5. Кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, осы баптың 3 және 6-тармақтарына сәйкес шағын және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
6. Кәсіпкерлікті жүзеге асыратын және мынадай өлшемшарттардың біреуіне немесе екеуіне сай келетін: жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш миллион еселенген мөлшерінен асатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
25-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы деректерді пайдалану үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі болып табылады.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға, оның ішінде мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін электрондық анықтама нысанында беріледі.
4. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
26-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрлерін жүзеге асыруға, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нарықтарына қол жеткізу еркіндігінің болуына;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалдамалы еңбекті пайдалана отырып, кәсіпкерлікті жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға;
4) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны дербес белгілеуге;
5) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды дербес жүзеге асыруға;
6) өзінің құқық қабілетілігі шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға;
7) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін құруға және оларға қатысуға;
8) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы сараптамалық кеңестердің жұмысына қатысуға;
9) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзған және (немесе) заңды мүдделерін іске асыруына кедергі келтірген адамдарды жауаптылыққа тарту мәселелері бойынша құқық қорғау органдарына және өзге де мемлекеттік органдарға жүгінуге;
10) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа, төрелікке, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге және өзге де органдарға жүгінуге;
11) татуласу рәсімдері арқылы дауларды реттеуге;
12) кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның қарауына енгізуге;
13) кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі шаралары ретінде әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы жобаларды іске асыруға қатысуға;
14) Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелмеген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Мемлекеттік кәсіпорындар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте көзделген құқықтарды жүзеге асырады.
27-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттері
Кәсіпкерлік субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер туралы толық және анық ақпарат беруге;
4) қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсат алуға не хабарлама жіберуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға;
6) табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға;
7) табиғи және энергетикалық ресурстарды пайдаланудың және қызметті жүзеге асыру процесінде оларды басқарудың тиімділігін арттыруға;
8) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
28-бап. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қорғау
1. Коммерциялық құпияны қорғау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салуды білдіреді.
2. Кәсіпкерлік субъектісі коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығы бар адамдар тобын айқындайды және оның құпиялығын қорғауға шаралар қолданады.
3. Ақпаратты қолжетімділік санаттарына жатқызу тәртібін, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын кәсіпкерлік субъектісі айқындайды.
4. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қорғау бойынша кәсіпкерлік субъектісі қолданатын шаралар:
1) коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат тізбесін айқындауды;
2) осы ақпаратпен жұмыс істеу тәртібін және осы тәртіптің сақталуын бақылауды белгілеу арқылы коммерциялық құпияға қол жеткізуді шектеуді;
3) коммерциялық құпияға қолжетімділік алған адамдарды және (немесе) осы ақпарат ұсынылған немесе берілген адамдарды есепке алуды қамтуы мүмкін.
5. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз әдістермен алған, ашқан және (немесе) пайдаланған адамдар келтірілген нұқсанды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
6. Кәсіпкерлік субъектісі немесе ол уәкілеттік берген адам өз жұмыскерлерінен коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу туралы қолхат талап етуге, ал оны тексеруді жүзеге асыратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туралы ескертуге құқылы.
7. Міндетті түрде жариялануға не акционерлік қоғам акционерлерінің, шаруашылық серіктестігі қатысушыларының, өндірістік кооператив мүшелерінің немесе өзге де белгілі бір адамдар тобының назарына міндетті түрде жеткізілуге жататын ақпараттың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарында және кәсіпкерлік субъектілерінің құрылтай құжаттарында белгіленеді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат, соттың заңды күшіне енген шешімі бар ақпаратты немесе осы Кодексте белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз жария етілмейді.
9. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары лауазымдық (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты өздеріне белгілі болған коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты кәсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз таратуға және (немесе) пайдалануға құқылы емес.
10. Кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға, оларға жүктелген функцияларды іске асыру үшін қажетті ақпараттан басқа, тіркеу, бақылау және қадағалау функцияларын орындау және басқа да әрекеттерді жасау кезінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа қолжетімділікті бермеуге құқылы.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 10-1-тармақпен толықтырылды
10-1. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектісін меншік құқығында немесе басқа да заңды негізде иеленетін кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына береді.
11. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз таратқаны және (немесе) пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады, ал осындай тарату және (немесе) пайдалану салдарынан кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
12. Нақты кәсіпкерлік субъектісінің қызметі туралы мәліметтерді ашпайтын, жинақтап қорытылған ақпарат жалпыға қолжетімді болып табылады.
13. Кәсіпкерлік субъектісінің жалпыға қолжетімді ақпаратына мыналар жатады:
1) дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауы;
2) заңды тұлғаның атауы және тіркелген күні;
3) сәйкестендіру нөмірі;
4) заңды мекенжайы (орналасқан жері);
5) қызмет түрі;
6) басшының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе).
29-бап. Бастапқы статистикалық және әкімшілік деректер
1. Бастапқы статистикалық деректерді кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес ұсынады.
Мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кәсіпкерлік субъектіге қатысты бастапқы статистикалық деректерді, оның ішінде олар бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырған кезде пайдалануына жол берілмейді.
2. Әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандар, сондай-ақ көрсеткіштерді есептеу әдістемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
2-параграф. Дара кәсіпкерлік субъектілері
30-бап. Дара кәсіпкерлік ұғымы және түрлері
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың таза кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке тұлғалар атынан, олардың тәуекел етуімен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын дербес, бастамашыл қызметi дара кәсіпкерлік болып табылады.
Өзге жеке тұлғаларға дара кәсіпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Дара кәсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады.
31-бап. Өзіндік кәсіпкерлік
1. Өзiндiк кәсiпкерлiктi бiр жеке тұлға өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi пайдалануға және (немесе) оған иелiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.
2. Некеде тұратын жеке тұлғаның өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыруы үшін жұбайының келісімі талап етілмейді.
3. Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында не ерлi-зайыптылардың арасындағы өзге де келiсiмде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының нотариат куәландырған келiсiмi қажет.
4. Өзiндiк кәсiпкерлiк фермер қожалығы нысаны пайдаланыла отырып, жүзеге асырылуы мүмкін.
32-бап. Бірлескен кәсіпкерлік
1. Бiрлескен кәсiпкерлiктi жеке тұлғалар (дара кәсiпкерлер) тобы өздерiне ортақ меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негізінде, сондай-ақ мүлiктi бiрлесiп пайдалануға және (немесе) оған иелiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.
2. Бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде жеке кәсiпкерлiкке байланысты барлық мәмiлелер бiрлескен кәсiпкерлiктiң барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен мiндеттер олардың атынан иеленеді және жүзеге асырылады.
3. Бiрлескен кәсiпкерлiктiң нысандары:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiгi негiзiнде жүзеге асырылатын ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгi;
2) шаруа қожалығының ортақ бiрлескен меншiгi немесе жекешелендiрiлген тұрғынжайға ортақ бiрлескен меншiк негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кәсiпкерлiк;
3) жеке кәсiпкерлiк ортақ үлестiк меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын жай серiктестiк;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де нысандар болып табылады.
4. Ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгi жүзеге асырылған кезде ерлі-зайыптылардың бiрi жұбайының келiсiмiмен iскерлiк айналымда ерлi-зайыптылар атынан әрекет етедi, бұл дара кәсiпкердi тiркеу кезiнде расталуы немесе дара кәсiпкердiң қызметi мемлекеттiк тiркеусiз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша көрсетiлуі және нотариат куәландыруы мүмкiн.
Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң iскерлiк айналымда ерлi-зайыптылар атынан әрекет етуiне жұбайының келiсiмi болмаған кезде, iскерлiк айналымда әрекет ететiн жұбайы дара кәсiпкерлiктi өзiндiк кәсiпкерлiк түрінде жүзеге асырады деп көзделедi.
5. Жай серiктестiк нысаны пайдаланылатын дара кәсiпкерлiк Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
33-бап. Дара кәсіпкерлік қызметті өз атынан жүзеге асыру
1. Дара кәсіпкер өз атынан кәсіпкерлік қызметпен айналысады, құқықтар мен міндеттерді иеленеді және жүзеге асырады.
2. Азамат, оралман кәсіпкерлік қызметіне байланысты мәмілелерді жасаған кезде өзінің дара кәсіпкер ретінде әрекет ететінін көрсетуге тиіс.
3. Мұндай көрсетудің болмауы дара кәсіпкерді өз міндеттемелері бойынша дара кәсіпкер мойнына алатын тәуекел мен жауапкершіліктен босатпайды.
4. Өз қызметін жүзеге асырған кезде дара кәсіпкер мәтіндері осы адам дара кәсіпкер болып табылатындығын барынша айқын куәландыруға тиіс іскерлік құжаттаманың дербес бланкілерін, мөрді, мөртабандарды пайдалануға құқылы.
34-бап. Дара кәсіпкерді әлеуметтік қорғау
Дара кәсіпкердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру жүйесін пайдалануға құқығы бар.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
35-бап. Дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу
1. Жеке кәсiпкерлiктi заңды тұлға құрмай жүзеге асыратын жеке тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу кезiнде мәлiмделген тұрған жерi бойынша мемлекеттік кіріс органында дара кәсiпкер ретiнде есепке қоюды білдіреді.
2. Дара кәсіпкер ретінде мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге мынадай шарттардың бiрiне сай келетiн жеке тұлғалар жатады:
1) жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланады;
2) жеке кәсiпкерлiктен республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшерiнен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық кірісі болады.
Осы баптың 3-тармағында аталған тұлғаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, санамаланған дара кәсіпкерлердің мемлекеттік тіркеусіз қызметіне тыйым салынады.
3. Жұмыскерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлға «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген мынадай кірістерді алған кезде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы:
1) төлем көзінен салық салуға жататын кірістер;
2) мүліктік кіріс;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден түсетін кірістер;
4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан кірістер алатын үй жұмыскерлерінің кірістері;
5) салық агенттері болып табылмайтын, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерімен, шет мемлекеттің консулдық мекемелерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының кірістері;
6) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемеден босатылған халықаралық және мемлекеттік ұйымдармен, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен және қорлармен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының кірістері;
7) еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) резидент-еңбекші көшіп келушілердің кірістері;
8) «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіпқой медиаторларды қоспағанда, медиаторлардың салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алған кірістері;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаруашылық бойынша есепке алу кітабында есепке алынған жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін, салық салуға жататын, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғаның салық агентіне анық емес мәліметтер ұсынуына байланысты төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу жүргізілмеген кірістер.
Осы тармақты қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тұлға салық агенті болып танылады.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
36-бап. Дара кәсіпкерлерді мемлекеттiк тiркеу тәртібі
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Дара кәсіпкер (бірлескен дара кәсіпкерлік) ретінде мемлекеттік тіркелу үшін жеке тұлға (бірлескен дара кәсіпкерліктің уәкілетті адамы) тікелей мемлекеттік кіріс органына немесе рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша хабарлама ұсынады.
Бірлескен дара кәсіпкерлікті тіркеген жағдайда, бірлескен дара кәсіпкерліктің уәкілетті адамы бірлескен кәсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан қол қойылған сенімхатты ұсынады.
Егер өтiнiш берушi кәмелет жасына толмаған жағдайда, хабарламаға заңды өкілдердің келiсiмi, ал мұндай келiсім болмаған кезде - неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің көшірмесі не қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімі немесе кәмелет жасына толмаған адамды толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялау туралы сот шешiмi қоса берiледi.
Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енгізілген адамдар хабарлама беруге құқылы емес.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғалар хабарламаларды ұсынатын жағдайларды қоспағанда, жеке тұлға осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынған күннен бастап мемлекеттік кіріс органы бір жұмыс күні ішінде дара кәсіпкерді (бірлескен дара кәсіпкерлікті) мемлекеттік тіркеуді жүргізеді.
4. Хабарламада көрсетілген деректер өзгерген кезде дара кәсiпкер (бiрлескен дара кәсiпкерлiктiң уәкiлеттi адамы) мұндай өзгерiстер туралы мемлекеттік кірістер органына осы орган белгiлеген нысан бойынша хабарлауға мiндеттi.
5. Хабарлама «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы электрондық нысанда не өзі келіп ұсыну тәртібімен қағаз жеткізгіште ұсынылады.
37-бап. 2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен алып тасталды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
38-бап. Дара кәсiпкердің қызметiн тоқтату
1. Дара кәсiпкердiң қызметi ерiктi түрде не мәжбүрлеу тәртiбiмен, сондай-ақ осы Кодексте көзделген мән-жайлар басталған жағдайда тоқтатылуы мүмкiн.
Дара кәсiпкердiң қызметi өзiндiк кәсiпкерлiк кезiнде - дара кәсiпкер дербес, бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде - барлық қатысушылар бiрлесiп қабылдаған шешiм негiзiнде кез келген уақытта ерiктi түрде тоқтатылады. Бұл жағдайда дара кәсіпкер мемлекеттік кіріс органына кәсіпкерлік қызметті тоқтату туралы өтініш береді.
Дара кәсіпкер қызметін ерікті түрде тоқтату үшін мемлекеттік кіріс органына кәсіпкерлік қызметті тоқтату туралы өтініш береді.
Бiрлескен кәсiпкерлiктi тоқтату туралы шешiм, егер бұл үшiн қатысушыларының кемінде жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп есептеледі.
2. Жеке кәсiпкердiң қызметi:
1) ол банкрот деп танылған;
2) тiркеу кезiнде жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар жiберiлуіне байланысты дара кәсiпкердi тiркеу жарамсыз деп танылған;
3) қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасын күнтiзбелiк жыл iшiнде бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;
4) ол қайтыс болды деп жарияланған;
38-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы 2016 ж. 6 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді
5) ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген;
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) ол хабарсыз кеткен деп танылған;
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7) мәжбүрлі тәртіппен қызметті тоқтатуды көздейтін, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлі тәртіппен тоқтатылады.
3. Осы бапта көзделген негiздерден басқа, дара кәсiпкердiң қызметi мынадай:
1) өзiндiк кәсiпкерлiк - дара кәсiпкер әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған немесе ол қайтыс болған;
2) отбасылық кәсiпкерлiк және жай серiктестiк - егер осы тармақтың 1) тармақшасында тізбеленген мән-жайлардың болу салдарынан бiрлескен кәсiпкерлiк қатысушысының бiреуi қалған немесе бiр де бiрi қалмаған жағдайда, сондай-ақ некенi бұзуға байланысты мүлiктi бөлу кезiнде;
3) қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату көзделетін, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген жағдайларда да тоқтатылады.
4. Дара кәсіпкердің қызметі өзінің өтініші не соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде мемлекеттік кіріс органында дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезден бастап, сондай-ақ осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылды деп есептеледі.
Дара кәсіпкер салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның интернет-ресурсында осы ақпарат орналастырылған күннен бастап тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылды деп танылады.
5. Дара кәсiпкерлiк белгiленген жағдайларда тiркеусіз жүзеге асырылған кезде, ерiктi тәртіппен - нақты тоқтатылған күннен бастап не мәжбүрлеу тәртібімен - тиiсiнше соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап ол тоқтатылды деп есептеледi.
6. Орындалмаған міндеттемелері жоқ және мемлекеттік органдар тәуекел дәрежелері болмашы және орташа субъектілер санатына жатқызған шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін Қазақстан Республикасының заңдарында қайта ұйымдастырудың және ерікті таратудың оңайлатылған тәртібі белгіленеді.
39-бап. Дара кәсiпкердiң банкроттығы
Дара кәсiпкердiң банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
40-бап. Дара кәсіпкерлердің борыштары бойынша олардың мүлкіне өндіріп алуды қолдану
1. Дара кәсiпкерлер өз мiндеттемелерi бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндiрiп алу қолданылмайтын мүлiктi қоспағанда, өздерiнiң барлық мүлкiмен жауапты болады.
2. Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндiрiп алу қолданылмайтын мүлiктi қоспағанда, өзiнің барлық мүлкiмен, оның iшiнде ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгiндегi үлесiмен жауапты болады.
41-бап. Шаруа немесе фермер қожалығы ұғымы және нысандары
1. Тұлғалардың дара кәсiпкерлiктi жүзеге асыруы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру үшін пайдалануға, сондай-ақ осы өнiмдi қайта өңдеумен және өткiзумен тығыз байланысты еңбек бiрлестiгi шаруа немесе фермер қожалығы деп танылады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы:
1) кәсiпкерлiк қызмет ортақ бiрлескен меншiк базасына негiзделген отбасылық кәсiпкерлiк нысанында жүзеге асырылатын шаруа қожалығы;
2) өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға негiзделген фермер қожалығы;
3) бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде ортақ үлестiк меншiк базасында жай серiктестiк нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығы нысандарында болуы мүмкiн.