30-бап. Акциялар шығарылымын жою
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.19.03. № 179-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Қайталама бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген акциялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган акционерлік қоғам қайта ұйымдастырылған (осы акционерлік қоғамға басқа заңды тұлғаны біріктіруді немесе осы акционерлік қоғамнан жаңа акционерлік қоғамды бөлiп шығаруды есептемегенде) жағдайда акционерлік қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының акциялар шығарылымын жою туралы шешiмiне немесе оның таратылуына байланысты, не осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларда, сондай-ақ осы Заңның 27-бабына сәйкес сот шешiмi негiзiнде қабылдайды.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Таратылатын акционерлік қоғам таратылатын қоғамның тарату теңгерімі бекітілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде акциялар шығарылымын жою мақсатында уәкілетті органға өтініш білдіреді.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды; 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1-2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2014.19.03. № 179-V ҚР Заңымен 1-2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-2. Акциялардың күшін жоюға қажеттi құжаттарды ұсынбай-ақ, уәкiлеттi орган Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде таратылуы немесе қайта ұйымдастырылуы (осы акционерлiк қоғамға басқа заңды тұлғаның біріктіру немесе осы акционерлiк қоғамнан жаңа акционерлiк қоғамның бөлiнiп шығу жағдайларын қоспағанда) туралы мәлiметтер қамтылатын акционерлiк қоғамдардың акциялар шығарылымының күшін жою туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред. қара)
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
2-1. Сот не сот орындаушылары жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тану немесе мәжбүрлеп тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмiн табыс еткен жағдайда уәкiлеттi орган акциялар шығарылымын жою туралы шешiм қабылдайды және бұл жөнiнде эмитенттi хабардар етедi.
3. Жарияланған акциялардың шығарылымын жоюдың талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
4. Шығарылымына қатысты уәкiлеттi орган жою туралы шешiм қабылдаған акциялармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуға тыйым салынады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Эмитент уәкiлеттi органның акциялар шығарылымын жою туралы хабарламасын алған кезден бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тiлде және орыс тілінде ақпарат жариялауға мiндеттi.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Уәкілетті орган акциялар шығарылымын жою туралы шешімді эмитентке, тіркеушіге және орталық депозитарийге жібереді. Жарияланған акциялар шығарылымының жойылуына байланысты эмитенттің бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерін тіркеуді тоқтату тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 30-1-баппен толықтырылды; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 30-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
30-1-бап. Облигациялар шығарылымын жою
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Облигациялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган мынадай негіздердің бірі бойынша:
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред. қара)
1) мынадай шарттардың бірі сақталған кезде:
осы шығарылымдағы бірде-бір облигация орналастырылмаған;
бағалы қағаздардың қайталама нарығында эмитент осы шығарылымның барлық облигациясын сатып алған;
облигациялар айналымының мерзімі біткеннен кейін эмитент осы шығарылымның барлық облигациялары бойынша талап құқықтарын сатып алған;
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарын, сондай-ақ бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау рәсімдерін жүзеге асырған кезде облигациялар шығарылымын жою туралы эмитент органының шешімі болғанда;
2) тарату үдерісінің аяқталғанын растайтын құжаттарды мәжбүрлі тәртіппен таратылатын эмитенттің тарату комиссиясы ұсынғанда қабылдайды.
Уәкілетті орган облигацияларды жою үшін қажетті құжаттарды ұсынбастан, Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде тарату туралы мәлімет қамтылған эмитенттердің облигациялары шығарылымын жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
2. Облигациялар шығарылымын жою шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
3. Облигациялар эмитентінің ерікті түрде тарату туралы шешімді, егер осындай шешім қабылданған күні ол шығарған облигациялар толық көлемде өтелмесе немесе облигациялар шығарылымы жойылмаса, қабылдауға құқығы жоқ.
31-бап. Бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу.
Төлем агентi
1. Қайталама бағалы қағаздар рыногындағы эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы кезеңiнде эмитент Қазақстан Республикасының заңдарында және эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде белгiленген бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу тәртібін сақтауға мiндеттi.
07.07.04 ж. № 577-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Облигацияларды өтеу кезінде олардың номиналды құны және (немесе) облигациялар бойынша табыс осы төлемдер жүзеге асырылатын кезеңнiң соңғы күнiнiң басындағы жағдай бойынша (бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушi орналасқан жердегi уақыт бойынша) оларды алуға құқығы бар тұлғаларға төленедi.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздар және облигациялардың нақтылы құны бойынша кiрiс төлеудi оларды өтеу кезiнде эмитент дербес немесе төлем агентi көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
4. Қазақстан Республикасының Yкiметi, уәкілетті орган немесе жергiлiктi атқарушы органдар шығарған мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша табыс төлеудi жүзеге асырудың шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.
5. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiстi және мемлекеттік емес облигацияларды өтеу кезiнде олардың нақтылы құнын төлеудi жүзеге асыру үшiн төлем агентiн сайлау туралы шешiмдi өз жарғысына сәйкес эмитенттiң органы қабылдайды.
6. Төлем агентi көрсететiн қызметтердi пайдалану туралы шешiм қабылданған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде төлем агентi туралы мынадай мәлiметтер:
1) төлем агентiнiң толық атауы;
2) төлем агентiнiң және оның бағалы қағаздар бойынша кiрiс (облигациялардың нақтылы құнын) төлеудi жүзеге асыратын барлық филиалдарының орналасқан жерi, реквизиттерi болуға тиiс.
7. Төлем агентi өзгерген жағдайда эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне өзгерістер енгізуге және оларды тiркеу үшiн осындай өзгерiс жасалған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
8. Эмитенттiң кiнәсiнен эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша табыс және (немесе) оларды өтеу кезінде облигациялардың номиналды құны төленбеген, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда, эмитент бағалы қағаздарды ұстаушыларға негiзгi мiндеттеме сомасын және әрбір мерзiмi өткен күн үшiн ақшалай мiндеттеменi немесе оның тиiстi бөлiгiн орындау күнiне уәкілетті органның қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін негiзге ала отырып есептелетін өсiмпұл төлеуге мiндеттi.
9. Төлем агентi қызметiн жүзеге асырудың талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 31-1-баппен толықтырылды
31-1-бап. Лицензиаттардың қаржы өнімдерін келісу
1. Лицензиат уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен және қаржы өнімдерінің тізбесіне (түрлеріне) сәйкес қаржы қызметтерін тұтынушыларға қаржы өнімдерін ұсыну үшін уәкілетті органның келісімін алуға міндетті.
2. Уәкілетті орган лицензиатты қабылданған шешім туралы жазбаша хабардар етеді.
3. Уәкілетті орган құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған не ұсынылған құжаттар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда лицензиатқа қаржы қызметтерін тұтынушыларға қаржы өнімдерін ұсыну үшін келісім беруден бас тартады.
4. Уәкілетті орган лицензиаттарға қаржы қызметтерін тұтынушыларға қаржы өнімдерін ұсыну үшін берілген келісімдерді есепке алуды жүргізеді.
32-бап. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есеп
1. Эмитент қарау және бекіту үшiн мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi органға облигацияларды шығару проспектiсiнде белгiленген өтеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде табыс етуге мiндеттi.
2. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау және бекіту үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау туралы өтiнiштi;
2) есептi айдың аяғындағы немесе облигацияны өтеу аяқталған күнгi жағдай бойынша қаржылық есептіліктi;
3) мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген талаптарға сәйкес жасалып, ресiмделген есептi;
4) тiркеушiнiң эмитент облигацияларын ұстаушылары тiзiлiмiн жабу туралы хабарламасын;
5) эмитенттiң облигацияларды өтеу жөніндегі өз мiндеттемелерiн орындағанын растайтын төлем агентiнiң немесе эмитенттiң (төлем агентiмен шарт болмаған жағдайда) хабарламасын табыс етедi.
3. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде қарайды.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Эмитент мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi бекітуге құжаттарды беру шарттары мен тәртібін бұзған және құжаттарды қарау процесінде олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайларда, уәкiлеттi орган мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi бекітуден бас тартуға құқылы.
Эмитент уәкiлеттi органның мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi бекітуден бас тарту жөніндегі шешіміне сотқа шағымдануға құқылы.
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен 5-1-тараумен толықтырылды
5-1-тарау. Ислам бағалы қағаздарын шығарудың және олардың айналымының ерекшеліктері
32-1-бап. Исламдық қаржыландырудың негізгі принциптері
Мыналар исламдық қаржыландырудың негізгі принциптері болып табылады:
1) эмитенттің ислам бағалы қағаздарын шығару кезінде ислам бағалы қағаздары құнының проценті түріндегі сыйақыны есептеп шығаруға, сондай-ақ ислам бағалы қағаздары бойынша табысқа кепілдік беруге құқығы жоқ;
2) ислам бағалы қағаздарын шығару және орналастыру нәтижесінде алынған қаражат темекі, алкогольдік өнімдерді, қару-жарақ пен оқ-дәріні шығаруға және (немесе) саудалауға, құмар ойын бизнесімен байланысты қызметті, сондай-ақ исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес қаржыландыруға тыйым салған кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін қаржыландыруға бағытталмауға тиіс.
Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес ислам бағалы қағаздары эмитентінің қызметіне қойылатын сақталуға міндетті өзге де талаптарды қосымша айқындауға құқылы.
32-2-бап. Ислам бағалы қағаздарының түрлері
1. Ислам бағалы қағаздарына:
1) ислам инвестициялық қорларының акциялары мен пайлары;
2) исламдық жалдау сертификаттары;
3) исламдық қатысу сертификаттары;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ислам бағалы қағаздары болып танылған өзге де бағалы қағаздар жатады.
2. Инвестициялық портфельді басқарушылар ислам инвестициялық қорлары пайларының эмитенттері болып табылады.
Ислам арнайы қаржы компаниялары исламдық жалдау сертификаттары мен исламдық қатысу сертификаттарының эмитенттері болып табылады.
2011.22.07. № 475-ІV ҚР Заңымен 32-3-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
32-3-бап. Исламдық жалдау сертификаттары
1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, ислам арнайы қаржы компаниясы оларды шығару кезiнде айналым мерзiмiн алдын ала белгiлей отырып шығаратын, ұстаушылары жалдау (қаржы лизингi) шарты бойынша табыстар алу құқығына ие болатын ислам бағалы қағаздары исламдық жалдау сертификаттары болып табылады.
Егер мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайда, ислам бағалы қағаздарын ұстаушылар қосалқы жалдау шарты бойынша табыс алу құқығына ие болады.
2. Исламдық жалдау сертификаттары оларды ұстаушыларға мынадай:
1) мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайларды қоспағанда, жалдау (қаржы лизингi) шарты бойынша табыстар алу;
2) егер мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайда, қосалқы жалдау шарты бойынша табыстар алу;
3) бөлiнген активтердi құрайтын мүлiк үлесiне сәйкес келетiн, ұстаушыға тиесiлi исламдық жалдау сертификаттары санының орналастырылған исламдық жалдау сертификаттарының жалпы санына пропорционал мөлшерiнде ақша сомасын алу;
4) эмитенттiң (оригинатордың) қызметi туралы ақпарат алу, оның iшiнде исламдық жалдау сертификаттарын шығару проспектiсiнде айқындалған тәртiппен эмитенттiң (оригинатордың) қаржылық есептiлiгiмен танысу;
5) қоғам тiркеушiсiнен немесе номиналды ұстаушыдан исламдық жалдау сертификаттарына ұстаушылардың меншiк құқығын растайтын үзiндiлер алу құқықтарын;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды бередi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
3. Мемлекеттік мекемені қоспағанда, ислам арнайы қаржы компаниясы исламдық жалдау сертификаттарын шығару, оларды орналастырудың нәтижесiнде алынған ақшаға мүлiк сатып алу, сондай-ақ осы мүлiктi жалдау (қаржы лизингi) шарты бойынша түскен төлемдердi исламдық жалдау сертификаттарын ұстаушылар арасында бөлу үшiн құрылады.
Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы ислам арнайы қаржы компаниясы исламдық жалдау сертификаттарын шығаруды, сондай-ақ мүлікті қосалқы жалдау шарты бойынша түскен төлемдерді исламдық жалдау сертификаттарын ұстаушылар арасында бөлуді жүзеге асырады.
Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы ислам арнайы қаржы компаниясы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен активтерді жалдау шартын және автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен активтерді қосалқы жалдау шартын жасасады.
Бөлінген активтерді жалға беру және қосалқы жалдауға беру туралы шешімді, сондай-ақ оларды беру шарттарын мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган қабылдайды.
4. Мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайды қоспағанда, исламдық жалдау сертификаттарының айналымы ислам арнайы қаржы компаниясының бөлiнген активтерiне кiретiн мүлiктi жалдау (қаржы лизингi) шартын жасасқаннан кейiн мүмкін болады.
Мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайда, исламдық жалдау сертификаттарының айналымы ислам арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтеріне кіретін мүлікті қосалқы жалдау шартын жасасқаннан кейін мүмкін болады.
5. Оригинатор ислам арнайы қаржы компаниясынан мүлiктi сатып алғанда жағдайда исламдық жалдау сертификаттарын шығару проспектiсiнде исламдық жалдау сертификаттарын мерзiмiнен бұрын өтеу шарты көзделуi мүмкiн.
Мемлекеттік мекеме шығарған ислам жалдау сертификаттарын мерзімінен бұрын өтеу оригинатор ислам арнайы қаржы компаниясымен мүлікті жалдау шартын бұзған жағдайда жүзеге асырылады.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
6. Исламдық жалдау сертификаттарын шығарудың, орналастырудың, олардың айналымының және өтеудiң өзге де талаптары уәкілетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.
32-4-бап. Исламдық қатысу сертификаттары
1. Ислам арнайы қаржы компаниясы бағалы қағаздарды шығару кезінде олардың айналым мерзімін алдын ала белгілей отырып, жаңа инвестициялық жобаны ұйымдастыру, қолда бар инвестициялық жобаны дамыту немесе қарапайым серіктестік шарты негізінде кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру үшін тартылған қаражатты пайдалану мақсатымен не акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында заңды тұлға құру арқылы шығарылатын ислам бағалы қағаздары исламдық қатысу сертификаттары болып табылады.
2. Оригинатор инвестициялық жобаға мүлікті енгізу арқылы және (немесе) ислам арнайы қаржы компаниясына тиесілі акцияларды (қатысу үлестерін) сенімгерлікпен басқаруды жүзеге асыра отырып, инвестициялық жобаға қатысады.
3. Исламдық қатысу сертификаттарының айналымы инвестициялық жобаны іске асыру басталғаннан кейін мүмкін болады. Исламдық қатысу сертификаттарын орналастыру нәтижесінде алынған қаражаттың кемінде он процентін инвестициялау инвестициялық жобаны іске асыруды бастау болып табылады.
Эмитент инвестициялық жобаны іске асыру басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде исламдық қатысу сертификаттарын ұстаушыларға исламдық қатысу сертификаттарын шығару проспектісінде көзделген бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялау жолымен оларды айналымға енгізу мүмкіндігі туралы хабарлауға міндетті.
4. Инвестициялық жоба бойынша табыс ислам арнайы қаржы компаниясы мен оригинатор арасында исламдық қатысу сертификаттарын шығару проспектісі талаптарына сәйкес бөлінеді.
5. Оригинатор исламдық қатысу сертификаттарын шығару проспектісінде белгіленген мөлшерде комиссиялық сыйақы алуға құқылы.
6. Оригинатор исламдық қатысу сертификаттарын:
1) исламдық қатысу сертификаттарын шығару проспектісінде белгіленген жағдайларда;
2) исламдық қатысу сертификаттары бойынша дефолт жағдайында;
3) ислам арнайы қаржы компаниясын тарату туралы шешім қабылданған жағдайда сатып алады.
7. Инвестициялық жобаны іске асырушы заңды тұлға оригинатордың бастамасы бойынша таратылған жағдайда оригинатор исламдық қатысу сертификаттарын мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асыруға міндетті.
8. Оригинатор таратылған жағдайда қарапайым серіктестік шарты өз қолданылуын тоқтатады. Осы инвестициялық жобаны құрайтын мүлікті исламдық қатысу сертификаттарын ұстаушылардың өкілі исламдық қатысу сертификаттарын ұстаушыларға аталған мүлікті өткізуден алынған ақшаны исламдық қатысу сертификаттарын шығару көлеміндегі үлестеріне сәйкес төлей отырып өткізуге тиіс.
9. Исламдық қатысу сертификаттарын ұстаушылар исламдық қатысу сертификаттарын шығару талаптарында көзделген жағдайларда оригинатормен бірлесіп, қаржыландыруға арналған инвестициялық жобаларды іріктеу кезінде шешімдер қабылдауға құқылы.
32-5-бап. Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңестің қызметі
1. Ислам бағалы қағаздарын шығару және орналастыру нәтижесінде алынған қаражат есебінен қаржыландыру объектілерінің исламдық қаржыландыру принциптеріне сәйкестігін айқындауды:
2011.22.07. № 475-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) осы Заңның 32-2-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында көрсетілген ислам бағалы қағаздарына қатысты - Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалған ислам банкінің исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес немесе сатып алу-сату шартының негiзiнде активтердi ислам арнайы қаржы компаниясына беретiн және (немесе) ислам арнайы қаржы компаниясының немесе мемлекеттік мекеменің құрылтайшылары болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғаларының шешімі бойынша жеке шарттың негізінде тартылған исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес;
2) осы Заңның 32-2-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ислам бағалы қағаздарына қатысты - ислам акционерлік инвестициялық қоры акционерлерінің жалпы жиналысының немесе басқару органдарының ұсынымы бойынша ислам пайлық инвестициялық қорының басқарушы компаниясының шешімі бойынша жеке шарттың негізінде тартылған исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес шешімдер қабылдауда тәуелсіз.
2. Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес мәміле жасасу сатысындағы ислам бағалы қағаздарын орналастырудан алынған қаражат есебінен қаржыландыру жөніндегі мәмілені осы Заңның 32-1-бабында көрсетілген исламдық қаржыландыру принциптеріне сай емес деп таныған жағдайда, мұндай мәміле жасалмайды және орындалмайды.
3. Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес ислам бағалы қағаздарын орналастырудан алынған қаражат есебінен қаржыландыру жөніндегі жасалған, бірақ орындалмаған немесе ішінара орындалған мәмілені осы Заңның 32-1-бабында көрсетілген исламдық қаржыландыру принциптеріне сай емес деп таныған жағдайда, мұндай мәміле оригинатордың не ислам инвестициялық қорының басқарушы компаниясының талабы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
32-6-бап. Ислам арнайы қаржы компаниясы
2011.22.07. № 475-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
1. Мемлекеттік мекемені қоспағанда, ислам арнайы қаржы компаниясын ислам арнайы қаржы компаниясына мүлкін және (немесе) бөлінген активтерін беретін оригинатор құрады.
Егер ислам арнайы қаржы компаниясы қызметін мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында жүзеге асырған жағдайда, мүлік және (немесе) бөлінген активтер мұндай компанияға жалдау шарты бойынша беріледі.
Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органды қоспағанда, оригинаторға қойылатын талаптар, сондай-ақ мемлекеттік мекемені қоспағанда, ислам арнайы қаржы компаниясын құруға және оның қызметіне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Ислам арнайы қаржы компаниясының жарғылық капиталы тек қана ақшадан құралады.
3. Ислам бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру кезіндегі олардың номиналды құны бір шығарылым шеңберіндегі барлық ислам бағалы қағаздары үшін бірдей болып табылады және ислам бағалы қағаздарын шығару проспектісінде айқындалады.
4. Ислам арнайы қаржы компаниясының атауында «ислам арнайы қаржы компаниясы» деген сөздер жазылуға тиіс.
5. Ислам бағалы қағаздарының бұған дейінгі шығарылымын өтеу аяқталғанға дейін ислам бағалы қағаздарын одан әрі шығаруға тыйым салынады.
6. Ислам арнайы қаржы компаниясы жылдық қаржылық есептілік аудитін жүргізуге міндетті.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7. Ислам арнайы қаржы компаниясын ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату ислам арнайы қаржы компаниясы шығарған ислам бағалы қағаздары шығарылымын өтеудің қорытындылары туралы есеп бекітілгеннен кейін жүзеге асырылуы мүмкін.
8. 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
9. Ислам арнайы қаржы компаниясы ислам бағалы қағаздары бойынша тиісті резервтік қорлар құруды қоса алғанда, бөлінген активтер бойынша түсімдерді өзі шығарған ислам бағалы қағаздары бойынша міндеттемелерін орындауға ғана пайдаланады.
10. Бөлінген активтер ислам арнайы қаржы компаниясының меншікті қаражатынан бөлек есепке алынады.
11. Осы Заңға сәйкес ислам арнайы қаржы компаниясының ислам бағалы қағаздарын шығару проспектісі мемлекеттік тіркелген күннен бастап ислам арнайы қаржы компаниясының ислам бағалы қағаздарының осы шығарылымын қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтерге қатысты өндіріп алу ислам арнайы қаржы компаниясы бөлінген активтерден басқа, өзге де активтер есебінен міндеттемелерін орындағаннан кейін ғана қолданылуы мүмкін.
2011.22.07. № 475-ІV ҚР Заңымен 11-1-тармақпен толықтырылды
11-1. Мемлекеттік мекемеге жалдау шарты бойынша берілген активтер исламдық жалдау сертификаттары бойынша қамтамасыз ету болып табылмайды.
12. Ислам арнайы қаржы компаниясы бухгалтерлік есепті жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен меншікті қаражаты мен бөлінген активтер бойынша қаржылық есептілікті бөлек табыс етеді.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 13-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
13. Исламдық арнайы қаржы компаниясының бухгалтерлік есепті жүзеге асыру және қаржылық есептілікті жасау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
2011.22.07. № 475-ІV ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды
14. 1, 3, 5, 10 және 11-1-тармақтарды қоспағанда, осы баптың талаптары мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы ислам арнайы қаржы компаниясының қызметіне қолданылмайды.
32-7-бап. Ислам бағалы қағаздарын ұстаушылардың өкілі. Ислам бағалы қағаздарын ұстаушылар өкілінің функциялары мен міндеттері