9) дивидендтік саясатты және компаниялар үшін дивидендтер есептеу нормативтерін бекіту;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) Қазақстан Республикасының Үкіметі енгізетін ұсыныстар бойынша Қордың, сондай-ақ барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компаниялардың әкімшілік шығыстарының нормативтері мен лимиттерінің жекелеген түрлерін бекіту;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) Қордың штат санын, штат кестесі мен ұйымдық құрылымын бекіту;
12) Қордың филиалдары мен өкілдіктерін құру туралы шешімдер қабылдау;
13) Қор басқармасы үшін ұсыныстар тұжырымдау мақсатында Қор басқармасының жанынан Қордың, компаниялардың қызметкерлерінен және өзге де адамдардан тұратын комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау;
14) Қор немесе оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты айқындау;
15) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығарудың және Қордың меншікті капиталы мөлшерінің бір пайызынан аспайтын сомаға Қордың өзге де қарыз тарту шарттарын айқындау;
16) осы Заңның 8-бабы 3-тармағының 20) тармақшасында көзделгендерді қоспағанда, Қордың ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту;
17) осы Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес орталықтандырылған қызметтер құру;
18) жыл сайынғы негізде компаниялар қызметінің нәтижелерін тыңдау және Қордың директорлар кеңесіне компаниялар қызметінің нәтижелері туралы есептер беру мәселелері;
19) осы Заңда және (немесе) Қордың жарғысында Қордың басқа органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де мәселелер жатады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Қор басқармасы осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген, олар бойынша шешімдерді Қордың басқарма төрағасы қабылдай алатын мәселелер тізбесін, сондай-ақ осындай шешімдерді қабылдау тәртібін айқындауға құқылы.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 2-тармағының 3) және 9) тармақшаларында, 2-1-тармағында көрсетілген, Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компаниялар қызметінің мәселелері бойынша шешімдерді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің кейіннен дауыс беруі үшін акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау мақсатында Қордың басқармасы немесе басқарма төрағасы қабылдайды.
4. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мәселелермен қатар Қор басқармасы төрағасының құзыретіне:
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) компанияларда және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызын тікелей немесе жанама түрде компаниялар иеленетін өзге де заңды тұлғаларда тексерулер (ревизиялар) тағайындау туралы шешімдер қабылдау;
2) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компанияларға олардың қызметі мәселелері бойынша орындауы үшін тікелей (жедел) тапсырмалар беру;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) өздеріне қатысты Қор жалғыз акционер немесе барлық дауыс беретін акцияларын иеленетін тұлға, жалғыз қатысушы не заңды тұлғаның мүлкіне құқығы бар жалғыз тұлға болып табылатын заңды тұлғалардың атқарушы органдарының басшыларын тәртіптік жауаптылыққа тарту;
4) осы Заңға және (немесе) Қордың жарғысына сәйкес өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдау жатады.
5. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде компаниялардың акцияларын (қатысу үлестерін) Қор сенімгерлік басқаруға берген жағдайда осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген өкілеттіктерді Қор (оның органдары мен лауазымды адамдары) және сенімгерлік басқарушы іске асырмайды.
11-бап. Қордың ішкі аудит қызметі
1. Қордың ішкі аудит қызметін Қордың қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды, ішкі бақылау саласында, тәуекелдерді басқару жүйесін, корпоративтік басқару саласындағы құжаттардың орындалуын бағалауды және Қор қызметін жетілдіру мақсатында консультация жасауды жүзеге асыру үшін Қордың директорлар кеңесі құрады.
2. Қордың ішкі аудит қызметі Қордың директорлар кеңесіне тікелей бағынады және оның алдында өз жұмысы туралы есеп береді.
3-тарау. ҚОР ТОБЫНДАҒЫ БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
12-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың өзара іс-қимылы
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың өзара іс-қимылы осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісім:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қорға оның қызметі мәселелері бойынша қоятын талаптарын;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдар мен Қордың арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қор акцияларының меншік иесі ретінде Қорды оның органдарының тиімді басқаруы үшін жағдайларды қамтамасыз ету арқылы Қордың Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуіне ықпал етеді.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі атқарушы билік органдары жүйесін басқаратын алқалы орган ретінде, заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қордың жедел (ағымдағы) қызметіне араласпайды.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционердің осы Заңда және (немесе) Қордың жарғысында көзделген өкілеттіктерін іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің Қордың директорлар кеңесіндегі өкілдігі арқылы ғана Қорды басқаруды жүзеге асырады.
Қорға жалпы басшылық жасауды және оның ағымдағы қызметіне басшылық жасауды өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын директорлар кеңесі және басқарма тиісінше жүзеге асырады.
13-бап. Мемлекеттік органдардың Қормен және Қордың тобына кіретін ұйымдармен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар мен Қордың, Қордың тобына кіретін ұйымдардың арасындағы Қордың жалғыз акционері қызметінің, мемлекеттік органдар басшыларының Қордың директорлар кеңесіндегі мүшелігінің шеңберіндегі өзара іс-қимылға жатпайтын өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен реттеледі.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қордың, Қордың тобына кіретін ұйымдардың жедел (ағымдағы) қызметіне мемлекеттік органдар тарапынан араласуға жол берілмейді.
3. Ұсынылуы Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде тікелей көзделген есептілікті қоспағанда, Қордың және Қор тобына кіретін ұйымдардың мемлекеттік органдарға есептілік ұсынуы Қордың интернет-ресурсына тиісті ақпаратты орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдарға қажетті есептілікті Қордың интернет-ресурсына орналастыру қағидаларын, сондай-ақ есептіліктің тізбесін, нысанын және орналастыру кезеңділігін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
14-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің экономиканы немесе экономиканың жеке алғанда бір саласын дамытуға әсерін талдау тәртібі
1. Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің экономиканы немесе экономиканың жеке алғанда бір саласын дамытуға әсерін кешенді және объективті талдау (бұдан әрі - талдау), олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, республикалық бюджеттің қаражатын, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін пайдалануға байланысты мәселелерді қоспағанда, Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің қызметі шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің тұрақты мүшесі - дауыс беру құқығы бар сарапшы болып табылады, ол Қордың бюджетіне салынған қаражат шегінде Қордың тобына кіретін ұйымдардың сыртқы аудитінің, сондай-ақ Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті белгілеген мәселелер қойылатын талдаудың міндетті түрде жүргізілуіне бастамашылық жасайды.
Қордың тобына кіретін ұйымдарға жүргізілген сыртқы аудиттің нәтижелері Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынылады.
3. Директорлар кеңесі басқарма төрағасына құрамына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі кіретін талдау жүргізу жөніндегі тексеру тобын құруға не Қордың тобына кіретін ұйымдардың сыртқы аудитін жүргізу туралы тапсырма беруге құқылы.
4. Қордың тобына кіретін ұйымды талдаудың нәтижелері Қордың директорлар кеңесіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынылатын актімен ресімделеді.
5. Қордың тобына кіретін ұйымның тиімсіз қызмет жасау жағдайлары анықталған кезде, Қордың органдары осындай ұйым қызметінің тиімділігін арттыру үшін қажетті шаралар қолданады.
6. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің жұмысы барысында алынған ақпаратты өз қызметінде пайдалануға құқылы.
15-бап. Қордың әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруының ерекшеліктері
1. Қор және Қордың тобына кіретін ұйымдар Қор қызметінің бағыттары бойынша индустриялық-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға қатыса алады.
2. Қордың немесе Қордың тобына кіретін ұйымдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашылық жасайтын рентабельділігі төмен болып табылатын әлеуметтік маңызы бар және (немесе) индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда толық немесе ішінара бюджеттік қаржыландыру және (немесе) мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйымдар іске асыратын әлеуметтік маңызы бар және (немесе) индустриялық-инновациялық жобаларды рентабельділігі төмен жобаларға жатқызу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйым индустриялық-инновациялық қызметті жүзеге асырған кезде оған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.
16-бап. Қордың және Қордың тобына кіретін ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарлары
1. Қордың даму стратегиясы Қор қызметінің бағыттары бойынша индустриялық-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары ескеріле отырып, он жылға әзірленеді.
2. Даму стратегиясын іске асыру мақсатында Қордың бес жылға арналған даму жоспары әзірленеді. Қордың даму жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен оның мазмұнына қойылатын ең төменгі талаптардың негізінде Қордың директорлар кеңесі айқындайды. Компаниялар өз қызметінің саласы шегінде Қордың даму стратегиясын әзірлеуге тартылады.
3. Компанияларда Қордың даму стратегиясы негізінде компаниялардың он жыл мерзімге арналған даму стратегиялары әзірленеді. Компанияның даму стратегиясын оның директорлар кеңесі бекітеді.
Компаниялардың директорлар кеңестері өздерінің даму стратегияларын іске асыру мақсатында бес жыл мерзімге әзірленетін даму жоспарларын бекітеді.
17-бап Қордың тобындағы басқару қағидаттары
1. Қордың тобындағы басқару корпоративтік басқарудың ең озық тәжірибесіне сәйкес және мынадай қағидаттардың негізінде жүзеге асырылады:
1) компаниялар активтерінің нарықтық құнын ұлғайту;
2) корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігі;
3) дивидендтік саясаттың тиімділігі;
4) ақпаратты ашу және ашықтық.
4-тарау. ҚОР ТОБЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
18-бап. Қордың ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз етуге арналған ерекше өкілеттіктері
1. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттыру, ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында Қордың мынадай ерекше өкілеттіктері:
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жеке тұлға немесе мемлекеттiк емес заңды тұлға стратегиялық объектiнi иелiктен шығару бойынша мәміле жасасуға ниет бiлдiрген, сондай-ақ стратегиялық объектiге өндiрiп алу қолданылған немесе оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы стратегиялық объектiнi иелiктен шығарған не кепiл ұстаушы кепiлге қойылған мүлiктi (стратегиялық объектiнi) соттан тыс тәртiппен өткізген, не стратегиялық объектiге сот актiсiнің негiзiнде өндiрiп алу қолданылған жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша стратегиялық объектiлерге ие болуға басым құқығы;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) акцияларының пакеттерi (жарғылық капиталда қатысу үлестері, пайлары) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектiлерге жатқызылған ұйымдар немесе республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәні бар ұйымдар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша мүліктік массаны сатып алуға басым құқығы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен банктердің акцияларын иемденуге құқығы бар.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2.«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген тәртіппен және шарттарда жер қойнауын пайдалану құқығына және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіге ие тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеліктен шығару ниеті болған жағдайда мемлекет Қор, ұлттық компания немесе уәкілетті мемлекеттік орган арқылы иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеленудің басым құқығына ие болады.
19-бап. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу
1. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілерінде көзделген арнаулы тәртібі Қор және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы Қордың директорлар кеңесі бекітетін қағидалар негізінде жүргізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың Қордың директорлар кеңесі бекітетін қағидаларға сәйкес сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу үшін жауапты құрылымдық бөлімшесі болуға тиіс.
4. Қор осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы мәселелері бойынша бақылауды, әдіснамалық басшылықты, мониторингті және талдауды жүзеге асырады.
Бақылау осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларында белгіленген талаптарды сақтауын тексеру және қадағалау жөніндегі Қордың қызметін білдіреді. Қордың осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғаларға қатысты бақылауы Қордың директорлар кеңесі белгілейтін тәртіппен олардың корпоративтік басқару деңгейі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. 2015.27.10. № 365-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. Жергілікті қамту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі бойынша айқындалады.
7. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту жөніндегі ақпарат индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға ол белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде ұлттық басқарушы холдинг атынан шоғырландырылған түрде ұсынылады.
8. 1-тармақты қоспағанда, осы баптың ережелері екінші деңгейдегі банктерге (Қазақстанның Даму банкі мен Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен басқа) және олардың еншілес ұйымдарына қолданылмайды.
20-бап. Ақшаны басқару
1. Қордың және барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі заңды тұлғалардың ақшасын басқару жөніндегі Қордың директорлар кеңесі бекітетін бірыңғай саясатты Қор іске асырады.
2. Қордың тобына кіретін ұйымдар өзге ұйымдарға, оның ішінде Қордың тобына кіретін ұйымдарға төлемділік, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредиттер (қарыздар) беруге құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кредиттерді (қарыздарды) беру тәртібі мен шарттары Қордың директорлар кеңесі бекітетін ішкі кредит саясатында айқындалады.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қор және Қордың тобына кіретін ұйымдар Қордың директорлар кеңесі бекітетін, қайырымдылық көмек көрсету мөлшерінің лимиті көзделетін қайырымдылық бағдарламасына сәйкес қайырымдылық көмек көрсете алады.
21-бап. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелер
«Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелер Қордың тобына кіретін ұйымдар арасында олар қолданылмай, Қордың директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен жасалады.
22-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдардың өзге заңды тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін) иемденуі
Бағалы қағаздардың қайталама нарығында акционерлік қоғамдардың дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп пайызын иемденудің «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртібі Қорға немесе дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды.
23-бап. Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге мүлікті енгізу арқылы оған мемлекеттік меншікті тоқтату
1. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қор меншігінде тұрған басқа мүлікке айырбастау арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың меншігіне берілуі мүмкін.
24-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдарды басқару
1. Қордың тобында ішкі аудиттің бірыңғай орталықтандырылған қызметтері, сондай-ақ Қорға және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қызметті жүзеге асыратын Қордың орталықтандырылған қауіпсіздік қызметі құрылуы мүмкін. Ішкі аудиттің орталықтандырылған қызметін, орталықтандырылған қауіпсіздік қызметін құру туралы шешімді Қор басқармасы қабылдауы мүмкін.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Барлық дауыс беретін акциялары Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретін мәселелер осындай компанияның директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:
1) жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
2) ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
3) директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
4) директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар мөлшерін және оларды төлеу шарттарын айқындау;
5) «алтын акцияны» енгізу және оның күшін жою мәселелері қосылмайды.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Барлық дауыс беретін акциялары Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне кіретін мәселелер көрсетілген компанияның атқарушы органының құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:
1) қызметтің басым бағыттарын айқындау;
2) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жарияланған акциялар шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;
3) қоғамның орналастырылған акциялардың немесе басқа да бағалы қағаздардың құнын төлеуі және олардың құнын төлеу бағасы туралы шешім қабылдау;
4) атқарушы органның сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
5) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық жалақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы мен сыйлықақы төлеудің шарттарын айқындау;
6) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметінің қызметкерлеріне еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен шарттарын айқындау;
7) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысының мөлшерін және оған сыйақы беру шарттарын айқындау мәселелері қосылмайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Нәтижесінде құны ұлттық компания активтері құнының жалпы мөлшерінің он пайызынан аз болатын мүлікті ұлттық компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы меншік құқығымен Қорға тиесілі ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компания басқармасы қабылдайды.
Нәтижесінде құны ұлттық компания активтері құнының жалпы мөлшерінің бір және одан аз пайызы болатын мүлікті ұлттық компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасуы туралы мәселе дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы меншік құқығымен Қорға тиесілі ұлттық компанияның жарғысымен ұлттық компанияның атқарушы органы басшысының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.