты бойынша декларантқа белгісіз болуы мүмкін мынадай:
1) тауарлар тасымалданатын көліктің түрі туралы мәліметтерден басқа, тауарлар тасымалданатын көлік құралдары туралы;
2) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын жекелеген құжаттар туралы мәліметтерді қоспағанда, мәлімделген беру кезеңі ішінде АЭА, еркін қойма аумағына әкелуге немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетуге жоспарланған тауарлардың мөлшеріне сүйене отырып мәлімделуге тиіс.
5. Кедендік декларациялау осы бапқа сәйкес жүзеге асырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын берудің мәлімделген кезеңі аяқталғаннан кейін декларант кеден органына жетіспейтін мәліметтерді, сондай-ақ тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) арқылы Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының іс жүзіндегі саны туралы мәліметтерді тауарлар АЭА, еркін қойма аумағына әкелінген немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілген беру кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
6. Осы бапқа сәйкес мерзімдік кедендік декларациялау кезінде берілген тауарларға арналған декларация, егер мәлімделген жеткізу кезеңі аяқталғаннан кейін күнтізбелік он күннің ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәлімделген кезең ішінде:
1) АЭА, еркін қойма аумағына әкелу кезінде - кеден органына көрсетілмесе;
2) АЭА, еркін қойма аумағынан әкету кезінде - АЭА, еркін қойма аумағынан іс жүзінде әкетілмесе, осы Кодекстің 184-бабының 5-тармағына сәйкес кері қайтарып алынуға тиіс.
7. Декларант тауарларға арналған декларацияны кері қайтарып алу бойынша әрекеттерді осы баптың 6-тармағына сәйкес белгіленген мерзімде жүзеге асырмаған жағдайда, кеден органы осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарларды шығарудың күшін жояды.
8. Кеден органы осы бапқа сәйкес мерзімдік кедендік декларациялауды:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын болжамды өткізу мерзімдік кедендік декларациялау үшін белгіленген талаптарға сай келмегенде;
2) кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешегі бар тұлғаларға;
3) соларға қатысты банкроттық туралы іс қозғалған тұлғаларға қолданудан бас тартады.
9. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде беру кезеңі басталғанға дейін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік-тарифтік реттеу шаралары, тыйым салулар мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, Қазақстан Республикасының салық заңнамасы қолданылады.
10. Кеден органы мәлімделген берудің бүкіл кезеңі ішінде тауарларды әрбір беру партиясының өткізілуін іс жүзіндегі есепке алуды және бақылауды жүзеге асырады.
189-бап. Уақытша кедендік декларациялау
1. Мынадай:
1) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілген;
2) тауарларға қатысты саны және (немесе) кедендік құны туралы дәл мәліметтерді ұсыну мүмкін болмайтын жағдайларда тауарларға арналған уақытша декларация беру арқылы уақытша кедендік декларациялауға жол беріледі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде кедендік операциялар жасалатын немесе жөнелтілетін орыннан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келетін немесе әкелінетін орыннан мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес шығарылған тауарларды беру жүзеге асырылатын уақыт кезеңі күнтізбелік айдан аспауға тиіс (бұдан әрі осы бапта - беру кезеңі). Бұл ретте осы Кодекстің 375-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында немесе одан тысқары жерлерде орналасқан есепке алу құралдарын орнату орындары құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды жөнелту немесе әкелу орындары болып табылады.
Тауарларға арналған уақытша декларацияны кеден органдары беру басталғанға күнтізбелік он бес күн қалғанда ғана қабылдайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Тауарлар берілгеннен кейін декларант осы тармаққа сәйкес тауарларға арналған толық декларацияны беруге міндетті.
Тауарларға арналған толық декларацияны беру тауарларға арналған уақытша декларацияда мәлімделген тауарларды беру кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Декларанттың уәжді жолданымы бойынша толық декларацияны (толық декларацияларды) беру мерзімін кеден органы беруді аяқтауға қажетті, бірақ қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартады.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлардың іс жүзінде әкетілгенін немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялауды жүргізген кеден органының белгілері бар тауарларға арналған толық декларация осындай тауарлардың іс жүзінде әкелінгенін растайтын құжат болып табылады.
5. Тауарларға арналған уақытша декларацияда тауарлардың болжамды саны, соның негізінде тауарларды өткізу жүзеге асырылатын шартта (келісімшартта) көзделген тауарлардың есептік бағасы негізінде айқындалған беру күніндегі олардың алдын ала кедендік құны туралы мәліметтерді мәлімдеуге жол беріледі.
Егер көлік құралдары туралы мәліметтер уақытша кедендік декларацияны беру кезінде белгісіз болса, осындай мәліметтер уақытша кедендік декларациялау кезінде көрсетілмейді.
Өткізілген тауарлардың саны тауарларға арналған уақытша декларацияда мәлімделген саннан аспауға тиіс.
6. Уақытша кедендік декларациялау кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының заңнамасы, оның ішінде кедендік-тарифтік реттеу шаралары, кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері, кедендік декларациялау үшін кедендік алымдардың мөлшерлемелері, салықтардың мөлшерлемелері, кедендік әкету баждарын төлеу бойынша жеңілдіктер, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер, тыйым салулар мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, кеден органы тауарларға арналған уақытша декларацияны тіркеген күнге қолданыста болатын валюта бағамдары қолданылады.
7. Егер уақытша кедендік декларацияны беру кезінде нақты сатып алушы (алушы) айқындалмаса, онда декларант іс жүзіндегі сатып алушылардың (алушылардың) саны бойынша кейіннен бірнеше толық кедендік декларацияны ұсына отырып, бір шарт (келісімшарт) шеңберінде тауарлар беруге арналған бір уақытша кедендік декларация береді.
8. Кедендік баждарды, салықтарды уақытша кедендік декларацияны беру кезінде кеден органдары тауарларды шығарғанға дейін төлейді. Егер төлеуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомасы осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді нақтылау нәтижесінде көбейсе, қосымша ақы төлеу тауарларға арналған толық декларацияны берген кезде, оларды кеден органдары шығарғанға дейін жүзеге асырады. Көрсетілген жағдайда өсімпұлдар есептелмейді. Кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтардың артық немесе қате төленген сомаларын қайтару осы Кодекстің 11-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Егер осы баптың 3-тармағының екінші немесе үшінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер өткен соң беру кезеңі өткен соң тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілмесе, онда осындай тауарлар мәлімделген тауарларға арналған уақытша декларация осы Кодекстің 184-бабында айқындалған тәртіппен кері қайтарып алуға жатады.
190-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарды кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы белгіленген кезең ішінде жекелеген құрауыштар түрінде өткізілетін құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрдегі, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрдегі тауар Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауардың кодына сәйкес келетін коды көрсетіле отырып, мұндай тауардың құрауыштарына қатысты тауарларға арналған бірнеше декларацияны беру арқылы декларациялануы мүмкін.
Тауардың құрауышы деп осы Кодекстің 41-бабының 3-тармағына сәйкес қабылданатын құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімде (бұдан әрі осы бапта - тауарларды сыныптау туралы шешім) осындай бөлік ретінде көрсетілген тауардың жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі құрауыш бөлігі түсініледі.
2. Осы бапта белгіленген тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен, экспорт кедендік рәсімімен, кедендік қойма кедендік рәсімімен, еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен, еркін қойма кедендік рәсімімен, кері экспорт кедендік рәсімімен және кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған кезде қолданылады.
3. Осы бапта белгіленген тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:
1) тауарларға қатысты тауарларды сыныптау туралы шешім берілген;
2) тауарларды сыныптау туралы шешім берілген тұлға тауар құрауыштарының декларанты болып табылған;
3) тауардың барлық құрауышын кедендік декларациялауды бір кеден органына жүзеге асырылған;
4) тауардың құрауыштары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бір алушының мекенжайына әкелінетін немесе осындай аумақтан бір жөнелтушіден әкетілетін;
5) тауардың құрауыштары бір мәміленің шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедежеткізілімідік аумағына әкелінетін немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін жағдайда қолданылады.
4. Тауарларды сыныптау туралы шешімді алғаннан кейін тауардың бірінші құрауышына қатысты тауарларға арналған декларация берілгенге дейін декларант кеден органына уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша және тәртіппен тауар құрауыштарының жоспарланып отырған берулері туралы хабарлама береді.
5. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына шетелдік тауарлар әкелінген кезде тауардың құрауыштарын кедендік декларациялау осы Кодекстің 185-бабында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Тауардың құрауыштарын кедендік декларациялау кезінде осы бапқа сәйкес жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауарға қатысты белгіленген және тауардың құрауыштарына қатысты тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданылатын кедендік-тарифтік реттеу шаралары, кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері, салық мөлшерлемелері, кедендік әкету баждарын, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер, тыйым салулар мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары қолданылады.
7. Жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауардың соңғы құрауышына қатысты тауарларға арналған декларация көрсетілген мерзімді ұзарту жағдайларын қоспағанда, осындай тауардың бірінші құрауышына қатысты тауарларға арналған декларация тіркелген күннен бастап екі жылдан аспайтын мерзімде берілуге тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімді кеден органы декларанттың жазбаша өтініші бойынша тауардың барлық құрауышын толық жеткізу үшін қажетті, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін (бұдан әрі осы бапта - мерзімді ұзарту туралы өтініш). Көрсетілген өтінішті декларант осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткенге дейін береді.
Мерзімді ұзарту туралы өтінішке осындай ұзарту қажеттілігін растайтын құжаттар, сондай-ақ сыныптау туралы шешімді берген уәкілетті органның осындай шешімді қолдану мерзімін ұзарту туралы мәліметтер қоса берілуге тиіс.
Кеден органының мерзімді ұзарту туралы өтінішті қарау мерзімі көрсетілген өтініш кеден органында тіркелген күннен бастап есептелетін он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
8. Егер осы баптың 7-тармағына сәйкес белгіленген, тауардың соңғы құрауышына қатысты тауарларға арналған декларацияны беру мерзімі бұзылған және (немесе) егер осындай мерзім аяқталғанға дейін тауарларды сыныптау туралы шешімнің қолданылуы тоқтатылған не кері қайтарып алынған жағдайда, осындай шешімнің қолданылуы тоқтатылғанға дейін не ол кері қайтарып алынғанға дейін шығарылған тауардың құрауыштарына қатысты тауарларға арналған декларациялардағы мәліметтерге Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жиынтықталған немесе жасалып біткен түрдегі тауардың кодын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар құрауыштарының кодтарымен ауыстыруға байланысты тиісті өзгерістер (толықтырулар) енгізіледі.
Тауардың құрауыштарына қатысты тауарларға арналған декларациядағы мәліметтерге өзгерістерді (толықтыруларды) декларант осы Кодекстің 183-бабына сәйкес белгіленген тәртіппен осы баптың 7-тармағына сәйкес белгіленген мерзім өткен немесе егер тауарларды сыныптау туралы шешімнің қолданылуы тоқтатылған немесе осындай шешім осы баптың 7-тармағына сәйкес белгіленген мерзім өткеннен басқа өзге негіздер бойынша кері қайтарып алынған болса, декларантқа тауарларды сыныптау туралы шешімнің қолданылуы тоқтатылатыны не кері қайтарып алынатыны туралы хабардар етілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде енгізеді.
9. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды кедендік тазартуды жасау тәртібін және оларға кедендік бақылау жүргізу ерекшеліктерін уәкілетті орган бекітеді.
191-бап. Кеден органы лауазымды адамының кедендік декларацияны толтыруы
Тауарларды кедендік декларациялау мақсаттары үшін тұлғаның таңдауы бойынша осы бапқа сәйкес кеден органы лауазымды адамының транзиттік декларацияны, жолаушыларға арналған кедендік декларацияны, көлік құралына арналған декларацияны, сондай-ақ тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасаған кезде тауарларға арналған кедендік декларацияны толтыруына жол беріледі.
Кеден органы лауазымды адамының көрсетілген кедендік декларацияларды толтыру жағдайлары мен тәртібін, сондай-ақ осындай толтыруға байланысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктерін уәкілетті орган бекітеді.
19-тарау. ТАУАРЛАРДЫ ШЫҒАРУ ЖӘНЕ ТАУАРЛАРДЫ ШЫҒАРУҒА БАЙЛАНЫСТЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР
192-бап. Тауарларды шығару және тауарларды шығаруға және оның күшін жоюға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы жалпы ережелер
1. Тұлға тауарларды мәлімделген кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын немесе Одақ туралы шартқа және (немесе) осы Кодекске сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау сияқты шарт тауарлар шығарылғаннан кейін расталуы мүмкін жағдайларды қоспағанда, осы Кодекске сәйкес кедендік рәсіммен орналастыруға жатпайтын тауарлардың жекелеген санаттарын пайдалану үшін белгіленген шарттарды сақтаған кезде кеден органы тауарларды шығаруды жүргізеді.
2. Тауарларды шығару кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, электрондық құжатты қалыптастыру арқылы не қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияда немесе қағаз жеткізгіште берілген тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініште тиісті белгілер қою арқылы ресімделеді.
3. Тауарларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды кеден органы осы Кодекстің 193-бабында көзделген мерзімдерде немесе осы Кодекстің 193-бабының 10-тармағына сәйкес Комиссия белгілеген мерзімдерде - Комиссия айқындаған тәртіппен, ал Комиссия реттемеген бөлігінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жасайды.
4. Осы Кодекстің 185-бабына сәйкес берілген электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді пайдалану кезінде осы Кодекстің 31-бабына сәйкес алдын ала ақпарат ретінде тәуекелдерді басқару жүйесінде айқындалған жағдайларда келу орындарында тауарларға арналған осындай декларация бойынша тауарларды шығаруға және тауарларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасауға жол беріледі.
Осы Кодекстің 185-бабына сәйкес тауарларға арналған декларацияны беру кезінде осы Кодекстің 185-бабы 5-тармағының 2) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган белгілейтін өзге де жағдайларда, тауарларға арналған декларацияны тіркеген кеден органынан өзгеше кеден органының қызмет аймағындағы тауарларға қатысты тауарларға арналған осындай декларация бойынша тауарларды шығаруға және тауарларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасауға жол беріледі.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген тауарларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктерін уәкілетті орган бекітеді.
5. Осы Кодекстің 184-бабының 4, 5 және 6-тармақтарында, 187-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда, сондай-ақ осы Кодекстің 187-бабының 8-тармағында көзделген жағдайларда кедендік декларацияны кері қайтарып алған кезде кеден органы тауарларды шығарудың күшін жояды.
Комиссия және Комиссия көздеген жағдайларда уәкілетті орган декларанттың уәжді өтініші бойынша кеден органы тауарларды шығарудың күшін жоюы мүмкін жағдайлар мен шарттарды айқындауы мүмкін.
Тауарларды шығарудың күшін жою кеден органының ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып, электрондық құжат қалыптастыру арқылы не қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияда тиісті белгілер қою арқылы ресімделеді.
Тауарларды шығарудың күшін жоюға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін - Комиссия, ал Комиссия реттемеген бөлігінде уәкілетті орган айқындайды.
6. Тауарларға арналған декларацияда екі және одан көп тауарлар туралы мәліметтер мәлімделген жағдайда, кеден органы оларға қатысты осы баптың 1-тармағында көзделген шығару шарттары сақталған тауарларды шығаруды жүргізеді.
7. Кеден органы - тауарларды шығару жүргізілген тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлғаны, ал осы Кодексте белгіленген жағдайларда, кеден органының ақпараттық жүйесі мен осындай тұлғалардың ақпараттық жүйелері өзара іс-қимыл жасаған кезде өзге де тұлғаларды кеден органының тауарларды шығару кезінен бастап есептелетін жұмыс уақытының үш сағатынан кеш емес мерзімде электрондық нысанда тауарларды шығару туралы хабардар етеді.
8. Осы Кодекстің 194, 195, 196 және 202-баптарында көзделген жағдайларда, сондай-ақ жеке пайдалануға арналған тауарларға, халықаралық тасымалдау көлік құралдары мен керек-жарақтарға қатысты тауарларды шығару осы Кодекстің 194, 195, 196 және 202-баптарында және 39, 40 және 41-тарауларында айқындалған тауарлар шығару бойынша кедендік операцияны жасау шарттары және (немесе) ерекшеліктері ескеріле отырып, осы бапқа сәйкес жүргізіледі.
9. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда кеден органы тауарлар шығаруды осы бапқа сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының осындай халықаралық шарттарында көзделген коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарда тауарларды шығару туралы не тауарларды шығару туралы белгілер қойылған коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарға тауарларды шығарудың күшін жою туралы белгілер қою арқылы жүргізеді.
193-бап. Тауарларды шығару мерзімдері
1. Тауарларды шығаруды кеден органы - кедендік декларация тіркелген кезден бастап не осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлардың бірі басталған кезден бастап төрт сағаттың ішінде, ал, егер кедендік декларация кеден органының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін төрт сағаттан аз уақыт қалғанда тіркелген не осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлардың біреуі кеден органының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін төрт сағаттан аз уақыт қалғанда басталған жағдайларда, осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы кеден органының жұмыс уақыты басталған кезден бастап төрт сағаттың ішінде аяқтауға тиіс.