Қаза тапқан (қайтыс болған) ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді жерлеу тұрғылықты жері бойынша не оның туыстарының қалауы бойынша Қазақстан Республикасының басқа жерінде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындауға, мәйітті тасымалдауға, жерлеуге, құлпытас жасатуға және орнатуға байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтеледі.
34-бап. Ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету
2021.24.11. № 75-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайда, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен оның жыл сайынғы профилактикалық тексерілуі, медициналық және санаториялық-курорттық емделуі қамтамасыз етіледі.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелері Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге қолданылмайды.
35-бап. «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған ғарышкерлерді материалдық қамтамасыз ету
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған ғарышкерлерге лауазымдық жалақысына 2,9 мөлшеріндегі арттыру коэффициенті белгіленеді.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
36-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
37-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы қаңтардың 6-ы.
№ 528-IV