5. Микроқаржы ұйымының құқықтарды (талаптарды) мынадай тұлғаларға:
екінші деңгейдегі банкке;
коллекторлық агенттікке;
микроқаржы ұйымына;
секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына;
микроқаржы ұйымы қамтамасыз етілген облигацияларды шығарған немесе қарыз алған кезде микрокредит беру туралы шарт бойынша талап ету құқықтарын кепіл ұстаушы - заңды тұлғаға;
қаражатты микроқаржы ұйымдарында шартты түрде орналастыру арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі мәміле шеңберінде жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша - жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорына;
қарыз алушы - жеке тұлғаға кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты микрокредит беру туралы шарт бойынша, қарыз алушы - заңды тұлғаға микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарға (талаптарға) қатысты, егер көрсетілген микрокредиттер бойынша басқаға беру күніне халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сəйкес құнсыздану белгілері болса, өзге тұлғаға беруді қоспағанда, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) үшінші тұлғаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.
осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға микрокредит беру туралы шарт бойынша алынған құқықтарды (талаптарды) мынадай жағдайлардың бірінде:
құқықтар (талаптар) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты микрокредит беру туралы шарты бойынша алынғанда;
құқықтар (талаптар) берешегінің мөлшері басқаға беру күніне республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 16 500 еселенген мөлшерінен аспайтын заңды тұлғаның микрокредит беру туралы шарты бойынша алынғанда;
егер өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлға Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылса, сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына береді.
Микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
1) коллекторлық агенттік жарғылық капиталының, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын банктің еншілес ұйымы бас ұйымының меншік капиталының мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ең аз мәннен төмен емес мәнді құрағанда;
2) қызметті:
банкке немесе банк холдингіне банктің бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын еншілес ұйым құруына рұқсат берілген;
коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілген кезден бастап үш жыл бойы жүзеге асырғанда;
3) сервистік компаниялар тізіліміне енгізу күніне уәкілетті орган қолданған орындалмаған және (немесе) қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары немесе шектеулі әсер ету шаралары және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 211-1-бабында және 227-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалар болмағанда;
4) сервистік компанияның бірінші басшысында алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы болмағанда;
5) сервистік компания уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келгенде сервистік компанияға берілуі мүмкін.
Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын банктің еншілес ұйымдарына және микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін сервистік компаниялар ретінде әрекет ететін коллекторлық агенттіктерге қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
Сервистік компанияны сервистік компаниялар тізілімінен шығару сенімгерлік басқару шартын бұзу үшін негіз болып табылады.
Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға микрокредит беру туралы шарт бойынша өзіне берілген құқыққа (талапқа) қатысты кредитордың құқықтарын сервистік компаниямен жасалған сенімгерлік басқару шарты шеңберінде не осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға қайта беру арқылы іске асырады.
Сервистік компаниямен сенімгерлік басқару шарты бұзылған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға басқа сервистік компаниямен жаңа сенімгерлік басқару шартын жасасуға не құқықтарды (талаптарды) осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға қайта беруге міндетті.
Осы тармақтың талаптары осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1. Басқаға беру күнінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сəйкес құнсыздану белгілері бар микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беруді микроқаржы ұйымы мынадай талаптарды сақтай отырып жүзеге асырады:
1) құқықтарды (талаптарды) осы баптың 5-тармағы бірінші бөлігінің бесінші, алтыншы жəне жетінші абзацтарында көрсетілген тұлғаларға беруді қоспағанда, пайдасына микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілетін тұлға банк жəне микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында микроқаржы ұйымы өткізетін осы құқықтарға (талаптарға) қатысты сауда-саттық нəтижелері бойынша айқындалады;
2) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру осы баптың 5-тармағында белгіленген шектеулер мен қағидалар сақтала отырып жүзеге асырылады.
Осы тармақта белгіленген талаптар ломбардтарға қолданылмайды.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 5-2-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
5-2-тармақтың қолданысы 2026 ж. 1 мамырға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылады
5-2. Микроқаржы ұйымының жеке тұлғаның кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредитті беру туралы шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторлық агенттікке беруді жүргізуіне тыйым салынады.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе микрокредит беру туралы шартта өзгеше көзделмесе, микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) қарыз алушының келісімінсіз басқаға беруге құқылы емес.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Микроқаржы ұйымы мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талапты) осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға құқық (талап) басқаға берілгенге дейін соңғы алты ай ішінде «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы жүргізген мүлік құнын бағалаусыз беруге құқылы емес.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Бір қарыз алушыға қатысты микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды), бұл құқықтар (талаптар) секьюритилендіру мәмілесінің нысанасы болып табылатын жағдайларды қоспағанда, бірнеше тұлғаға беруге жол берілмейді.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы шарт (бұдан әрі - басқаға беру шарты) жасалған кезде, микроқаржы ұйымы:
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) басқаға беру шарты жасасылғанға дейін қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні туралы микрокредит беру туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен хабардар етуге;
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) микрокредит беру туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға өтіп кеткені туралы, басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, микрокредит беру туралы шарт бойынша одан әрі төлемдерді үшінші тұлғаға (өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаның не микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда - сервистік компанияның атауын, орналасқан жерін және банктік деректемелерін) жүзеге асыру қажеттілігін, микрокредит беру туралы шарт бойынша берілген құқықтардың (талаптардың) көлемін, микрокредит беру туралы шарт бойынша берешектің мөлшері мен құрылымын (негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және төленуге жататын басқа да сомаларды көрсете отырып, хабардар етуге;
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді
3) өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаға не сервистік компанияға (микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда) мынадай құжаттарды:
микрокредит беру туралы шартты;
кепіл шартын және кепіл затына құқық белгілейтін құжаттарды (микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда);
кепілгерлік немесе кепілдік шартын (микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау кепілгерлікпен немесе кепілдікпен қамтамасыз етілген жағдайда);
құқықтарды (талаптарды) басқаға беру күніне қарыз алушы берешегінің есеп-қисабын;
қарыз алушымен наразылық хат алмасуды (бар болса);
қарыз алушы-заңды тұлғаның құрылтай құжаттарын, қарыз алушы - жеке тұлғаның жеке басын куəландыратын құжаттың көшірмесін;
қарыз алушының берешекті өтегенін растайтын құжаттарды;
кепілге салынған мүлікті өткізу жөніндегі құжаттарды (бар болса);
басқаға беру шартына сәйкес өзге де құжаттарды беруге міндетті.
Барлық құқықтар (талаптар) қарыз алушыға берілген жағдайда, микроқаржы ұйымы өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап) берілген тұлғаға өзінде бар барлық құжаттардың түпнұсқаларын береді, ал микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары сервистік компанияға беріледі.
Қарыз алушыға қойылатын құқықтардың (талап етулердің) бір бөлігі басқаға берілген жағдайда, микроқаржы ұйымы осындай құқықтарды (талап етулерді) куәландыратын құжаттардың түпнұсқаларын сақтауға және көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) ішінара берілген тұлғаға беруге құқылы, ал микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтардың (талаптардың) бір бөлігі сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері сервистік компанияға беріледі.
Микроқаржы ұйымы, өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлға, сервистік компания микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын жоғалтқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады;
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) басқаға беру шарты жасалғаннан кейін микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті өтеу есебіне алынған ақшаны өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаның банктік шотына әрбір қарыз алушы бойынша төлемдердің таратып жазылуын бере отырып, аударуға міндетті.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша микроқаржы ұйымының құқығы (талабы) берілген тұлғаның осындай құқықты (талапты) осы бапта көзделген шарттарды сақтамай, басқаға беруіне тыйым салынады.
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 9-2-баппен толықтырылды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
9-2-бап. Берешекті реттеу шарттары мен тәртібі және төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралар
1. Микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындаудың өткізіп алынған мерзімі болған кезде, бірақ ол басталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен және мерзімдерде қарыз алушыны:
1) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімді өткізіп алудың туындағаны және хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткізіп алынған берешектің мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттігі;
2) микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушы - жеке тұлғаның микроқаржы ұйымына өтініш жасау құқығы;
3) қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы хабардар етуге міндетті.
Микроқаржы ұйымы қарыз алушыны хабардар ету үшін коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.
2. Микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушы - жеке тұлға микроқаржы ұйымына баруға және (немесе) өзінің микрокредит беру туралы шарттың талаптарына, оның ішінде:
1) сыйақы мөлшерлемесін не микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы мәнін азайту жағына қарай өзгертуге;
2) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруға;
3) берешекті өтеу әдісін немесе өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;
4) микрокредит мерзімін өзгертуге;
5) микрокредит бойынша мерзімі өткізіп алынған негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жоюға;
6) тараптардың келісімімен белгіленген мерзімдерде кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізуіне;
7) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындаудың орнына микроқаржы ұйымына кепілге қойылған мүлікті беру арқылы бас тарту төлемін ұсынуға;
8) сатып алушыға микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізуге байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін, микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша нысанда өтініш не микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен ұсынуға құқылы.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен микроқаржы ұйымы қарыз алушы - жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде микрокредит беру туралы шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және қарыз алушы - жеке тұлғаға:
1) микрокредит беру туралы шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні;
2) берешекті реттеу жөніндегі өзінің ұсыныстары;
3) бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тартатыны туралы жазбаша нысанда не микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен хабарлайды.
Қарыз алушы - жеке тұлғаның микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішін қарау кезеңінде микроқаржы ұйымы микрокредитті мерзімінен бұрын өтеуді талап етуге құқылы емес.
Микроқаржы ұйымының осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген шешімі алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы - жеке тұлға арасында өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеуі микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту болып есептеледі. Бұл мерзім екі тараптың келісімі болған кезде ұзартылуы мүмкін.
4. Қарыз алушы - жеке тұлға микроқаржы ұйымының осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеген кезде бір мезгілде микроқаржы ұйымын хабардар ете отырып, уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.
Уәкілетті орган қарыз алушы - жеке тұлғаның өтінішін оның микроқаржы ұйымына өтініш жасауының дәлелдемесі ұсынылған және микроқаржы ұйымымен микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде қарайды.
Уәкілетті орган «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы - жеке тұлғаның тұрғынжай болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит беру туралы шарт жөніндегі өтінішін қарау кезеңінде кепілге қойылған мүлікке сотқа талап қоюды беру арқылы өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талап уәкілетті орган өтінішті өтініш жасалған күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен астам қараған, сондай-ақ қарыз алушы - жеке тұлғаның бұрын қаралған мәселе бойынша өтініші қайта берілген жағдайларда қолданылмайды.
Қарыз алушы жеке тұлғаның өтінішін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
5. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талап қанағаттандырылмаған, сондай-ақ микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушы - жеке тұлға осы баптың 2-тармағында көзделген құқықтарды іске асырмаған не қарыз алушы - жеке тұлға мен микроқаржы ұйымы арасында микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту бойынша келісім болмаған жағдайларда, микроқаржы ұйымы:
1) қарыз алушыға қатысты шаралар қолдану туралы мәселені қарауға құқылы.
Шаралар қолдану туралы шешім микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;
2) берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге құқылы.
Микрокредит беру туралы шартта қарыз алушы микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген жағдайда микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікті тарту құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) тұлғаға микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) қарыз алушыда:
жеке тұлғаның жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарты бойынша - қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күннен асатын;
жеке тұлғаның микрокредит беру туралы өзге де шарттары бойынша - қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асатын ақшалай міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу болған кезде осы Заңның 9-1-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып беруге құқылы.
Осы тармақшаның ережелері қарыз алушы - Қазақстан Республикасының азаматына қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жəне банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тəртіппен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рəсімдері қолданылған жағдайларға қолданылмайды;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) микрокредит беру туралы шартта көзделген шараларды қолдануға, оның ішінде сотқа микрокредит беру туралы шарт бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікке соттан тыс тәртіппен («Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда) не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдануға;
4) сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы - дара кәсіпкерді, заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге құқылы.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Берешекті сотқа дейін өндіріп алу жəне реттеу, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді микроқаржы ұйымына коллекторлық агенттік жəне (немесе) сервистік компания көрсететін жағдайларды қоспағанда, микроқаржы ұйымының мұндай көрсетілетін қызметтерді үшінші тұлғалардан алуына тыйым салынады.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
7. Микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікпен берешегі тұрғынжай болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген жеке тұлғаға қатысты берешекті сотқа дейін өндіріп алу жəне реттеу, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинау туралы шарт жасасуына жол берілмейді.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
8. Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда жəне реттеуде болған кезеңде микроқаржы ұйымы:
сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге;
берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезең үшін сыйақы төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты жəне сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес.
10-бап. Микрокредит беру туралы шарт бойынша мiндеттемелердi тоқтату
1. Микрокредит беру туралы шарт бойынша мiндеттемелер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қарыз алушыларға микроқаржы ұйымдарының микрокредиттерді беру туралы шарттарды тиісінше орындамағаны бойынша талап қою мерзімдерінің ескіру мерзімі бес жылды құрайды.
3-тарау. МИКРОҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТI
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11-бап. Микроқаржы ұйымының құқықтық жағдайы
1. Микроқаржы ұйымы (кредиттік серіктестікті қоспағанда) акционерлік қоғамның немесе шаруашылық серiктестiктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.
2. Облигацияларды Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында орналастыру және (немесе) «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында жұмыс істейтін қор биржасындағы сауда-саттыққа жіберу мақсаттары үшін шығаруды қоспағанда, микроқаржы ұйымына облигациялар шығаруға тыйым салынады.»;
12-бап. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталын қалыптастыру
1. Микроқаржы ұйымының құрылтайшылары құрылатын микроқаржы ұйымын мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) кезінде оның жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiн толық төлеуге мiндеттi.
2. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшамен қалыптастырылады.
13-бап. Микроқаржы ұйымының атауы
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Микроқаржы ұйымының (кредиттік серіктестікті және ломбардты қоспағанда) атауында мiндеттi түрде «микроқаржы ұйымы» деген сөздер немесе «MҚҰ» деген аббревиатура болуға тиіс.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Кредиттік серіктестіктің немесе ломбардтың атауында мiндеттi түрде тиісінше «кредиттік серіктестік» немесе «ломбард» деген сөздер болуға тиіс.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде тiркелмеген заңды тұлғаның өз атауында «микроқаржы ұйымы», «кредиттік серіктестік», «ломбард» деген сөздерді, оның микрокредиттер беру жөнiндегi қызметті жүзеге асыратындығын меңзейтін, солардан туындайтын сөздерді немесе аббревиатураларды пайдалануға құқығы жоқ.